«Пятак» дегенді естіп пе едіңіз?! Құлағымыз үйреніп кеткен атау. Жұмыссыздардың «тұрағы». Кейбіреулер «Құлбазар» деп те жүр. Әдетте сол «пятак» жағалап кеткен ер адамдарды көшелерден күнде көріп жүреміз. Етіміз де, бойымыз да үйренген. Ерлерден қалыспай, тіршілік қамымен бұл жерлерде нәзік жандылар да жүр. Әсіресе «Алтын Орда» базары маңынан ары-бері өткен сайын дорбасын арқалаған қыз-келіншектерді жиі көреміз.
«Әпкемді іздеп жүрмін»
Жалдамалы жұмыс істеп жүрген әйелдермен әңгімелесу көптен бері көңілде жүрген ой еді. Аптаның бірінші күні-ақ «Алтын-Орданы» бетке алдым. Базардан өте сала жолдың оң қапталында топ-топ болып тұрған қалың адамды кездестірдім. Араларынан әйел іздеп келемін. Бір жігіт жүгіріп келіп:
– Әпке, жұмыс бар ма? Қандай жұмыс болса да барамыз. Бағасына келісейік – деп, шыр айналады.
– Жо-жоқ. Мен жұмыс істейтін әйел адам іздеп жүр едім. Олар бар ма қазір? – дедім.
– Ааа, сізге әйел адам керек пе? Олар анау жерде тұр, – деп қолымен нұсқады.
«Оларды қалай әңгімеге тартсам екен?», – ішімнен ойлап келемін. Журналист екеніңді айтсаң, әңгімесін айтпақ тұрмақ, қуып жіберетін сияқты көрінеді. Сондықтан оларға басқа жолмен жақындауды жөн көрдім. Сағат тілі 10:30 көрсетіп тұр. Күн ыстық. Мен іздеген әйелдер бір дүңгіршектің көлеңкесін сағалап тұр. Жайлап жандарына бардым. Бәрі үрке қарады.
— Сіздер осында жұмыс істейсіздер ме? Мен әпкемді іздеп жүр едім, – деп туыс апайымның суретін көрсеттім. Сәйкестік деп осыны айт. Бәлкім, әпкемнің суреті сол жердегі әйелдердің біріне ұқсаса керек. Суретті көргендері: «Осы жерге келген сияқты. Түрі таныс. Неше күн болды үйіне бармағанына?», – деп мені сұрақтың астына алсын.
— Бір аптадан асты, – дедім.
Сөзім шынайы болуы үшін тағы да өтірік қосуға мәжбүр болдым. «Құзырлы органдарға барсам, үш тәулік өтсін. Содан кейін барып арызыңды қабылдаймыз» деп шығарып салды – дедім.
Ірі денелі, ер мінезді бір әйел қасыма келді.
— Біреуді іздеп жүрсің бе? Бұл жер қауіпті. Бүгіндікке туысын іздеп келген үшінші адамсың, – деп сөзге араласты.
— Сонда қалай? Мұнда жұмыс іздеп келгендер жоғалып кете ме? – дедім таңырқай.
— Ондай оқиға көп болған. Егер жалғыз өзі кетіп қалса, табу қиын. Менің осы «пятакта» жүргеніме біраз жыл болды. Басымыздан неше түрлі оқиға өтті. Қазір осындағы әйелдердің үстінен қараймын. Осыларға жауаптысы да менмін. Өзім Тараздың тумасымын – деп, аузы-аузына жұқпай сөйлеп жатыр. Ақ көңіл жан екен.
— Сіздердегі ең жас қыздың жасы нешеде? – дедім, әңгімені жалғағым келіп.
— 20 жас. Тіпті олардан жасы бар. Ең үлкеніміздің өзі 50-де. Одан да үлкені бар болуы мүмкін, – деп, жауап берді.
— Әпкең қай жылғы, күйеуі бар ма? – деп өзіме сұрақ қойды.
— Күйеуі жоқ. Екі баласы бар, – дедім, сасқанымнан.
— Ойй, күйеуі жоқ болса, түсінікті. «Гулять» етіп кетті ғой, – деп кеңк-кеңк күлсін.
— Жоқ, ондай жаман әдеті жоқ еді. Жақында жұмысынан босап қалған. Осы жаққа ақша табам деп кетті, – дедім сөзімді жуып-шайғандай.
— Ааа, онда оны іздестіру керек. Бұл жерден талай әйел жоғалған. Алматының жан-жағында мал бағатын фазенда көп. Құжатын тартып алып, жұмысқа салып қояды. Ондайларды талай көргенбіз. Бұл жер қауіпті, – деді әлгі әйел.
— Енді қайдан іздесем екен? – деп, жандарына жақындап отырдым.
Арандап қала жаздаған
Осы кезде өзін «Осы жердің бригадирімін» деген әлгі келіншек:
— Иә, бұл жерде неше түрлі тағдыр кездеседі… Мен саған өзімнің басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін, – деді.
Менің де күткенім осы еді. Жанына жақындадым. Әлгі келіншек әңгімесін бастады.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын ғой деймін. «Пятакқа» алғаш шығып жүрген кезім. Жолдасым да бірге шығатын. Бір күні жұмысқа тапсырыспен жас жігіт келді. Өзінің анасының қатты науқастанып жатқанын айтып, үйін тазалап беруін өтінді. Ұсынған ақшасы да аз емес. Қателеспесем, 8000 теңгеге келістік-ау деймін. Үй жинау деген біз үшін ең оңай жұмыс қой. Әдірісі мен қоса, жолымызға да ақша берді. Қағазда «Қалқаман» ықшамауданы пәленінші үй деп көрсетілген. Жолдасым көрсетілген мекен жайға көлік тоқтатып, мені отырғызып жіберді. Үйге келсем, шынымен де науқас апа төсекте жатыр. Үйдің іші астаң-кестең. Ақырындап жинастыра бастадым. Бір кезде анасы жанына шақырып алды да:
— Қызым, ертерек қашып кет. Әйтпесе, жігіттер зорлауы мүмкін. Олар сені алдап шақырды. Рас айтам, қызым, қаша ғой,– деп жыларман күйге түсті. Ойымда ештең жоқ еді. «Апа, үйді жинастырып берейін. Ақысы төленген», – деймін. Бір кезде ішімдікке сылқия тойған баласы мен екі досы бар еңгезердей үшеу кіріп келді. Дастархан дайында деп бұйырды. Өздері көтеріп келген азық-түлікті ұсынды. Осы кезде жолдасыма хабарласып, дереу келуін өтіндім. Арасы 10-15 минуттың ішінде жолдасым келіп алып кетті. Әлгі үшеуі не болғанын түсінбей қалды. Содан бері жалғыз еш жерге бармайтын болдым. Осындағы жұмысқа келген әйелдерге де ескертіп отырамын. Жалғыз жарым бармаймыз», – деп әңгімесін аяқтады.
— Жұмыстарыңыз қауіпті болса, неге мұнда жүрсіздер? Басқа тұрақты жұмыс табуға болмас па еді? – деп сұрадым.
— Біз еркіндікке үйреніп қалғанбыз. Өз басым айлыққа қарап отыра алмаймын. «Пятакқа» үйреніп кеттім. Бір күнде 10-15 мың теңге табатын кезіміз болады. Кейде түк таппай қайтамыз. Осыған етім үйреніп кетті.
– Сонда қандай жұмыс істейсіздер?
— Жұмыс таңдамаймыз. Әліміз келетін жұмысты істей береміз. Бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс берушілеріміз бар. Көбінесе, әйел адамдардың қолынан келетін үй әктеу, сырлау, левкас жүргізу сияқты жұмыстар ғой.
Құлдықтан құтылған әйел
Осы кезде арамызда әңгімемізді тыңдап тұрған ақ құба әйел:
— Мен де біреуге құл болып кете сақтадым ғой, – деді.
Ендігі әңгімені сол келіншек бастады.
— Осы көктемде болған оқиға. Бізге «Jepp» мінген ерлі-зайыптылар келді. Өздері әдемі киініп алған. Біздің Ұзынағаш стансасында қыстаулығымыз бар. Малшылар тұрған үйімізді ағартып, жуып-тазалау керек. Ақшасын береміз. Ренжітпейміз. Бізге бір адам керек, – деді. Осындағы тұрған бірнешеуіміз «Мен барайын. Мен барайын», – деп шуласып кеттік. «Jepp»-тен түскен әйел мені таңдады. Ойымда ештеңе жоқ. «Крутой» көлікке отырғаныма мәзбін.
Бір сағаттай жол жүрдік. Мал қорасы бар, бір-екі үйлі қоражайға келіп тоқтадық. Өзім Нүкістен келген қазақпын. Орысшаны да қатырмаймын. Ал мені алып барған әлгі екеуі сол жердің қарауылы болу керек, дәу қара жігітке: «Мы привезли работника, не отпускай пусть поработает», – деді. Тағы бірдеңе айтты да мені қалдырып кетті. Олардың күбірінен күдіктенсем де, ойымда ештеңе болған жоқ. Ерлі-зайыпты ғой, жаман әрекетке бармас деп қоямын. Мені апарған екеу тайып тұрды. Бір кезде дәу қара жігіт: «Бүгін саған демалыс. Ертеңнен бастап сиыр сауасың. Осы жердің барлық тірлігін жасайсың. Қазір бөлмеңе бар. Есіктің алдын тазы иттер күзетеді. Қашам деп ойлама. Аттасаң болды иттерім талап жейді», – деді.
Мен не болғанын түсінбей отырмын. Оған қарсы сөз айтуға да қорқып, жүрексініп қалдым. Со күні шәй-тамағымды беріп, бөлмеден шығармай бір күн ұстады. Тіпті әжетханаға да барсаң, аңдып отырады. Сыртта шынымен арсылдаған төбедей-төбедей иттер. Әлгі қара дәу «фасс» десе, адамға атырылғалы тұр.
Таң атты. Жиырмаға жуық сиыр саудым. Жанымдағылармен де таныстым. Ол жерде бір мылқау жігіт пен бір келіншек бар екен. Үшіншісі – менмін. Келіншек қатты қорқып қалған болу керек, тіпті сөйлесе алмайсың. Жанына барсаң қашқақтайды. Ал мылқау жігіт сиыр бағады, мал қораны тазалайды. Бағыма орай, мен барған күннен екі күн өткен соң дәу қара көлігімен бір жаққа кетті. Бірақ иттері кәдімгідей үйретілген. Ондай иттерді бірінші рет көруім. Видеокамерадан да жаман. Мылқау жігітке жалынып, жағдайымды айтып жатырмын. Ол бір кезде ұн салатын қапты алып келді де, ішіне кір деп қора жақтағы малдың қиын шығаратын арбаны нұсқады. Бірден түсіне қойдым. Қаптың ішіне кірдім. Ол мені арбаға салды. Менің үстіме малдың қиын қатар салды да сай жаққа алып барды. Осылайша, иттердің қасынан өткізіп жіберді. Құтылды деген осы шығар.
Жаяулатып тас жолға дейін бірнеше шақырым жүрдім. Тас жолға жетіп, көлік тоқтатып, Алматыға әрең жеттім. Оларға арыз жазайын десем, сол кезде өзімнің де құжатым дұрыс емес еді. Нүкіске қайтарып жібере ме деп қорқып, ешкімге тіс жармадым. Тек қасымдағы қыздарға «Қымбат көлік мініп келетіндерге сенбейік! Абай болайық! Жалғыз-жарым бармайық!», – деп сол оқиғадан бері шыр-пыр боламын», – деп сөзін аяқтады.
5000 теңге мен 5 келіншек
Ақ құба келіншектің жанына барлығы үйіріліп қалыпты. Әңгімесін ұйып тыңдап тұрғанбыз. Дәл сол сәтте:
— Қыздар жұмыс бар, кім барады? – деген ер адамның дауысы әңгімемізді үзіп жіберді. Менің қасымда тұрған қыздар жамырап «Қандай жұмыс, ақшасы қанша?» – деп шуылдап кетті. Келген адам «Жаңадан құрылысы біткен жатақхананы тазалау керек. Маған 5 адам жетеді. Үш қабатты общага. Бөлмелері көп. Әрқайсына 5000 теңгеден. Келіскендерің жүріңдер», – деді.
Жанымдағы 5 келіншек қуана-қуана киімін арқалап әлгі кісінің көлігіне қарай беттеді. Көлікке мініп бара жатып, бригадирмін деген келіншек:
— Уайымдама сіңілім, егер телефоны қосулы болса, тез тауып аласың әпкеңді. Уақыт өткізбей полицияға бар, – деп ескертті.
Қара жолдың бойынан нәпақа тауып жүрген қыз-келіншектермен әңгіме барысында түсінгенім, олар жұмыспен қамту орталықтарына барғысы келмейтін көрінеді. «Онда барғанымен қолайлы жұмыс табыла қояры екіталай», – дейді. Өздері айтпақшы, осы «свободный режимдері» өздеріне ұнайды. Қандай да бір жұмыс шығып қалса, «Жұмыстан босатыңызшы» деп бастыққа жаутаңдап тұрмайды. Қашан жалақы түседі деп үздігіп отырмайды. Алайда олар зейнетақы қорына ақша жинай алмайтындарына іштері ашитынын да жасырған жоқ. «Ертең қартайғанда зейнетақы ала аламыз ба, жоқ па?» – деп кейіді. Оларды тағы бір қынжылтқан дүние – бұл нәзік жандылардың белгілі бір тұрғылықты жерде тіркеуде болмағандықтан, үкіметтен көрсетілетін көмектерден де қағылып отырғандығы. Құлбазардың құдіреті сондай, ол өзіне тартып тұрады. Өйткені бұл жерде күнделікті ақша табуға болады…
Мақпал Ноғайбаева