«Баламыздың орнында қой болды ғой»

15 тамыз 2023, 16:26

Әлеуметтік желіде белгілі қоғам, мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың жары Күләндамның естелік айтып отырған видеосының үзіндісі тарады. Онда қайраткердің әйелі күйеуі қамалып кеткеннен кейінгі жағдайды еске алады.
«Не келеді қолымыздан? Жылап-сықтап қала бердік. Он шақты күн өткеннен кейін мен жұмысқа шықтым. Балалар оқудан қалмасын деп. Кішкентайымды балалар үйіне әкетті. Екі бала үйде қалды. Күн көруіміз керек. Бізде артық дүние, қор деген болмаған. Айлықпен күн көріп отырған адамбыз», — дейді Күләндам апай.
Содан екі жарым ай өткеннен кейін оның өзі де қамалады. Сөйтіп, Күләндам Лапина-Қожанова 8 жылға сотталып кете барады. Оны этаппен Павлодарға, сосын вагон әйелдерге толған соң Ақмолаға (АЛЖИР) апарған.
«Ақмола, Қарағанды арасында,
Қой бағам Батық, Жарық даласында.
Сақтаймын оң көзімдей баққан қойды,
Ешбір ой қойдан басқа болмай қойды», — деп өлең оқиды Лапина-Қожанова. Сол кезде балаларынан ажырап қалғанына меңзеп: «Баламыздың орнында қой болды ғой енді» дейді.
Видеода тағы бір әйел сөйлейді.
«Сұлтанбек ағаның үйіне келіп, қызы Зибамен ойнап жүретін едік. Сұлтанбек аға Қожанов Финкельштейн көшесіндегі (Ташкент – ред.) осы үйде тұрған. 1937 жылы осы үйден қамалып кетті», — дейді ол.
Күләндам Мұңайтпасқызы Лапина-Қожанова 1905 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарайтын 6-ауылда болыстың отбасында дүниеге келген. Күләндам білімді болған.
К.Қожанова тағдырдың салған тауқыметін ұзақ көрді. Ол 1989 жылғы 11 қарашада жоғары орындарға хат жазып, өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартуды сұрапты.
Күландам Ташкентте тұрғанда 1921 жылы ашылған «Колизей» театрында өткізіліп тұрған «Шығыс Кештеріне» қатысып, өнер көрсеткен.
К.Лапина-Қожанова 1989 жылы қайтыс болды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов 1894 жылы 10 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданының Ақсүмбе ауылында туған.
Өлкеде кеңестік билік тұсында орын алған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Аштықпен күресетін орт. комиссияның мүшесі ретінде 1918 ж. қарашадан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1919 – 20 жылы Сырдария уезі төрағасының орынбасары, Түркістан уездік-қалалық атқару комитетінің, Сырдария облыстық революциялық кенттің төрағасы болды.
1920 жылдың соңына қарай Түркістан республикасының Ішкі істер халық комиссары, 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Ол осы қызметтерді атқару барысында БОАК пен РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Түркістан ісі бойынша құрған комиссиясы – Түріккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті.
Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. “Ақ жол” газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды.
1922 – 1924 жылы Түркістан КП комитетінің хатшысы, атқару кенті төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. Қ. мемл. қайраткер ретінде Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу кезінде (1924) айрықша танылды. 1924 жылы қарашада РК(б)П Қазақ обкомының (1925 жылы ақпаннан – Қазақ өлкекомының) екінші хатшысы қызметіне жіберілді. Қ-тың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан “киргиз” деген атты төл атауына – “қазаққа” түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті.
1925 жылы қарашада БК(б)П орталық комитетіне шақырылып, ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазымымен Кавказға, 1928 жылы Ташкентке, Орта Азия Бюросына қызметке жіберілді. Мұнда ол үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, хатшы болды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдастырды. 1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры болды, сонымен қатар 1929 – 31 жылы Орта Азия мақта кентінің директоры қызметін атқарды. 1931 – 32 жылы БК(б)П ОК аппаратында істеді.
Қожанов 1937 жылы Ташкентте ұсталып, 1938 жылы 10 ақпанда Мәскеуде атылды.

Бүгін, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
Бүгін, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады