Азғындық

05 маусым 2020, 14:54

Былтыр жұмыс бабымен Жамбыл облысының Талас ауданы жағына барғанбыз. Құм жиегіндегі бір ауылға түстік. Журналистік жұмыспен жүрген соң, бізді ауылдың атқамінерлері күтіп алды. Келген-кеткен жолаушының әңгімесі телефонсыз таралып, уатсапсыз жайылатын аядай ауыл.

– Сіздер келе жатыр деп естіп. Күтіп алуға шықтық, – деп ел ағасы жасына келсе де, бастығының алдында басын шұлғи беретін атқосшысы елпек қағады. Шаруамызды қысқа қайырып, ешқайда бұрылмай, құм арасындағы бірнеше ғасыр бойы сақталған ескі мұнараға тура тартатын болдық. Екі машинадамыз. Мен әкімнің көлігіне ауысып алғанмын. Екінші көліктің жүргізушісі – әлгі елпек кісі. Әкім: «Бетсіздердің үйінен бұрыламыз» деді біздің көліктің тізгіншісіне. Бетсіздердің үйі дегені несі? Көмейіме сұрақ тығылып қалды.

– Жол қысқартыңыз! – дедім, алдыңғы орында отырған әкімге.

– Алыстан келе жатырсыздар. Сіз сұраңыз. Біз айтайық, – деп ол да әдептілік танытты.

– Онда айтыңызшы, «бетсіздердің үйі» деген сөзіңіз тамағыма тас жұтқандай кептеліп тұрғаны?
Ол үндемей қалды. Сосын, тамағын жұтынып, бір жақ жамбасымен маған қарай қисайды да, сұқ саусағымен оңаша салынған қоржынбас қос үйді нұсқады.

– Әне, анау үй. Бұл өзі ұзақ әңгіме. Айтайын. Аталас туыс, жастары да шамалас екі жігіт бар еді ауылымызда. Біреуі ауылдың сиырын бағады. Екіншісі – қойшы. Сиыршының әйелі – дәрігер, қойшының келіншегі – мұғалім. Ауыл шетінен, осы оңаша жерден үй салды. Өзіміз көмектесіп, шатырын жауып бергенбіз. Былтыр сол екі жігіт дүйім ауылға қарабет болды.

– Қалай?

– Қалай болушы еді? Айтуға ауыз бармайды. Оңаша отырған соң, екі отбасы бір-бірімен жақын араласпай ма. Сол жақындықтың соңы әйелдерін ауыстырумен аяқталды.

– Ауыстырғаны қалай? – дедім, әңгіменің төркінін толық түсінбей.

– Тура мағынасында түсініңіз. Сиыршы жігіт мұғалімді алды. Қойшымыз дәрігер келіншекті айналдырып үйіне кіргізіп алды. Әйелдерін ауыстырып алды дегенім сол. Содан бері бүкіл ауыл бұларды бетсіздер дейді, үйлерін бетсіздердің үйі деп атап кетті.
Аузым жұмылып, жол бойы үнсіз отырдым…

Біз кейде қаладан гөрі ауылда қазақылық басым, ар-ұят, адамдық құндылық сақталған дейміз. Алайда ауылда да азған, ар-ұяттан безгендер көп екен. Біздің әңгімемен өзегі бірдей оқиға осы аптада Батыс Қазақстан облысында болды. Оралда тұратын Мырзағали деген жігіттің әйелі Гүлнұр айдың-күннің аманында бала-шағасын тастап, Жанғалы ауданына көңілдесімен бірге қашып кетіпті. Қашқанда тұрған не бар? Махаббаттың күші дейтін шығарсыздар. Әй, қайдам? Гүлнұр үйінен шыққан күні күйеуінің уатсабына «Мені Ақжайық ауданына біреулер алып қашып кетті» деп хат жазған. Іле-шала «Ешкім алып қашқан жоқ. Бәрі дұрыс» деп хабарлама жібереді. Қысқасы, өз еркімен төрт баласын тастап, бөтен жігіттің, бір көрген көңілдесінің етегінен ұстаған ғой. Қазір «қашқын» әйел де, «ұры» күйеу де табылыпты. Бірақ мұндай жағдайға байланысты не әкімшілік, не қылмыстық жауапқа тарту заңда қарастырылмағандықтан, полиция оларды үйлеріне жіберген. Біздің адамгершілік қасиеттің азайып, кісілік құндылықтың арзандауы деп отырғанымыз осы.

Мұндай жағдай Түркістан облысында да тіркелді. Сайрам аудандық полицияға «Бұзақылар үйімді тонап, 2 миллион теңгемді алып кетті» деп, бір әйелден қоңырау түскен. Содан жергілікті сақшылар жедел іске кіріседі. Іздестіру, тергеп-тексерудің нәтижесінде, күдіктіні алыстан емес, жақыннан табады. Оқиға былай болған ғой. Келіншек жүрегі қалаған бір жігітпен оңаша кездесіп, көңіл қосып жүріпті. Әлгі жігіт сүйіктісінің ақшалы әйел екенін білсе керек-ті. Әйел оны әр жолы құр қол қайтармайтын көрінеді. Тұрақты түрде ақша беріп тұрған. Дәндеген «қонақ» тек жатсын ба, ақша сұрауды жиілете берген. Сөйтіп жүріп әлгі әйел күйеуі екеуі жиған 2 миллион теңгенің басына су құйыпты.

Тығырықтан шығатын жол қайсы? Көңілдестердің тапқан амалы – тонау операциясы. Біреудің ақшасы мен әйеліне құныққан масыл жігіт «сүйіктісін» арқанмен байлап-матап, тана көзінен жуан жұдырығымен бір ұрыпты да, үйден шығып кетіпті. Оқиға осымен тәмәм!

Жарас КЕМЕЛЖАН

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?