«Бұл жерде былық көп»

22 сәуiр 2016, 16:15

Елімізде ақхалаттылардың қателігінен әрбір үшінші бала мүгедекке айналуда. Соның ішінде 6,6 пайызы бала туу кезінде, 3 пайызы екпе егу кезінде орын алады екен. Бұл Аружан Саинның қайырымдылық ұйымы өткізген зерттеу нәтижесі. Мәжілістегі жиында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдаған Меруерт Қазбекова екпе егу мен мүгедек болу арасындағы байланысты анықтауды өтінді. Жиын соңынан Мәжіліс депутатына бірер сауал қойдық. 

Жас қазақ: Меруерт Айтқажықызы, Сіз медициналық статистиканың ақиқаттан алыстығын тілге тиек еттіңіз. Шынында да, солай ма?
Меруерт Қазбекова: Бұл мәселені бұрын да көтергенбіз. Шындығында, көптеген медициналық мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Құзырлы министрлік соңғы 10 жылда елімізде вакцина әсерінен баланың мүгедекке айналуына қатысты бірде-бір дерек жоқ дейді. Қоғамдық ұйымдар өз зерттеуін жүргізуде. Мысалы, Аружан Саинның қайырымдылық ұйымының мәліметінше, бала мүгедектігінің 3 пайызы осы екпе егудің салдарынан болған. Осыған орай, біз министрлікке шынайы зерттеу жүргізуді ұсындық.
Жас қазақ: Сондай-ақ бала мүгедектігінің 6,6 пайызы дәрігер қателігінен, яғни сәбиді дұрыс тудыра алмағаннан болады дедіңіз. Мұндай жағдай көп кездесе ме?
Меруерт Қазбекова: Ол мәселені бөлек сауалда көтеремін. Әзірше айтпағым, Қазақстанда екпе егу бұқаралық сипат алған. Бірақ екпенің зияны туралы білетін сауатты аналар да бар. Олар баланың қызуы болса, қандай да инфекция жұқтырса, егуге мүлдем болмайтынын біледі. Алайда алатаңнан қара кешке дейін жұмыста жүретін, дәрігерге сенетін аналар да көп. Сол себептен әр баланың екпені көтере алатынын тексеруге ерекше мән беру керек. Өкініштісі, бізде бұл жерде былық көп. Екпе егетін дәрігердің бәрі білікті емес.
Жас қазақ: Сонда Сіздер жаппай екпе егуден бас тартуды ұсынасыздар ма?
Меруерт Қазбекова: Жалпы алғанда, біз екпе егуге қарсы емеспіз. Тек министрліктен мүгедектік пен екпенің арасында қандай да бір байланыс барына зерттеу жүргізуді өтініп отырмыз. Екіншіден, әр баланы тек оның ата-анасының жазбаша рұқсатымен ғана егу керек. Ата-аналар кез келген екпенің жанама әсері болатынын білуге құқылы. Өткен шақырылымдағы депутаттық сауалымда АҚШ-та 93 баланың өлімі туралы деректі келтірдім. 2011 жылы папиллома вирусына қарсы екпе егуден кейін 21мыңнан астам бала қатты әлсіреп, 93 бала мерт болды. Павлодар облысындағы Майқайың орта мектебінің 6-сыныбында оқитын екі бала жансақтау бөліміне түспей тұрып, бізде мұндай екпеге деген қорқыныш болмаған. Балалардың екпеден кейін ауруханаға түсу оқиғалары аз емес. 2015 жылы ақпанда қызылшаға қарсы екпеден кейін теміртаулық 18 студент ауруханадан бірақ шықты. Осындай екпенің әсерінен Ақтауда, Бейнеуде 6 адамның денсаулығына қауіп төнді. Маңғыстау облысында 15 жасөспірім екпеден халі нашарлап, ауруханаға түсті. Мұндай дерек жетерлік. Айтпақшы, шенеуніктер ондайда екпені тоқтатып, тергеу жүргізеді. Сөйтіп, ауруға екпенің қатысы жоқ дегенді айтады.
Жас қазақ: Сіз бұл мәселенің қаржылық жағына үңіліп көрдіңіз бе? Бәлкім, бұл бір дөкейдің бизнесі шығар?
Меруерт Қазбекова: Меніңше, адамның денсаулығы мен пайда табу екеуі екі бөлек нәрсе. Сондықтан дәрі-дәрмек сатып алмас бұрын, оның қаншалық қажеттілігін анықтаған абзал. Содан кейін екпені егетін әр баланы тексеріп, денсаулығына қатысты көтере алмаса, егуге болмайды. Әрине, екпенің бәрі бізге тегін келмейді. Біреу сатып алатыны анық. Бірақ оның жағымсыз әсеріне, адам өміріне төндірген қаупіне кім жауапты? Мысалы, Ресейде екпені екі облыста сынақтан өткізді. Бізде ондай сынақ та жоқ.

Төлен Тілеубай,
Астана

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?