Бүгінгі күннің «атаманы» кім?

22 ақпан 2017, 14:25

Жұмабек (кейіпкердің есімі өзгертілді) бүгін де ашқұрсақ қалды. Мектеп бетін көрмегеніне қанша уақыт өткенін білмейді. Сыныптастарының сөмке арқалап көше бойлап бара жатқанын көрсе, бойын өкініш өртейді. Қатарластары сияқты мектепке бара алмағанына өкінеді. Барар еді-ау, үстінде түзу бірде-бір киімі жоқ. Кітабы, дәптері, қаламы қайдан болсын? Ал оны алып беретін әке-шешесінің түрі анау. Маскүнем әкесі үйге бірде келсе, бірде келмейді. Оның келгенінен келмегені жақсы. Үйге үсті-басы сасып, беттері домбығып келеді. Шешесі шырылдайды.

— Мына балаларың аштан бұратылып жүр. Қайыр сұрауға ұялады. Үстінде іліп алар киім жоқ. Ал сенің ауызын арақтан босамайды. Әке деген аттан садақа кет, –  дейді күйінген шешесі.  Әкесі кейде әйелінің сөзін сұлқ тыңдайды. Кейде сөз көтере алмайды. Мұндайда шарт ашуланып, әйеліне қол жұмсайды. Бұл күй үйде береке болмайды. Жұмабек екі бауырымен түпкі бөлмеге кіріп, жатып қалады. Әлден соң шешесінің өксіп жылағанын естиді. «Осыдан үлкен болсам, сені өлтіремін!» дейді іштей Жұмабек әкесіне кіжініп.
Ол бірде інілері «тамақ-тамақ» деп қыңқылдай берген соң көшеге шықты. Ойы тамақ тауып әкеліп, інілерін қуанту. Бірақ сол күні қолына ештеңе ілікпеді. Ал ертесіне ол бір үйдің асханасына ұрлыққа түсті. Бір дорба азық-түлікті тығып қойып, інілерімен оңаша жеп жүрді. Дорба орталана бере Жұмабек қайта жолға шықты. Бөтен біреудің үйіне ұрлана кіргенде жүрегі атқақтайтын еді, бірте-бірте ұрлыққа бойы үйрене бастады. Алайда асханасын ашық тастайтын аңқаулар табыла бермейді.
Осындай сүреңсіз күндердің бірінде ол бір топ көше балаларына жолықты. Әуелі олар бұдан қалтасындағы барын тартып алмақ болды. Қалтасы тесік Жұмабекті бұзақылар жәбірлеп, соңынан жұдырықтап та алды. Ол үйіне жылап қайтты.
Арада екі-үш күн өткенде көше балалары оны ұстап алды.
— Түгі жоқ бейшара, көше кезіп неге жүр?- деп қағытты біреуі.
— Немене, қаңғыбаспысың?- деп сұрады екіншісі.
Жұмабек шынын айтуға мәжбүр болды.

«Атаман» ойланып қалды.
— Егер біздің командаға қосылсаң, жағдайын жақсы болады. Үстіндегі мына құрымнан құтыласың. Тамағың да тоқ болады,- деді «атаман».
Сол күннен бастап Жұмабек көше балаларына қосылды. «Атаман» егер біреу ұстап алса, команда туралы тіс жармау туралы бұған қатаң ескертті.
Жұмабектің жолы болды. Көп кешікпей ол теміржол вокзалы жанында жаңа достарымен темекінің түтінін будақтатып отырды. Аңқаулардың қалтасын үптеп кетуді, қараусыз қалған сөмкені жымқыруды бірте-бірте меңгере бастады. Есесіне, қалтасына ұсақ тиын-тебен түсетін болды. «Жарқын» өмірге еті үйренген ол үй бетін көруді қойды. Вокзалда, жертөледі, жылу құбырының үстінде түнеп шығу үйреншікті әдетіне айналды. Арагідік үйіне соғып аш-арық, азып-тозып отырған інілеріне азық-түлік тастап кетіп жүрді. Мұндайға олар шырылдап қалады.
— Кетпеші, аға! Сіз жоқта бізді папам мен мамам ұрады, – дейді шырылдап.
Жүрегі жұлым-жұлым болып, Жұмабек көшеге жұлқынып шығады. Қайғысын ұмыту үшін әуелі бензин құйылған құтыны иіскеп жүрді. Келе-келе сырадан ауыз тиді.
— Міне, енді жігіт болдың!- деп «атаман» оның арқасынан қақты.
Жігіттің жолы жүрсе, оңғарылады екен. Бірде олар ұрлық үстінде ұсталып қалды. Полицейлер тергеп-тексергенде қасындағы балалардың бірқатары ауқатты отбасынан шыққаны анықталды. Оларды әке-шешесі келіп, түрлі жолмен үйіне алып кетті.
Жұмабекті Шымкенттегі қиын балаларды оқшаулау және бейімдеу орталығына апарып өткізді. Ол бұл жерде де тыныш жата алмады. Содан кейін Кентау қаласындағы арнайы мектепке жіберді.  Мұнда оны соңынан ешкім іздеп келмеді. Келе алмайтын да еді. Екі інісін ойлағанда Жұмабектің іш-бауыры езілді.
— Сені ешқашан қиындықта қалдырмаймыз,- деген достары сатып кетті.
Ол тағы да жалғыз қалды.
Жасырып-жабулайтын ешнәрсесі жоқ, бүгінде бауыр еті – балаларының тағдырына немқұрайды қарайтын отбасылар көбейіп барады. Бұған көз жеткізу аса қиын да емес. Мәселен, Шымкент шаһарындағы оқшаулау және бейімдеу орталығына бара қалсаңыз, ата-ананың уысынан шығып кеткен небір баланы көріп, жүрегіңіз жаншылады. Ата-ана қарауынсыз көше кезген, қоғамдық орындарда тәртіп бұзған, үй бетін көрмей қайыршылықпен айналысқан балаларды полиция қызметкерлері әр жерден ұстап әкеліп, тиісті хаттама толтырып, осында әкеледі. Егер-әки ата-анасы табылып жатса, оларға айыппұл салады. Әке-шешесіне айтарын айтып, баласын жетелетіп жібереді. Тіпті тәрбиеге көнбей бара жатса, Кентау қаласында арнайы оқшаулау мекемесі бар. Сонда аттандырады.
Кентау кентіндегі көрініс күрделі. Мұнда әрқилы бала түседі. Түріне қарасаң, момын-момақан көрінгенімен, бесіктен белі шықпай жатып, небір пәлені көрген, өзі де қатысқан. Сұмдық та болса бір сыр айтайық. Осыдан бірер жыл бұрын осы мектеп-мекемеге 13-ке енді толған жасөспірім қыз түсті. Беті әбден ашылған осы қаршадай қыз қырғын салған. Келген күннен орталықты улаған-шулаған етіпті.
— Бұл қаршадай неме мектеп көрмеген. Әкесі жоқ. Шешесі – маскүнем. «Шеше көрген» қаршадай қыз кез келген еріккен еркектің ермегіне айналған. Осы өмірі өзіне қызық. Оны Кентаудағы арнайы мектепке жібердік,- дейді Шымкенттегі қиын балаларды оқшаулау және бейімдеу орталығының директоры Бимен Жұмаханов.
Тұлдыр тағдыр-ай десеңші, бұл қыз бала отбасында дұрыс тәрбие көрсе, әке-шешесінің жылы алақанын сезінс,  еркелеп өсетін жаста емес пе? Оны ересектердің қатыгездігі осындай халге жеткізген. «Обал болды-ау, он екіде бір гүлі ашылмаған балауса қыз ғой» демеген ересектерге не дерсіз? Шешесі «шалқып» жүргенде шарасыз қызды оспадарсыздар ойынына салып жіберген үлкендерге үрейлене қарау керек шығар-ау. Әрине, құрғақ уағыз, жалаң ақыл айтумен қыз тағдыры орынына келмейді.
Тәртіп бұзған жасөспірімдердің тағдырына талдау жасап көрдік. Жағдай көңіл көншітпейді.
Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД әкімшілік полициясының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Ғалым Жетібаев «Жасөспірімдерді жұмысқа тарту оның ата-анасының келісімімен екі сағаттан төрт сағатқа дейін жүргізілуі керек. Алайда бұл заңдылық сақтала бермейді. Білім қызметкерлерімен бірігіп рейд жасап тұрамыз. Былтыр жазда Мақтарал ауданына барғанымызда аптап ыстық астында мақталықта жұмыс істеп жатқан балаларды көріп хаттама толтырдық. Ал әке-шешесі не дейді? Тыңдап көріңіз. «Баламызды өз шаруамызға неге жұмсай алмаймыз? Еңбекке тәрбиеле дейсіздер. Бұл еңбек емей, немене? Сондықтан біздің құқыққа қол сұқпаңыздар»,- дейді ата-аналар. Балалардың бірі өзінің, екіншісі туысының, үшіншісі танысының егіс даласында жұмыс істеп жүр. Ата-аналарының рұқсатымен. Базарда қысы-жазы арба сүйреп, біреудің жүгін тасып жүрген белі қатпаған балаларды жиі көреміз. Сіз де көріп жүрген шығарсыз. Автобустарда қайыр сұрап отыратын балалар ара-тұра болса да кездеседі. Біздің міндет – қылмыстың алдын алу, болдырмау және әкімшілік жазаға тарту. Ал балаларын жүгенсіз жіберген ата-аналарға айыппұл салатын еңбек инспекциясы»,- дейді.
— Статистикалық мәліметтерде жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылық өсіп барады. Мұның сыры неде? Жалпы, Мешін жылының қорытындысы қандай?- дейміз біз.
— Былтыр түнгі ойынханаларда отырған балалар жүзге жуықтады. Түнгі клубтарда жүретін балалар да азаймай отыр. Былтыр балаларын бақылаусыз қалдырған 700-ге жуық ата-анаға әкімшілік шара қолданылды. Жұмысты сылтау етіп, бала-шаға тәрбиесін жиып қоятындар бар. Оларға ҚР Әкімшілік кодекстің 127-бабымен шара қолданамыз. Үш жастан он сегіз жасқа дейінгі бала, бозбала түнгі он бірден таңғы сағат алтыға дейін сыртқа шықпай, әке-шеше қамқорлығында болуы керек. Мұны үлкендер жақсы біледі. Сөйте тұра, балаларын қараусыз, бетімен жіберетіндер көбейіп келеді. Соның салдарынан бала ұрлау, зорлап жыныстық қатынас жасау, ұрлыққа қатысу фактісі көбейіп жатады. Мектеп қабырғасындағылар атамандыққа, лидерлікке таласып, бір-біріне қару кезенеді. Ал қаруды заңсыз сақтау биылдан бастап қылмыстық іс болып саналады. Демек, ендігі жерде балаларына қару ұстатқан немесе қараусыз жіберген ата-аналар да жауапсыз қалмайды, –  дейді полиция подполковнигі Ғалым Жетібаев.
Бала – бауыр етің. Оны бұзық болдың екен деп елден шығарып жібере алмайсыз. Ақылды тентектер болады. Дұрыс тәрбие бере алсаңыз, олардың қатарынан еңбегі елеулі азаматтар өсіп шығады. Дей тұрғанмен де бала жас шыбық сияқты. Оны жастайынан имесеңіз, буыны қатайғанда түзей алмайсыз. Айталық, 2015-2016 оқу жылының басында өзін «атаман» жариялаған 200-ден астам оқушы анықталған. Бұлардың сабақ үлгерімі төмен болып шыққан. Әке-шешесімен сөйлескенде олар балаларының мектептегі түгілі үйде нендей шаруамен айналысатынын білмеген. Бірқатар баланың әкесі жоқ, жетім екен. Әрине, мұндай балалар іштей булығып өседі. Өзгелермен өзін тең ұстағысы келеді. Өжеттері сөйтіп «бірінші» болуға ұмтылады. Бай-бағландардың балалары оларды біріншілікке маңайлатқысы келмейді. Жоғары сынып оқушылары махаббат үшін де бір-бірімен төбелесіп қалады. Осы ретте тәртіп сақшылары мен ұлағатты ұстаздар бірлесіп қимылдауы тиіс. Өйткені, жасөспірімдердің жан дүниесі өте нәзік. Оларды түзеймін деп отырып, теріс жолға салып жіберуіміз мүмкін. Ендеше, бала тәрбиесінде де тектілік керек.
Ешкім ұлым құл болсын деп тәрбиелемейді. Олар құл болмас үшін саналы тәрбие, сапалы білім берген жөн. Ал бала тағдырына немқұрайды қарайтын отбасыларға ерекше заң керек тәрізді. Өйткені, дамыған отыз елдің қатарына қосылуға ұмтылған мемлекетті желіккен бозөкпелер емес, елінің пайдасына қайрат көрсететін, өмірлік мұратын айқындаған жастар көтереді. Ендеше, жас өскіндерді қазірден тәрбиелейік, жолға салайық. Ертең бармақ тістеп, өкініп қалмайық.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Шымкент

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды