jasqazaq.kz

Бақдәулет Есенгелдіұлы: Туған еліңнің дамуына үлес қос!

11 мамыр 2023, 15:14

«Жастарымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасау – менің Президент ретіндегі басты міндеттерімнің бірі. Сондықтан осы мәселе әрдайым менің назарымда болады. Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі»

(Президент Қасым-Жомарт Тоқаев)

Жастар қай елде болмасын — қозғаушы күш. Елінің ертеңі мен болашағы. Туған елін өркендетуге атсалысып жүрген жастар көп бізде. Солардың ішінде, Түркістан облысының белсенді жастары да қоғамды дамытуда зор күшке ие. Қазір өңірде білімді, интеллектуал, алға қойған мақсаты айқын жастардың қатары көп. Киелі Түркістан өңірінде жастар саясатының дамуына, «Жастар рухы» жастар қанатының жандануына, облыстық, аудандық жастардың қоғамның бір мүшесі болуына жастар ресурстық орталықтарының толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Жастарымыздың маман атанып, ел дамуына үлес қосуы үшін не істеу керек? Қоғамның бір бөлшегі болсын десек, қандай жағдай жасалуы қажет? Жалпы жастар мәселесі дегенде басты назарды қайда бұрған дұрыс? Осындай өзекті сұрақтарды біз жалынды жас, Түркістан облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының мүшесі, Францияда білім алған болашақ дипломат, жастар арасында тіл үйрену курстарын насихаттап, шетелдегі саяхат туралы кітаптың авторы Бақдәулет Есенгелдіұлына қойып көрдік. Мақсатымыз – бүгінгі заманғы жастардың ойын білу, пікірін тыңдау.

Jasqazaqkz: Бақдәулет, сенің «Жастар рухы» жастар қанатының мүшесі екеніңді білеміз. Белсенді жас ретінде еліміздегі жастардың әлеуетін арттыру үшін не істеуіміз керек деп ойлайсың?

Б.Есенгелдіұлы: Мен 2020 жылдан бері Түркістан облысындағы «Жастар рухы» жастар қанатының мүшесімін. Біздің елімізде жастарды қолдауға арналған түрлі бағдарламалар бар. Бірақ бізге жетіспейтіні — ақпараттандыру жағы. Біздегі түрлі жобалардың көбісі теория жүзінде жасалады. Ал қазіргі заманның талабы басқаша, жастарға мүмкіндік көп. Дегенмен де осы теорияны тәжірбиеге ұластыратын болсақ, жастардың дамуына арналған бағдарламаға қызығушылық танытатындар көбейетін еді. Сонымен қатар бізде хобби ретінде айналысатын үйірмелер көп. Бизнес-жобаларды оқытуға, одан бөлек, шет тілін үйрететін курстар бар. Бірақ көбісі жоғарыда айтқанымдай, теорияға көбірек мән береді. Менің ойымша, жастар орталығына келетіндердің санын арттыруымыз керек. Жастарға жағдай жасалып жатқанын, қандай да бір мүмкіндіктердің бар екенін бәріне жеткізу керек. Осыған орай насихаттау жағынан белсенді болсақ дегенді қосқым келеді.

Jasqazaq.kz: Қазіргі өзекті мәселенің бірі — жастардың жұмысқа орналасуы. Қолында дипломы болса да, жұмыс таба алмай жүрген жастар бар. Жастардың жұмыспен қамтылып, бос уақытын тиімді өткізу үшін қандай жағдай жасалуы керек?

Б.Есенгелдіұлы: Қазір елімізде жастардың дамуына арналған түрлі бағдарламалар бар. Жастар саясаты, «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдарының басты мақсат-міндеті пліміздің жастарының әлеуетін арттыруға бағытталған. Дегенмен де жастардың өзінен де алға қарай ұмтылыс болуы керек. Әрине, қаладағы жастардың мүмкіндігі көп. Сол сияқты, ауылдағы жастардың дамуына да жан-жақты жағдай жасалуы керек. Әлдебір себептермен ауылда қалып қойған жастар болады. Бірақ оларға ресурс жетпей жатады. Сондай-ақ әрбір жас өзінің болашағы үшін мектеп кезінен дайындалуы керек деп ойлаймын. Ол оқушы кезінен өзін қай сала қызықтырады, болашақта қандай мамандық иесі болғысы келеді – осының бәрін ерте бастан ойланып, үлкен өмірге дайын болғаны абзал. Сондай-ақ жастарға ұсынылатын мүмкіндіктің аясын кеңітсе де жақсы болар еді. «Міне, сен тілді үйрен, экономиканы үйрен, саясатты үйрен» деген сынды бағыт-бағдар болса.

Jasqazaq.kz: «Жастар рухы» жастар саясатының негізгі функциясының бірі — жастарды волонтерлікке баулу. Түркістан облысы бойынша қандай волонтерлік жұмыстарға қатыстыңыз? Волонтерлік сізге не үйретті?

Б.Есенгелдіұлы:: Волонтер болу өте қызықты жұмыс. Бастапқыда сенбіліктерге, «Таза қала» сынды экологиялық акцияларға қатыстық. Одан бөлек, спорттық шараларды жиі ұйымдастырдық. Мысалы, ауданаралық футбол жарыстарын өткізуге атсалыстық. Түрлі форум мен жиындарға қатысудан белсенді болдық. 2020 жылы Түркістанда «Түркі елдерінің саммиті» өткізілген еді. Осы саммитке ерікті жастардың қатарын жинады. Менде 50-ге жуық жаспен бірге гид-аудармашы ретінде қатыстым. Бізді ең алдымен гид-аудармашы болуға екі апта бойы дайындады. Ағылшын тілінен бөлек, Түркістан өңірінің тарихымен де сусындатты. Бір ай бойы тәжірибеден өттік. Осы елу адамның ішінен қаламызға келген ең маңызды қонақтарға гид ретінде 10 адамды іріктеп алды. Осы топта болған жастардың көбісі кейін турфирмаларға жұмысқа кірді, кейбірі тіл үйренуді жалғастырып, аудармашы болып кетті. Мысалы, менің мамандығым халықаралық қатынастар болғанымен, туризм саласында да жұмыс істеуіме мүмкіндік болды. Осы бір кішігірім қызығушылық мені алға қарай жетеледі. Сондықтан әрбір жас өзінің қызығушылығын ерте анықтап, алға қарай ұмтылса, қайтсе де жетістікке жетеді деген ойдамын.

Jasqazaq.kz: Жас болсаң да тіл үйреніп, шетелге саяхат жасап, кітап жазудан тәжірибең бар екен.

Б.Есенгелдіұлы: Негізі кітап жазу оңай емес. Ертең ол кітаптың оқырманы қалай болады, оны қабылдау қалай болады деген қорқыныш бар. Менің анам қазақ тілі пәнінен мұғалім. Кейін кәсіпкерлік салаға ауысып кетті. Менің қалыптасуыма анамның ықпалы көп болды. Ол кісі кішкентайымыздан ертегі айтып, өлең-жыр жаттатып, өнерге баулитын. Есейе келе, матаметика, физика саласына қызықтым. Одан кейін жас адамның қалыптасуына ортасы да әсер етеді. Менің араласқан ортам шығарма жазуға, жалпы жазуға белсенді болатын. Университетті халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқыдым. Екінші курстан бастап оқуымды Францияда жалғастырдым. Ол жерде 250 мемлекеттен келген студенттер оқыды. Әр түрлі көзқарас, әр түрлі ой. Сондағы жастарды әңгімеге тартып, саяхат туралы сұрадым. Сөйтсек, біздің ел көбінесе Дубай, Мысыр, Түркиямен шектеледі екен. Осы кезде маған ой келді. Неге Еуропа елдерін саяхаттамасқа деген. Еуропада оқып жүргендіктен соншалықты шығын кете қоймас деген оймен Еуропа елдерін араладым. Саяхаттағысы келетіндерге айтарым, әр елге бір сұрақпен барған дұрыс. Сұрағыңызға жауап іздей жүріп те көп нәрсеге қанық болуға болады. Мысалы, менде мемлекетке, адамдарына, тарихына қатысты әр түрлі сұрақтар болды. Қарапайым «Бақыт деген не?» деген сауалды қоюыңызға болады. Сонда сіз бес елдің азаматынан бес түрлі жауап аласыз. Ал тіл білу туралы айтар болсам, біз шет тілін мектепте оқимыз. Ары қарай университетте оқимыз. Бірақ көбінесе теория жүзінде. Осы алған білімімізді практика жүзінде көбірек қолдануымыз керек.

Jasqazaq.kz: Өзің бірнеше мемлекетке саяхат жасадың. Еуропа елдерінің жастарын біздің елмен салыстырып көрдің бе? Айырмашылық бар ма? Олардан қандай үлгі алуға болады?

Б.Есенгелдіұлы: Әрине, өзімізге алатын нәрсе көп. Қазақстан — дамушы мемлекет. Әлемде дамыған мемлекеттер мен ең артта қалған елдер бар. Дамыған мемлекетте дамыған жүйе мен дамыған жастар бар. Ал бізде дамушы мелекет болғандықтан, дамығысы келетін жастар бар. Өзім араласқан достарымның ішінде Жапония, Испания, Сингапур елдерінен келген студенттер болды. Маған Еуропадағы білім бағдарламасындағы ұнаған тұсы ондағы студенттер сабақтан кейін, берілген тапсырманы бірден орындап тастайды. Сонда кешкі уақытын қыдыруға, басқа да шаруаларына арнайды. Ал тапсырмаға сай кітаптарды кітапханада отырып оқиды. Ол төрт сағат бойы өзіне қажетті оқулықтармен танысады. Мысалы, Африка тарихы мен саясаты туралы ақпарат керек болса, кітапхананың бір қабаты түгелімен сол тақырыпқа арналған, яғни кітапхана қоры өте бай. Ол жақта әр нәрсе өз уақытымен. Бұл мен үшін өте маңызды болды. Өйткені бұл жерде олар «көлшік береді, одан кейін қармақ береді» дегім келеді. Бұл бір. Екіншіден, шетелдің жастары саяхаттаудан қорықпайды. Олар бір мақсаттан екінші мақсатқа ауысып жүре береді. Жаңашылдықтан да жүрексінбейді. Үшіншіден, олардың мемлекетіне деген сенімі мықты. Әсіресе, Франция, Испания сияқты мемлекеттерде өз еліне деген сенім бар. Мысал келтіретін болсам, мен барған кезде Францияда газ бағасы қымбаттады. Халық бұл жағдайға түсіністікпен қарады. Алдағы уақытта қалай болар екен деген алаңдаушылықтары да болды. Ол жақта диалог қатты дамыған. Адамдар болсын, мұғалім мен студент болсын, бір-бірімен тең дәрежеде сұхбаттасады.

Jasqazaq.kz: Елімізде жастардың әлеуетін арттыруға түрлі бағдарламалар бар. Биылдан бастап кәсібін дөңгелеткісі келетіндерге арнайы субсидия бөлу қарастырылуда. Қалай ойлайсың, мұндай бағдарламалар жастардың мәселесін шеше ме? Әлде дамытудың басқа да жолдары бар ма?

Б.Есенгелдіұлы: Мамандығым халықаралық қатынастар болғаннан кейін, біз елдерді бір-бірімен салыстырамыз. Зерттеулер жүргіземіз. Мысалы, Израиль елін айтайын. Соңғы 20 жылда бұл ел көптеген жаңа стартап жобаларға күш салды. Олар осы стартаптарды жасауға жастарға мүмкіндік берді. Біздің елімізде де жастарды қолдауға арналған бағдарламалар бар. Мемлекеттен мүлдем қолдау жоқ деп айтуға болмайды. Жастарға берілетін несие жайлы сіз білуіңіз мүмкін, мен білуім мүмкін. Ал еліміздің жастары осы жөнінен түгелімен құлағдар етілді ме? Әрине, бұл бағытта ақпараттың барынша кең таралуын қамтамасыз етуіміз керек. Жарнаманы көп жарияланып, жалпақ жұртқа насихатталуы керек. Сонымен қатар жастардың өзінен де қызығушылық болу керек деп ойлаймын. Бізге жалпылама ақпараттан гөрі бағыт-бағдар көрсетілсе. Қай кәсіп қалай жасалады, одан қалай пайда табуға болады? Ол кәсіптің негізгі жүйесі осындай деген сауалдарға жауап дайын болуы керек. Біз Францияда болғанда осы елдің білім министрімен кездестік. Осындай сұхбаттар біздің елде де жиі ұйымдастырылғаны жөн. Бізде көп жастарға ақпараттандыру жағы жетіспей жатады. Осы олқылықтың орны толтырылып, жастар мен мемлекеттің арасы жақын болса игі. Мысалы, «Жастар рухы» жастар қанаты десе көп жас, түрлі жиын мен флешмоб ұйымдастыру деп ойлайды. Сондықтан осындай күмәнді ойды сейілту үшін жастармен қарым-қатынас жиі болып тұруы керек. Жастармен кездесіп, мәселелерін тыңдап, оның қандай бір шешім жолдары бірге ізделсе. Одан бөлек, жастардың қатарынан көшбасшыларды көбірек шығаруымыз керек. Мысалы, Қытайда Джек Ма, Америкада Марк Цукерберг, Ютуб жобасы Джастин Вебер. Бұлардың барлығы әлемді бағындырып жатқан жастар, бірақ бірі мемлекеттің, бірі қоғамның мүддесі арқылы танылғандар. Мемлекет жастарды, жастар мемлекетті толықтырып отыруы керек. Бізге менталды жастар керек. Еліміздің үміт артып отырған жастары білімге ұмтылуға, жаңа нәрсені үйренуге бейімделуі тиіс.

Jasqazaq.kz: Еліміздің жастары арасында белгілі бір мамандықты алып алып, тіпті қос дипломы болса да мамандығы бойынша жұмыс істемейтін жастар бар. Өзің жас маман ретінде бұл мәселеге қалай қарайсың? Жұмыссыз жастардың қатарын азайту үшін, олар нені білуі керек деп ойлайсың?

Б.Есенгелдіұлы: Мысалы, белгілі бір мамандықты таңдаған әрбір жас мамандығына сала ретінде қараса құба-құп. Сол салаға болашақта қызмет етемін деген ұстанымы болғаны жөн. Еуропа елінде менімен бірге оқыған студенттер өз еліндегі түйткілді саланы алдын ала зерттейді. Мен осы саланы дамытқым келеді, ондағы осы мәселені шешкім келеді деген ойларын ашық айтады. Сол үшін ізденеді, білім алады. Біздің елдің жастары да болашақта не қалайтынын алдын ала таңдап, сол бағытқа басымдық берсе, өз мамандығын ұнатпайтындардың қатары азаяр еді деп ойлаймын. Оныншы сыныпта жүрген кезімде әкем мені Германияда машина құрастыру мамандығы бойынша оқытқысы келді. Ол кісі біздің елімізде осы саланың кенжелеп тұрғанын айтты. Алайда мен бұл ұсыныстан бас тарттым. Өйткені қалаған салам басқа. Ол — тіл үйрену, халықаралық қатынастар. Сондықтан мен өз қалауымды жасадым. Біздің елде болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар зерттелсе. Бізге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен нақты мынандай мамандықтар елімізге қажет деген тізім берілсе. Сол тізімді есепке алып, жоғары оқу орындары қажет мамандарды даярлап, кадрлармен қамтамасыз ететін еді. Жас адам тәрбиені отбасынан, мектептен, жоғарғы оқу орны мен ортасынан алады. Өмір жолын таңдайтын кезде адаспай, мамандықты ұнатып, өз қалауын жасағын жөн. Мен өзім болашақта халықаралық қатынастар саласының дамуына үлесімді қосқым келеді. Қатарластарыма айтқым келетіні, мүмкіндік болса, туған еліңнің дамуына үлесіңді қос!

Jasqazaq.kz: Редакциямызға келіп, сұхбат бергенің үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда
31 шiлде, 11:55
Қазақстан жаһандық процестерге белсене араласады