
Биыл қазақтың тұңғыш бард ақыны, әнші-композитор, Қазақстанның мәдениет қайраткері Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл. Осыған орай Түркияның мәдени астанасы – Ыстамбұлда ерекше кеш өтті.
Қазақтың намысын жырлап, елдік рухты асқақтатқан ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бұл шараны еліміздің Бас консулдығы ұйымдастырды. «Із тастап аққан бір жұлдыз» деп аталған рухани кеш жырақта жүрген қандастарымыздың ерекше ықыласына бөленді.
Кеш барысында Табылды Досымовтың әндері шырқалып, оның көзі тірісінде берген сұхбаттарынан үзінділер көрсетілді. Сондай-ақ осы кеш аясында ақынның өмірі мен шығармашылық жолын қамтыған, естеліктері мен шығармалары жинақталған «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Табылды Досымов бар болғаны 45 жыл ғұмыр кешсе де, артына мәңгі өшпес мұра қалдырды. Оның әндері мен өлеңдері халықтың жадында сақталып, ұлт руханиятының жаршысына айналды.
Кешке Табылды Досымовтың ұлы Абыл Аяш қатысып, әсерімен бөлісті: «Бүгінгі кештен алған әсеріміз ерекше. Әкеміздің әндері осы Ыстамбұл төрінде шырқалып жатқанына ұрпағы ретінде қатты толқыдым. Өте жақсы деңгейде өтті, ұйымдастыру да, көрерменнің ықыласы да жоғары болды», – деді ол.
Ал Т. Досымов атындағы қордың директоры Бижан Қалмағанбетов кештің басты жетістігі ретінде жастардың белсенді қатысуын атап өтті: «Біз үшін ең қуанарлық жайт – жергілікті қандастарымыз бен Ыстамбұлда оқып жүрген жастардың келуі. Табылды тек патриоттық емес, лирикалық және жастарға арналған көптеген әндерімен де танымал. Концертте жастардың Табыл әндерін қосылып шырқауы – біздің мақсатымыздың орындалғаны», – деді ол.

Бұл кештің Түрік мемлекетінің Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келуі де жай сәйкестік емес. Өйткені еркіндікті ұлықтаған Табылды Досымовтың өмірі де, шығармашылығы да тәуелсіздікпен астасып жатыр.
Табылды Досымовтың 60 жылдығына арналған рухани кештер тек Түркияда ғана емес, Қытай, Моңғолия және Ресей елдерінде де ұйымдастырылды. Бұл – ақын мұрасының халық жүрегінде жаңғырып, уақыт өткен сайын жаңа ұрпақпен қайта қауышып жатқанын көрсетеді.
Тәуірбек Бозекенов,
журналист