Балықты түсімізде көріп жүрмейік…

08 мамыр 2020, 12:09

Өкінішке қарай, Атырау үшін балықтың жаппай қырылуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Жақында ғана Атырау халқы төрт тоннаға жуық балық өлексесінің жиналғанына куә болды.

Приморский каналының Жайыққа қарай ағатын саласынан 3 тонна 500 келі көлеміндегі балық өлексесі жиналып отыр.

Атырау облысы балықшаруашылығы басқармасы басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, бұл жерде балықтың жаппай улану дерегі жоқ. Өйткені канал суынан алынған сынама су құрамындағы ластаушы заттардың мөлшері рұқсат етілген норманың шекті мәнінен аспағанын көрсетіп отыр.

«Приморский каналында балықтың қырылу фактісі 21 сәуір күні байқалды. Оқиға орнына барғанымызда, өлексемен бірге, каналдан шалажан сар күйде жатқан балықтар да табылды.
Ең алдымен судың құрамын тексеру мақсатында сынамалар алынды. Кейін өлген балықтарды жинау басталды. Сынамамен бірге, балықтардың өлексесі де зертханаға жолданды. 21 сәуір күні алынған сынамалардың нәтижесі каналда улану фактісінің болмағанын көрсетті.
Су сынамалары екінші мәрте 27 сәуір күні де қайтаалынды. Нәтиже күтілуде. Нақты байлам сол кезде айтылады. Ал жиналған 3 тонна 500 келіге жуық балық өлексесі санитарлық талаптарды сақтай отырып, көму жолымен жойылды», – дейді жергілікті балықшаруашылығы басқармасы басшысы Артур Сәдібекұлы.

Ихтиолог мамандардың, сала ардагерлерінің айтуынша, балықтың жаппай қырылуы ара-тұра болып тұратын табиғи құбылыс. Дегенмен каналдағы судың деңгейіне де байланысты болуы мүмкін. Мәселен, қазір каналда судың деңгейі өте төмен. Осының салдарынан ағыс та жоқ. Ағыс болмағандықтан, су өлі ресурсқа айналады.

«Сәуір айында Каспий теңізі жағынан қатты соққан жел нәтижесінде каналға балық ойысып келуі мүмкін. Өлі суға тап болғандықтан, балықтар тұншыққан. Бұл оттегі жетіспеушілігі салдарынан туындап жатқан жағдай болуы мүмкін деп жорамалдап отырмыз» дейді мамандар.
«Әлеуметтік желілерде «бастапқыда өлген балықтың жалпы көлемінің неге 27 келі екендігі айтылды» деген сұрақ қойылып жатыр. Мынаны түсінуіміз керек. Біз бастапқыда канал бетіне шығып қалған балықтың өлексесін жинадық. Каналдың түбінде қалған балықтың қаңқалары борсығаннан кейін су бетіне шығады. Жиналған балық өлексесінің жалпы салмағына байланысты көрсеткіштің ұлғаю себебі осында», – дейді жергілікті балықшаруашылығы басқармасы басшысы Артур Сәдібекұлы.

Еске сала кетсек, өткен жылы Атырауда дәл осындай жағдай орын алған еді. Былтырдың өзінде Атырауда 121 мың тонна өлі балық жиналды. Мамандар табиғат өзіне келген шығынды өзі толтырады дегенмен, шығынның орнын толтыру үшін де уақыт керек. Ондай уақыт бізде бар ма? Осы жағы қатты ойландырады…

Балық жаппай қырылғаннан кейін өткен жылы Атырау облыстық әкімдігі Жайық өзенінде ғылыми зерттеу жүргізуге 80 миллион теңге бөлді. Бірақ оның да нәтижесін айтып, «себебі мынада екен» деп бөлісіп жатқан адам жоқ…
Мамандардың айтуынша, балықты көбейту үшін өзен түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу керек. Әзірге ең дұрыс шешім – осы.

Қазіргі таңда Атырауда Қиғаш, Шарон өзендерінде, Жайықта түп тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Сәйкесінше, каналдардағы су деңгейі де көтерілуі тиіс.
Бізге берген сұхбатында Артур Сәдібекұлы: «Бүгінде Құрманғазы ауданында 200 шақырым, Атырауда Приморский каналын қоса алғанда 33 шақырым, Қиғашта 200 шақырымға жуық ұзындықтағы канал бойында түп тереңдету жұмыстарын жүргізудің жобалық сметалық құжаттамасы жасалып жатыр. Түп тереңдету жұмыстары жалғаса береді. Балықтың жаны – суда. Сондықтан, өзендерімізде судың мөлшері көп болуы керек. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деп нақтылады.

Бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет су ағыны кезінде байқалған шалажан сарбалықтардың басым бөлігі Жайыққа жеткенде тіріліп, өзен бойымен таралып кеткендігін хабарлаған еді.

Маман болмасақ та, ойландыратын мәселе бар. Балық жаппай қырылған сайын алынатын сынамалардан соң «ластану деңгейі шекті деңгейден асқан жоқ» деген қорытынды беріліп келеді. Сонда бәрібір балық өліміне әкеліп отырған жағдай әлгі шекті деңгей критерийлерін қайта қарау керек дегенді білдірмей ме? Қазіргі қалдықтардың құрамы химиялық қоспалардан ғана тұратынын ескерек, бұл жағдай қоршаған ортаға зиянын тигізіп жатқан жоқ па? Сұрақ көп… тек алатын тұшымды жауап жоқ.

Әйтеуір, балықты түсімізде көріп жүрмесек болғаны…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау қаласы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?