Бағдат Мусинше «ноу-хау»: Wi-Fi-ға қосылып, интернетті үнемдеңіз!

31 шiлде 2023, 14:58

Білмей жүр екенбіз, бұл интернет дегенің де таусылып қалатын дүние екен. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин «күндіз-түні ғаламтордан шықпайтын» қазақстан жұртын осылай деп қорқытып қойды. Шынымен-ақ, жатса да, тұрса да айфон-смартфонға «жабысып» қалған көпшілік үшін интернеттің өшуінен қорқынышты ештеңе жоқ (былтырғы қаңтарды еске түсіріңіз).

Біле білсеңіз, «Қазақстан жұртының ғаламтордан шықпайтыны» туралы пікір дәл сол Мусинге тиесілі. Өткенде елдегі саусақпен санарлық провайдерлердің бағаны көтеруіне жол ашып бергендей болған («біздегі тариф өте арзан, бұл салаға инвестиция керек» дегені жол ашқаны емей немене?) Мусин мырза осы аптада қалың бұқараны тағы да шалқасынан түсірді. Бұл жолы ол интернетті үнемдеуге үндеу тастады. «Қазақстандықтардың 15-20 гигабайт ақпаратты тұтынып үйренгені түсінікті. Дегенмен үнемдейікші. Мобильді интернет қымбат екенін түсінейік. Үйге келген соң Wi-Fi-ға қосылу керек. Мәдениет, үнем мәдениеті болуы керек», – деп ақыл айтты министр.

Оған салса, интернет те су сияқты сарқылатын ресурс. «Өйткені базалық станция шектеулі мобильді құрылғыны ғана қосады. Егер ол мөлшерден асып кетсе, байланыс баяулайды. Ал екінші базалық станцияны орнату үшін инвестиция қажет», – деп тәптіштейді министр. Әлбетте, ол инвестиция тұтынушының, яғни сіз бен біз секілді жұмыр басты пенденің мойнына артылайын деп тұрғаны түсінікті. Қазір ақпарат құралдарында тамыз айынан бастап ұялы операторлардың бағаны көтеретіні туралы жарыса жазып жатыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі берген түсініктемеден түк те түсінсек бұйырмасын! «Біз бағаны өсіруге жол бермейміз» деп кесіп айтпайды. Бір таң қалдыратыны, тарифті көтерген сайын ұялы байланыс пен интернет сапасы нашарлай түседі. Шет аймақтарды былай қойғанда, Астана мен Алматының «бір жерінде ұстайды, бір жерінде ұстамайды». Содан шығар, осы аптада Үкімет отырысынан кейін қыршаңқы журналистер Мусиннен соңғы уақытта интернеттің жиі нашарлайтыны және неліктен ол туралы алдын ала абоненттерге ескертілмейтіні туралы сұрады.

Оған министрдің жауабы дайын: «Интернет сапасы бойынша қазіргі жағдайды алып қарасақ, заңнамалық түзетулер енгізуіміз керек шығар. Операторларды 5 минуттан артық істен шыққан жағдайда БАҚ арқылы хабарлауын міндеттейміз. Мұны бірге істейік, мен – дайынмын». Дайын болғаны сонша, Бағдат Мусин интернет операторларына жыл соңына дейін 4 млрд теңге айыппұл салуға уәде берді. Қане, осы арада «Миллион кімге бұйырады» ойнатып жіберейік: әлгі 4 млрд айыппұл кімнің қалтасына салмақ салады? Жауапты таңдаңыз: А) Мемлекеттің; Ә) Провайдердің; Б) Тұтынушының; В) Бағдат Мусиннің. Тағы да министрдің сөзіне құлақ түрейік: «Айыппұлдар өте төмен болған кезде операторлар одан қорықпайтын. 2020 жылы біз 100 млн теңгеге дейін ғана айыппұл жазып бергенбіз. Ал биыл жарты жылдың өзінде 1,5 млрд теңгенің айыппұлын жаздық. Жыл аяғына дейін 4 млрд теңгедей болады, мен уәде беремін. Бұл – олардың қалтасына айтарлықтай салмақ. Сондықтан олар ойланып, белгілі бір нақты шаралар ұсына бастады». Оның пікірінше, айыппұлды көтерген соң операторлар да тарифті өсіреді деген түсінік шындыққа сай емес.

«Айыппұлды көтеріп едік, олар сапаны көтеру керектігін түсінді», – дейді. Бірақ тұтынушы сол сапа құрғырыңды көрмей отыр ғой. Айтпақшы, Үкімет отырысына келе жатқанда министрдің өзі де Kcell-дің кесірінен байланыссыз қалыпты. «Қазақтелеком» басшысы 10-15 минуттық техникалық ақау шыққанын айтып ақталған көрінеді. Әлбетте, қарапайым тұтынушы «Қазақтелекомның» басшысына (басқа да операторлардың қожайынына) телефон соға алмайды. Сондықтан шабан интернет пен сапасыз байланыс үшін әрмен қарай төлей бермек. Ал Мусиннің Wi-Fi-ға қосылу арқылы интернетті үнемдеу туралы «ноу-хауына» келсек, мұндай үнемдеуді қазақстандықтар баяғыда меңгерген.

Гүлнар Ахметова

Jas Qazaq газеті, 28.07.2023

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген