«Бәріне ғаламтор кінәлі»

13 мамыр 2016, 11:53

Иә, Ұлықпан Жолдасовтың айтуынша, бәріне ғаламтор кінәлі екен. Қалаған әніңді кез келген уақытта тыңдауға мүмкіндік жасалған. Соның кесірінен қазіргі шығып жатқан әндер есте сақталмайды. Мүмкін солай да шығар. Бұл 33 жыл сахнада жүрген әнші, композитордың пікірі. Жуырда Ұлықпан Жолдасовтың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Алматы қаласында жеке кеші өтті. Сазгерді не толғандырады?
Қазіргі қазақ эстрадасының деңгейі қандай? Осы және өзге де сауалға жауап алмақ мақсатта композиторды әңгімеге тарттық.

1

Жас қазақ: Жуырда концертіңіз өтті. Көңіліңіз толды ма? Әлде әттеген-ай деген кезіңіз бар ма?
Ұлықпан Жолдасов: Концерт алдында билеттер қолды болып, соның орны бос қалды. Билетті қайта шығаруға Республика сарайының әкімшілігі рұқсат бермеді. Сонымен қатар сахнада жарық түсіру сынды өзекті мәселеге мән беруге уақыт жетпей қалды. Дегенмен, концерт ойдағыдай өтті.
Жас қазақ: Сіздің «Алтынай», «Тұмарым», «Сағыныш сазы» сынды әндеріңізге біраз жыл болса да, халықтың жүрегінде. Ал қазіргі «хит» деген әндердің жыл толмай ұмытылып қалуына не себеп?
Ұлықпан Жолдасов: Қазіргі әндердің ғұмыры қысқа болуына мен ғаламтор кінәлі деп санаймын. Бұрынғы кезде қалай еді. Мәселен, өзіме тоқталар болсам, 1973 жылдары жаңа бір ән шықса, іздеп жүріп, сол әнді тауып, жаттап алатынбыз. Ал қазір керісінше. Кез келген әнді интернеттен тауып аласың. Ұнаса, 1-2 рет тыңдауың мүмкін. Кейіннен ол ән ұмытыла бастайды. Мысалы, Роза Рымбаеваның «Әлия» әні әлі күнге дейін халықтың жүрегінде. Ал осы сынды әндер қазір жоқтың қасы.
Жас қазақ: Әннің жүрекке жетуіне қаншалықты мән бересіз. Қалай таңдайсыз? Қай ақындармен жұмыс жасайсыз? Оларға қояр қандай да бір талабыңыз бар ма?
Ұлықпан Жолдасов: Мен қазіргі таңда Асқар Дүйсенбі, Талант Арынғали, Ринат Зайытов сынды ақындармен жұмыс істеймін. Олармен ақылдаса отырып, қандай әнге, қай тақырыпта болуы керек, барлығын бірлесіп шешеміз. Мысалы, ән туған жер туралы болса, сол жерді айшықтайтын затқа мән береміз. Кейде тіпті ән шығарған кезде, нақты бір әншінің даусын елестетіп отырып шығарамыз. Лирикалық әннен бөлек, патриоттық әндер де жазылып жатыр.
Жас қазақ: Өткен жолы Өктем Алтаевпен сұхбаттасқанымызда «Тастанды ән» көбейіп кетті деді. Сіздің ойыңызша, бұған не себеп. Осыған байланысты әншілердің де деңгейі төмендеді ме? Әлде қазіргі тыңдарманның талабы осы ма?
Ұлықпан Жолдасов: Оған себеп – қазіргі қазақ эстрадасының әнщілері шетелдің, қырғыз ағайындардың әндерін ұрлайды. Тіпті әннің сөзін өзі жазатын әншілер де бар. Әннің мәтініне, мағынасына мән бермейді, керемет музыкамен әрлеп, халыққа жеткіземін деп ойлайды. Алайда мұндай әннің ғұмыры қысқа. Ән жазатын біраз композитор бар. Атап айтсам, Арман Дүйсенов, Арман Бексұлтан, Бауыржан Есебаев, Бауыржан Өскенбаев, Нұрлан Еспанов, Ринат Гайсин. Шын мәнінде, осы композиторлар қаптап кеткен әншілерге ән жазып үлгере алмай жатыр. Сондықтан әншілер бұл композиторларды күтпей, сырттан ән іздейді. Көбісі әдемі музыкамен, аранжировкамен, әсерлі дыбыстармен әрлеп, әнді алып шығамыз деп ойлайды. Әннің мәтініне, мағынасына терең үңілмейді. Ал мұндай туындының халық жүрегінен орын алуы екіталай.
Жас қазақ: Ұлыңыз Болаттың өнерден кеткені туралы ақпарат шықты. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
Ұлықпан Жолдасов: Иә, Болат туралы алып қашпа әңгіме тарап кетті. Балам басқа салаға кетсем деп, өз ойын айтты. Біз оның шешімін сыйлаймыз. Сол себептен бетін қайтармадық.
4

Жас қазақ: Қызыңыз Фарида мен Төреғали Төреәлі дуэт құрып, «Қыдырып қайтайық» әнін көпшілікке ұсынған болатын. Дуэт құруға ұсыныс кімнің тарапынан болды? Осы уақытқа дейін Төреғали Ерке Есмаханмен дуэт құрып, арты дауға ұласты.
Ұлықпан Жолдасов: Негізі, бұл ән бастапқыда ағылшын тілінде шығатын болған. Астанада концерт беруге дайындалып жатқанда осы көңілді ырғаққа толы әнді Фарида неге Төреғалимен айтпасқа деген ой келді. Әннің музыкасын Төреғалиға естіртіп көріп едім, ол бірден сөзін жазып келуге кетті. Қайнар Алагөзов сынды жас ақын еліміздің қалаларын әнге қосып, көңілді ырғақты ән туындады. Алдағы уақытта осы әннің ағылшынша нұсқасын Фарида мен Бердібек Құлғараевтің орындауында тыңдай аласыздар.

3
Жас қазақ: Қазіргі таңда көпшіліктің өнерге қатысты пікірі жақсы емес. Екінің бірінен сұрасаң, әншілердің деңгейі түсіп кеткен деп жатады. Сіз не айтасыз?

Ұлықпан Жолдасов: Жалпы, эстрада бізге шетелден келді. Шетелдің атақты композиторы Стив Уандерден неден қорқасыз деп сұрағанда «Әншілердің бірдей болып кетуінен қорқам» деген екен. Мені де осы мәселе толғандырады. Әншінің барлығы сондай деп айту қисынсыз. Бірақ қазір тембрі бір-біріне ұқсас әншілер көбейіп кетті. Ешқандайда жаңашылдық жоқ, бір-бірін қайталау. Осыдан барып, өнердің қандай деңгейде екенін көруге болады. Бірақ әншілік саласында өз еңбегімен еленіп, еңбек етіп жатқан әншілер де баршылық. Бірақ кейбір әншілердің иірімдері де бір. Шынтуайтына келгенде, ілгерлеушілік жоқ. Онымен қоса, тілді бұрмалап айту, тіпті көп. Осы сынды мәселелер мені толғандыратыны.
Жас қазақ: Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
Ұлықпан Жолдасов: Қазіргі таңда менде бос уақыт жоқ десе де болады. Осыдан 5-6 жыл бұрын Мейрамбек пен Тоқтар қолқалап, Анталияға барған кезім бар. Ал қазір демалыс мүлдем жоқ. Еуропа елдерінде 1-2 баламен шектеліп, қалған өмірін өздеріне арнап жатады. Ал біз қазақ ондай халық емеспіз. Балаң үшін өмір сүресің. Кейін немерең үшін де бар күшіңді жұмсайсың. Қазір күш-қуат барда неге жұмыс істеп қалмасқа?!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?