
Сыбайлас жемқорлық үшін сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова бостандықта қалады. Мұндай шешімді Атырау қаласының №2 соты қабылдады, деп хабарлайды jasqazaq.kz «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.
10 наурызда Хаменованың кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты берілген жазаны өтеуді үш жылға кейінге қалдыру мерзімі аяқталды. 16 наурызда Атырау қаласының №2 соты пробация қызметінің жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы ұсынымын қарады.
Сотта хабарлағандай, жазаны өтеуді кейінге қалдыру кезеңінде Хаменова қоғамдық тәртіпті бұзбаған, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және баланы тәрбиелеу міндеттерін орындаған.
Осы мән-жайларды ескере отырып, сот ұсынымды қанағаттандырды. Жазаның өтелмеген бөлігі 7 жыл мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеуге ауыстырылды.