Балаларымның атын қазақша қойдым

20 қараша 2020, 14:11

Голландиялық эрготерапевт Натан Виссер Қазақстанда он жыл тұрып, арбаға танылған біраз баланың аяққа тұруына көмектесті. Ол қазақ ауылында тұрып, қазақ тілін үйреніп, отбасын құрып, тіпті балаларына қазақ есімдерін беріпті. Натан қазақ еліне қалай келді? Қазақ тілін қалай үйренді? Қазір Голландияның Меппел қаласында тұрып жатқан отбасы немен айналысады? Еліне көшіп кеткеніне біраз жыл болса да, Натан сұрақтарымызға қазақ тілінде жауап берді. Әңгіме барысында елімізге алғаш келген сәтін былай деп есіне алды.

«Қазақстанға алғаш рет осы елден келген достарымның айтуымен, 2005 жылы турист ретінде келдім. Біздің мемлекет кішкентай. Бос жатқан жер жоқ деуге болады. Ал Қазақстанға келген кезде жерінің кеңдігін көріп таң қалдым. Бұл ел маған бірден ұнады. Табиғаты сұлу, халқы өте қонақжай.

2006 жылы мамандығыма байланысты бір жоба қолға алынып, Қазақстанға көшіп келдім. Біз жұмыс істейтін ұйымның директоры «Алматыда тұрсаң, қазақ тілін үйренбейсің. Тіліміз бен мәдениетімізді үйренгің келсе, ең алдымен, ауылдан бастау керек» деді. Менің жұмысым кішкентай балалармен байланысты болғандықтан, олармен араласу үшін тіл білу керек екенін түсіндім».

Натан Алматы облысына қарасты Көктал ауылына келіп, қазақ отбасының үйінде тұрады. Оның айтуынша, қазақ тілін меңгеруге Берік ағай мен Әлима апайдың көмегі тиіпті. Ол «2006-2009 жылдары Сармановтар отбасының үйінде тұрдым. Бұл отбасы мені өз баласындай қабылдап, көп нәрсе үйретті. Сол кісілердің арқасында тіл үйренуден қиналған жоқпын. Керісінше, маған үлкен қолдау көрсетілді», – дейді.

Елімізде мұқтаж жандарға көмектесіп жүріп, болашақ жары Эйвелинді кездестірген. Келіншегі де – эрготерапевт. Натан әйелінің қалың малын төлеп, тойды қазақы дәстүрмен, Алматыда өткізіпті. Қазақтың құрметіне үш баласының атын Берік, Аяна, Сәуле деп қойыпты.

«Мен болашақ жарыммен 2011 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында кездестім. Екеуміздің мамандығымыз бір болғандықтан, оны сырттай танитынмын. Бір елдің азаматымыз. Бірақ тағдыр бізді Қазақстанда жолықтырды. 2013 жылы аутизммен ауыратын балаларға арналған «Арман» атты орталық аштық. Орталық 2016 жылға дейін жұмыс істеді. Балаларыма қазақы есім беруімнің де өзіндік сыры бар. Ұлымның есімін Берік деп қойған себебім, жарым оны босанарда қатты қиналды. Ұлымның өліп кетуі мүмкін еді. Бірақ Құдайдың қалауымен балам өмірге келді. Қиындыққа мойымайтын мықты азамат болып өссін деп есімін Берік қойдым. Ал үлкен қызымның есімін Аяна деп қоюымыздың мақсаты – алғашқы баламыздан кейін, бізде бала бола ма, жоқ па деген ой болды. Артынан бізге аян берілгендей болып, қызым өмірге келді. Сондықтан Аяна деп қойдық. Ал Сәуле туылғанда өмірге жарық сәуле келгендей болды», – дейді Натан.
Натанның айтуынша, алғашында қазақ тілін үйрену оңайға соқпаған.

«Қазақ тілі – күрделі тіл. Бәлкім, мен өзбек, түрік ұлтынан болсам, жеңілдеу болар ма еді. Өйткені тілдері ұқсас. Маған қиындық тудырғаны – сөйлем құрау. Грамматикасы біздікінен өзгеше. Бірінші жылы қиын болғанымен, екінші жылы ақырындап үйреніп кеттім. Әлі де түсінбейтін тұстары бар. Ал адамдармен еркін сөйлесе аламын», – дейді.

Натан қазақтың салт-дәстүрін жақсы біледі. «Қазақтың кез келген той-томалағы, беташар, тұсаукесер, қыз ұзату сияқты дәстүрі, жалпы қонақжайлығы ұнайды. Үлкендерге көрсетілетін құрмет те керемет. Мәселен, мұнда автобустарда аяғы ауыр келіншектерге, үлкен кісілерге орын беріп, құрметтейді», – дейді ол.

Натан бүгінде отбасымен Голландияның Меппел қаласында тұрады. Кейіпкеріміз өз елінде де сүйікті ісімен айналысады. «Біз – нағыз қазақпыз, Қазақстан біздің жүрегімізде. Балаларымызға болашақта қазақ елін көрсеткіміз келеді. Қазақстанды сағынғанда, қазақтың ұлттық тағамдарын пісіріп, естелік суреттер көріп, сағынышымызды басамыз», – дейді дәрігер.

Мақпал Ноғайбаева

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген