Бас прокурор: Табысты адам қылмыспен айналыспайды

31 қазан 2016, 16:34

snimok

Ақтөбе облысының Хромтау ауданына сапары аясында еліміздің Бас прокуроры Жақын Асанов табысты әрі іскер адамдар туралы баяндады. «Егер адам табысты болса, қылмыспен айналыспайды, әйтпесе, қылмыстың 84 пайызын жұмысы жоқ адамдар жасайды» дейді ол.

Алдымен, 200 адамнан құралған арнайы топ жұмысының неліктен Ақтөбе облысында басталғанына тоқтаған прокурор оған өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтан ұсыныс болғанын айтты.
«Елбасының бастамасымен осы топ өңірлерге шығу керек болатын. Мұны біліп қалған сіздердің әкімдеріңіз бірден қолқа салды», — дейді ол.
Ақтөбе облысына келген жұмыс тобы бірнеше бағытта жұмыс жасады.
«Бір айдың ішінде 384 елді мекенде болдық. 84 ауылдық округ әкімдерін оқыттық. Ауыл әкімдері – негізгі, маңызды адамдар. Жергілікті халықтың жағдайы осы ауыл әкімдеріне байланысты. Сондықтан мемлекет жасап отырған жағдайлар мен беріп отырған мүмкіндіктерді алдымен ауыл басшылары білулері керек. Бір ай көлемінде семинар-тренингтер ұйымдастырдық. Барлығымен сөйлестік», — дейді Бас прокурор Жақып Асанов.
Оның айтуынша, Ақтөбе облысында қандай шаруамен айналысуға болатыны жайлы тегін әдебиет те таратылған екен. Бүгінде әрбір тұрғынға кәсіп ашуды үйрету керек.
«Бүгінде Қазақстанда 7 мыңнан астам елді мекен бар, бірақ әр ауылға барып, біреулер жұмыс орындарын ашып бермесі анық. Біздің еліміздің аумағы ауқымды. Кез келген адам кәсіппен айналысуға епті болуы керек. Тіпті, Америкаға барсаңыз да қабілетіңіз болуы керек. Ешкім сізге ақша әкеліп бермейді», — дейді Бас прокурор.
Хромтау тұрғындарымен кездесу барысында ел экономикасын дамыту үшін жасалып жатқан жағдайлар туралы да сөз болды. Облыс кәсіпкерлері құқықтарының бұзылмауы керектігі де айтылды.
«Екі жыл бұрын басқа қызметте болғанымда, бір кездесуде жас жігіт «Сіз секілді табысты болудың құпиясы неде?» деп сауал тастады. Мен прокурормын. Менің тағдырым бес минутта-ақ шешілуі мүмкін. Дұрыс жұмыс жасамасам, бұйрық шығара салады. Қызметтен кетіреді. Одан да залда отырған, мәселен, Абзал ағаңа қарашы, сол кісі ауылда кәсібін айналдырып отыр. 3,5 мыңдай жұмыс орнын ашқан, 10 мыңның үстінде адам осы кісінің арқасында күн көріп отыр. Сондықтан, мені прокурор ретінде үлгі етпе, үлгі болатын адам мен емеспін деп айттым», — дейді прокурор жиналғандарға.
Жақып Асановтың пайымынша, елде бизнесмендер мен кәсіпкерлер неғұрлым көп болса, соғұрлым қылмыстылық деңгейі де аз болады.
«Қылмыстардың 84 пайызың жұмысы жоқ адамдар жасайды дедім ғой. Бүгінде қылмыс көбейіп кетті деген пікір қалыптасқан. Теледидарда да, интернетте де қылмыс туралы көп айтылады. Таяуда Ресейге бір қызметкерімізді мұрағатпен жұмыс жасау үшін жібергенбіз. Сонау кеңес кезіндегі мәліметтерді алып келді», — деген прокурор 80-90-шы жылғы көрсеткіштерден мысал келтірді.
Тәуелсіздік алған жылдары жылына 2,5-3 мың аса ауыр қылмыс жасалады екен. Қарапайым тілмен айтқанда осыншама кісі өлтіру оқиғасы тіркеледі. Ал қасақана денеге жарақат түсіру дерегі 6 мыңға жетеді. Ал, бүгінде жылына 800-850 адам өлтіру дерегі тіркеледі. Денеге қасақана зақым келтіру жайты 1,5 мың шамасында. Бас прокурор қазіргі таңда қылмыстарды тіркеу мүмкін еместігін де алға тартты.
«Кезінде қылмыстарды, оның ішінде аса ауыр қылмыстарды жасырса, тек сөгіс жарияланатын. Бір жағынан қанша қылмыс жасалса да, қоғам біле бермейді. Ал бүгінде кішкене заң бұзушылық болса да, кісі өлімі болса да, бүкіл ел болып талқылайтын болдық. Қазірде қылмысты жасыру, оны тіркемей тастау деген жоқ. Оның үстіне, қылмысты тіркемеген қызметкерді түрме күтіп тұр. Соңғы бес жылдың көлемінде құқық қорғау саласының 53 қызметкері сотталып кетті», — дейді Жақып Асанов.
Кеңес жылдары түрме, түзету колониясы саны жағынан АҚШ-тың көш бастап тұрғанын айтқан Асанов Кеңестер одағының да алғашқы үштікте болғанын жасырмады. Қазақстанда да түрмелер саны аз болмаса керек-ті.
«Мен мұны не үшін айтып отырмын. Соңғы 25 жылда қандай көрсеткішке қол жеткізгенімізді жеткізгім келеді. Рас, жасап отырған жұмыстарымызды қарапайым халыққа дұрыс жеткізе алмай отырмыз. Оған құқық қорғау қызметкерлері — өзіміз де кінәліміз», — дейді ол.
Арнайы топтың Ақтөбеге сапары аясында 2,5 мың шара өткізіліпті. Оған 140 мың ақтөбелік немесе облыстың әрбір алтыншы тұрғыны жұмылдырылған.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде