Қазақтың бекзат перзенті

09 маусым 2017, 14:07

Өзбекәлі Жәнібековтің ең мықты қасиеті ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын.
Істеген ісі тиянақты, сөзге сараң, ұлтжанды Азамат еді…

…Егер жаңылыспасам, Қазақстан комсомолы ұйымының 1-хатшысы Өзбекәліні 1967 жылы Алматы қалалық комсомол комитетінің бір мәжілісінде алғаш көрдім. Балалар мен жасөспірімдер
тәрбиесі жайында пікір өрбіте сөйледі. Сұңғақтау бойлы, талдырмаш бітімді, қоңырқай өңді жігіт екен. Жинақы қара шашты, кең маңдайлы, қой көзді. Бет пішімі дөңгелек жүзді де, сопақ та емес;
мұрыны қырлыға да, майлыға да «қосылмайды»; қоңыр үнді; байыпты сөйлейді, – маған
қалайда ерекше келбетті жігіт болып көрінді. Одан кейінгі жылдары екі мәрте кездесіп, біраз
әңгімелестік. Бірде ежелгі досы Хакім Тілегенұлы (Михаил Иванович) Есенәлиевтің үйінде
тоқайластық. Екеуі қоғами көп мәселені тарата айтып, ой- тұжырымдарын ортаға салды.
Бірін-бірі тосып сөйледі. Хакім аға арагідік шапшаң сөйлей бастаса, Өзағаң: «Кәкіш, қайда
асығасың, сатирик інімізді жалғыз қалдырып кетпейік», – деп жымияды. Хакең күліп
жіберіп, маған қарап, көзін қысып: «Әдетте сатириктер аз сөйлеп, көп тыңдайды» – дейді.
Мен, шынында, қыстырылып сөйлеген жоқпын. Мемлекет, қоғам қайраткерлері екі ағаның
кең өрісті әңгімесін ғибраты мол дәріске балап, сүйіне тыңдадым.

Өзағаң екеуіміздің соңғы әңгімелесуіміз 1988 жылы. Ол ҚКП Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшылығына тағайындалған, ал менің «Ара-Шмель» журналының Бас редакторы қызметімнен босап, басқа қызмет «бұйырмай», үйде жұмыссыз отырғаныма 1 жыл болған. Әу баста, 1983 жылы мамыр айында, Қонаев Димекеңнің аузымен: «Сатиралық журнал әлсіреді, күшейтіңіз!» – деп күштеп жіберген Орталық комитет хатшылары З.Камалиденовтің, Г. Колбиннің ыңғайымен: «Сіз Орталық комитетпен ақылдаспайсыз, номенклатурамыздағы кадрларды сынайсыз, оныңызды қойыңыз!» деп қыр соңыма түскен соң, «пәледен машайық қашқан» ғой, алысып астарына түсіп қалмай тұрғанымда кетейін деп, 1987 жылдың қазан айында «өз өтінішіммен» босағанмын. Сол хал-ахуалымды Өзекеңе тәптіштеп айтып: – «Коммунисім далада қалды-ау!» деген партия жоқ, ол қалай? – дедім. Сөзімді бөлмей тыңдады. Өңі күреңіткенін аңғардым. Орнынан тұрып, қолын ұсынып: «Ғабеке, мұнда біз ақылдасайық, хабарласармыз, сау болыңыз!» деп сәл-пәл жымиды. Содан бір апта өткен шамада Опера және балет театрымыздың алдында ұшырастық. Өзекең ықыластана қолдасып тұрып: «Ғабеке, әне-мінемен хабарласа алмадым, ренжімегейсіз. Жәрдем жасармын деп… ойластырып едім, реті келмеді. «Ара-Шмеліңіз» аямай шаққандардың бір-екеуінің мықтылары бой бермеді» – деді. «Өзаға, ұқтым. Сізге бір түйір де ренішім жоқ» – дедім.

Бірге өскен дос-жолдастарының, қызметтес болғандардың ерекше сүйіне айтатындары: «Ленинградтағы Эрмитажда тұрған тарихи Тайқазанымыздың елге қайтарылып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойылғаны – Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей араласуымен іске асқандығы». Өзағаң ол мәселені республика комсомолының басшысы уақытында қолға алып, Орталық партия комитетінің хатшысы кезінде іске асыра алды.
Өзекең жүзеге асырған маңызды шаралардың бірі – тарихи Наурыз мерекемізді жаңғыртқаны еді. Алматыда шығып тұрған «Біздің Отан» атты халықаралық газет (қазіргі «Шалқар») 1987 жылы қазақтың көне салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайында жиі жаза бастады. Бас редакторы Уаһап Қыдырхановтың Наурыздың қазақ елінде қашаннан бастап тойланғаны туралы тарихи зерттеу мақаласы мен қызылордалық бір ақынның Наурызға арнаған өлеңі жарияланғаны есімде. Меніңше, Өзекең сол материалдармен мұқият танысқан да, Алматы қаласы совет атқару комитетінің төрағасы Заманбек Нұрқаділевпен ой бөліскен. Ал Заманбек өзінің мәдениет мәселелері жөніндегі орынбасары Жібек Әмірхановамен ақылдасқан тәрізді. Өйткені 1988 жыл бастала салысымен Жібек Уаһапты, мәдениет пен баспасөздің басқа да бегілі бірнеше өкілін шақырып алып, Наурыздың тойланатынын қуана мәлімдеп, оны қалай өткізу дұрыс боларын кеңесіпті. Сөйтіп, сол жылы Наурыз қаланың М.Горький атындағы мәдениет және демалыс саябағында үлкен мереке болып өткізілді. Уаһап жаңартып, кеңейтіп жазған сценарий той жобасының бір бөлігі болды. 1989 жылдан бастап Наурыз қазақ даласын қайтадан аралап кетті.
Наурыз мерекесін жаңғырту жөніндегі алғашқы ой-байламын Өзағаң 1988 жылы ақпан айының бас шенінде ҚКП Орталық комитетінің хатшысы болып сайланысымен, арада бір апта өте бере, Жазушылар одағы басқармасының пленумына қатысқанда-ақ ашып айтқан-ды. Балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің хал-ахуалы, мектеп шәкірттерінің тәрбиесі мен оқуы, сол ретте қазақ оқулықтарын аудармаға тели бермей, өзіміз жазуымыз қажеттігі, сондай-ақ жалпы қазақ мәдениеті хақындағы пайымдарын ортаға салды. Халқымыздың тарихында 1930-40-жылдары болған небір қитұрқы бұрмалаушылықтарға, қателіктерге қайтадан үңілу Орталық комитеттің алдағы жұмыс жоспарларына енгізілуі мүмкін екенін ескертіп өтті. Сол әредікте залдан: «Наурыз мейрамымызды өткізуге рұхсат бола ма?» деген сұрақ естілді. Оны қойған көрнекті ғалым әдебиетші, сыншы Рахманқұл Бердібаев еді. Өзағаң жылы жымиды: «Өткізейік, оған не кедергі?» деді. Ду қолшапалақталды. «Жаңғырту, өткізу керектігі жайында Мұхтар Шаханов мақала да жазды ғой» – деді Өзекең.
Партиялық биліктің бір биігіне көтерілген Өзбекәлі Жәнібеков халықтың көне мәдениеті негізінде заманға сай күрделі жұмыс жүргізуге кірісті. Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуов және басқа тұлғаларды, дарынды жастарды әрқашан қолдап отырды.
Досы Хакімді: «қолынан келгенінше басқаға жәрдем беруге даяр тұратын азамат», дегеніндей, Өзағаңның өзі де сондай тұлға болды. Мысалы, бүгінгі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабілетін оның Теміртаудағы комсомолдық жұмыс кезеңінен бастап қадағалап, хабарласып, қызметінің сатылап өсуіне себепші болып жүргені, оған бірде, Мәскеуде, Пионерлердің бүкілодақтық шеруіне барғанында, қол ұшын бергені – бір хикаят. Өзағаң Бүкілодақтық лениншіл жастар одағы Орталық комитетінің бюро мүшесі ретінде шеру мерзімінде мавзолейдің мінберінде болуға шақырылған. Кремльден шығып келе жатқанында Н.Назарбаев кездесе қалып: «Аға, бізді Қызыл алаңға жібермей тұр» – дейді. Жанында жолдасы бар екен. Сонда Өзағаң: «Өкінішке қарай, екеуіңе бірдей берерім жоқ. Қаласаң, мынамен алаңға кіре ғой» – деп өзінің рұқсат куәлігін (пропускісін) беріпті. Онысын қадағалаушылар біліп қойса, өзінің шатаққа ұрынарын ойламапты да.
Бұл жәйттерді жеп-жеңіл баяндауымнан Өзағаңның өмірі самал лепті болған екен деген түйін жасамағайсыздар. Ол досы Хакең жайындағы лебізінде: «…өзгенің «қайғысына» ортақтаса қалуға…» деп жазғанында тырнақшаларды текке қоймаған-ды. «Тағдыр тағылымының» екінші кітабын парақтағандар мына бір ашық уәжді оқыған болар:
«Осыдан біраз бұрын мерзімді баспасөзде – «Қазақ әдебиетінде» (7 қаңтар 1997 жылы) жарияланған М.Есенәлиевтің «Ұлылық пен әлсіздік» деген көлемді мақаласында, «Аргументы и факты» апталығында (қаңтар, 1997, №5 (193) Сейдахмет Құттықадам ұйымдастырған «Қонаевтың жұмбақтары» атты сұхбат-репортажда менің 1970 жылы комсомолдағы басшы қызметтен кетуімнің басты себебі – Димаш Ахметұлы тағайындағысы келген азаматты БЛКЖО Орталық комитеті арқылы өз орныма «өткізе алмағаным», содан біресе Торғайға, біресе Мәдениет министрлігіне, Алматы облаткомына қуыла бергенім, тек 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін ғана (Д. Қонаев орнынан алынғаннан соң, – Ғ.Қ.) мәдениет министрі болып тағайындалып, кейінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне хатшы болып сайланғаным жайында айтылды. Осы бір шетін мәселеге қосайын дегенім өзімнің ешқашан Д.Қонаевтың «есебінде» болмағаным жайында еді. Басшы кадрларды таңдап алуда ол кісінің өз талаптары бар-тын және оларға үйлесе қоймайтынымды көптен сезетінмін».
Бірінші басшының аты – қашанда бірінші басшы. Төңірегіне өзі шайнап бергенді талғамай жұта беретін және өзін ертеңді-кеш аяқ-қолын жерге тигізбей мақтап сарнайтын, жарылқаушысының жарлығын ымынан біле қоятын байғұстарды жинап алса, ол адами адалдықтан, әділдіктен аулақтайды. Сондай «көреген, дана, ұлы, кемеңгер, әулие» басқарған «ұжымның» Өзағаңа да әлденеше мәрте «қамқорлық» жасағаны бар. Бірер мысал. Мәскеуде қоғамдық ғылымдар академиясы идеологтар дайындайтын екіжылдық курс ашады да, біздің Орталық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі оған Торғай облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің барғанын жөн көріп, телефонмен хабарласып, ұсынысын айтады. Өзекең келіседі, бірақ… «су аяғы – құрдым». Арада ай өте Өзағаң облыстың бір мәселесін шешуге Мәскеуге барады. СОКП Орталық комитетінің партиялық ұйымдастыру бөліміндегі жолдастары – кеше комсомолда қанаттас болғандар: «Біз курсқа шақыртып әуре болып жүрсек, сен «бара алмаймын» депсің, ол қай кергуің?!» деп ренжіпті. Өзағаң аң-таң болып, өзінің бас тартпағанын айтады. Сөйтсе, біздің Орталық комитеттен: «Оның барғысы келмеді» деп телефон соғылыпты. Сол итаршылық «әнеу бір бюро мүшесінің қитұрқысы екенін» ол кейін білді.
Иә, «сол бір бюро мүшесі» оған бес жылдан соң тағыда «табақ тартты».
ҚКП Орталық комитетінде Сыртқы байланыстар бөлімі құрылатын болып, оның меңгерушілігіне Өзбекәлі ұсынылады. Тағыда келіседі. Бірақ… Орталық партия комитетінің идология жөніндегі хатшысы Саттар Имашев оны Д.Қонаевқа алып барғанда Қонаев оны Норвегияға төтенше және өкілетті елші етіп жібергілері келгенін (сірә, ол да Өзағаңның мәскеулік дос-жолдастарының ниеті шығар) айтып: «Осында бір бюро мүшесі сенің әйелің ауру деген соң, ұсынысымыздан бастартуға тура келді» дейді де, жаңа бөлімді тапсырады. Имашев тұқырып тұрып қалады. «Сап-сау әйелімді «ауру» дегенге басшының сене салғанына қайран қалдым» дейді Өзекең.
Өзбекәлінің Орталық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болғаны да сол «бір бюро мүшесінің» ұйқы безін қабындыра берсе керек, бірде Өзекеңді С.Имашев сағат кешкі бесте кездесуге шақыртады. «Күн жұма болатын. Екі күннен кейін Қонаев демалыстан оралатын еді. Әңгіме менің басқа қызметке ауыстырылатыным жайында болатынын түсіне қойдым», дейді Өзекең. Содан біраз бұрын бюрода жасаған баяндамасында ол маскүнемдікке салынып жүрген бір ғылым докторын Канадаға жіберілмек болған іссапарынан алып қалғанын айтып, Қонаевты ренжітіп алған екен.
С.Имашев шақыртқанының себебін тура айтпай, анау да мынау сөзді көбейтіп, ақырында Мәдениет министрлігінің басшылығын нығайту керек болып тұрғанына тоқтайды. Өзбекәлі одан неге шақырғанының тоқетерін айтуды өтініп, өзінің қай мәселеде, қандай қателік жібергенін сұрайды. Хатшы: «Біз қателестірмедік қой», деп кеңкілдеп күледі. Сонда Өзбекәлі: «Сіз неге ыржақтайсыз?! Сіздің арқаңызда күн көріп жүрген болсақ, жарыған екенбіз!» дегенде Имашев абдырап қалса да, сөзінен жаңылмай: «Сен түсінсеңші… Министрдің орынбасарлығына сендей кесіп түсетін кісі керек» – дейді. Өзбекәлі: «Кесіп түсетін» кісі менсіз де жеткілікті шығар… Сау болыңыз, хатшы жолдас!» деп шығып жүре береді. Содан келесі күні, жұмыс болмайтын сенбіде, таңертеңгі сағат 8-де Өзбекәлі Орталық комитеттің екінші хатшысы Коркинге шақыртылыпты. Барады. Имашев та сонда екен. Коркин жайдары сәлемдесіп, күлімсіреп сөйлесіп отырып, Сыртқы байланыс бөлімінің меңгерушісі шетел тілін білуі керек, соны ескеріп, оны бөлімнен босатып, Мәдениет министрінің орынбасарлығына тағайындауды жөн көретінін айтып, ол ұсынысқа қалай қарайтынын сұрапты. Өзекең әдетінше «кесіп түсіп»: «Мені бөлім меңгерушілігіне тағайындарда шетел тілін білмейтінім неге ескерілмеді?.. Ертең біреу «Мәдениет министрінің орынбасары нота білмейді» десе, қайтесіздер?» – деген. Коркин не дерін білмей абыржып: «Кешіріңіз… біздің қолымызда тұрған не бар… бұл Димаш Ахметұлының шешімі еді» – депті. Өзағаң әлгі «бір бюро мүшесінің» тағы да көлденеңдегеніне шүбәланбаған (мен сол «бір бюро мүшесінің» Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облысында «көсем» болғанын Хакеңнен, Есенәлиевтен, сұрап білдім, бірақ ол да о дүниелі, аты-жөнін атағым жоқ).
Партияның Орталық комитетінде мәдениет бөлімін 13 жыл басқарған досы туралы Өзағаң: «Екі оттың ортасында әлі жанбай тұр» дегенде Хакең: «Рас айтасың. Төс пен балғаның ортасында жіпсіп-балқып жатырмын, – рахат!», деп, екі достың құшақтаса күлгенін көргенмін. «Екі от» және «төс пен балға» Қонаев пен Имашев еді.
Д.Қонаевтың орнын Г.Колбин басты. Ол, әлбетте, Колбиннің жаршысы болған жоқ. Дұрыс пікірін құптады, бұрысына қарсы тұрды. Ақырында аралары ашылды, ал оның соңғы себебі былай: 3-хатшы Ө.Жәнібеков 1-хатшы Г. Колбинге сыртқы істер министрлігіміздің ұжымымен кездесуді ұсынады. Ол күні келіскен Колбин ертеңінде Өзбекәліге телефон соғып: сен министрмен доссың, оның бізге көзқарасы қандай екенін біле тұра, барайық деп, мені оған бас идірмексің, дегендей сөзді боратады. Сірә, Өзекеңнің Министр Есенәлиевпен дос екенін оның да «бір бюро мүшесі» мәлімдеп үлгірсе керек. Өзбекәлі телефонын жабады да, Колбинге барып «қолма-қол есеп айырысады». Бірінші басшының бетіне шіркеу болатындай оғаш қылық жасамағанын, қайта оған ағат сөйлегенде арашашы болып жүргенін, мысалы, жақында ғана «Литературная газетаның» тішісімен сұхбатында «қазақтар өз тілінде сөйлегісі келмейді» деп қателескенде жұртшылыққа ол қате тілшіден болыпты деп жуып-шайғанын айтып: «Сізді қорғаштаудан басқа жұмысым да жеткілікті» дейді. Колбин: «Иә, иә, сіз келгеннен беріде менің үстімнен арыз жазу азайды», деп қалады. Ал Өзекең: «Олай болса, жоқты тергіштемеңіз. Есенәлиевке бармай-ақ қойыңыз, аспан құлай қоймас!» дейді. Колбин үндемейді. «Мен шығып жүре бердім. Содан бастап арақатынасымыз ашық-анық болған жоқ» деген-ді Өзекең.
…Қазақстан тәуелсіздік алып, жаңа заманы басталды. Билік жүйесі мүлде өзгерді. Өзағаң зейнетке шықты. Өткен өмір кезеңдерін шолып, кейінгі толқын – жас ұрпақтарға өзінің елу жылғы тірлік ақиқаты жүктелген «Тағдыр тағылымы» жинағының екінші кітабын ұсынуға кірісті. Оқырман қауым Өзағаңның бұрынғы: «Қазақтың қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отрар» кітаптарын құмарта оқып, ризашылық пікірлерін анық құрметпен айтқан болатын. Қостомдық жинағы да құнды еңбек деп бағаланды.
Жазмыш дейміз. Оның шешімі шұғыл. Оңтүстік Қазақстанның Отырар ауданындағы Сарықамыс ауылында 1931 жылы тамыз айының 28-і күні фәниге келген Бекзат Өзекеңді 1998 жылы ақпан айының 22-сі күні, 67 жасында, бақиға бағыттады…

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
2016 жыл

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала