Бәйдібек Қуатбай: Ізденімпаз жастарға мүмкіндік көп

22 тамыз 2023, 15:08

 

«Жастардың еңбекқорлық қағидатын ұстануы маңызды. Сырттан көмек күтудің қажеті жоқ. Қазір заман басқа, яғни маңызды шешімдердің уақыты, серпіліс жасайтын сәт. Жастар болмаса, мұнымен кім айналысады? Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Еліміздің ертеңі мен болашағы — жас ұрпақтың қолында. Әлемдік аренада мемлекетімізді  жоғары деңгейге көтеретін білімді де білікті жастар. Киелі Түркістан жерінде, кәсібін ашып, озық технологияны игеріп еліміздің игілігі жолында жұмыс істеп жатқан жастарымыздың қатары көп. Біз осындай жастарымызбен мақтана аламыз. Осы ретте Түркістан облысының тумасы Daryn online компаниясының Республика бойынша сату бөлімінің басшысы Бәйдібек Қуатбаймен арнайы сұхбаттасып, өмірлік тәжірибесімен бөлісуін сұрадық.

— Бәйдібек Нұрланұлы, ең алдымен өзіңізбен танысып алсақ. Туған жеріңіз, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

—  Есімім  Бәйдібек Қуатбай. Түркістан облысы, Төлеби ауданы Киелі тас ауылының тумасымын. Қазір 28 жастамын. Ата-анам бар.  Отбасымызда 4 ағайындымыз.  Үлкен ағамның есімі — Айбек, екіншісі өзім, менен  кейінгі қарындасымның есімі Мереке, үйдің кенжесі інімнің есімі — Мырзабек. Өзім отбасын құрғанмын, ұлдарым бар. Жұбайым да, Төлеби ауданы Ленгір қаласынан есімі — Әйгерім. Тұңғышымның есімі Байбек, екінші ұлымның есімі Нұртөре. Әке-шешемізбен бірге ауылда тұрамыз.

Жастайыңыздан білімге құштар болған сияқтысыз, қайда білім алдыңыз?

— Ия, ауылымызда М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп бар. Осында білім алдым. Бастауыш сыныптарда өте жақсы оқыдым. 5-сыныптан бастап сабақтар күрделене берді. Алгебра пәнінің есептері маған түсініксіз бола бастады. Осылай цифрлы пәндерден сабақ үлгерімім нашарлап, 7- сынып аяқталғанша маңызды пәндерден ақсап қалдым. Жігіттік шаққа келіп жатқан соң да, айналамдағы орта әсерін қатты бере бастады. Біршама сыныптастарым оқуға мүлде қарамай қойды. Өзімізге де байланысты болды десек те, сабақты оқуға қызықтыра білетін ұстаздар саны аз еді. Бұлай айтып отырған себебім, мен 7-сыныпты аяқтағаннан кейін анам менімен  жақсылап  сөйлесті. Ақылын айтып, білім болашақта өте маңызды болатынын санама мыңтап сіңдірді. Бұндай сөздерді мектепте ұстаздар да айтатын, бірақ оған қатты ойланбайтынмын. Анамның осы сөзі  қатты әсер етті. Содан ойланып, жаз айларында, үлгерімім нашарлап кеткен математика, физика пәндерінен өткен тақырыптарды қайталап оқимын деп шештім. Өз уақытында ауылдағы мектебімізде физика пәнінен сабақ беріп, қаншама Олимпиада жүлдегерлерін дайындап шығарған өте білімді, бізге ағайын болып келетін Сәуле есімді апайымыз мені осы пәндерден дайындай бастады. Менің сабаққа қызыққаным соншалық, маған берілген есептерді қызыға, үңіліп шығарып тастайтын болдым. Нәтиже көріне бастады. Өзіме де риза бола бастадым. Осылай жаз айларында, басқа сыныптастырым секілді қыдырып, демалмай, көп уақытымды білімге арнадым. Қыркүйек айы басталды. Менің сабақ үлгерімім 8-сынып басынан бастап-ақ өте жақсы бола бастады. Сәуле апайымыз мені әр түрлі мысалдар арқылы қызықтырып, қолмен көрсетіп басқаша әдіспен (методикамен) түсіндіргенде, бірден түсініп, сабақты әрмен қарай алып кеттім. Көп ұстаздар осы апамыз секілді сабақ өтуде, өзіндік мысалдарымен әрбір оқушыны қызықтыра білсе, біршама үлгерімі жақсы балалар шығар ма еді?  Әрине, мектебіміздегі маған білім берген барша ұстаздарыма үлкен рахмет айтамын. Десе де, әр оқушының сабағын жақсы көретін ұстаздары болады. Менің де сондай ұстаздарым болды. Менің дамуыма ықпал жасаған ағай, апайларым болды. Ерлан есімді физика пәнінің мұғалімі, ағылшын пәнінен Дина апай, қазақ әдебиетінен Бақтияр ағай, химия пәнінен Эльмира апай сынды ұстаздарым болды. Олар әлі де қанша оқушыларға білім беріп жатыр. Мектеп адамға базалық, маңызды білімдерді береді. Біз осында оқуды, жазуды, сөйлеуді үйрендік.

— Түркістан өңірінің ең белсенді жастарының қатарындасыз, ең алдымен осы жолға қалай келдіңіз? Бүгінде жүзеге асырып отырған жобаларыңыз туралы айтсаңыз?

— Кәсіпкерлікке 2019 жылдан бастап келдім. Төменгі деңгейден бастадым. Қазір білім саласында компаниямыз бар. Бұл — республикалық Daryn online компаниясы. Мақсатымыз, оқушыларға, білім іздеген әрбір жанға, сапалы білім, онлайн оқуға ыңғайлы платформа жасадық. Бағаларын да барынша  қолжетімді еттік.  Барша білім іздеген жандар, біздің платформадан керек білімін ала алатындай жағдай жасадық. Мысалы, атап айтар болсақ, ҰБТ, НЗМ, ДАРЫН, БИЛ, ағылшын курстары, мектеп пәндерінен арнайы курстарымыз бар. Жалпы платформада 400-ден аса курс бар. Қазіргі кезде еліміздің барша мектеп оқушылары, ұстаздары платформаға тіркелген. Елімізде 4 миллионнан астам оқушы, 500 000-ден астам мұғалім бар.
Бүгінгі күнде, жыл сайын платформамызда, 20 000-нан аса оқушы білім алады. Осы жылы 30 000 оқушыға сапалы қосымша білім береміз деп отырмыз.

— Еліміздің жастар саясатын жүргізуге арнаған бағдарламаларымен таныссыз ба?

— Ия таныспын. «Жастар ресурстық орталықтары» өз жұмыстарын жастар үшін жүргізіп жатыр. Жастарды тартып, әр түрлі тақырыптарда ойындар ұйымдастырып, білім саласында жоғары оқу орындарына түсу, кәсіпкерлік саласына да бет бұруға ықпал етіп, қызықтырып жатыр. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, ынтасы бар жастарға, мемлекет тарапынан төмен пайыздық несиелер ұсынылуда. Бұл жас кәсіпкерлер үшін өте дұрыс саясат деп білемін. Дұрыстап, анализ жасап, әбден есептеп кәсібін бастаса, қайткенде де өз жетістігін береді. Қазір елімізде  жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар көп. Жас отбасылардың тұрғын үймен қамтылуына да барынша мүмкіндіктер қарастырылған. Қазір Түркістан облысында жастар саясаты нақты бағыт бойынша жүргізіліп, кәсібін бастағысы келетін жастарға ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Түркістан облысының әр ауданында жастармен кездесіп, ол кездесулерге жас кәсіпкер ретінде өз ойымызбен бөлісіп жүрміз. Жақында ғана Отырар ауданында өткен «Өз кәсібіңді аш» атты семинар-тренингке Түркістан облысынан шыққан бірқатар белсенді әрі кәсіпкер жастармен бірге қатысып қайттық. Ең бастысы, кәсіпке, білімге, жаңашылдыққа құштар жастардың қатары күннен-күнге артып келеді. Жастарға арналған барлық бағдарламалар жан-жақты түсіндірілуде. Тіпті «Жастар ресурстық орталығы» мамандары, адам көп шоғырланатын жерлерге, ауылдық елдімекеннің жастарына бағдарлама жайлы жазылған буклеттерді таратуда. Сонымен қатар әр ауданда жауапты мамандар бекітіліп, әлеуметтік желілер арқылы да ақпараттық түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жастарға арналған бағдарламаны толық түсіндіретін мамандар да телефон арқылы кеңес беруде. Мемлекетіміз жастардың дамуына барынша көңіл бөліп, нақты жобалар бойынша жұмыс істеуде. Сондықтан әрбір жас осы мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланса,  білсе екен деген ойдамын.

— Жастардың сапалы білім алып, білікті маман атануына әлі де не істеуіміз керек деп ойлайсыз?

— Біздің компания идеологияға жұмыс істейді. Әр адам өзгерісті негізі өзінен бастауы керек. Біз әр жасқа болашағын ойлап, жастайынан жоспар құруды үйретуміз керек. Өзі қызыққан саласын зерттеп, қабілеті неге бейім, соны шыңдай бергені дұрыс. Қазір дамуға жетелейтін түрлі курстар да бар. Тегін курстар да толып жатыр. Әр адам өзіне керегін үйреніп, тіпті дипломсыз да, мықты маман бола алады. Бірақ ол да өзіне байланысты. Біздің компанияда,  дипломы жоқ,  бірақ білікті жастар да жұмыс істейді. Бүгінде «дамимын, өз қабілетімді арттырамын, ізденемін» дейтін жастарға мүмкіндік көп. Тіл үйренгің келе ме, әлде шет елде  білім алғың келе ме? Жастар өз жолын, өзі таңдайды. Тағы да айтып өтер едім, тегін курстар бар, кез келген ақпаратты, өзіңді қызықтырған саланы  интернет арқылы да игере аласың. Ерінбе, әрбір мүмкіндікті жіберме. Оның үстіне, қазір технологияның қарыштап дамыған заманы.

— Біздің жас оқырмандарымызға арман мен мақсатына жетуіне қандай кеңес берер едіңіз?

— Арман мен мақсатқа жету үшін, бірінші нақты жоспар, содан кейін өзіңе деген сенім һәм табандылық керек. Айталық, өзің тұрған А нүктені анықтап алып, жеткің келетін Б нүктеге дейінгі нақты қадамдарды белгілеу керек. Әрқашан тоқтамай, дамып отыруы керек. Даму қай кезде тоқтайды, сол кезде ойдың жұмыс жасауы да тоқтайды. Сондықтан өзіңді үнемі дамытып отыруың керек. Осы кезде ғана жетістікке жетесің. Адам жетістікке жетсе де, ізденуін тоқтатпауы керек. Жетістікке жетудің алғашқы жолы білім алудан басталады. Жастар білім алудан қашпауы керек.

Бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі — жастардың жұмыссыздығы мен жас отбасылардың баспана мәселесі. Осыларды шешу үшін әлі қандай бағдарламалар керек деп ойлайсыз? Өз пікіріңізбен бөліссеңіз.

Қаншама адамдар өзін-өзі әлі таппай, өзіне қызық емес, ұнамайтын жұмыстарды атқарып немесе мүлде бос, жұмыссыздар қатарында жүр. Әрине, бұл мектеп кезінен дұрыс мамандық таңдай алмағанынан, үйдегі үлкендердің қинап, осы мамандықты оқисың деп ұнамайтын мамандықты мәжбүрлеп оқытудан болып жатыр. Бала өзіне ұнамаған оқуды аяқтаған соң, ол мамандықпен бәрібір жұмыс істеп жарытпайды. Біз мектептерге көп барамыз, оқушылардан  мамандық таңдау бойынша онлайн-анкета көп аламыз. 11-сынып бітіргелі отырған кейбір оқушылар болашақта өзінің кім болғысы келетінін нақты айта алмайды. Балы жеткен мамандыққа грант деп те өздері түсіп кетіп жатқандар бар. Бұл ақыр соңында оқуын тастап кету немесе ол мамандық бойынша мүлде жұмыс істемеуге әкеліп соғады. Қазір елімізде 80 пайыз университет бітіруші түлек оқып, диплом алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл ойланатын нәрсе, біздің мектептегі ұстаздарға көп нәрсе байланысты, бала математикадан нашар болғанымен, басқа пәннен оқуы жақсы болуы мүмкін. Барлық пәннен оқуы нашар, оқымайды дегенге мен өз басым сенбеймін. Бір сыныптан 20 математик шықпаса да, кем дегенде 3-5 математик шығады. Ал осы 5 математик еңбек пәнінен, сурет салудан нашар болуы мүмкін, әдебиеттен ойын айта алмайтын интроверт болуы мүмкін. Бес саусақ бірдей емес деген осы. Әр адамның бойында тек өзіне тән, ешкімде жоқ қабілеті бар. Осыны мектепте ұстаздар аша біліп, оқушыға жол сілтеу керек. Кейбір оқушылар туғанынан дарынды, елгезек болады. Бірақ барлық оқушылар ондай емес. Ұстаздарға да көп нәрсе байланысты.

Ал баспана мәселесіне келсек, қазір елімізде әртүрлі бағдарламалар бар. Қолайлы бағдаламалар да біршама. Мен өзім бірнеше жыл  құйып, 50 пайыз төлемін жасап, қаладан несиеге пәтер алдым. Есеп жасадым. Бірақ бәрі бұлай жасай алмайды. Жұмыстарында айлығы аз болуы мүмкін, өмірде әртүрлі жағдайлар бар. Десе де, біздің көп адамдар дұрыс есеп жасай алмайды, несиені есепсіз алады. Керегі бар, керек емесі бар заттар алып жатады және шыдамсыз келеді. Барлығына бірден қол жеткізгісі келеді, тез баюды ойлайды. Көп нәрсе еңбекпен келетінін ұмытып кетіп жатамыз. Сондықтан асықпай, нақты жоспар құру керек. Адам өзіне керек нәрсені ғана алып, тапқан табысының кемінде 20 пайызын болашағы үшін капитал ретінде жинағаны дұрыс. Қандай жағдай болса да. Бізге қаржылық сауаттылық жетіспей жатыр. Сондықтан жастарға «Самый богатый человек в Вавилоне»  кітабын оқуға кеңес беремін.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

 

Бүгін, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз