Бақдәулет Айдағараев: Салалық журналистиканы дамыту қажет

28 шiлде 2023, 15:13

Отандық журналистиканың мәселесі қоғамда өте өзекті. Өйткені айналадағы ақпараттық ағыстың ырқына кетіп қалмас үшін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының іргесін бекіту маңызды шаруа. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегендей, қоғамның айнасы, ортаның бағдары саналатын журналистиканың қадірі қашанда жоғары болуы керек. Сөз қадірі қашып тұрған бүгінгідей алмағайып заманда ұлттық журналистиканың ұпайы түгел болуы тиіс. Осы мәселе жайындағы әңгімемізді Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының «Сарыағаш» газетін шығарып отырған Бақдәулет Айдағараевпен өрбіттік.

– Алғашқы сауалымызды салалық журналистиканың даму тенденциясына қатысты қойсақ. Әр тақырыпқа, әрбір салаға маманданған тілшілерді, журналистерді шыңдау үшін қайтпек керек? Оларды шарболаттай қайрауда қандай қарекет жасай алып жүрміз өзі?

– Дұрыс айтасыз, бүгінгі таңда әрбір тақырыпқа маманданған, әсіресе, экономикалық, қаржылық сауаттылық саласына көптеген журналистердің тісі бата қоймайды. Осы олқылықты жоюдың жолы тәжірибе алмасу, түрлі семинар өткізіп, білікті мамандармен әріптестік байланыс орнату дер едім. Мәселен, туризм журналистикасына маманданған журналист өзінің шебер туындылары арқылы ел туризмін тереңдей насихаттай алады. Салалық журналистикаға дендей көңіл бөліп, туризм тақырыбының тереңіне бойлай алса, жазғаны да тұшымды шығады. Сол секілді экономика, қаржы, медицина секілді сан тарау салаларға маманданған журналистер қоғамға аса қажет.

– Аудандық «Сарыағаш» газетінің тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз. Қандай тұлғалар қызмет етті редакцияда?

– Мерзімді басылымдардың бірі әрі бірегейі – «Сарыағаш» қоғамдық-саяси газетінің бір ғасырлық ғұмыры бар. Ауданның құрылуынан бастап, өсіп-өркендеуі, тыныс-тіршілігінің шежіресін жасауда басылымның еңбегі орасан. Тоқсан төрт жылдық тарихы бар «Сарыағаш» газеті осы дәуір ішінде өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, салиқалы сөзі бар ақпарат құралына айналды. Басылымның алғашқы саны жәдидше, яғни араб қарпімен «Ленин жолы» деген атаумен, аптасына бес күн бойы жарық көріп тұрды.
Еліміздегі әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты, 1929 жылы 1 шілдеде Сырдария округі партия комитеті, атқару комитеті мен кәсіпшілер кеңесінің «Ленин жолы» газетінің №1 саны шықты. Ауданымыздың тарихын зерттеуші Жақыпбек Аяшев басылымның шығу төркініне байланысты мынадай дерек қалдырған: 1928-1929 жылдары Келес аудандық партиясының хатшысы болған Серікбай Қырғызбаев деген кісі болған екен. Жақыпбек ағай Серікбай атадан аймақтың өткен тарихын білу үшін арнайы барып жолыққан. Сонда газетті аудан басшыларымен келісе отырып шығарып, атын «Ленин жолы» қойғанын, оған Ташқазақ уезінің іргетасын қалаған Исмайыл Садырбеков, Әбдірахман Шыршықбаев, Мәкен Полатқожаев, Құрбан Шоқанов, Сансызбай Сағындықов және ақындар Омарбай Малқаров, Орал Қалдыбаевтар атсалысқанын әңгімелеп берген.
Газет атауы 1962 жылы мамыр айынан бастап «Қызыл ту» болып өзгерді. Араға бір жыл салып, 1963 жылы 18 сәуірде «Қызыл ту» ауданаралық газетінің жанынан орыс тіліндегі «Красное знамя» газетін шығару жөнінде шешім шықты. Тәуелсіздік алған соң, «Қызыл ту» газеті аудан атымен сәйкестендіріліп, «Сарыағаш» болып атауын өзгертті. Деректерге сүйенсек, 1993-1994 жылдары орыс тіліндегі газет толығымен жабылған.
Газеттің тоқсан төрт жылдық тарихында К.Ғабдуллин, С.Көшербаев, К.Дулатбаев, М.Мамедалиев, Ә.Қалымбетова, М.Оспанов, Ә.Оспанұлы, Б.Дінәсілов, К.Балықбаев, Қ.Қыстаубаев, М.Бекеевтер редактор болып қызмет етті. 2021 жылдың аяғында газеттің жекешелендірілуіне байланысты Саламат Жаппар басшылықты өз тізгініне алып, бас редактор болып Б.Әжіханова тағайындалды. Ал қазіргі таңда Б.Айдағараев бас редактор қызметін атқаруда.
Мұнда ақиық ақын Төлеген Айбергенов басылыммен тығыз қарым-қатынаста болып, шығармашылығын жарқырата көрсетті. Сондай-ақ Немат Келімбетов, Зәкір Асабаев, Мейірбек Ақынбеков, Рахима Шораева, Асхан Майлыбаева, Әбілсапар Тұрғынбаев, Берік Тұтқышұлы, Шәкір Қайназаров, Нұржан Үсенов, Қадыр Зиябеков пен Қалу Байғұлов т.б. көрнекті тұлғалар жұмыс істеген. Сондай-ақ Мұратбай Бекеев, Сәуле Жолдықараева, Базаркүл Әжіханова, Зухра Қамбарова, Гүлбахар Тағаева, Мұхтар Жандиллаев, Халық Қожатаев, Болат Иманбаев, Асылхан Мадалиев, Әлия Әуесбекова, Бекжан Жандиллаевтар да осы газетте қызмет еткен.

– Аудан газетінің қазіргі тыныс-тіршілігі қандай, таралымы қанша?

– «Сарыағаш» газеті — тарихы тәлімді, тамыры тармақты, мазмұны салмақты, ойы нәрлі, сөзі құнарлы, аудан тынысынан ақпар беретін, «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған маңызды жоспарлардың орындалу барысын хабарлап, ұлттық руханиятымыз бен салт-дәстүріміз, терең тарихымызды жаңғырту, сондай-ақ ұрпақ тәрбиесі жайындағы тағылымды дүниелерді ұсынып отырған өңіріміздің бас басылымы.
Ал басылымның таралымына келер болсақ, соншалықты көп оқырманымыз болмаса да, өткенімізбен салыстырсақ, таралым саны басқа аймақтардағы аудандық басылымдарға қарағанда едәуір көп. 2023 жылдың екінші жарты жылдығында 5500 оқырманымыз бар.

– Редакция ұжымында қанша қызметкер жұмыс істейді?

– Жаңа жоғарыда айтып өткенімдей, газет 2021 жылы әкімдіктен жекеменшікке өтті. Мұнда бұрын жұмыс істеген көптеген әріптестерім газеттің болашағы болмайды деді ме, қызметін тастап, басқа салаға кетті. Ғасырға жуық тарихы бар басылымның келешегінен үлкен үміт күткен әріптестер ғана қалып қойдық.
Қазіргі таңда Саламат Жаппар басшылық ететін газет ұжымында өзімнен басқа, Данияр Моллабаев, Балнұр Оспанова, Сұлухан Мыңбаева секілді мамандар жұмыс істеп жатыр.

– Аудандағы еңбек адамдары, елге үлгі боларлық тұлғаларды насихаттау бағытында қандай айдарларыңыз бар?

– Сарыағаш ауданында елге танымал, құрметке лайық тұлғалар көп. Әрқайсысын тізбектеп жазсақ, мұнда сыймас. Сондай тұлғалардың еңбегі мен жеткен жетістіктерін газетіміздің әр санында болмаса да, әрдайым көңіл бөліп, қалыс қалдырмауға тырысамыз. Себебі, аудандағы жалғыз басылым болғандықтан, бәрі де біздің газетті оқып, болашаққа үлгі ретінде тарихта хатталатын газет бетінде қалғысы келеді. Біз де осындай азаматтарды елге насихаттауды үнемі дәстүрге айналдырып, «Тұлға», «Еңбек адамы», «Өнеге», «Ұрпаққа үлгі» сынды т.б. айдарлармен жариялап отырамыз.

– Аудандық әкімдікпен газет арасындағы байланыс қандай, бірлесіп қандай да бір іс-шара өткізесіздер ме?

– Аудан әкімдігімен үнемі тығыз байланыстамыз. Аудан әкімінен бастап, барлық дерлік әкімдікке қарайтын және аудан аумағындағы мекемелердің атқарған жұмыстары газет беттерінде ұдайы жарияланып тұрады. Бұл жағынан ешбір қиындық туындаған емес. Бұрын әкімдікке бағынысты кезеңде қандай байланыс болса, бүгінгі таңда да газет пен әкімдік арасында тығыз байланыс орнаған. Жуырда ғана газеттің келер жылғы 95 жылдық мерейтойына орай, ұлттық спорт түрлерінен аудан тұрғындары арасында әкімдікпен бірлесіп «Сарыағаш» газетінің жүлдесін сараладық. Болашақта іс-шаралар мұнымен шектеліп қалмайды деген ойдамыз.

– Редакция қызметкерлерін ынталандыру мақсатында қандай істер атқарылады? Журналистер мүшәйра, басқа да сайыстарға қатысып тұра ма? Өзге әріптестермен байланыс орнату жағы қалай? Өзіңіз айтпақшы, шыңдалудың бір бағыты тәжірибе алмасу ғой.

– Ұжым қызметкерлері аудан, облыс тіпті республика деңгейінде өтетін қандай да бір сайыстардан қалыс қалмауға тырысады. Бұл әр журналистің шыңдалуына септігін тигізетіндіктен, ұжым тарапынан шектеу жоқ.

– Шерағаң айтқан «арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистердің мамандығына қызығатын сарыағаштық жастардың шоғыры қалай, ынта білдіретін, редакцияға хат-хабар, мақалаларын жолдайтын оқушылардың қатары қалың ба?

– Жоқ дей алмаймын. Дегенмен газетке емес, телеарнада жұмыс істесем дегендер баршылық. Себеп белгілі, экран арқылы тез танылсам дейді. Қаламгер болу оңай іс емес, әрине. Әр жылы оқуды бітіріп, журналистика саласына түсіп жатқан жастар аз емес. Алайда ауданға келмей, қалада қалып қойып жатыр.

– Кейінгі буын өкілдері, оның ішінде өзіңіздің замандастарыңызды не жазды деп оқып, сырттай бақылап жүресіз бе? Жас журналистердің соқталы тақырыптарға қалам сілтесі, публицистикадағы аяқ алысы қалай?

– Заманына қарай бәрі де. Мен де журналистика саласына кеш келгендіктен, жас буын қатарындамын десем де болады. Бізге дейінгі аға буын өкілдері біздерге бағасын, ақ батасын беріп кетті. Біз де соңымыздан өкшелеп келе жатқан жас буынға жол көрсетуші ретінде үнемі кеңесімізді аямай айтып отырамыз. Әрине, әрбір журналист өзінше қалыптасады. Заман талабына сай, бүгінгі жастардың аяқ алысы қуанарлық десем, артық айтқандық емес.

– «Шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей блогерлікке, сахнада жүргендер жүргізушілікке ұмтылуы журналист мамандығының беделін түсірмей ме?

– Әрине, қадірін қашырып, беделін түсіреді. Блогер деген журналист емес. Аты айтып тұрғандай, ол белгілі бір затты не кәсіпті жарнамалаушы. Ал журналист — халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. «Мен блогермін» дейтіндер, екі мәселе көтерсе, кейбір жеке меншік басылымдар оны өзіне тілші етіп алады да, бопсалау арқылы қаржы табуға тырысады. Журналист белгілі шеңберден шықпай және заң аясында жұмыс істейтін болса, блогерлер беталды кететін жүгенсіз жүрген жайдақ ат сияқты. Оны бақылаушы заң, не адам жоқ. Журналистикаға абырой әкеледі деп ойламаймын. Ертең журналистика саласы ақсап қалса, сол мезетте «мен журналист емеспін» деп басын ала қашады олар. Сондықтан өз басым мұндайды құптай алмаймын.

– Түркістан облысы құрылғалы даму динамикасы жоғарылауына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына Сарыағаш ауданының да қосып жатқан үлесі қомақты. «Сарыағаш» газеті ауданның тыныс-тіршілігінің айнасы ретінде бұл жайттан да сырт қалмайтыны белгілі. Керісінше, аймақта болып жатқан жаңалықтарды аудан халқымен бөлісіп отыруға ықыласты. Редакция ұжымы осы үдеден шыға алып жүр ме? Оқырмандарыңыз тұшынып оқитын дүниелерді газет бетінен таба алады ғой?

– Жоғарыда айтылғандай, ауданның әрбір ақпараты біз аудандық жалғыз газет болғандықтан, бізде жарияланып отырады. Біз қоғамдық-саяси газетпіз. Аудан, облыстағы қоғамдық және саяси ақпараттардан мүмкіндігінше қалыс қалмастан, халыққа басылым арқылы жеткізуге тырысып келеміз. Бұл — біздің міндетіміз, халық алдындағы парыз бен қарызымыз.

– Аудандық газеттің мерейлі 95 жылдығына орай қандай іс-шаралар өткізілді? Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Осыдан төрт жыл бұрын газеттің 90 жылдық мерейтойын облыс көлемінде өткізген болатынбыз. Келер жылы 95 жылдық мерейтойымыз болады. Жаңа жоғарыда атап өткенімдей, ұлттық спортымызды дәріптеу мақсатында журналистер күні қарсаңында аудан көлемінде сайыс өткіздік. Ендігі кезек — 95 жылдықты жоғары деңгейде өткізу. Оған бекітілген арнайы жоспарымыз да дайын. Дегенмен ол әзірге құпия болып қалғаны дұрыс. Жоспар болғандықтан, жария болғанын жөн көрмедім. Келер жылы арнайы келсеңіз, өзіңіз куә боласыз. Мерейлі тойымызға Jas qazaq.kz сайтының ұжымын, әріптестерімізді шақырамыз.

— Әңгімеңізге рахмет! Амандық болса, барып қалармыз!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады