Елімізде жастардың дамуына, сапалы білім алуына, тіпті жеке кәсібін ашып, бизнесін жүргізуге арналған мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Қазіргі жастарға мүмкіндік мол. Әсіресе, әр өңірден ашылған Жастар ресурстық орталықтары – кіші буынның басын біріктіріп, қанаттандыратын, ілкімді жобаларды жүзеге асыратын орталыққа айналды. Біз бүгін жастардың ордасына айналған Түркістан облысы, Отырар ауданы «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Азамат Әлімбайұлы Досановпен сұхбаттасып, орталық өткізген игі іс-шаралардың мақсаты мен пайдасы туралы білдік.
— Азамат Әлімбайұлы, әр өңірде «Жастар ресурстық орталығы» ашылып, бүгінде жас буынға барлық жағынан қолдау көрсетілуде. Жастармен жұмыс істейтін маман ретінде айтыңызшы, қазір олардың белсенділігі қандай? Орталықтың мақсаты мен міндеті туралы біле ме? Аудан жастарының қоғамды дамытуға деген белсенділігі қандай?
— Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Бұл оймен дауласудың өзі артық. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастар секторы. Жастар секторына бүгінгі таңда елімізде айрықша назар аударылады. Бұған дәлел – әр өңірден, тіпті аудан орталықтары мен ауылдық округтерден жастарға арналған орталықтың ашылуы. Отырар ауданының жастары қоғамда өте белсенді деп зор сеніммен айта аламын. Себебі қазіргі жастар жауапкершілікті сезінеді. Еңбектің, тәжірибенің де оңай келмейтінін түйсінеді. Жастар орталығының басты мақсаты — аудан жастарына жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жіті түсіндіру. Олардың сапалы білім алып, білікті маман атанып, өз елінің патриоты болуына бағыт көрсету. Сондықтан да жастардың дамуына бағытталған іс-шараларды жиі ұйымдастырып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге барынша тырысып жатырмыз.
— Жастардың дамуына бағытталған іс-шаралар деп айтып қалдыңыз, бұл орайда нақты қандай іс-шаралар ұйымдастырылды? Қай бағытта өткенін тарқатып айтсаңыз?
— Иә, таяуда ұйымдастырылған шараларға тоқталып өтейін. Жақында ғана шілде айының алғашқы жексенбісінде ұлттық домбыра күнін атап өттік. Осы мерекелік күнге орай Отырар аудандық мәдениет сарайының жас өнерпаздары ұлттық шекті аспаптарда қазақтың күмбірлеген күйлерін орындап, көпшілікті керемет көңіл-күйге бөледі. Одан бөлек, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен аудан орталығы Шәуілдір ауылында ауылдың белсенді жастары бас қосып, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында «Jastar Party» шарасын өткізді. Осы шара аясында өнерлі жастар заманауи музыка аспаптарында ойнап, жиналған қауымды керемет көңіл-күйге бөледі. Сонымен қатар аудан жастарына салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттың барлық түрлерінен ауданаралық жарыстар жиі ұйымдастырылады. Бұл жарыстарға ауданымызға қарасты ауылдық округтердің белсенді жастары қалмай қатысады.
— «Жастар ресурстық орталығының» міндеті — мемлекеттің жастарға арналған бағдарламаларын таныстыру. Осы ретте аудан жастарына арналған арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды ма?
— Бұл сауалыңыз өте орынды. Біз жастарға бағытталған бағдарламаларды насихаттап, ақпараттандандыру жағын қолға алғанбыз. Жақында ғана біздің орталық «Елімізде жастарға баспаналы болудың қандай жолдары бар?» деген сауалға жауап іздеді. Бұл бағытта тұрғын үй құрылысын дамытудың бірыңғай моделі әзірленуде. Оның негізгі қағидаты — жастардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру.
Сондай-ақ 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында елімізде әр түрлі санаттағы кәсіпкелерді қолдау бағдарламалары қарқынды жүріп жатыр. Оның ішінде жастарға арналған кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары қандай? Осы сауалдарға жауап беріп, әр округ жастарымен кездесіп, ақпараттық түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілді. «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары Отырар ауданы Балтакөл ауылдық округі тұрғындары мен жастары арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның мақсатыһ «Жасыл ел», «Серпін-2050», «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс» , «Алғашқы жұмыс орны», «2,5 пайыздық жеңілдетілген несие», «Дипломмен ауылға», «Болашақ» және «Ұлттық жоба», «Әлеуметтік және қоғамдық жұмыс», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Бизнес бастау», «Zhasprojekt» мемлекеттік бағдарламаларын кеңінен насихаттап, жастарды кәсіпкерлікке тарту бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бүктемелер таратылды
Сонымен қатар, орталық мамандарының ұйымдастыруымен жастар арасында «Көңіл-күй күйзелістерінің алдын-алу бойынша музыкаалық терапия» шарасы өткізілді. Шара барысында жастарға көңіл-күй күйзелістерінің алдын-алу үшін арнайы психологиялық семинар тренинг ұйымдастырылды. Тренинг кезінде жастар музыка ырғағына сәйкес қимыл жасап, ерекше әсерге бөленді.
Аудан жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, дене тәрбиесімен тұрақты шұғылдану және достық қарым қатынасты нығайту мақсатында «дүйсенбілік волейбол» шарасы ұйымдастырылды. Осындай игілікті шара алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасын табады деп ойлаймыз. Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков «Жастарды жұмыспен қамтамасыз ету», «Жастарды жұмыспен қамту бойынша мобильді топтардың шығуын ұйымдастыру», «Жасыл ел» жобалары бойынша жастармен еркін форматта кездесу өткізді.
Маңызды кездесуде Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов, Түркістан облысы «Жасыл ел» штабы басшысының орынбасары Венера Худайназарова, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Жұмыспен қамту және еңбек рыногын талдау» бөлімінің басшысы Динара Бегалықызы, Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев баяндама жасады. Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен кездесуге 17 аудан, қала «Жастар ресурстық орталықтары» КММ-нің басшылары, белсенді жастар қатысып, тақырып аясында ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жастар саясатындағы негізгі бағыттар бойынша: жастарды жұмыспен қамту, жас кәсіпкерлерді қолдау, ауқымды жобалар мен гранттардың санан арттыру, шағын және орта бизнеске айрықша көңіл бөлу, «Жастар ресурстық орталықтары» КММ-нің жұмыс жүйесі мәселелері талқыланған жиында Парламент Мәжілісінің депутаты барлық ұсыныс-пікірлердің назарға алып, алдағы уақытта жұмыс жүргізетіндігін мәлімдеді.
Сондай-ақ «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандарының ұйымдастыруымен «Неке және отбасы» тақырыбында жас отбасылар арасында рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында дөңгелек үстел өтті. Шара барысында отбасындағы ана мен әкенің маңызы және бала бойына рухани адамгершілік құндылықтарды сіңіре білу турасында біршама мәнді де мағыналы әңгімелер айтылды. Жиынға қатысушы ата-аналар мамандар тарапынан керекті ақпараттарға қанықты.
Орталық мамандары кәсіп ашуға ниетті жастарды Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының Отырар аудандық филиалына алып келіп, жастарға арналған 2,5 пайыздық несие бойынша арнайы ережелерді таныстырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Аталған жоба бойынша жастарға арнайы мамандар тарапынан керекті кеңестер берілді. Жақында ғана орталықтың ұйымдастыруымен жастар арасында пікірсайыс өтті. Шараның мақсаты жастардың еркін ойлау мен көпшілік алдында сөйлеу мәнерін қалыптастыру және бос уақыттарын тиімді пайдалану болып табылады.
Түркістан обылысы қоғамдық даму басқармасының тапсырмасына сәйкес, аудан және қалаларда кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша Отырар ауданы Темір ауыл округінде «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» ақпараттық науқанын насихаттау мақсатында жедел профилактикалық іс шара жүргізілді.
Шара барысында кәмелетке толмаған жастардың ата-анасының қарауынсыз беймезгіл уақытта жүрмеуі, сонымен қатар, егістік алқаптарында, тойханаларда т.б. орындарда жұмыс істеуіне рұқсат жоқ екені ескертіліп, олардың өміріне ата-анадан бөлек жауапты саналатын мүдделі мемлекеттік органдар жыл бойына жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде түрлі шаралар ұйымдастырып, қауіп-қатердің алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатқандығы түсіндірілді.
Шараның мақсаты – кәмелетке толмаған жасөспірімдердің мезгілсіз уақытта жүруін болдырмау, қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу және жасөспірімдердің құқықтарының бұзылмауын қадағалау.
Отырар ауданы Отырар ауыл округі Арыс елді-мекенінің жастарына «E-gov» порталы арқылы онлайн «Серпін» бағдарламасына тіркелу шаралары түсіндірілді. Бағдарламаның мақсаты- «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес, әлемнің алдыңғы қатарлы озық елдерінің санатына кіру үшін білікті мамандар даярлау, халық көп шоғырланған оңтүстік аумағының жастарын солтүстік өңірлердің жергілікті оқу орындарына орналастыру, кадр мәселесін шешу, қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту және жұмысқа орналастыру болып табылады.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандарының ұйымдастыруымен жастар арасында Репродуктивті денсаулық сақтау бойынша анонимді сұрақ-жауап жүргізіліп, денсаулықты күту мен сақтаудың шаралары түсіндірілді. Кәсіпкерлік палатасы Отырар аудандық филиалының ғимаратында «Жастар ресурстық орталығы» КММ және Отырар аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығы мамандары мен Кәсіпкерлік палатасының Отырар аудандық филиалының директоры Ұ.Абдрахимовпен бірлесіп, 2023 жылғы 12-маусым мен 4 шілде аралығында жастармен тығыз жұмыс жүргізу мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттай отырып, 2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған ұлттық жобасы аясында жастармен кездесу өтті. Кездесу барысында сала мамандары аталған жоба бойынша оның оңтайлы жолдарын жан-жақты түсіндіріп өтті. Өз кезегінде жобаға қатысуға өтінім білдірген жастар өздерін толғандырған сұрақтарына тұшымды жауаптар алды.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен келеңсіз жағдайларға тап болған жастар мен жасөспірімдер арасында жеке консультациялық қабылдау болды. Қабылдау барысында күнделікті тұрмыста кездесетін келеңсіз жағдайлардан сақ болу және оның алдын-алу бойынша мамандар тарапынан тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Міне, бұл орталық атқарған шаралардың қысқаша түсіндірмесі. Алдағы уақытта да жастармен бірлесіп, қоғамның дамуына үлес қосатын боламыз.
-Азамат мырза, әрине, жастардың дамуына бағытталған іс-шараның көптігі қуантады. Дегенмен жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік жағдайы, бос уақытын тиімді өткізуі сынды мәселелер әлі күн тәртібінде болар? Осы мәселелер қалай шешімін табуда?
— Жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік мәселесі, әрине, ең өзектісі. Біз ең алдымен аудандық жұмыспен қамту бөлімімен тығыз байланыстамыз. Бұл бөлімнің де жастарға арналған арнайы бағдарламалары бар. Әрине, ауылда бос жүрген барлық жасты жұмыспен қамти алмаймыз. Оны жастар да біледі. Біздің мақсат — жастарға демеу беру, қолдау көрсету. Мемлекет тарапынан қандай жеңілдік бар, қандай кәсіп ашу – біз осы жағынан жастарға бағыт-бағдар береміз. Ауыл жастарына мамандық таңдаудың маңыздылығын түсіндіреміз. Орталықтың негізгі міндетінің бірі – жастардың арасындағы жұмыссыздықты азайту. Қазіргі таңда орталықта оқу бітіруші түлектерге арналған «Болашаққа қадам» жобасы қолға алынды. Ол жоба бойынша біздің қызметкерлер жастардың дұрыс мамандық таңдау жасауына септігін тигізеді. Өндіріс орындарына апарып, жұмыс процесімен таныстырады. Бір сөзбен айтқанда, бағыт-бағдар береді. Ал таңдау – әр түлектің өз еркінде. Мамандық таңдағанда оның болашағын да ойлау керек. Себебі технология тез дамуда. Соның салдарынан бүгін керек мамандық ертең қажетсіз болуы мүмкін. Елімізде инженерлік мамандыққа, дәрігерге, сервис қызметкеріне, ақпараттық технология, экология, логистика саласындағы мамандарға деген сұраныс жоғары, әрі оларға қажеттілік те күн сайын артып келеді. Біз жастарға осыны түсіндіруіміз керек. Ол үшін әр түрлі бағытта кездесулер, дөңгелек үстел мен пікірсайыс ұйымдастырамыз.
Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева
Суреттерді Отырар ауданы жастар ресурстық орталығы ұсынды