Барды бағалай білейік

18 тамыз 2017, 15:02

– Бес қойдың бетіне қарап отырмыз, – деген Көкшетау қаласының Зерендіге шығар бағытындағы Жамбыл көшесінің ең шетінен қоныс тепкен Бауыржан жездем, – жолдың арғы бетінде тоқымдай бос жер қалмапты. Бәрін әлдекімдер бөліп алған. Орманды алқапты да, иен жатқан даланы да.
Алғашқыда елең етпегенбіз. «Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» дегендей, өзімізде тігерге тұяқ болмаған соң, ауылдан көшіп келген ағайынның қымбатшылық қос бүйірінен қысып тұрған қалада бірер тұяқ ұсақ малын демеу көріп, айырылғысы келмеген жан ашуы жанымызға батпағандықтан. Кейін арада біраз уақыт өткен соң демалыс күні жидек теруге бардық. Қаладан қозы өрісіндей ғана жер болса да, жарықтық жидек қып-қызыл болып тұнып тұр екен. Енді тере бергенбіз, алқынып біреу жетті. Күзетші екен. Жидек теруге болмайды деді. Бұл жер жекеменшікке берілген.

– Өздерің теріп аласыңдар ма? – деп сұрадық біз,– енді бірер күннен кейін ыстықтан ағып кетеді ғой. Тәңірдің берген сыйы босқа рәсуа болады.

– Жоқ, біз термейміз. Ақса аға берсін, – деді күзетші.

– Қарағым-ау, бұл жалғыз сенің ғана емес, барша қала тұрғындарының игілігі емес пе?

– Солайы солай ғой, бірақ бұл жерде жекеменшік болған соң таза ауа жұтсаң да, тиын төлеуге тура келеді. Жекеменшік дегенді ұғасыз ба, жоқ па? – деп ежірейді күзетші.

– Біздің енді табиғатқа ешбір зиянымыз жоқ, орман ішінде от жақпаймыз, тамақ пісірмейміз, ағаш кеспейміз, жай серуендеп жүруге де болмай ма?

– Жоқ, болмайды.

Ауа саудагерінің ауа жайылған әңгімесінен кейін қала ішіндегі «Бұқпа» орман шаруашылығының бас орманшысы Болат Сұлтановқа жолыққанбыз. Бас орманшының айтуына қарағанда, қаһарлы күзетшінің талабының жартысы шындыққа жатқанымен, жартысы талаптың ау-жайын толық білмегендіктен. Мәселен, таратып айтатын болсақ, орман ішінде жүруге болғанымен, қожайынның қала тұрғындарының табиғат аясында дем алуына жасап қойған жайларын пайдаланғаныңыз үшін, кесімді бағасын төлеуіңізге тура келеді. Бір өкініштісі, ұзақ мерзімді жалға алған кәсіпкерлердің барлығы бірдей келісімшартта көрсетілген талапты орындай бермейді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, орманды өрттен, заңсыз кесуден, әрқилы аурудан сақтап, жұмыс істеп жатқандар да аз емес. Олардың қатарынан «Жәнібеков Нұрлан Қанатович», «Назымбек Азамат», «Қажыбаев Д.Б.», «Сап-Дан», «Мустафина» тәрізді жеке кәсіпкерлер мен «Экстремальный стиль», «Яссауи ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тәрізді ұзын-ырғасы 19 жер иеленушілерді айта кетуге болады. Ал жерді алуын алғанымен, ізім-қайым жоқ болып кеткендер де аз емес. Мәселен, «Шанеев Н.К.», «Ныгметжан А.Б.» тәрізді жеке кәсіпкерлер мен «Арал05» тәрізді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басшылары келісімшартта көрсетілген талапты дұрыс орындамай жүр.

– Жерді алғанымен, әуелі бастағы келісілген істі атқаруға мойындары жар бермей жүрген, былайша айтқанда, текке иеленіп отырған он шақты жалгер бар. Олардың кейбіреуімен хабарлассаң, шетелде жүргенін айтады. Сондықтан, қолданылып жүрген заңға сәйкес, бұл жерлер кейін мемлекеттік қорға қайтарылатын болады, – дейді бас орманшы.

Айтуына қарағанда, әуел бастағы ниет – түзу, мақсат – айқын. Жер жалға берілгенімен, орман иесіз, қадағалаусыз қалмайды. Көктемгі, күзгі маусымдарда алқаптағы барлық ағаш тексеріліп, «кесілгені бар ма, жоқ па, ауырған ба, сау ма» деген тәрізді зерттеу жұмысы жүргізіледі. Мемлекеттік қордағы жерді жалға берудегі ең басты мақсат – шағын және орта бизнесті дамыту екен. Екінші бір себеп, орманшылардың мойнындағы жүктің көптігі. Өткен жылдары тұрмыстық қалдықтан ат көпір болып ластанып жататын орман іші тәп-тәуір тазаланып қалыпты. Тіпті көлденең жатқан басы артық бір бұрау жоқ. Қай жағыңа қарасаң да, жинақы қолдың табы менмұндалап тұр. Бас орманшының айтуына қарағанда, әр орманшыға бөлінетін орман көлемі әрқилы. Мұның ішінде де өзінің өлшем бірлігі бар. Мысалы, далалы аймақта орманшының қоритын жер көлемі көптеу болса, қала маңындағы көлем аздау. Бір орманшыға 400-700 гектардан келуі мүмкін. Бірақ соның өзін күнделікті қадағалау, күзету оңай-оспақ шаруа емес. Өйткені, өрт қаупі күшейген жаз маусымында жұмыс еселене түседі. Қаланың қапырығынан қашқан тұрғындар саясы мол орман ішінен пана тапқысы келеді. Ас-суын әзірлейді, кәуап пісіреді. Қурап тұрған шөпке жарты шырпы тисе болды, лау ете түспек. Ие болып көріңіз. Міне, осы орайда орман шаруашылығы тұрғындарға орман байлығын сақтау туралы түсіндіру жұмысын жүргізіп-ақ жатыр. Бірақ елдің бәрінің бүйрегі ортақ байлықты, тамаша табиғатты сақтауға бұрып тұрады деп тағы да айта алмас едіңіз. Оның үстіне орманның жұқпалы ауруға шалдығу қаупі де жыл өткен сайын көбейіп келеді. Ақ қайыңның діңіндегі баланың басындай ісікті көзіңіз шалғаныңыз бар ма? Бұл ісік анау-мынау емес, кәдімгі естіген жанның зәре-құтын ұшыратын жаман аурудың нақ өзі екен. Ағашта да мұндай ауру болады дегенді бұрын-соңды естімеппіз. Адамға қаншалықты зияны бар екенін, яғни жұғатынын, жұқпайтынын орманшылар тап басып айта алмады. Әйтеуір, жаңағы қатерлі ісіктен қан жоса болып тамшылаған сөл адам денесінің жарақатына дөп тисе, залал келтіруі әбден мүмкін. Жалға алушылар өз алқабындағы ағаштардың ауруға шалдыққанын орман шаруашылығына хабарлауға міндетті. Сонымен бірге демалушыларға қолайлы жағдай туғызу үшін арнайы от жағатын, тамақ пісіретін орындарды дайындап қойыпты. Қауіпсіздік шаралары да сақталған.

Орманшылармен бірге айналма жолдың сыртындағы «Алтын орман» демалыс орнында болдық. Әне бір жерде бір топ демалушы өзімен-өзі мәре-сәре болып доп ойнап жатыр. Ақ желегі желкілдеген қалыңдық та осында. Балапан қайыңдай солқылдаған күйеу жігіт те мәз-мейрам. Демалыс орнына мүмкіндігінің шектеулі болғандықтан ба, әлде келуші аздықтан ба, әйтеуір күні бұрын ас қамдамайды екен. Есесіне, өзімен бірге ала келген ас-суынан сәукелесін төгілдірген жас сұлудай жас қайыңның жапырақтарының көлеңкесінде, кеудені салқын самалға аймалатып отырып, таза жерде дәм татуға әбден мүмкіндігі бар. Моншаны да салып тастаған, іргесінде қонақүй. Жоғарыда айтқан бас орманшының «халыққа жұмыс болады ғой» – деген уәжінің шындығын осы жерден көруге болады.

Өздерінде көшет өсіретін питомнигі болмаса да, «Бұқпа» орман шаруашылығы орман қорын молайту бағытында тәп-тәуір жұмыс атқаруда. Біз болған күні 90 гектар алқапқа егілген көшетті күтіп-баптау үстінде екен. Алдағы уақытта қауметі жетіп жатса, өздеріне де көшет питомнигін қолына алмақ. Ол үшін, әрине, қаржы керек. Қаржы демекші, орман шаруашылығының осы күнге дейін, тіпті санитарлық бағытта ағаш кесуге құқығы жоқ болып келді. Ондай рұқсат орманды 49 жылға жалға алғандарда. Осы арада бір түсініксізі, орман шаруашылығы өзіне тиесілі алқаптағы орманды күтіп-баптап, заңсыз кесуден, ретсіз отаудан, айтып келмейтін апаттан, от пен судан қорғайды екен де, игілігін жалға алушы көреді. Егер орман шаруашылығының өзі сатса, сол қаражатына материалдық-техникалық базасын нығайтып алар еді ғой.

Орман байлығы тілмен айтып жеткізгісіз қордалы қазына. Бауырындағы жеміс-жидегі былай тұрсын, адамзаттың ағзасына аса қажетті дәрумен емдік шөптер де тұнып тұр емес пе? Егер соның қадіріне жетпейтін болсақ, келер ұрпаққа шаңы борап жатқан қара топырақтан басқа не қалады. Әттең соны әлі күнге дейін ұға алмай отырғандар да бар. Орманды аралап жүргенде естідік, екі күн бұрын тұрмыстық қалдықтарды қотарып жатқан «КамАЗ» көлігі қолға түскен. Белгіленген тәртіп бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салыныпты. Бірақ жалғыз айыппұлмен алысқа бармасың тағы да белгілі. Табиғатқа тағылық көрсететіндер аз емес. Мәселен, Көкшетаудан Красный яр селосына шығатын бағыттағы тасжолдың сол жақ қапталында қоныстанған тұрғын үй иелері заңсыз тұрмыс қалдықтарын төгетін орындарды қаптатып жіберген. Орманшылар, тіпті үй-үйді аралап, ескерту жасап, түсінік жұмысын жүргізгенімен, нәтиже шығар емес. Бұл ретсіз жай жергілікті биліктің де құлағына тиген. Тұрмыстық қалдық үй орнындай аумақты алып жатқанымен, зияны үйдей. Желді күні бар қалдық желмен ұшып, орман ішіне шашылмақ. Оны жинап алу қаншама мехнат.

Сөз басы мемлекеттік қордағы орман алқабының аумағын сауықтыру және сақтау мақсатында арнайы келісімшартпен ұзақ мерзімді жалға беру туралы сабақталған болатын. Бұл орайда, біз тілдескен адамдардың пікірі таразы басын тең тартып тұр. Тұяқты малын жая алмай отырған қала тұрғындарының өкпесі қара қазандай. Жаңа ашылған жұмыс орнынан жалақысын алып, жан бағып отырғандар дән разы. Қалай болған күнде де, орманға ие табылып, бұрау басы сынбай сақталып қалса, сол олжа.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала