Кешкілік үйге қайтып келе жатып, көлік тосқан ер адамды жолай ала кеттім. Іші толып қалған ба, бірден әңгіме бастап кетті. «Маршрут жүргіземін, жұмыстан осындай уақытта, түнгі 11-де шығамыз да, таңғы 5-те автопарктің алдында тұруымыз керек. Айлық аздау, Астанада таныстарымыз дәл біз істеген жұмысы үшін 600 мың теңге алады, біздікі олардан екі есе төмен. Басқа жұмыстың реті жоқ, ұйқың да қанбайды, шаршағаның басылмайды», – деді әлгі кісі. Таныстарымыздың арасында да қоғамдық көлік жүргізушілер бар. Жасыратыны жоқ, көпшілігінің ұйқысы шала болғандықтан да күндізгі жұмыста алақұйын көңіл-күйде жүреді.
Жүргізуші демекші, осы аптада Алматыда екі автобус тапа-тал түсте соқтығысып, аяқ астынан бір адамның өмірі қиылды. Бейнебақылауға түсіп қалған жазбаны қарасаңыз, адами фактор. Абылай хан даңғылымен өрлеп келе жатқан № 98 маршрут Төле би көшесінің қиылысына дейін ұмсынып шығады. Құйын-перен жылдамдықты да байқамайсыз, ал сол сәтте Төле би көшесінің бойымен келе жатқан №201 маршрут жүргізушісі түйреп кеп жібереді. Темір көліктің бар салмағы қойсын ба, бағытынан маңған автобус қиылыста тұрған адамдарды қаға-маға тоқтайды. Көлік астында қалған адам сол арада жантәсілім етті. Тағы бірнеше жолаушы жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді. Алматы полиция департаментінің мәліметінше, №98 автобустың 35 жастағы жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетіп, көшенің қиылысында басқа автобуспен соқтығысқан. Қазір оның зайыбы «бейнебақылауға қарасаңдаршы, кінәлі жалғыз бұл емес қой» деп шырылдап жүр. Көлік оқиғасына мынау айыпты деп бұйда байлау біздің құзіретіміздегі шаруа емес, тергеу орындары анықтайды деп сенеміз.
Байқасаңыз, Алматыда қоғамдық көліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы жиі болады. Қаланың бірнеше ірі көшесі мен даңғылына автобусқа арнайы жолақ сызып, ерекше мәртебе беру де жүргізушілердің желігіне қанат бітірді ме, ажалға асыққандай құтырып айдайтындар көп. Кептеліс кезінде оңға-солға бұрыла салатыны тағы бар. Диспетчерлер, автопарк мамандары қоғамдық көліктердің уақыт кестесін бақылап, жүріп-тұрғанын бақылап отырады. Қазір техниканың шарықтап, технологияның көк тіреп тұрған шағы. Ендеше неге автопарк басшылығы орталықтан бейнебақылау арқылы қоғамдық көліктерді жүргізетін адамдардың әрекетін қарап, бақылауға алмайды? Бағдаршамның қызыл түсіне өтуге асыққан желөкпе жүргізушісін неге тежеп отырмайды?
Тағы бір өзекті мәселе, автобус жүргізушілеріне деген сұраныс жоғары да, жұмыс істеушілер аз. Содан кейін де автопарк басшылығы таңдау былай тұрсын, «емге іздеп әзер тапқан» жүргізушінің құжатын рәсімдеп, жұмысқа қабылдауға құмбыл. Бұдан кейін қалай бәсекелестік, жұмыс сапасы туралы сөз қозғайсыз. Қоғамдық көлік жүргізуге қызығушылықтың төмендігін көбіне жұмыс кестесінің қолайсыздығымен байланыстырады. Расында да, күнделікті таңғы төрттен оянып, ел ұйқыда жатқанда жұмысты бастап, ел қалғудың қамында болған шақта түн аудырып үйге қайтатын жұмысқа, әсіресе, жастар шыдай бермейді.
Өткенде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев аялдамада жарты сағат автобус күткенін айтып, осы салаға жауаптыларды біраз жүндеп алды. Кеше Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесуде автобус аялдамаларына табло орнатамыз деп уәде берді. Мұның бәрі, әрине, дұрыс. Әйтсе де, ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне көбірек көңіл бөлінсе дейміз. Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынады?
Қоғамдық көлік жүргізіп, бір емес, бірнеше адамның өміріне жауапты болатын мамандарды тәрбиелеудің тетігін қарастыратын уақыт әлдеқашан жеткен секілді. Себебі жүргізушінің санасына адам өмірінен асқан қымбат байлық та, қазына да жоқтығын мықтап сіңірмейінше, мұндай қайғылы оқиғалар бұған дейін де болған, бетін аулақ қылсын, алдағы уақытта да қайталанбасына ешкім кепіл бола алмайды.
Қуан Рахмет