Ажырасудың себебі — ақша

31 мамыр 2019, 16:08

Бір күні әкелі-балалы екеу егін басынан қайтып келе жатады. Жолда олар сынып жатқан ескі тағаны көреді. Әкесі: «Балам, ана тағаны алып ал», – дейді. Баласы: «Ескі таға неге жарайды», – деп, жерге еңкеюден ерінеді. Тағаны әкесі алады. Олар жолда теміршінің ұстаханасына соғады. Әкесі тағаны үш тиынға сатады. Үйіне келе жатып шие сатып отырған саудагерге кездеседі. Әкесі шие сатып алады. Оны орамалына түйіп, бір-бірден жей бастайды. Арасында бір тал шиені жерге тастайды. Артында келе жатқан бала шиені жерден алып жейді. Әкесі қайталайды. Бала он шақты рет еңкейіп, жерден шиені алып жейді. Үйге жақындағанда әкесі тоқтап: «Балам, көрдің бе, мана тағаны алуға, жерге бір-ақ рет еңкеюге ерініп едің. Енді он шақты рет еңкейіп, жерден мен тастаған шиені теріп алдың. «Еңбектің наны тәтті» деген осы. Аз жұмысқа ерініп, көп жұмысқа тап болдың. Бұдан былай есіңде болсын, жалқау болма, еңбегіңмен нан тап, сонда тапқаның адал болады», – дейді.

Қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» деп аталатын әңгімесінің желісі осындай болатын. Әңгімеде Ыбырай Алтынсарин әке мен бала арасындағы шағын оқиға арқылы еңбек адамы мен жалқаулық туралы сөз етеді.
Мұны неге айтып отырмыз? Қазір еңбек етпей, тіршілік қылмай, тегін ақша тапқысы келетіндер көп. Мәселен, көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен, жалғызілікті әйелдерге берілетін 21 мың теңге үшін ажырасу дерегі жиілеп кеткен. Нақтырақ айтсақ, Шымкентте ажырасуға өтініш беретін отбасылардан аптасына 10-15 арыз түседі екен. Бұл туралы otyrar.kz хабарлады. Әлгі ақпаратта Шымкенттегі соттардың ажырасу туралы өтініштің астында қалғаны айтылған. Көпбалалы, айрандай ұйыған отбасылардың шаңырағының шайқалуына осы атаулы әлеуметтік көмек себеп болып отыр.
Әйелдер ғана емес, ер-азаматтар да мемлекеттен көмек алу үшін балаларынан бас тартып жатқан көрінеді. Бұл туралы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының судьясы Кайрат Ізбасаров былай депті: «Ажырасуға өтініш беру көбейіп кетті. Әкеліктен бас тарту да аз емес. Аптасына 10-15 арыз түседі. Біз оларға барынша түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Олардың басты мақсаты – мемлекет тарапынан беріліп жатқан атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу. Әкеліктен бас тарту – қайта қалпына келтіруге болмайтын процесс. Соны түсіндіргеннен кейін ғана көбі арызын қайтып алады».
Қалай болғанда да, мемлекеттен берілетін азын-аулақ тиын-тебенді көздегендер неден болса да тайынбайтын түрі бар. Қазақ «Жалқауға жан жуымайды» дейді. Он екі мүшесі сау адамның талпынып, тырбанып ақша таппауы, «ал балық, аузыма сал балық» деп мемлекетке аузын ашып жатуы, шынында, ойландыратын-ақ мәселе. Жөргек ақшамен немесе әйелге берілетін жәрдемақшамен жан бағып отырған ата-аналар ертең баласына қандай ақыл айтар екен? «Бізге ұқсап, көп бала табыңдар. Мемлекет бағады. Жұмыс істемейсіңдер, тып-тыныш жатасыңдар», – дей ме? Әлде «Еңбек етіңдер, біреуге алақан жаймаңдар», – дей ме? Мемлекет асыраған, маңдайы терлеп, алақаны ойылып еңбек етпеген ата-ана ұл-қызына «Бізге ұқсаңдар!» демейтіні анық енді.
Үкімет өлтірмейді дейтін заман әлдеқашан өткен. Қазір білімге, екі білекке сүйеніп жұмыс істейтін, адал ақша табатын уақыт. Ал Шымкенттегі ата-аналардың ісі қажеттіліктен туған дүние ме, әлде ақша үшін ойдан қиюластырылған амал ма? Біздіңше, мұның бәрі қажеттіліктен туған қарекетке жатпаса керек-ті.

Жарас ШӨКЕ

Бүгін, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды