«Балық берме, балық ұстауды үйрет»

16 қыркүйек 2016, 12:35

1444048853_koksu21c791a6ce8e0fe95ff72b46cce71daca
kukuruza_001«Адамға балық берме, балық ұстауды үйрет». «Бұл менің пәлсапам» – деді әлемге әйгілі экономист Артур Лаффер жақында өткен бір жиында. Ол кезінде  Рейган мен Тэтчерге қаржы дағдарысын еңсеруге кеңес берді. Оның пікірінше, салық жеңілдігі, мығым ақша, еркін сауда, төмен инфляция және бюрократиялық кедергінің аз болуы өркендеуге жол ашады. Мұны біздің экономистер де айтып жүр. Бірақ жалпыға тән талап барлық елді «жерсіне» бермейді. Дегенмен, Лаффердің ашыққанның аузына тамақ тоса бергенше, оның нан табуына, еңбек етуіне мүмкіндік туғыз дегені қисынды. Әсіресе, кәсіпкер мен фермерге субсидия берумен шектеліп, ақшаның қалай жұмсалғанына бас қатырмай келген біздің атқарушы билікке қажет қағида.

Газетіміздің осы нөмірінде Мәжіліс депутаты Майра Айсина, тіпті ауылға деп бөлінген қыруар қаржының қандай мақсатқа жұмсалғанын жергілікті әкімнен басқа ешкім білмейтінін айтады.
Тәжірибелі технократ Бақытжан Сағынтаев келген соң үкіметтің жаңа экономикалық саясаты айқындалып, жүзеге аса ма? Ауыл шаруашылығының қандай салаларына басымдық беріледі? Жолы ауыр жеңіл өнеркәсіп жандана ма? Аймақтар өз ерекшелігіне қарай мамандануы керек пе? Дамыған мемлекеттерде экономиканың бел омыртқасы болып табылатын шағын және орта бизнестің біздегі болашағы қандай? Міне, осындай қадау-қадау сауал көпшілік атаулының көкейінде тұр.
Шикізат бағасының арзандауы ауыл шаруашылығына бет бұруға септігін тигізді. Әлемде азық-түлікке сұраныстың артуы, атап айтқанда, Қытай нарығының ашылуы бұл салада белгілі бір бағыттарға басымдық беру керектігін көрсетті. Шығыстағы көршімізде орта дәулеттілер көбейіп, ет өнімдеріне сұраныс артты. Іргедегі Моңғолия мен алыстағы Жаңа Зеландиядан қой еті жеткізіледі. Миллиардтан астам тұрғыны бар елдің сұранысы бұдан да жоғары. Сондықтан кейбір өңірлер үшін мал өсіруге бейімделу табыс көзі болғалы тұр. Жақында «Жас қазаққа» сұхбат берген Қазақстан Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Любовь Худова осы салаға тері мен жүн беретін мал шаруашылығының мүмкіндігі мол екенін нақты мысалдармен айтып берді.
Кәсіпкер Теміржан Жалғасбаев отандық бір журналға берген сұхбатында ауыл шаруашылығына беріліп жатқан субсидияны құмға сіңген суға теңейді. Ол бөлінген қаржы тиімді жұмсалып, сұраныс болу керек дейді. Теміржан Алматыға тақау жерде алма өсіреді. Бұл істі қолға алғанда сәтсіздікке ұшырапты. Өйткені, агроном баяғы кеңестік үлгімен тыңайтқыш береді. Сол себепті, жемісі де мәз емес. Ал Ресей жыл сайын сырттан 1 млрд долларға алма сатып алады. Санкция енгізілгенге дейін алманың 55 пайызы Польшадан жеткізілген. Кәсіпкер қазірдің өзінде өсірген алмасының тоннасын 500 долларға сатып жүр. Оның ойынша, ауыл шаруашылығында кәсіпорындар қасынан шикізатты кәдеге жаратуға мүмкіндік беретін кооператив құруды жолға қою қажет.
Аймақтар арасында, астық өсірумен айналысатын терістік облыстарды қоспасақ, Жетісу мен Маңғыстау сол өңірдің мүмкіндігіне қарай мамандануда. «Қара алтын» бағасы құлдыраған соң Маңғыстау әкімі А.Айдарбаев төртінші мұнай өңдеу зауытын салуды ұсынды. Ол сол арқылы жергілікті тұтынушыны мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, артығын шетке сатуға болатынын айтады. Тиімді ұсыныс әзірге қолдау таппай жүр. Содан шығар, бензиннің 30 пайызын терістік көршімізден сатып алуға мәжбүрміз. Маңғыстау облысы соңғы кездері Ақтау және Құрық айлақтары арқылы транзиттік тасымалдың әлеуетін арттыруға күш салып жатыр.
Өндіріс ошағы жоқтың қасы Алматы облысында әкім А.Баталов қызылша өсірушілерге жағдай жасады. Қаңтарылып тұрған Көксу қант зауытына жұмысшылар оралды. Енді Ақсу зауыты қайта іске қосылады. Дегенмен, топырағы құнарлы, суы мол Жетісу тек елімізді ғана емес, көрші елдерді де азық-түлікпен қамтамасыз ете алады. Үкіметтің бір міндеті аграрлық жобаларға инвестор тарту болса керек.
Екі облысты бекер мысал еткеніміз жоқ. Аймақты былай қойып, мемлекеттің бір салаға мамандануы тәжірибеде бар. Грузия біраз жыл бұрын шай өсіруден бас тартты. Қоқымы көп, сапасыз шай жылдар бойы өндірілді. Қисапсыз қаржы жұмсалды. Жаһандану кезінде ол бәсекеге төте бере алмады. Осыны көрген грузин үкіметі шай алқаптарының орнына фындық (жаңғақ) ағашын өсіруді қолға алды. Түркиядан инвестор тартты. Аз уақыттың ішінде Грузия фындық экспорты бойынша әлемде үшінші орынға шықты. Айта кету керек, соңғы бірер жылда осы жаңғақтың келісі 5 доллардан 15 долларға дейін қымбаттап кетті.
Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке үкімет басшысының орынбасары міндеті қоса жүктелуі мемлекеттің осы салаға басымдық бергенін көрсетеді. Мамандар елдің жаңа экономикалық саясатында аграрлық сектор кешенді даму бағдарламасымен көрініс табуы тиіс деген пікірде. Жалпы, қай сала болмасын, ендігі жерді үкіметке қаржыны есеппен жұмсап, игілігін көретіндей саясат ұстануы тиіс. Тақырыпты біздің жағдайымызға лайықтасақ, ақша берме, ақша табуға жағдай жаса.

Тақырыпқа орай 

355270
Жақсыбек Құлекеев, экономист:

Үкімет алдында тұрған өзекті мәселе – экономикадағы шикізаттан тыс саланы дамытуға қажетті шешім қабылдап, оны іске асыру үшін халықты жұмылдыра білу. Бұл құрылымдық және институционалдық реформалардың іске асуын талап ететін күрделі мәселе. Экономиканы тек білікті, білімді, іскер, ынталы азаматтар ғана тығырықтан алып шыға алады. Егер үкіметтің қабылдаған шешімі ынталы, іскер азаматтардың сеніміне ие болса, тек сонда ғана олар елге инвестиция тартып, ауқымды жобаларды жүзеге асырып, экономиканың басқа саласының дамуына жол ашады. Сондықтан, үкіметтің алдында тұрған өзекті мәселе – елдің бизнес климатын жақсартып, халық пен іскер топтардың сенімін арттыратындай шешім қабылдау.

Талап Тілеген

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде