Бүкпесіз сыр

17 мамыр 2016, 14:17

ae41834308b17abe3d8a31595badf30f_resize_w_1140_h_696

Сенім. Бәрінен маңызды. Көк пен жерді байланыстыратын тылсым күш. Тіршіліктің тірегі. Сенім жоғалған жерде – мағына жоқ. Жоқты барға айналдыратын да — сенім. Бұл құдіретті күштің ғажайыбына илануың. Жаратылыстың заңдылығына бағынуың. Болмысыңнан ажырамауың. Рухтың күшін сезінуің. Өзіңді жаратқан күшке қарсы келмеуің. Өмір жолыңды айқындаған жұлдыздардың сырына сенуің.

«Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінің басты құпиясы осы – сенімде. Сенімі мықты тұлға ғана бүкпесіз сырын ақтаруға қауқарлы. Фильмнің болмысы сырға толы. Ішкі сырды сенетін адамға ғана ақтарады. Жат санамайтын. Күмәнданбайтын. Сенетін. Фильмнің ішкі табиғатын ұстап тұрған да осы сенімге толы күй. Адамзатқа ақтаруға тайсалмайтын. Қуыстанбайтын.
Тарихтың міндеті – таңдаулыларды жазу. Тарихи құбылысқа айналған. Заманның көшін бастаған. Ықпал жасаған. Таңдалған. Таңғажайып құбылыстар бар. Бұл дүниеде оның құпиясын ғылым да болжай алмаған. Осы жұмбақ құбылыстар тарихи таңқалыс тудыратын оқиғаларға айналған. Әрбір оқиғаның сырын басты кейіпкері ғана шынайы баяндап бере алады. Өзіңнен артық болмысыңды ешкім тани алмайды. Баға да кейде қате беріледі. Өмір тарихыңды өзіңнен артық ешкім зерттей алмайды. Сен жүріп өткен жолдың соқпағын сезіне алмайды. Сол үшін әр автор өз ғұмырнамасын өзі қорытындылағаны орынды. Ең бастысы – жеке тарихыңның ақиқаты бұрмаланбайды.
Фильмнің мазмұны тым астарлы. Негізгі өзегі тереңге жасырынған. Кейіпкердің жүрек түкпіріндегі сырды түсінуге сезімталдық керек. Бұл фильм қазақ киносында жеке тұлғаның өмірбаяндық дерекнамасын әрбір жасушасына дейін сезіндіре білетін шеберлікпен жасалған дүние. Философиялық мағынаға ие. Күрескерлік қасиет үлгі боларлықтай. Саясаттың сырын ашу. Табиғатын түсіндіру. Таңдау жасаудың қиын екенін көрсету. Оның артында тұрған халықтың тағдыры мен жауапкершілігін көтеру онан да қиын екенін фильм қарапайым тілмен түсіндіре білді.
Биліктің табиғаты күрделі. Әр қадамың тәуелкелдерден тұрады. Кепілдікке тек сеніміңді қоясың. Ішкі түйсігің – басты бағдарың. Жүрегіңнің қалауын тек сол ғана алдамайды. Айналаңдағы серіктестердің сенімі кейде сенімен бір болмауы мүмкін. Сол сәттерде жауапкершілік екі есеге артады. Қателесуге хақың жоқ. Әр қадамыңның артында халықтың барар бағыты айқындалады. Көшбасшы болудың жауапкершілігі қиын екенін түсінесің. Көшті жеткізетін аялдамасын айқын білетін тұлға ғана кемеңгер көшбасшы бола алады. Осы кемеңгерліктің үлгісін көрсеткен Елбасының ғұмырнамасын экрандаған режиссер Сергей Снежкиннің «Жұлдыздар тоғысқанда» атты туындысы алдыңғы фильмдерден өзгерек. Шынайылық басым. Мағынасы терең. Кемел туынды.
Фильмде символдар арқылы көп құпияның басы ашылады. Тау. Қағба. Жауын. Кездейсоқтық болмайды. Кез келген оқиғалардың әрбір сәтінің тізбегінен қорытынды бір шеңбердің мағынасы шығады. Бұл тағдыр. Өмір жолыңа таңдалған. Бейне бір жұмбағыңның шешімі. Болмысыңа тән. Оны Жаратушы мен өзің ғана жақсы білесің. Ішкі түйсікпен сезесің. Ортақ сырыңды. Оны тек уақыт ақтарады. Жадынан. Мерзімімен. Артқа қарайлай отырып түсінесің, жүріп өткен жолыңның мағынасын. Бұл фильм уақыттың жадына жазған естеліктерді ақтарады.
Символдық байланыстар мынандай мазмұнға ие. Бейнелік маңызы ерекше. Астары терең. Өміріңдегі тылсым белгілерді түсіну маңызды. Бұл соның құпиясын ашады. Таудың шыңы – алатын кемелдігің. Бұл белес көшбасшының көрегендігінің белгісін айқындайды. Көшті бастау үшін төменді жоғарыдан көре білу маңызды. Таудың белгілі бір биіктігіне көтерілген сайын оның етегіндегі жол айқын көрінеді. Осы құпияны бала Нұрсұлтанға әкелік тәлім түсіндіреді.
Иман – сенімнің жүрегі. Оның қағысын тоқтатпау маңызды. Өмірдегі сынаққа толы сәттердің күнделігі қорытындыланатын кезеңдер болады. Әр адамның өмірінде. Шалт баспайтын пенде жоқ. Белгілі бір уақытта өз арыңның айнасына қарайтын сәт туады. Тәубеңе келетін. Ой елегінен өткен күндеріңнің есебін беретін. Ішкі жан-дүниеңе қайта бір үңілетін. Оңаша қалатын. Жаратушыңа тура жол табатын. Сырласатын. Сәті түссе, Қағбада. Қасиетті орында қауышатын. Сезінетін. Бұл сәт Елбасы үшін сирек құбылысқа толы. Табиғатпен тілдесу. Жаратушының жауабы. Жауын. Бұл ерекше көктен түскен белгі болатын. Алланың нұры жауған күн.
Фильмнің тұтас мінездемесінен ұлттың болмысын танудың мүмкіндігі бар. Біздің парасаттылығымыз, даналығымыз, байсалдылығымыз, кеңдігіміз, келешегімізге деген сенімділігіміз Елбасының бейнесімен берілген. Бір-ақ ауыз сөзбен түйіндей салатын нақыл сөздеріміздің күшінен-ақ халықтың даналығын айқындауға болады. Біртұтастылық пен бейбітшілікті таңдауымыз – ұстанымымызды аңғартады. Адамзатты жақсылыққа үндейтін. Мәмілеге келетін. Ушықтырмайтын. Даналықпен жол табатын. Бұл бізге тән қасиет. Фильмнен осының қадірін түсінуге болады.
Қоғам әртүрлі дүниетанымдағы жеке тұлғалардан тұрады. Деңгейлер әртүрлі. Пейілдер әр қилы. Мүдде ортақ болмаса, біртұтастылық жойылады. Құлату оңай, тұрғызу қиын. Айырма осында. Осыны фильмдегі оқиға жақсы түсіндіріп берді.
Баласының қадірін құрсағына салып, тоғыз ай көтерген анасы артық түсінеді. Мемлекеттің тағдыры да солай. Мемлекеттің мүддесін қорғаудың сыры да осыған ұқсас. Фильмдегі бүкпесіз сырдың астары осының құпиясын ұғындырады. Жұлдыздардың бекер тоғыспайтынын. Кез келген көшбасшының бекер таңдалмайтынын. Кездейсоқтық болмайтынын. Тыныштық бар жерде береке қашпайтынын. Барды сақтаудың да маңызды екенін. Елбасының ғұмырнамасы осы құндылықты түйсінуге үндейді.

Гүлзат КӨБЕК
Кинотанушы,
«Тұран» университетінің профессоры

Бүгін, 17:55
Түркістанда Ғазиз Байтасовқа арналған сынып пен кинозал ашылды
Бүгін, 17:35
Түркістан облысында 500 мыңға тарта оқушыға жол қауіпсіздігі бойынша сабақ өткізілді
30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде