Осы аптада үш тұғырлы тіл төңірегінде пікірталас қайта жанданды. Алматыда арнайы жиын өтіп, қоғам белсенділері ойын ортаға салды. Бірі қолдайды, енді бірі қарсы. «Жас қазақ» газеті осы мәселе төңірегінде айтылып жатқан түрлі пікірді оқырман назарына ұсынады.
Жас қазақ: Сіз де өзіңізді ұлтжанды азаматтың бірімін деп ойлайсыз. Үш тұғырлы тіл саясатына өзіңіздің пікіріңіз қандай? Егер дұрыс саясат болса, бұл неге қарсылыққа ұшырап жатыр?
Ерболат Мұқаев: Мен жалпы ұлттың, жастардың тіл үйренуіне, көкжиегін кеңейтуіне қарсы емеспін. Дегенмен, келіспейтін тұстарым бар. Оны қазір түсіндіріп өтемін. Үш тұғырлы тіл саясатының бастан қарсылыққа ұшырауының негізгі себебі – о бастан дұрыс түсіндірілмеуінен. Бұл келешекте халыққа не береді, маңызы қандай, осының бәрі дұрыстап кеңінен түсіндірілуі керек еді. Президент мемлекеттік тіл – қазақ тілінің ең маңызды рөл атқара отырып, орыс тілі мен ағылшын тілі осы мемлекеттік тілдің қасында бірге қолданатыны туралы айтқаны бар. Әрине, бүгінгідей аласапыран жағдайда, жаһандану кезеңінде ұлы көштің соңыда қалмау үшін халықты тіл үйренуге шақыру, тіл білуге үндеу өте орынды мәселе. Біздің көптеген жұмыссыз жүрген заңгер, экономистеріміз келешекте шетелдік компанияларға жұмысқа кіре алар еді. Дәл бүгінгі таңда әлемнің басты елдерімен қарым-қатынасқа түсіп, кез келген жерде бизнес жасап кете алатын азаматтарымыз көбірек болса, бұл еліміз үшін жақсы болар еді. Біз тас ғасырында өмір сүріп отырғанымыз жоқ. Тек өзіміздің үңгірімізде отырып алып өзара ыммен түсінісу керек болса өз тіліміз де жетер еді. Бірақ жаңа заманның талабы басқа. Менің ойымша, тіпті мұны «үш тұғырлы тіл» деп саясатқа айналдырмаса да, уақыт талабы өз дегенін жасар еді. Бұл жерде бізді басқа жағдай алаңдатуы тиіс. Қазақтан басқа ешкімге керегі жоқ қазақ тілінің жағдайы қалай болады? Бұрынғы күніне зар болып қалмай ма? Қазақ тілі орыс тілі мен ағылшын тілінің тасасында қалмай ма? Міне, бұл үлкен мәселе. Қалай болғанда да, үш тұғырлы саясат жүзеге асырылған жағдайда одан қазақ тілі зиян шекпеуі керек. Қазақ тілінің сағаты қысқармауы керек. Тағы бір түсініксіз жері – тіл үйренуге қатысты саясатты қолдаймын, бірақ неге орыс тілін тықпалай беретініне таңмын. Бірден ағылшын және қытай тілін үйретпейміз бе?
Жас қазақ: Дегенмен, қауіптеніп отырғаныңыз байқалады. Сонда сізді алаңдатып отырған не, осы өзгеріс білім сапасына кері әсер етеді деп отырсыз ба?
Ерболат Мұқаев: 2017-2018 жылдары 2-5-сыныптарға, 2018-2019 жылдары 3,10-11-сыныптарға кей пәндер ағылшынша оқытылуы мүмкін. Сонымен бірге нақты ғылымдарды түсіндіретін химия, физика, биология, информатика сабақтары жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқыту ұсынысы қызу талқылануда. Менің түсінбейтінім – бұл пәндер өзі де күрделі пәндер қатарында. Бізде өз тілімізде түсіндіріп отырып та әлі де сапа көрсеткішін жақсарта алмай келе жатқанымыз шындық. Ал енді ертеңгі күні оны оқытатын мұғалім өзі мықты химик, сонымен бірге ағылшын тілін жетік меңгерген болуы міндетті. Ондай мұғалімді қайдан аламыз? Өздері бітпейтін қағаздарымен алысып, мұрнынан шаншылып жүрген мұғалімдер енді тіл үйрену курсына баратын болса, тіпті титықтап, қажып кетпей ме? Немесе, ұзақ жылғы тәжірибесі бар мықты мамандарды лақтырып тастап, оның орнын ағылшын тілін жақсы білетін, бірақ химиясы нашар мұғаліммен алмастырамыз ба? Біз бұдан ештеңе де ұтпаймыз, сондықтан бұған жан-жақты дайындық қажет. Тіпті министр айтқандай, ондай бесаспап мұғалім дайындалған күннің өзінде олар қаншама мектепті қамти алады? Балалар ше? Оларға қосымша ауырлық туындамай ма? Былайша айтқанда, балаға химияны үйрен дейміз бе, ағылшын тілін меңгер дейміз бе? Басқасын айтпағанда, ауыл мектептерінде білім сапасы бұрынғыдан да төмендеген, көптеген мектептер интернет жүйесіне қосылмаған. Әлде олар есепке кірмей ме?
Жас қазақ: Сонда сіз өз тарапыңыздан не ұсынасыз? Нақты ұсыныс айта аласыз ба?
Ерболат Мұқаев: Жаңа басында айттым, мен тіл үйренуге қарсы емеспін. Бұл келешек үшін жасалып жатқан қадам. Бірақ не істесек те жан-жақты ойласып, дұрыс шешім қабылдауымыз керек. Бастаған ісімізді байыппен аяғына дейін жеткізейік. Нәтиже үшін жұмыс жасайық. Әйтпесе, тәуелсіздік алғалы бері білім саласында реформадан көз ашпадық. Оның басталмай жатып аяқсыз қалып, жарты жолдан желкесі үзілгендері қаншама. Осының бәрі айналып келгенде, білім процесіне кері әсерін тигізді. Министрлер әр келген сайын бір жаңалық-өзгерісін сүйрей келеді. Бірақ оның арты жас балалардың психикасына, ата-анаға салмақ боларын ойлап жатпайды. Бір ғана мысал айтайық, қаншама жылдан бері ҰБТ-ны білім көрсеткішін, сапасын анықтаудың ең тиімді тәсіл деп түсіндік. Бұл қаншама жастың санасына салмақ болды. Осы жылдар ішінде қаншама қыршын жас тапсыра алмай өмірін қиды, енді келіп одан бас тартатын болдық. Осы тәсілдің тиімсіз екенін түсіну үшін осыншама қиыншылықтар орын алуға тиіс пе еді? Бізге бірнәрсені түзеу үшін міндетті түрде біреулерді титықтатып барып шешім қабылдау керек пе? Бізге шама келгенше қателесуге болмайды.
Жас қазақ: Кейбір зиялы қауым өкілдері балаларды жастай басқа тілде оқытуға қарсылық білдіруде, балаға білім ана тілінде ғана берілуге тиіс, бұл саясат ұлтты құртуға бағытталған саясат деп жатыр, сіз бұған келісесіз бе?
Ерболат Мұқаев: Баланы мектепке бара салысымен ағылшын тілінде оқытуға келіспес едім. Ол ең алдымен өз тілін меңгеруі тиіс. Туа сала ағылшын тілін үйренгенімен ол ағылшын болып кетпейді. Оның үстіне соншама міндеттейтіндей біз ағылшындардың қоластындағы ел емеспіз, өз Конституциямыз бар елміз. Бала өзінің қазақ екенін біліп өсуі тиіс. Бірақ өсе келе, жоғары класқа барғанда басқа тілді де үйренуі керек. Ауылды жерлерде баласын ағылшын тілінде оқытқысы келсе де оған мүмкіндік жоқ, қалаларда онсыз да ата-аналар өздері жанталасып жатыр. Бір ғана қаупім бар – осы Астана мектептерінің қазақ кластарында балалар түгелге дерлік орысша сөйлейді. Егер нақты ғылымдарды ағылшынша үйренетін болса, оларда қазақ тіліне деген сұраныс қалмайды екен. Сонда есептеңіз, бара-бара өзі қап-қара қазақ бола тұрып, қазақтың бір ауыз сөзін дұрыс айта алмайтындар қаулап өсе бермей ме, сөйтіп, қазақ тілін сөйлейтіндер саны азая бермей ме, мені сол алаңдатады.
Меңдолла ШАМҰРАТОВ,
Астана
Үш тілдік реформаға қарсы шығып жүрген қоғам қайраткерінің бірі Мұхтар Тайжанның балалары елімізде емес, шет елде білім алатыны белгілі болды. Бұл тақырып әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Осыған орай М.Тайжанның пікірін білдік.
Жас қазақ: Соңғы уақыттары үш тілділікке қатысты қоғам қайраткерлері белсенді түрде пікір айта бастады. Осы аптада «Қазақтың тілі мен тарихы – ұлттың алтын қазығы» деген тақырыпта қоғамдық талқылау өтті. Сіздің де ойыңызды білгіміз келеді?
Мұхтар Тайжан: Егер мына реформа 1 қыркүйектен бастап шынымен енгізілетін болса, қазақ мектебі жойылады деген сөз.Статистикаға қарайтын болсақ, былтыр қазақ мектебіне барған балалардың саны 85 пайыз болған. Мектеп түлектерінің 70 пайызы қазақ тілінде бітірген. Нәтиже өте мықты. Тіл жағынан алсақ та, мысалы, теледидардағы 100 арнаның 90 пайызы орысша.Бұлардың мақсаты – білімді көтеру емес, халықтың санасын улау. Басқа мақсат жоқ. Жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытуға ешқандай мүмкіндік жоқ екенін олар да біледі.Қай елге барсаңыз да, 100 пайыз ағылшынша сөйлей алады деп айта алмаймын. Ол қажет те емес.
Жас қазақ: Жақсы, ағылшын тілі қажет емес делік. Онда неге Сіздің балаларыңыз Англияда оқиды. Балаларыңыз ағылшын тілінде білім ала тұра, еліміздегі үш тілді реформаға қарсылығыңызды немен түсіндіресіз?
Мұхтар Тайжан: Мен шетелде оқуға қарсы емеспін. Бірақ еліміздегі мектептерде білім қазақ тілінде берілуі керек. Менің балаларым 11 жыл мектепті қазақ тілінде оқыды. Мектеп бітіргеннен кейін, олар шетелге оқуға кетті. Қазақ баласының қай тілде білім алуын неге министр шешуі тиіс? Қазақ тілінде білім алу бұл әр баланың конституциялық құқығы. Менің балаларым мектепте оқығанда мұндай мүмкіндік болды. Яғни оларда физиканы, математиканы, географияны, дүние жүзі тарихын қазақ тілінде оқуына мүмкіндігі болды. Білім министрлігінің жоспары жүзеге асса ондай жағдай жасалмайды. Сондықтан әрбір бала ана тілінде білім алуы керек. Ол дүние жүзінде солай. Шет тілдерді оқу керек, тек тіл ретінде ғана. Ал егер біз үшінші тіл ретінде ағылшын тілін енгізетін болсақ, қазақ тілді кітаптар да керек болмайды. Өйткені оқушы білім алуы үшін физика да, математика да , басқасы да ағылшын тілінде ғана болады. Өз тілінде сабақ беретін мұғалімдер де керек болмай қалады. Ал мектеп бітіргеннен кейін шет елде білім алуға болады. Өзім де шетелде білім алғанмын, әкем де бірнеше тілді білген. Тіпті біздің зиялы қауым Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхановтар да бірнеше тілді меңгерген. Шет тілде білім алумен үштілді реформаны шатастырмауымыз керек.
Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаев