«Балапан» телеарнасы: Будда мен балалар

30 мамыр 2017, 11:48


27 мамыр, оразаның алғашқы күні. Қазақша ән шырқап жатқан бүлдіршіндердің даусына елеңдеп, теледидарға көзім түсіп кеткен еді, өз көзіме өзім сене алмай абдырап қалдым.

Жасап жатқан тірлігімді тастап, «Балапан» телеарнасында жүріп жатқан бағдарламаның даусын көтеріп, көре бастадым. Иә, көзім алдамапты. Сахнада үш будда мүсіні тұрды. Бірінен соң бірі сахнаға шығып ән шырқап жатқан балалар сол үш мүсіннің фонында өнер көрсетті. Ал бағдарламаның жүргізуші жеткіншектері әр әннің соңында өнерпаздың жанына барып, сол сахнада тұрып сұрағын қояды. Сахнаға қарама қарсы бетте қазылар алқасы отыр. Бәрі де кәдімгі балалар байқауындағыдай. Тек басты декорация – сахна ғана әдеттен тыс. Тайландқа барғанымда көргендей, бұл көрініс будданың храмында тұрғандай әсер береді екен. Жат көріністі санам еш қабылдай алмады. Буддизмнің басты нышанының бір емес, үш мүсіні қатар сахнаны толтырып тұр. Ал қазақтың балалары бірінен соң бірі сол жерге шығып ән шырқауда. Қандай байқау екен деп экранның маңдайшасына дереу көз жүгірттім. «Адина&Мадина» деп тұр. «Бір апам бір апамнан сорақы» деген осы болар.

Нақ бір «Ә» әрпін айтуға тілі келмейтіндердің қазақ тілінің үндестік заңына бағындырмай салғырт-салақтық танытқан көрінісі іспетті. Әннің орындалу деңгейі, байқауға қатысушылардың киім үлгісі өз алдына бөлек тақырып. Оны ыңылдағанның бәрін әнші еткісі келген қазіргі кейбір тенденцияның жемісі деп бағалауға болатын да шығар. Сахна әдебі мен эстетиканы ұстана қоймаған киіміне де көз жұма қарауға болар. Қазақша не айтып отырғанын өзі түсінуге қиынсынып отырған, шүлдірлеген қазылар алқасының сөйлеу мәдениетіне де назар аудармай-ақ қоялық делік. Бірақ Будда мүсіндерінің тұруын өз басым еш ақтай алмадым. Көпбалалы ана ретінде мұндай бассыздықты балаларымыздың болашағына зор қауіп төндіретін, жат сенімнің ықпалына итермелеуге себеп болатын жауапсыз қадам ретінде қабылдадым. Маған ғана солай көрінеді ме? Ал басқа замандастарымның бұған деген көзқарасы қандай екен деп әлеуметтік желіге суретін қосып пост жаздым. Арнаның бас редакторы Әйгерім Балғабаева деген сіңліме рахмет! Сұрағыма кешікпестен жауап беріпті. Бірақ жауабына «көңілім толды» — деп айта алмаймын. Қате атаудан да, жат идеология құралы – діни декорациядан да, ортаңқол ән байқауынан да қымсынып тұрған ол жоқ. «Балапан» арнасының жетістігіне тоқталып, оған халық дән риза екенін айта келіп: «Бірақ еліміздегі жалғыз балалар арнасын қолдап, демеу көрсетуде әріптестеріміз белсенді емес… Міне, осындай бір ілік тауып алса, соған бар күш-жігерін арнауға бейім! Ал кейде «біз осындай дүние жасап едік, жариялап жіберіңіздерші» — десең , «ол жарнама, ақша төле деп шығады», – деп, өзімізді кінәлауға көшіп, тақырыптан ауытқып, ішкі назын ақтарып кеп жібереді.

Есімдердің қате жазылуын «ата-анасының қалауы, есімдерге байланысты дау-дамай әбден жүйкемді жұқартты», десе, будда мүсінініне қатысты: «Бір көргеннен түсірілім алаңына қатысты түсінбестік, теріс пікір туындағанымен, еліміз көпұлтты, зайырлы мемлекет болғандықтан осындай мәдени орталықтар бізде көп. Олардың балалар үшін ұйымдастыратын әртүрлі іс-шара, мерекелік кешін назардан тыс қалдыруға болмас» деп шаң жуытпайды. Оның ойынша, бәрі жақсы, бәрі бақылауда. Осылайша болашақ президентті, ел қорғайтын азаматты тәрбиелеп жатыр екен. Бірақ қазақ елінде дәстүрлі емес діни сенімнің фонын «көпұлтты Қазақстан» желеуімен ақтап алуға тырысу дәл осы жерде еш қисынсыз деп санаймын. Меніңше, бұл жерде ұлттың еш қатысы жоқ. Діни сенімнің идеологиясы – баланың санасына өте нәзік дүние. Көзбен сіңген нәрсе санаға барып жақсылап бекиді. Ал қоғамдық сана – барлық қоғамдық іс-әрекеттің бастаушысы. Көпбалалы ана ретінде мұндай фонды насихаттау арқылы қазақ балаларының болашағына зиян тигізіп отыр деп санаймын. Егер бүгін осындай жат көрініске тосқауыл болып, балаларымздың тап-таза санасын аса қауіпті шабуылдан сақтамасақ, ертеңгі күні елдегі діни ахуал одан сайын шиеленісіп кетпесіне кім кепіл? Қазақтың тілін, қазақтың өнерін, қазақтың мәдениетін, діні мен ділін жас жеткіншектерге үйрететін арнаның бас редакторының өзі мұны қателік деп таппай, эфирге жібергені қалай?.. Бұны қалыпты нәрсе деп есептесе, ертеңгі күні бұдан да сорақысын көруге дайын болу керекпіз бе?.. Түсіне алар емеспін.

Алма Сайлауқызы,
журналист, көпбалалы ана

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды