jasqazaq.kz

Бәле болды: мопедтен аяқ алып жүре алмайсың!

29 маусым 2023, 13:54
Фото: nur.kz

Фото: nur.kz

Қазір Алматы көшелерінде бұрынғыдай алшаң басып жүру мүмкін емес. Электрсамокатшының көптігі сонша, шайтан сияқты қай жағыңнан шыға келетінін білмейсің. Мопедшілер ол — мәшинелердің арасынан зуылдап кетіп бара жатады. Кейде ойлайсың, «тағы кімнің обалына қалады екен» деп. Өйткені «Жапалақпен тасты ұрсаң да, таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледінің» кері: мопедші кінәлі болса да, автокөлік иесі жауап береді. Көлікке соғылған бір мопедшіні жауапқа тартыпты, соттапты дегенді естімеппіз. Баяғы байғұс жапалақ, яғни көлік жүргізушіні жүндейді де жатады.

Бүгін ғана жарияланған су жаңа статистикаға көз салайық. Алматыда бес айдың ішінде мопедпен байланысты 114 жол-көлік апаты болыпты. Соның салдарынан 128 адам жарақат алды. Бір адам мерт болды. 4748 мопед айдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл – Алматы қалалық полиция департаменті келтірген мәлімет.

Өткенде Алматының әкімі Ерболат Досаев былтырдан бері мопед жүргізушілердің саны үш есе артқанын айтқан болатын. Мопедке мінетіндер көбіне жеткізу сервисімен жұмыс істейтін курьерлер екені белгілі. Олардың әр минуты – теңге. Сол үшін де құйындай ұшып, асығады.
Әзірге оларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Себебі тиісті заң жоқ.
Парламент демалысқа кетті. Күзде келе сала ондай заңды қабылдай қоюы да екіталай. Электрсамокат туралы заң жобасы туралы өткенде жазғанбыз. Оның да пайдасынан зияны көп.
Сондықтан кейде армандап қоямыз: шіркін, халық қалаулылары Алматының көшелерінде бір күн жаяу жүріп, жағдайды өз көзімен көрсе, сосын күзде жұрттың көңілінен шығатын заңды қабылдаса деп…

Гүлнар Ахметова

Бүгін, 14:26
Бауыржан Ізмағамбетов: Ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 100 пайызға жетті
15 наурыз, 14:02
Шавкат Рахмонов Қонаев қаласында дауыс берді
15 наурыз, 13:36
Қызылорда: Қазақтың үш ханы дауыс беруге келді
13 наурыз, 17:27
Елімізде теміржол инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр
13 наурыз, 16:07
Тіршілік нәрі - судың нарқы қашанда қымбат
12 наурыз, 15:28
Қызылордада тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді
11 наурыз, 12:19
«Таза Қазақстан» акциясы биыл өз жалғасын таппақ
10 наурыз, 15:21
Сұңғат Есімханов: Елімізде 163 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді
05 наурыз, 16:08
Батыс Қазақстанда су тасқынына қарсы дайындық шаралары күшейтілді