Спорттық сайысқа бәс тігу нарығына талас әлі де толастамай тұр. Көл-көсір пайдадан айрылғысы келмейтіндер мемлекеттің осы саланы реттеуге арналған бастамасын елегісі келмейтін сияқты. Астанада өткен баспасөз мәслихатында “Финтех және инновациялар” қауымдастығының төрайымы Ирина Давиденко, тіпті, “Қазақстанда лудомания деген проблема атымен жоқ” айды аспаннан бір-ақ шығарды. Ол құмар ойынға тәуелділік пен букмекерлік кеңселердің бір-біріне мүлде қатысы жоқ деген пікірде.
Todayinfo.kz хабарлауынша, жиын барысында журналистер шараны ұйымдастырушыларға бірнеше өткір сауал қойды. БАҚ өкілдері, лудоманияға байланысты қылмыстар мен суицидтерге қатысты нақты статистикаларды дәлел ретінде келтіруді сұрады. Алайда берілген жауап мүлдем қисынсыз болды.
«Жоқ, нақты дерек жоқ. Бұл басты мәселе емес», — деді Давиденко.
Баспасөз жиынын өткізгенмен, нақты деректерді жасырып қалу немесе сұрақтарға жалтарма жауаптар аз болмады. Журналистер Ассоциация мүшелерінің толық тізімін де сұрады.
«Құрамында WoopPay, PayDala, Tarlan Payments және тағы он шақты ұйым бар. Толық тізімді кейін береміз», — деді ол.
Қазақстандағы Финтех және инновациялар қауымдастығының басшысы мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараларға қарсы екенін ашық білдірді. Тіптен ол бірыңғай есепке алу жүйесіне қаржы ұйымдары да қарсы деп мәлімдеді. Алайда банк тарапынан жиынға ешкім келіп, пікір білдірмеді.
«Біз бәріміздің атымыздан сөйлеп тұрмыз. Бізге сенім артылды», — деп түсіндірді спикер.
Журналистер бұл жауаптарға қанағаттанбады. Олар «Өздерін ашықтық үшін күресіп жатырмыз дейді, бірақ өз мүшелерінің тізімін жасырады, ал банктердің үнсіздігі де түсініксіз» деп сын айтты.
Журналистер ашық дереккөздерде Ирина Давиденконың Украина азаматы екені және кейбір ресурстарда Монакода тұратыны жайлы мәліметтер барын еске салды. «Қазақстанның қаржы нарығын қорғап жүрген адамның өзі шетел азаматы болса және бизнесін Монакодан жүргізсе, оның мүддесі кімнің пайдасына қызмет етеді?» деген заңды сұрақ қойылды.
Давиденко бұл сауалға: «Мен бұл туралы түсініктеме бермеймін», — деп жауап берді.
Ең қызығы, спикерлер спорттық бәс тігу тәуелділік тұрғысынан ең қауіпті ойын түрлерінің қатарына жатпайтынын да атап өтті.
«Ұлыбританияда бұл — ұлттық дәстүр, оны корольдік отбасы да насихаттайды, — деді Давиденко.
Жиын соңында Ирина Давиденко өзінің кейбір бастамаларға қарсы екенін ашық айтты.
«Біздің басты уайымымыз — ашықтық пен әділдік. Біз мемлекетпен бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Бірақ нарықты қолдан тарылтып,коммерциялық функцияны жеке компанияға беру — халыққа да, бизнеске де зиян», — деді ол.
Давиденконың бұл сөзі шындыққа жанаспайды. Өйткені, жақында ғана Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің төрағасы Әділет Тұрғанбаев бірыңғай есепке алу жүйесін 100% мемлекеттік компания жүзеге асырады деп ресми мәлімдеген болатын.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Ирина ханым атаған Қауымдастықтың құрылтайшылары – WoopPay және Tarlan Payments төлем ұйымдары шетелдік компаниялар екен.
Сонда, шетел азаматы Ирина Давиденко мен шетелдік компаниялар құрған Финтех қауымдастығы кімнің мүддесін қорғап жатыр? Сұрақ көп, жауап аз. Бірақ олардың халықтың қамы мен мемлекеттің болашағын ойлауы екіталай.
Сурет: Depositphotos.com