jasqazaq.kz

Бала не оқыса, не көрсе соған еліктейді

19 шiлде, 8:18

Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиа зерттеуші, журналист-публицист Төлен Тілеубайдың бұл сұхбаты «Шалқар» радиосындағы «Нысана» бағдарламасынан ықшамдалып алынып отыр. Сұхбатта балалар әдебиетінің бүгінгі жай-күйі, оны дамыту жолдары, осы саладағы түйткілді мәселелер, кітап оқу мәдениетін өркендету сияқты тақырыптар қамтылған.

– «Түлкілітаудың аспаны» атты алғашқы повесіңіз бен бірнеше әңгімелеріңіз енген еңбегіңізді оқып шықтым. Шығармада ауыл өмірі, адамгершілік құндылықтар, табиғат пен үйлесім тақырыптары көркем суреттеледі. Неліктен ауыл «Түлкілітау» деп аталған. Повестің атуын «Түлкілітаудың аспаны» деп алуыңыздың мәні неде?

— Түлкілітау – Сарыарқаның төсіндегі таудың атауы. Менің туып-өскен ауылым – Ақши. Биыл 50 жылдығын атап өтеді. Осы ауыл іргесін 1975 жылы көтерген, біз 1979 жылы көшіп бардық. Қазіргі атауы – Кежек. Осы ауылдың айналасында Аюлышат, Ақкемер, Қызылжал, Алмалы, Түлкілі, Арқарқамалған, Қарашоқы, Оралбай, Қайдауыл-Шеруке деп аталатын таулар бар. «Түлкілітаудың аспаны» деп аталған себебі – балалық шағымда осы тауда қол орақпен шөп ордық, бүлдіргені мен тау жуасын тердік. Құр ауладық. Түлкіге тұзақ құрдық. Суы тастай бұлақтарынан су іштік. Алғаш еңбектің дәмін таттық. Бала күнімдегі осы таудың сай-саласын шарлап, тал-шіліктерін аралап жүргенде арманның тұлпарына мініп, қиялыммен шартарапты шарлайтын едім. Бала күнімде даладағы қоста шөп күзетіп жатып, Түлкілітаудың аспанының сұлулығына таң қалатынмын. Құс жолы ерекше әдемі болып, ап-анық көрінетін. Қиялыма қанат байлаған да осы таудың мөп-мөлдір аспаны. Шағын повесімді жазып бастаған кезде «Түлкілітаудың аспаны» деген тақырып қойдым. Көркем шығармаларымның тұңғыш жинағы да повесімнің атауымен аталды.

– Шығырманың сарыны кешегі Кеңес уақытын сезіндіреді. Айтыңызшы, балалар әдебиетінде ұлттық құндылықтар мен заманауи трендтер арасында баланыс қалай сақталуы керек?

— Олай болатын себебі, менің балалық шағым 1980-1990 жылдарға дөп келді. Кеңес заманындағы ауылдың тыныс-тіршілігі басқаша еді. Ол уақыттағы тәлім-тәрбие, ауыл адамдарының мінез-құлығы, болмыс-бітімі бүгінгіден сәл өзгешелеу болатын. Кеңес заманындағы ауылдардың тірлігі, еңбек майданы қыз-қыз қайнап жатушы еді. Маған сол бір кездер ерекше жылы, шынайы көрінеді. Балалар әдебиетіндегі ұлттық құндылықтар әрқашан ұлттық құндылық болып қала береді. Ұлттық құндылықтар бар, сосын адамзаттық құндылықтар бар. Әдебиет бұл бағыттағы өзінің миссиясын атқара береді. Ал заманауи трендтерге келетін болсақ, расында да бетімізді басып, ұялып қаламыз. Қазіргі балалар көлемі үлкен кітаптарды оқымақ түгілі, бірнеше бет мәтінді де оқуға құлықсыз. Сол себептен, қызықты комикстер көбірек жазылса, баспалардан көптеген таралыммен шықса деп ойлаймын.. Комикс жанры бізде баяу дамып келеді. Мысалы, «Балдырғандағы» басына бөрік киген Балдырғанның комикстері балаларға өте қызықты, тез оқылады. Содан соң шытырман оқиғаларға құрылған комикстер де тартымды, себебі ондағы оқиғалар сериялық тәсілмен, яғни, журналдың әр санында жалғасып отырады. Бір назар аударатын жайт, көптеген комикстер шетел тілдерінен қазақшаға аударылады. Бұл да құптарлық іс. Алайда, бізге ұлттық комикстер өндірісін қалыптастыру қажет. Ертеңгі күнімізді ойласақ, балалар әдебиетінің бір бөлек саласы ретінде осыған жіті көңіл бөлуіміз керек. Бұл жерде жапондардың Мангасынан үлгі алуға болады. Жапондар көлемі 300 беттік Мангаларды бас көтермей оқиды. Неге? Себебі, өте қызықты. Суретпен берілген хикаялар әр жапон баласының жүрегінен орын алады. Ұлттық комикс дегеніміз осы. Ұлттық құндылықтарды баланың санасына сіңірудің ең оңай, тиімді жолы. Ұлттық құндылықтар мен заманауи трендтер арасындағы байланысты сақтаймыз десек, әрі баланың ұлттық дүниетанымын қалыптастыратын, әрі өзінің талғамына, заманына сай қызықтыратын туындылар болса, ұтылмаймыз.

– «Ақбөкен жылаған түн» атты әңгімеде қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің ерлігі баяндалады. Бұл шығарма арқылы оқырманға қандай ойды жеткізгіңіз келді?

— Бұл деректі-көркем әңгіме. Бейбіт заманда ақбөкендерді қорғаймын деп браконьерлердің қолынан қазақ тапқан қазақтың қаһарман ұлы Ерлан Нұрғалиевтің өшпес ерлігі – ұлттық патриотизмнің айқын көрінісі. Бұл – адамзаттық құндылық тақырыбы. Ақбөкен – Алланың жаратқан жануары. Негізі, бұл оқиға киноға да, деректі фильмге де, драматургияға да сұранып тұрған тақырып. «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» дейді Бауыржан Момышұлы атамыз. Осы шығарма арқылы бір жағынан қазақ деген халықтың батырлық, қаһармандық бейнесін ашып көрсеткім келді. Екіншіден, ерлік елеусіз қалмауы тиіс. Ерлан Нұрғалиев өмірден өткен соң «Барыс» орденін берді, туған жерінде бір көшенің атауын берді. Шығарма арқылы айтқым келген ойым осы. Қазақ пен киіктің тағдыры ұқсас деген де сөзді жиі айтамыз. Ал даланың ақбөкендерін мүйізі үшін қырғынға ұшыратқан жауыздардан арашалап, сол күресте өз өмірін қиған ердің есімін неге ұмытуымыз керек? Жас ұрпаққа жай ғана: «батыр бол, ержүрек бол, еліңді сүй, патриот бол» деп құрғақ сөзімізді айтпай, осындай ерлікті мысалға алып, отансүйгіштік сезімін оятсақ құба-құп. Қорықшы Ерлан ағамыз — бейбіт күннің батыры. Ерланның образы арқылы қазақтың киелі киіктерге, Алланың жаратқан 114 мың жаратылысына деген сүйіспеншілік сезімін, мейірімге толы жүрегін көрсеткім келді.

– Қазіргі балалар әдебиетінің басты мәселесінің бірі – заманауи шығармалардың аздығы, яғни балаларға арналған жаңа, қызықты, қазіргі заманға сай шығармалар жеткіліксіз. Сонда қазіргі балаларға қызықты әдебиет жазу үшін авторлар қандай бағытқа назар аударуы тиіс?

— Қызықты әдебиет, қызықсыз әдебиет демей, қызықты шығарма немесе қызықсыз шығарма дейік. Иә, балаларға арналған шығарманың қызықты болуы үшін, ол сол балаға ұнауы керек. Назарын аударуы қажет. Қызықтыруы тиіс. Бұл үдеден шығатын шығарма жазатын автор қазіргі балалардың мінез-құлығын, сана-сезімін, ақыл-түйсігін терең зерттеп, не нәрсеге қызығатынына көңіл бөлгені абзал. Әрине, күрделі де қиын іс. Алайда қиын деп отыра беретін болсақ, қазақ балаларын басқа тілдегі авторлар қызықтырып, өзіне тартып алады. Онсыз да кітап оқуға құлықсыздық басым. Әлеуметтік желілер күн сайын жарқ-жұрқ еткен дүниелермен баланың назарын өзіне аударып жатқан заманда қандай қызықты шығарма жазылуы керек? Шағын әңгімелер. Шағын әртегілер. Қызықты өлең-жырлар. Заманауи комикстер. Ұлттық комикстер туралы ойымды жоғарыда айттым. Комикстердің аудармасы деген де мәселе бар. Ол аудармаларды белгілі бір сүзгіден өткізетін көркемдік кеңес, құзырлы комиссия деген жоқ. Әркім өз шамасына қарай аударып, шығарып жүр. Меніңше, осы бағыттарға Үкімет те, балалар жазушылары да дұрыстап көңіл бөлетін уақыт келді.

– Қазіргі таңда балаларға арналған суретті кітаптар, графикалық новеллалар аз кездеседі. Яғни, комикс пен иллюстрацияның әлсіз дамып жатқанын байқауға болады. Сіздің ойыңызша, қазақ балалар әдебиетінде қандай тақырыптар жетіспейді?

— Комикс пен иллюстрациялық кітаптардың аздығын көріп жүрміз. «Аруна» баспасы шығарған кітаптардың мазмұны шағын, қағазы қалың, бағасы қымбат. Әр үйдің балалары сатып алып, оқи алмайды. Иллюстрациялық кітаптарға Бэтмэн, Өрмекші адамды емес, заманауи ұлттық қаһармандарымызды бейнелесек, ұтамыз. Мысалы, Орыстың «Маша мен Аю», мысықтар отбасы сияқты мультфильмдерді қазақ балалары неге тапжылмай отырып көреді. Оларда мейірім, адамгершілік, ізгілік тақырыбы менмұндалап тұрады. Баланың жүрегі мейірімге сусайды. Ал ол қай тілде болғаны маңызды емес, бір көргеннен ұнаса, қайталап та көре береді. Сол сияқты, балаға бірден әсер ететін шынайы ізгіліктің дәнегін себетін аниме, комикс, иллюстрация өнімдеріне кітап дүкендерінің сөрелерін толтырып тастасақ, балалар бір көргеннен қызығады. Қазақ балалар әдебиетінде тақырып жетерлік. Тек, сол тақырыпты баланың талғамына сай ұсынуға келгенде дағдарыс бар сияқты. Жасандылық көзге көрініп тұрады. Әрине, бізге Логикомикс сияқты өнім жасау қиын. Бірақ… ниет етсек бәрін жүзеге асыруға болады. Бала үлкендерден нені көрсе, соны қайталайды. Сол сияқты, көгілдір экраннан, кітап пен журналдан нені оқыса, соған еліктейді. Психикасы солай. Осы тұрғыдан алсақ, біздің балаларға ұсынып жүрген контентіміз жұтаң екеніне көз жеткізесің. Неге бұлай? Мысал үшін, телеөнімдерді алайық. Қазақша мазмұндағы дүниелерді көретін кішкентай көрерменнің сұранысы, талғамы қандай? Әлбетте, қызықты оқиғаларға құрылған мультфильмдер, қысқаметражды кинолар. «Balapan»-дағы «Тоқты мен Серке», «Жібек», «Ертемір», «Айдар», «Аралар отбасы» сияқты мультфильмдерді, «Расулдың хикаялары», «Тентек», «Теңбіл доп» сияқты телехикаяларды қазақ балалары қызығып көріп жүргені рас. Бірақ, олардан өзге өнімдер болмаған соң, қайталап қояды. Кішкентай көрермендер де қайталап көре береді. Біраз уақыттан кейін, одан жалығып, басқа тілдегі телеарналарға ауысады. Мысалы, шетел тілінен аударылған «Элвин және алақоржындар» деген мульттоптама балаға да, үлкенге де әрқашан қызықты. Себебі, баланың психикасына қарай жалықтырмайтын, өзіне тартып алатын оқиғалардан құралған. Яғни, балалар аудиториясының сұранысына нағыз келетін дүниені әлемдік нарыққа шығарған. Сөздің шындығына келсек, бүгінгі балалар тек кітап оқып, теледидар көріп өсіп келе жатқан ұрпақ емес. Интернет біздің өмірімізге дендеп енгеннен бері соның игіліктерін толық пайдалана алатын буын өсіп келеді. Қазір кез келген жастағы баланың қолына смартфон берсең, суда жүзген балықтай тетіктерін басып, өзіне қызықты дүниелерді тауып алады. Өкініштісі сол, интернетте мемлекеттік тілдегі туындылар аз. Сол себептен ата-аналар балаларының қолына смартфон ұстатқанда «Маша и медведь», «Щенячий патруль», «Барбоскины», «Приключения Лунтика и его друзей» сияқты ең танымал мультфильмдерді қосып береді. Мысалы, YouTube-та «Маша и медведь»-ті 2,2 миллиард адам көреді екен. Әлем халқының 20 пайызы осы туындыны тамашалайды. Әзірше, қазақ тіліндегі мұндай өнім жоқ. Телеарналарда да, интернетте де қазақ тіліндегі балалар контенті жұтаң деп отырғанымыз осыдан. Интернеттегі контентпен тілі шыққан балалар көркем шығарма оқыса түсінбейді. Сөзімнің басында дағдарыс дегенді осыған негіздеп айттым.

– Жорналшыдан көркем шығарма жазуға бет бұрдыңыз. Оның ішінде балалар әдебиетіне таңдау жасапсыз. Мұндағы мақсатыңыз қандай?

— Мақсатым біреу ғана, ол – қазақтың баласына тұшынып, қызығып оқитындай дүниелер жазып, ұсыну. Өйткені, әр бала – ертеңгі болашағымыз. Олар қандай кітап оқыса, қандай мультфильм немесе кино көрсе, ақыл-ойы, сана-сезімі сол арқылы жетіледі. Олар отаншыл, патриот, адал, мейірімді болып өсуі үшін, жастайынан кітап оқыса, соның ішінде ұлттық намыс, ұлттық арман туралы жазылған шығармаларды оқыса, рухани әлемі бай болады. Әр баланың арманы бар. Бірақ біз ұлттық арман туралы айтпаймыз. «Сен қазақсың», «Ұлтыңның бақыты сенің қолыңда» деген ойларды әр баланың жүрегіне осындай әдеби шығармалар арқылы ұялатуға мүмкіндік мол.

– Қазақстанда балалар әдебиеті бар, бірақ оны заман талабына сай дамыту үшін жаңа авторларды қолдау, сапалы аудармалар жасау және қолжетімділікті арттыру қажет секілді. Сіздің көзқарасыңызда қазіргі қазақ балалар әдебиетінің негізгі проблемалары қандай?

— Авторларды қолдау, сапалы аударма жасау, кітаптардың қолжетімділігін арттыру – деген бөлек-бөлек, әрқайсы өзекті, түйткілді тақырыптар. Бір ғана мысал, авторды қолдау дегенді біз байқау өткізу деп түсінеміз. Құзырлы министрлік балалар шығармаларына арналған байқау өткізіп, жеңімпаздарды марапаттайды, олардың шығармалары бір-екі газет-журналға шығады. Сонымен іс бітті. Ал бұл үрдіс тоқтамау керек. Қаншама автор бар, байқауға қатыса алмаған. Олардың кітаптарын кім шығарады? Дүкендерге кім апарады? Насихат жұмысы қалай жүргізіледі? Маркетинг жоқ жерде, авторды қолдау деген сөз де құр қанатбелгі үшін жасалған іс. Сапалы аударма мен ұлттық болмыс деген нәрселер бар. Қазір көп баспалар балаларға арналған шетелдік авторлардың шығармаларын аударып, шығаруда. Еуразия халықаралық кітап көрмесінде «Мазмұндама» баспасы шығарған түрік жазушысы Арык Мәрттің «Сөмкемнен піл шықты» деген кітабын 7 жасар ұлыма сатып әперіп, бірге оқыдық. Шынын айтсам, мен де, балам да түк түсіне алмадық. Қиялын дамытқысы келетін кез клген ғажайыпқа сендіреді дегеніне иланып қалып едім. Оқиғалары түсініксіз, бала түгілі үлкенге қабылдауға ауыр. Мысалы, қар жаумайтын жерде балалар қар лақтырып, атысып ойнайды. Бұл ақылға сыймайтын, көңілге қонбайтын қиял. Баланың ойын дамытудың орнына, кітап оқуға деген ынтасын жойды. Содан кейін классик жазушымыз Бердібек Соқпақбаевтың «Аяжан» повесін оқып едік, ұлымның кітапқа, кейіпкерлерге, ондағы оқиғаларға ерекше қызығушылығы оянғанын көрдім. Міне, айырмашылық. Нарық заңы деп табыс табу үшін балаларға жарамды-жарамсыз дүниелерді шетел тілдерінен аударып, сөрелерді толтырып қойдық, Одан қазақ баласының кітап оқуға деген қызығушылығы артқанның орнына кеміп барады. Қазақ балалар әдебиетінің мәселелері көп. Бірді айтып, бірге кетпейін. Мен де оқырманмын. Балаларға арналған кітаптарды қызығып оқимын. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» сияқты шығармаларды қайталап оқи беремін. Классикалық шығармалар әр қазақ баласының жүрегінде қалады. Міне, қазір де осындай шығармалар жазылса. Қала баласының өмірі туралы көбірек жазылса екен деп ойлаймын. Қазақтар қалалық ұлтқа айналды. Ауыл баласы мен қала баласының мінез-құлығындағы, сана-сезіміндегі, қиял-арманындағы айырмашылық туралы шығармалар жазылса. Алдағы уақытта өзім осы тақырыпқа шығармалар жазғым келеді.

– Электронды кітаптар мен аудиокітаптар қазақ балалар әдебиетінің дамуына қалай әсер етеді?

— Электронды кітаптар мен аудиокітаптар – заманның сұранысы. Бұл бағытта Үкімет арнайы бағдарлама жасап, жүйелі түрде кітаптарды насихаттауды қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді. АҚШ ғалымдары мынадай жаңалық ашыпты: аудиокітаптарды оқу балаларға қағаз кітап оқығандай миға жағымды әсер етеді. Балаларға арналған аудиокітапты оқитын актерлердің тілі көркем, дикциясы қойылған. Оларға еліктеген бала әр сөзді дұрыс айтуға талпынады. Оған қоса, аудиокітапты тыңдаған баланың сөздік қоры молаяды. Оның арғы жағында шығармашылық және музыкалық қарым-қабілеті дамиды. Тіпті, ғалымдар мен зерттеушілер аудиокітаптың жай кітаптан артықшылықтарын да айтып жүр. Көзге күш түспейді, Оны тыңдаған бала өзі де біреуге хат жазғысы келіп тұрады. Ой-өрісі кеңея береді.

– Мемлекет пен қоғам балалар әдебиетін дамыту үшін қандай нақты қадамдар жасауы керек?

— Әрине, мынаны жасау керек, ананы жасау керек деп ақыл айтуға да, біреуге кеңес беруге де дайын тұрамыз. Ал өзіміз не істей аламыз? Осыған әр адам ойланса, дұрыс болар еді. Балалар әдебиетіне жас қаламгерлердің келуі қуантады. Мәселе олардың жасында емес. Баланың тілінде, баланың жүрегіне жететіндей деңгейде жаза алуында жатыр. Өркениетті елдердегі озық үрдістер бізге де келсе деп ойлаймын. Мысалы, жазда балалар қандай кітап оқиды, қалай оқиды, қайда оқиды дегенге де немқұрайдылықпен қараймыз. Жаз – балалар үшін де демалыс мезгілі. Бірақ ала жаздай ойынның қызығымен жүріп, үш айда бірде бір кітаптың бетін ашпаған бала күзде сабақ басталғанда бар білгенін ұмытып қалуы мүмкін. Өйтпес үшін, кітаппен дос болғаны абзал! Күн сайын тым болмаса 1 сағат уақытын кітап оқуға бөліп, үйдегі үлкендермен кітап туралы ойын ортаға салып отырса, қандай керемет! Өйткені, кітап оқыған баланың қиялы сергек болады, оқу дағдысы дамиды, сөйлеу шеберлігі есте сақтау қабілеті арта түседі. «Қазір қазақ тіліндегі балаларға арналған кітаптарды табу қиын», «Шет тілдерінен аударылған кітаптардың мазмұны балаға қабылдауға ауыр», «Баланың талғамы мен сұранысына сай келетін шығармаларды қайдан сатып алуға болады?», «Тілі жеңіл, баланы жалықтырмайтын оқиғалары бар қызықты кітапты кім біледі?» деген сауалдарды әлеуметтік желілерден оқып, көріп жүрмін. Осындай сұрақтар мазалаған жандардың бәріне «Түлкілітаудың аспаны» атты көркем шығармалар жинағымды оқуға ұсынамын!

— Төлен аға, мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет айтамын! Шығармашылық табыстарыңыз көбейе берсін!

Сұхбаттасқан Гүлнұр ОМАРХАНҚЫЗЫ, журналист

 

 

 

Бүгін, 18:40
Дина Тәжібай: Заманауи трансформатор энергия үнемдейді
Бүгін, 11:59
Түркістан: Әлеуетті инвестор айналма жол салады
23 шiлде, 7:21
Түркістан: Шардарада ауыз сумен қамту мәселесі қаралды
23 шiлде, 7:18
Түркістан: Шардарадағы жүгері зауытында 500-ден астам жұмыс орны құрылады
21 шiлде, 21:57
Түркістан: Ауыл шаруашылығын дамытуда көш бастап тұр
21 шiлде, 21:56
Түркістан: Жарты жылда өзіндік кіріс көлемі артты
20 шiлде, 12:45
Бейбіт елдің бітімгерлік миссиясы немесе Калай-Хумбтан Голан жотасына дейін
20 шiлде, 10:45
Ғалам – «сауда соғысына» алаң
19 шiлде, 21:21
Түркістан: Қоғамдағы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі