Бақдәулет Анарбай: Салалық журналистиканы дамыту үшін журналистерді емес, сала мамандарын тарту керек

25 тамыз 2023, 12:19

 

Сандаған ғасыр бойы руханият пен сауда-саттық мекені болып келе жатқан Түркістан қазір облыс орталығы ретінде бұрынғыдан өзгеше дамып келе жатыр. Сол даму бағыттарының бірі – бұрындары оқуын оқып алып, жұмыс істейтін жер іздеп, сенделіп кететін жергілікті жас журналистердің осы аймақта еңбек етуіне мүмкіндік жасалуы. Нақтырақ айтсақ, қазір осындағы іргелі оқу ордасы – Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетін тәмамдаған жас тілшілер үшін көптеген ақпарат орталықтары құрылып жатыр. Олардың ішіндегі ең ірісі – бірер жыл бұрын құрылған «Түркістан» телеарнасы. Аталған мекемеде қазір тәжірибесі толысқан мамандарға қарағанда, бірер жылдық қана еңбек өтілі бар жастар көп. Дегенмен олардың басым бөлігі ендігі бір іске бас болуға жарап қалған. Осы орайда, бүгін оқырман назарына сондай әріптестеріміздің бірі – Бақдәулет Анарбаймен құрған сұхбатымызды ұсынамыз.

– Бақдәулет, сізді мен танығаныммен, көзі қарақты оқырман дұрыс танымауы мүмкін. Сондықтан ең бірінші сөзді өзіңізден бастасақ.

Қысқаша баяндар болсам, мен Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Шілік деп аталатын ауылда дүние есігін ашыппын. Сол ауылдағы Сейітжан Құртаев атындағы мектепте 11 жыл білім алып, Түркістандағы Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде журналистика маманы атандым.

– Журналист болу бала кездегі арманыңыз ба?

Енді, бала кезде барлығымыз теледидардың алдында өстік қой. Сол шақта смартфон тұрмақ, түймелі телефондар да келе қоймаған. Ол нәрселер өсе келе қолымызға тиді. Оқушы шағымда жалпы журналистикаға емес, спорт журналистикасына деген қызығушылығым ояна бастаған. Ауылда футбол ойнайтынбыз, матчтарды көретінбіз. Бірақ кейде ойындарды толықтай көре алмай қалсақ, телеарналардағы спорттық бағдарламаларды аңдитынбыз. Әсіресе, жаңалықтардың соңында ұсынылатын 2-3 минуттық спорт ақпараттарын тыңдап, нәтижелерді білуге құмар болатынмын. Өсе келе марқұм Аманкелді Сейітхан, Дияс Ахметшәріп, Есей Жеңісұлы, Ермұхамед Мәулен, Асхат Сағынаевтарды танып, кейіннен Сейдахмет Бердіқұлов сынды спорт журналистері болғанын білдік. Міне, осылайша, спорт журналистикасына деген қызығушылық жалпы журналистикаға алып келді.

– Түркістан өңірінде журналистика саласы бойынша білім беру деңгейі қандай? Өзіңізге сабақ берген қай ұстаздардан көбірек үлгі аласыз?

Өзім оқыған Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-да білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымды жеке-жеке атап өтсем болады. Мәселен, біздің топқа жетекшілік жасаған Әлия Белдібекова есімді ұстазымыз әрдайым талапшыл және креатив күтетіндігімен ерекшеленеді. Ал әндері күллі қазаққа танымал Бекжігіт Сердәлі атты ұстазымыз Түркістан мен Кентауға ғана емес, бүкіл елімізеі ортақ тұлға. Ол кісінің қазіргі әлеуметтік желілерде көтеретін мәселелерінің өзі қоғамда, зиялы қауым өкілдері арасында резонанс тудырады. Өзінің оқырманы, аудиториясы бар. Ол кісіден де үйренгеніміз көп болды. Сондай-ақ, бізге Қуандық Оразбекұлы есімді ағамыз да құқықтық журналистика бойынша дәріс беріп, журналистің сауаттылығы, журналистің заң аясындағы құқықтары сынды мәселелерге қанық қылды. Жалпы өзім оқыған университеттегі білім беру жүйесіне көңілім толады.

– Қазір сізбен бірге білім алған жас мамандар қандай мекемелерде қызмет етіп жатыр? Кәсібилік деңгейлері қаншалықты?

– Біз оқу орнын 2021 жылы тәмамдадық. Қазір менің курстастарым түрлі БАҚ-та, мекемелерде баспасөз хатшысы болып, енді біреулері PR маманы болып қызмет атқаруда. Өзіммен ұжымдас болып, телеарнада жүргендері де бар. Менің есебім бойынша, бірге оқыған мамандарды 80 пайызға жуығы осы салада нан тауып жүр.

– ХҚТУ-да журналистика саласы бойынша білім алған мамандар бұрындары жұмысты өзге өңірлерден іздейтін. Ал қазір қала облыс орталығына айналып, жаңа телеарна ашылды. Осы сіз қызмет етіп жүрген телеарна жас мамандарды қаншалықты жұмыспен қамти алып жатыр?

– Иә, дұрыс айтасыз. Бұрындары журналистика маманы атанғандардың көбі Астанадағы «Қазмедиаға» немесе Алматыға баруға тырысатын. Өйткені ол жақтарда ірі телеарналар мен басылымдар көп болатын. Қазір енді облыс орталығынан телеарна ашылғаны бақ болып тұр. Одан бөлек, департаменттер мен басқармалардың Түркістанға қоныс аударуы да жас мамандар үшін жақсы болды. Енді «телеарна жас мамандарды қаншалықты жұмыспен қамти алып жатыр?» деген сауалға тоқталайық. Қазір телеарнада жұмыс істеп жүрген азаматтардың көбі жастар. Ешкімге, ешқандай шектеу немесе кедергі жоқ. Сауалдың жауабын осыдан-ақ аңғаруға болады деп ойлаймын.

– Сіздің ойыңызша, қазір «Түркістан» телеарнасында жұрт сүйсініп көретін, тағлым-тәрбие алатын қандай бағдарламалар бар ма?

– «Түркістан» телеарнасы қазір аймақтық деңгейдегі арна. Ұжымның мақсаты – халықаралық деңгейге шығу. Соған қарамастан, біз көрерменнің талғамына сай келетін түрлі бағыттағы бағдарламаларды ұсынуға тырысамыз. Мәселен, негізінен жастардың қолы бос кезде қарауына арналған «Жаңа толқын» бағдарламасы бар. Онда көбіне өзінің еңбегі не дарынымен елден еректеніп жүрген азаматтар танылады. Одан бөлек, «Еңбек адамы» атты бағдарлама бар. Бұл аты айтып тұрғандай, бір саланың жілігін шағып, майын ішкен адамдарды танытады. Ел ішінде орын алып тұратын оқиғаларды жеткізетін «Жедел түсірілім» деген бағдарлама бар. Сонымен қатар, тағлым-тәрбиеге толы сұхбат құрылатын «Тұран төрінде», билік өкілдерімен жүздесетін «Бұқара мен билік», әр саны нақты бір тақырыпқа арналатын «Халық сөзі» секілді бағдарламаларды атап өтуге болады. Жалпы жас телеарнаның қазіргі жұмысы жаман емес деп ойлаймын. Әлбетте, артылған жүктеменің салмағы ауырлау. Бірақ жас ұжым әзірге сыннан сүрініп жатқан жоқ.

– Телеарна басшысы өз сөзінде мықты кадрлардың жетіспей жатқанын айтқан еді. Бұл туралы не айтасыз?

– Шыны керек, қазір еліміздегі ең мықты мамандар Астана мен Алматы сынды үлкен қалаларда қызмет етеді. Түркістанның облыс орталығы атанғанына 5 жыл болса да, халық саны әзірге 200 мыңның айналасында. Ірі-ірі нысандар енді ашылып жатыр. Сондықтан мегаполистерге еті үйренген кадрлар сол жақты тастап, Түркістанға келе қоюы екіталай.

– Өзіңіздің қазіргі қызметіңіз қандай баға берер едіңіз?

– Телеарнаға келгеніме бір жылға жуықтады. Мамандығыма сәйкес, жаңалықтар бөлімінде жұмыс істеп жатырмын. Өзіме-өзім баға бере алмаймын. Оны қалың көпшілік айтып, уақыт көрсетеді. Телеарнаның жұмысы қауырт және сол қарқынға ілесуге барынша тырысамын. Журналистика саласы бойынша білім алу бір бөлек те, сол салада еңбек ету мүлдем бөлек екен. Аз ғана уақыттың ішінде осыған көзім жетті. Әсіресе, телеарна журналисі ретінде түрлі тақырыптарға үңілеміз. Кейбіріне терең бойлай қоймасақ та, соны барынша тез сіңіруге тырысу керек. Телеарна журналистен тез бейімделуді және ширақтықты талап етеді.

– Отандық БАҚ саласында ілкімді істер жоқ емес. Бірақ қазіргі көптеген әріптестеріміз рейтинг қуып, мемлекеттік идеологияны әлсірететін әрекеттерге барып жатады. Бұл туралы ойыңыз қандай?

– Рейтинг пен идеология туралы сөз қозғамас бұрын, сол бұқаралық ақпарат құралының нақты бағытына мән берген жөн болар. Өйткені мемлекеттік идеологияны жүргізу — мемлекеттің мойнындағы міндет. Ал мемлекет идеологияны жүргіземін десе, қарамағындағы БАҚ-тардың осы бағыттағы бастамаларына қолдау көрсетуі тиіс. Ал рейтинг қууға келсек, бұл бір жағынан дұрыс. Бірақ халықаралық стандарттарға сай бекітілген «журналистік этика» деген ұғым бар. Әрине, рейтингсіз болмайды, алайда этикадан алыстамау керек. Мәселен, бірер күн бұрын Мақтаарал ауданында бір әйел жоғалып, табылмағанына он күннен асты. Осы орайда мен олардың үйіне кіріп барып, балаларын жылатып тұрып сұхбат алуыма болатын еді, бірақ әкелері рұқсат бермеді, яғни мен этикаға сай жұмыс істедім. Дегенмен кейбір әріптестеріміз кейіпкерлерді түсіруге рұқсат алады да, мына жақта басқаша жариялап жатады. Бұл журналистік этикаға мүлдем сай емес және БАҚ саласына үлкен сын.

– Өңірде салалық журналистиканы дамытуды бір ізге түсіру үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?

– Өңірдегі салалық журналистиканың ахуалын айтпас бұрын, оның республикалық деңгейдегі жағдайына мән беру керек. Өйткені аймақтарда салалық басылым бар екенін біле қоймаймын. Мәселен, спорт саласына келер болсақ, бізде спорт хабарларын тарататын бір ғана мемлекеттік телеарна мен 4-5 сайт пен журналдар бар. Ал экономика саласы бойынша «Atameken Business» телеарнасы ғана жұмыс істейді. Бұл – ел көлеміндегі жағдай. Мұны бір ізге түсіру үшін меніңше журналистерді емес, сол салаларда ұзақ жылдар бойы қызмет еткен мамандарды БАҚ саласына тарту керек. Шетелдегі әріптестерімнің айтуынша, бұл әдіс өзге елдерде тұрақты қолданылады екен.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Бауыржан Мейірханұлы,

Түркістан қаласы

 

 

 

 

Бүгін, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз