Бардың бағасына жетіп жүрміз бе?

25 шiлде 2017, 13:18

 

  Өнерлісіне қонған ауылынан жетегіне ат байлайтын қазақ едік. Міне, бүгін ардақтыларымыздың тақымына басар қылқұйрық тауып беруге дәрменіміз жетпейді. Неге? Шынымен қауқарсыз болғанымыз ба? Әлде ардақты азаматтардың  қадірі жоғалғаны ма?

 Тарихи романдардың шебері Қабдеш Жұмаділов бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал. Ал ақсақалдың азаматтық ерлігі, ұлт алдындағы борышы саналатын Қытайдағы 200 мың қазақтың 1962 жылы елге оралғанына-55 жыл. Сол «Соңғы көштің» басшысы мен кейіннен насихатшысы болған қаламгер қарт бүгінгі күні де тұғырдан түсе қойған жоқ. Бойындағы жинаған білімін ұрпаққа толық қалдырмақ мақсатта  қаламы мен қағазын әлі күнге серік етіп келеді. Соңғы жылдары жазылған «Әріп пен Сара» шығармасы да дауы шиеленісіп тұрған үлкен мәселенің түйінін тарқатты. «Біржан-Сара» айтысының өмірде болмағанын, оны белгілі ақын Әріп Тәңірбергенов жазғанын айқын деректермен дәлелдеп бергеніне куәміз. Одан бөлек жазушының соңғы кездері біз үшін құнды әрі қызықты саналатын қаламгерлер өмірі туралы, замандастары жайлы естелік әңгіме-эсселерінің орыны бір пара. Әсресе, Сафуан Шаймерденовтың Геннади Колбинге айтқан қатал ескертпелері, Әуезовтың сүйікті шәкірті болғандығы, Мәлік Ғабдуллиннің қамқорлығы туралы жазбалары керемет.

  Тіпті, өмір бойы қалам мен қағазды серік еткен жазушының түрлі басылымдар мен арналарға берген сұхбатының өзі не тұрады. Біздің де айтарымыз осы сұхбатпен тікелей байланысты. Бір сұхбатында Қабдеш атамыз:

 -Әттең, атқа мініп, тақым қысып жүргім-ақ келеді. Бірақ менде ферма жоқ,- дейді. Әрине, жас күнінен тау бөктерін ат үстінде жүріп аралаған қазақ үшін тақымы қышыған қалыпты жайт. Ал «елім» деп «етігімен су кешкен» қазақты ендігі күнде төбемізге көтеру-бізге борыш. Қабдеш атақ-даңқтан кенде емес. Кезінде 300 миллион халқы бар Одаққа аты шығып, түрлі наградаларды кеудеге қадады.

 Ендігі сұрақ мынау. «Тағдырмен» Такла-макандағы сұмдықты, «Дарабозбен» Қабанбай, Абылай бейнелерін, «Соңғы көшпен» оралмандардың Отанға оралуын тамаша суреттеп, ұрпағын тарихқа жақындата білген ардақты жазушы егемен мемлекетте өзіне лайық құрметке бөленіп отыр ма? Жоқ дер едім. Неге десеңіз, бүгінгі қоғам жазушыны да, ақынды да керек етпейді. Сіз ол тұлғалармен кездесу өткізіліп тұратынын, ара-тұра телеарналарға шақырылатынын алға тартарсыз. Басқадай қарық қып, зиялыларымызға не жасап отырмыз? Тіпті, жылына бірлі-жарым болатын сол кездесулер де жыл жоспарының орындалғаны жөніндегі есеп беру үшін ғана өткізілетіндей. Дәлел бар. Қай жылдары Әбдіжәміл Нұрпейісов Қызылордада кездесу өткізбекші болады. Сөйтіп, кездесу басталды десімен, ол кісі шорт кетеді:

 -Мен бағаналы бері беделді азаматтар, ақсақалдар жиналатын шығар деп күтіп едім. Мына көздері жыпылықтаған бала-шағаға мен қалай үлкен проблемаларды айтамын. Бұдан асқан мазақ болмас,- деп шығып кеткен екен. Бұл жалғыз Әбдіжәмілдің немесе Қабдештің басындағы емес, күллі қазақ қаламгерлерінің мұңы. Тарихшы Тұрсын Жұртбай, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртаза, Тұрсынбек Кәкішевтерді кездесуге шақырып, залды студенттермен толтырады. Студент болсын-ақ. Бірақ соларды ырқынан тыс әкелетінінде ғой мәселе. Ал еріксіз келген «тыңдармандарға» отырған тұлғаның үй іргесіндегі шуақта әңгіме соғатын көп шалдан айырмасы жоқ. Дуылдап өз-өздерімен ьолып отырады. Турасынан айтқанда, «көңілсізден …. бала туадының» кері.

 Бізде Қазақстан Жазушылар Одағы деген ұйым бар. Мұхтарлар мүше болған қасиетті ұйым. Сол ортада бүгінде 700-ден аса жазушы тіркелген. 700 қаламгерге бас болып отырған, белгілі ақын-Нұрлан Оразалин. Жазушылар Одағының тарихындағы ең ұзақ басшы болған кісі. Нұрлан ағамыздан бұрын белгілі жазушы Әнуар Әлімжанов 16 жыл басқарған еді. Осыларды айта келе мынадай сұрақ туындайды. Бұл Одақ қаламгерлерге нендей көмек беріп отыр? Қасиетті орта мемлекетпен бірлесіп, белгілі ағалардың кітабын шығаруға жәрдемдеседі ме?

 Қабдеш атамыз:

 -Нұрлан Оразалин мені, Мұхтар Мағауинді және тағы бірқатар жазушыларды мемлекеттк стипендиядан айырды. Ол кітап шығаруға көп көмек еді. Кітаптың әр беті 150 теңгеден, толық кітап бағасын есептей беріңіз,-дейді. Сондай-ақ, мемлекет көмегін, нақты айтқанда, мемлекеттен өз үлесін ала алмай жүрген ардақтылардың бірі Мұхтар Шаханов. Ақын ағамыз бір сұхбаттарында «Жалын» журналына қаражат бөлінбейтінін, өзіне тиесілі 150 мың теңге жалақысының қолына 6 айдан бері тимегенін айтып қалды. Не себеп осындай мәселелердің туындауына? Қартайса да ел алдындағы борышын межесінен асыра орындап, ұлттық мәселелерде жарқ етіп халық арасынан табылуы кей кісілерге ұнамағандықтан, бәлкім.

 Кітап жазудың машақатын бір көріп, жазған еңбегін шығарарда қалтасы біршама жұқарып қалатынын білдік ағалар сөзінен. Соның өзінде көз майын тауысып жазғаны жарық көргенде бір марқайып, төбелері көкке бір елі жетпей жүретін дала көңіліне қалай разы болмайсың. Бірақ… Осынша қиындықпен жарық көрген шығарма тағы да маңдайы тасқа соғылғандай күй кешеді. Ғаламтордың шырмауына түскен үлкен-кішісі аралас қандастарымыз қолына кітап ұстамағалы көп болған. Ілуде бір әдебиетке махаббаты өшпеген жандар болар. Бірақ миллиондаған қазаққа шаққанда бұл көрсеткіш сахараны бір шелек сумен суарғанға тең. Біржаннның Абайға:

-Шіркін айтушы мен болғанда, ұқтырушым сен болсайшы,-деп сүйсінетіні бар емес пе?! Сол сияқты кемел оқырмандар бүгінде өте аз. Қараңғылық түкпірінен Міржақыптар суырып алған қазақ бүгінде қайта өшіп бара жатқандай. Бұл ұлт үшін үлкен қорқыныш. Тарихы мен әдебиетінен мақұрым, тіл мен ұлтының тағдырына бейқам көзқарастағы ұрпақтар өсіп келеді, себебі. –Әй, соларды қойшы,-деп қол сілтеуе болады-ақ. Бірақ ұлттың білімі мен мәдениеті жалпыдан өлшенеді. Абылай хан айтқан «білімге сенген» заманда қапы қалып жүрмесек болғаны.

 Оқырманы мен халық тарапынан көрген «қолдауы» осы, мемлекеттен болса да қарық қыларлық қолдау таппаған қаламгерлердің бала көңілі, дала көңілі жетімсіремей қайтпек. Қабдеш пен Шерханды, Әбдіжәміл мен Мұхтарларды, Дулат пен Бегімбай, Тұрсын ағаларымызды айта бастасаң, «ол тірі ма, өзі?» дейтін қазақ көп. Озық заманның кейбір оғландары «Абай жолын» хакім Абайдың өзіне жазғызып бөсіп жүр. Замана көшін мәдениеттілік пенізгілікке, білімге бұрмақ керек. Ол әдебиетпен тікелей байланысты.

 Ал ат төбеліндей ардақтыларымызға ат мінгізіп, көңіл қалауын таба алмасақ, мінбеде лепірген көбік сөздерден пайда шамалы. Шынтуайтында, қаламгерлеріміз тамаққа, қаржыға зәру емес-ақ. Бұған Қабдеш атамыздың:

 -Шүкір, балалардың арқасында көштен қалмай келеміз. Мұхтар да ұлы Едігенің арқасында Еуропа төрінде күн кешуде. Десе де, халық ықыласы рухани азық болғандықтан шығар, көптің ықыласын қалап тұратынымыз жалған емес,- деген сөзі дәлел. Текті қаннан тараған ұрпақтың осал болмас белгілі ғой.

 Аман болыңдар, өр рух пен тектіліктің символдары!

           

                                                                                              Әділет МӘДЕНИЕТ

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды