Қазақ сахнасындағы тұңғыш мюзикл

28 қазан 2016, 12:14

Моцарт! Әуеніне әлем тамсанған қайраткерді музыкасынан бөліп қарау әсте мүмкін емес. Тұлға табиғатындағы тереңдіктің сырын ұғыну үшін де рояль пернесі төгер маңғаз музыкаға мың қайтара мойын бұрып, көңіл қоярымыз хақ. Олай дейтініміз – Моцарт пен музыка бір-бірінен бөлініп, дербес қарастырылмайтын егіз ұғым, егіз тағдыр.
Міне, өнердің жазылмаған осы заңдылығын режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай өзінің кезекті қойылымында сәтті пайдаланған. Астаналық Жастар театрының сахнасынан көрерменіне жол тартқан «Моцарттың» өзге емес, мюзикл жанрында үн қатуы соның айғағы.

14352391_1832637513639051_8758502359589998256_o

НАҒЫЗ МЮЗИКЛ

Біріншіден, бұл жерде ең әуелі режиссердің батылдығын ерекше атап өту керек. Өйткені, «Моцарт» – қазақ театр сахнасындағы кәсіби мюзикл жанрында қойылым қоюға бағытталған алғашқы нәтижелі жұмыс. Жастар театрына дейін де еліміздің бірқатар театрлары мюзиклге біршама талпыныстар жасап көрді. Тіпті біразының премьерасына да куә болғанымыз бар. Әйтсе де, қазақ театрларының актерлік кәсіби шеберлік пен вокалдық мүмкіндіктерінің ғана емес, мюзикл талаптарына сай техникалық жасақталуының да сапаға сәйкес келмеуі – әу баста мюзикл болып басталған жұмыстың соңында музыкалық спектакль деңгейінен аса алмай қалуына бірден-бір себеп болып отыр. Тіпті кейде фонограмманың көмегіне жиі жүгінер қатардағы қойлымдардың да мюзикл ретінде жанрға жіктеліп, көрерменімен солай қауышып жататын жайттар да шығармашылық үрдісте жиі ұшырасады. Осы талап тұрғысынан келгенде, еліміздегі музыкалық дәрежесі бар театрлардың өз жұмыс тәжірибесінде жүзеге асыра алмай келе жатқан олқылығын елордалық Жастар театры ұжымы дәл қазіргі таңда абыроймен еңсеріп жүр.
Иә, бұл «Моцарттың» жағдайы да, деңгейі де мүлдем басқа. Аталған мюзиклді сахнаға шығару үшін режиссердің үлкен ізденіс һәм жан-жақты дайындықпен келгені байқалады. Біз тамашалаған «Моцартта» үн мүмкіндігі де, актерлік шеберлік те және ең бастысы – техникалық тұрғыдан сапалы жасақталу бар. Соның нәтижесінде сахнадан бас-аяғы бүтін, ұлы Абайдың тілімен айтқанда, «айналасы теп-тегіс жұмыр келген» жинақы да жүйелі қойылымның куәсі болдық. Нұрқанат Жақыпбайдың «мюзикл жасасам» деген режиссерлік мақсаты жүзеге асты: көрермен көптен күткен кәсіби деңгейдегі тұңғыш мюзикл – «Моцартты» толассыз ілтипатпен қарсы алды.
«Моцарт» театр сыншыларын да бей-жай қалдырмады. Қыркүйек айында Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан драма театрларының ХХІV республикалық фестивалінде Сәния Қабдиева, Дариға Тұранқұлова, Ерлан Біләл бастаған сахна мамандарының бірауыздан қолдауына ие болып, «Үздік спектакль» номинациясында топ жарды.

img-20160604-wa0011
АҚ ПЕН
Франциялық қос композитор: Жан-Пьер Пило мен Оливье Шультездің әйгілі әуендері негізінде өмірге келген мюзиклге режиссер өзгеше жан бітірген. Нұрқанат Жақыпбайдың әр бояу мен детальдан өмір үнін, тірлік философиясын іздегенін сахналық сараптауынан жазбай танисыз. Қойылымдағы негізгі түс – ақ пен қара. Осы арқылы суреткер көп ой айтқысы келеді. Ақ пен қара – бірде рояльдің пернелерін елестетсе, енді бірде нотаның өзіндей әсер береді. Сол секілді ақ пен қара – қиындығы мен қызығы қатар өрілген жалған дүниенің негізгі философиясына да меңзейді. Моцарт пен Сальери арасындағы негізгі қайшылық пен шиеленістің түйткілі де осы – мына жалғанның бар мәні ақ пен қара заңдылығының аясынан өрбитінін дәлелдей түсетіндей.
Ақ пен қара философиясы арқылы режиссер өмірге де, өнерге де тән адамзаттық проблемаларды, бас ию мен көреалмаушылық қатар өрілген дәрменсіздікті, талант пен тоғышарлық бәсекеге түскен шарасыздықты, адалдық пен опасыздық қанат жайған әділеті аздау қоғамның (дұрысы адамның) қатыгездігі мен аярлығын әшкере қылады. Моцарт пен Сальеридің өнердегі бітіспес текетіресі арқылы шын таланттың сын мен шырғалаңға толы бұралаң жолынан сыр қозғайды. Өмір бар жерде күрестің, өнер бар жерде қызғаныштың қатар жүретін аумалы-төкпелі заңдылығынан ой тарқатады.
Нұрқанат Жақыпбай өзіне ғана тән суреткерлік сыршылдығынан бұл жолы да алыс кетпепті. Сахнадағы ноталардың ойнатылуы, аяқ пен қол саусақтарының қимылынан, әр үн мен дыбыстан, әр әрекет пен қозғалыстан эстетика іздегіш сұңғыла сезімталдығы «Моцарттың» көркемдік деңгейін жаңа белеске көтергені анық.
Актерлердің музыканы игерудегі кәсібилігі де көрерменін бей-жай қалдырмайды. Алоиза Вейбер бейнесіндегі Назерке Серікболованың, Вольфганг Моцартты кескіндеуші Шерхан Талғатұлының, Сальериді сомдап жүрген Нұрбек Әділбектің, Констанция Вейбер рөліндегі Шехназ Қазыханованың орындаушылық шеберліктері мен актерлік ізденістері бір арнада шебер тоғысып, жүрек күйсандығының көңіл пернелерін дөп басады. Назеркенің бойындағы нәзіктік, Шерханның болмысындағы шығармашылық адамдарына тән ебедейсіздік пен тазалық, Нұрбектің кейіптеуіндегі Сальери табиғатына тән қызғаныш пен өшпенділік сынды адам мінезіндегі сан түрлі сезімдер өз деңгейінде ақталымды суреттелді. Розенберг рөліндегі Шыңғыс Жақыпбай мен Леопольд Моцарт бейнесіндегі Асланбек Жанұзақовтың, Фридолин Вейберді орындаушы Нұрбек Әлібектің талпыныстарын да атап өтуге тұрарлық жұмыс деп есептейміз.
Қойылымды тамашалап отырып, классикалық музыканың саф құнарына бас қойып, актерлердің жекелей де, хормен де жеткізген сезім суреттері мен үн иірімдерінен шын мәнінде жаныңыз ләззат алып, ішіңізге, жүрек түкпіріне сақтап келген бар мұң мен сырыңызға музыка, тек қана музыка дәру болады. Драмалық актерлердің музыканы дәл осылай жоғары кәсіби деңгейде игеріп, титтей де шашау шығармай, бір деммен, бір нотада орындауы – сахнагерлер еңбегіне еріксіз бас игізеді.

d2463bc7ac05c8dcec4d4014dcc7fbe7

Тақырыпқа орай 

Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қойылым режиссері:

– Елімізде 50-ден аса театр бар. Сол театрлардың репертуарларында жүріп жатқан пьесаларды біз де қоямыз. Бірақ біз ұжымның мүмкіндігіне сай, оған бөлек бағыт, өзгеше үнмен келеміз. Болашағымыз жастар болған соң, кез келген туындыны, тіпті классикалық шығарманы да сол жастарға арнап көркемдеп, жаңашыл бағытта қоюға тырысып жатырмыз. Керемет жаңалық аштық деп есептемейміз. Жастардың талғамына сай, солардың тілінде, көпсөзділіктен гөрі, оқиғаны әрекетке көбірек құрып, музыка мен пластикаға басымдық беріп жұмыс істеу үстіндеміз. Өйткені, адамда намыс деген бар. Әсіресе, қазақ – намысшыл халық. Қазіргі компьютермен өсіп келе жатқан жастар «менің елімде неге Мәскеудегідей, болмаса Еуропаның алуан бағыттағы театрларындай сан қырлы театр жоқ?, Бродвей театрының спектакльдеріндей қойылымды мен неге өз елімнен тамашалай алмаймын?» деп намыстан басыншы, әлемнен іздейтін ерекшелікті өз елінен, ұлттық өнерінен тапсыншы деген ой әр қойылымды қойған сайын менің көкейімде тұрады. Әрине, біз қанша ұмтылғанымызбен, еуропалық, мәскеулік театрларға жете алмаймыз, әлемдік классиканы сахналап шетелдік болып кете алмайтынымыз және ақиқат. Қойылымдарымыздан бәрібір қазақтың исі аңқып тұрады. Алайда біздің діттегеніміз – дүниежүзілік театр мәдениетінен, тәжірибеден өзімізге, қазаққа керек дүниені алып, көрерменімізге ұсыну. Мәселен, қазір сахнада ақыл айтқанды ешкім тыңдағысы келмейді. Ақыл айтудың дәуірі өткен. Қазір соңғы сөзді көрерменнің өзіне қалдыру керек. Өзі ойланып, түйінін өзінің түсінік-танымына қарай көрермен өзі шешеді. Біздің ұстанған бағытымыз да – осы.

ЕҢБЕК, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ЕҢБЕК

Нұрқанат Жақыпбай режиссурасының басты кредосы – еңбек, еңбек және еңбек. Маңдай тер төгілмеген, жан қиналмаған жерде таңдай қаққызар биік өнердің тумайтынын суреткер кезекті жұмысы арқылы тағы бір мәрте дәлелдеді. Театр – синтетикалық өнер десек, сол сантараптықтың бар түрін режиссер сахнада сәтті пайдаланады. Спектакльдегі декорация әдеттегі біз көріп жүрген қабырғаға салынған сурет немесе ілінген бұйым емес, сахнадағы оқиғаның барлығы актерлердің әрекетімен тікелей астасып жатады. Ол – Париж төріндегі даңқ шыңы, ол – Моцарт пен Сальери арасындағы қақтығыс, ол – кейіпкер жүрегінен орын алған өмірге деген іңкәрлік пен жек көру, тамсану мен қызғану, табыну мен безіну, ұнату мен ұмыту, сағыну мен жеріну – барлығы-барлығы сахнада өнер көрсетіп жүрген 50-ге тарта актердің бір деммен шыққан жүрек лүпілімен қатарласа өмір сүреді, бірге қозғалады. Кейде, тіпті сөз жеткізе алмас сезім күйлерін музыка мен пластиканың мүмкіндігі арқылы әдеттегіден де әсерлі жеткізеді. Режиссер актерлік орындаудан бөлек, кәстөм мен сценографиялық шешімді де би мен музыка, қимыл мен қисын арқылы тұтасымен жанды әрекетке құрады. Ән айта жүріп би билеу, би билей жүріп тіл қату, кейіпкер кейпіне ену, актерлік сараптау және соның барлығын ішкі ентігің мен шаршауыңды білдірмей бір демде көрерменге жеткізу – актерлерден үлкен еңбекпен қатар табандылықты да талап еткені анық. Әр актердің әсерлі қойылымның бөлінбес бөлшегі ретінде тұтас бір ағза болып тер төккендігінің нәтижесі болса керек, мюзикл, жалпылай алғанда, бөлінбейтін біртұтастыққа қол жеткізген. Әр көріністен, әр мизансценадан өлі орындауды емес, тірі тіл қатуды көресіз. Өнер иелерінің қимылы арқылы олардың жан жүрегінің лүпілі, ішкі сезімі көрермен залына тікелей беріліп тұрады. Сахнадан тараған сол риясыз сезім залдағы отырған көрермен – Сізді де айналып өтпейді. Керісінше, көңілге берік бекіп, іштей сахнамен, актерлермен етене байланыс орнатып, өз қабылдауыңызға сай сырласуға, мұңдасуға мүмкіндік аласыз.
Иә, біз көрген «Моцартта» өлі тыныштыққа титтей де орын жоқ. Сахнада барлығы қарбалас, қызу тіршілік қайнап жатады. Әсерлі әуенмен сәтті қабысқан пластикалық қимыл, колоритті би, драмаға толы шиеленіс, сезімге толы көңіл-күй – барлығы-барлығы еш жасандылықсыз өмірдің өзіндей көңіліңізге қона кетеді, санаулы сағат ішінде өміріңізге айналып шыға келеді. Қойылым сонысымен де қабылдауыңызға жақын, сезінуіңізге сергек. Бастысы, спектакльде зиялылық бар, Моцарт музыкасының табиғатына сай тектілік пен ақсүйектіктің лебі еседі. Тек кеудеңіздегі сырсандығыңызды ашық қалдырыңыз! «Моцарт» сөйлейді… Музыка жырлайды…

Назерке ЖҰМАБАЙ,
Астана

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала