Байқоңыр бізге қарайды, біз…

12 сәуiр 2019, 16:50

Байлығымыздың бір бөлшегі Байқоңыр еді. Ғарыш кемелеріне сәттілік тілеп, жұртқа тәтті үміт сыйлаған қала нарық экономикасы басталғанда амалсыздан Ресейге жалға берілді. Анау-мынау емес, жарты ғасырға! Осылайша үй ішінен үй тігілді.

Ақысына азын-аулақ қаражат алатын болдық. Көп сұрауға ұялдық па, әйтеуір құнының қалай белгіленгені белгісіз. Қалай дегенде де көршінің көңілін қалдырмадық. Алайда 76 мың тұрғыны бар қалаға дұрыс көңіл бөлмеу салдарынан инфрақұрылым дамымай қалды. Одан қала берсе, құдайы көршіміз бес жыл бұрынғы «Протон» апаты үшін төлеуге тиісті 13 миллиард теңге өтемақыны беруді бұлталаққа салды.Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы: «2013 жылы шілдеде Байқоңырда «Протон» зымыраны құлап, ауаға 600 тонна гептил тараған болатын. Сол кезде министрлік осының шығыны 13 миллиард теңге деп есептеп, тиісті қағазды Ресейге берген. Бірақ осы кезге дейін хабар жоқ. Осыған байланысты, мәселелер қашан шешімін табады? Таппайтын болса, зымыран ұшырылатын алаңдарды ғана Ресейге қалдырып, Байқоңыр қаласын Қазақстан құзырына қайтару керек», – деді.
Қызылорда өңірінен сайланған депутат жылына екі рет Байқоңыр қаласымен бірге Төретам, Ақай елді мекендерін аралап, тұрғындармен, кәсіпкерлермен кездесіп тұрады екен. Байқоңыр қаласындағы жұрттың 70%-ға жуығы Қазақстан азаматтары. 1995 жылдан осы кезге дейін Байқоңыр ғарыш айлағына байланысты 18 ратификация мен құқықтық акті қабылданған. Енді 19-шысы қабылдануда. Өкінішке қарай, Байқоңырда тұратын Қазақстан азаматтарының көптеген мәселесі әлі де шешілмеген. Депутаттың айтуынша, тариф өте қымбат. Байқоңыр қаласында кәсіпкер несие алу үшін жерді жалға алуға байланысты банктегі ғимараттарды қоя алмайды. Бұл мәселе 10 жыл бойы көтерілсе де, ешқандай шешімін таппаған. Қосарланған салық төлеу де күрделі күйінде қалған. Мысалы, біздің кәсіпкер қосымша құн салығының 12%-ын – Қазақстанға, тауарды алып келген соң 20%-ын Ресейге төлейді. Нәтижесінде Тауар 32% -ға қымбаттайды. Қаласының инфрақұрылымына қатысты да түйін бар. Осы кезге дейін Ресей тарапынан бір тиын ақша салынбаған. Депутат: «Біз де қаржы сала алмаймыз. Өйткені Байқоңыр қаласы Ресейге жалға берілген. Жоғарыда айтылған мәселелер қай уақытта шешімін табады?», – деп цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкіліне сұрақты төтесінен қойды. Бұл сұраққа жауап берген вице-министр Марат Нұрғожин барлық мәселе мемлекетаралық комиссияның бақылауында екенін айтты. Ал қаланы кезек-кезеңімен жалға беруден шығару Қазақстан тарапынан күн тәртібінде тұр. Ол: «Біз еліміздің ішкі мемлекеттік органдарымен бірге осы жағдайдағы артықшылықтарды және кемшіліктерді егжей-тегжейлі талқылаудамыз. Роскосмос басшылығымен ауызша талқыладық. Бұл оңай мәселе емес. Басым жағы да, осал тұсы да бар», – деді.
Ол нақты сұрақтарға да жауабын беріп, тариф бағасын төмендету қалай жүзеге асатынын айтып берді. М.Нұрғожиннің айтуынша, Қазақстан тарапы Байқоңыр қаласындағы сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр. Ал қосарланған салықтан босату туралы Ресей Мемлекеттік думасында заң жобасы қаралмақшы.
Сонымен, Байқоңырдың беті бізге бұрыла ма? Мұны уақыт көрсетеді.

Жолдасбек Әшімханұлы

Бүгін, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?