Аят Нұрбеков: Еліміздегі діни ахуал тұрақты бақылауда

01 қараша 2023, 15:23

Бүгінде бүкіл әлем экстремизм мен терроризмге қарсы аяусыз күрес жүргізіп отыр. Біздің елімізде де экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл тәртіп пен құқықты қамтамасыз етуге бағытталады. Осы орайда jasqazaq.kz тілшісі Ішкі істер министрлігіне қарасты Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің аға жедел уәкілі полиция подполковнигі Аят Нұрбековпен арнайы сұхбаттасты.

-Аят Мұратханұлы, елімізде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жұмыстары қалай жүргізілуде?

— Бүгінде діни экстремизм тек Қазақстанда ғана емес, барлық дүние жүзі елдеріне қатер төндіріп отырған халықаралық мәселеге айналды.

Ішкі істер органдары қазіргі таңда, бұл мәселемен басқа да мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, кешенді іс-шаралар қабылдауда. Полицияның негізгі мақсаты діни араздықты дер кезінде анықтап, алдын алу болып табылады. Қазіргі кезде еліміздегі діни ахуалды бірқалыпты деп бағалауға болады.

Сот шешімімен діни экстремизмге және терроризмге қатысы бар 22 ұйымға тыйым салынған. Дегенмен террористік қауіп-қатер толық жойылды деп айту, әрине, әлі ерте. Сондықтан құқық қорғау органдары бұл бағытты ұдайы бақылауда ұстайды. Соңғы он жыл ішінде терроризм мен экстремизмнің алдын алу бойынша екі мемлекеттік бағдарлама іске асырылды (2013-2017ж.; 2018-2022ж.).Биылғы қыркүйек айында Үкімет үш жылға арналған кезекті жоспарды бекітті.

Өз кезегінде, ішкі істер органдары радикалдық бағыттағы қылмыстарды анықтау жұмысын тоқтатқан жоқ.
Ағымдағы жылдың өзінде діни экстремизмді насихаттаған 18 адам ұсталды, олардың үшеуі сотталды.

— Тыйым салынған ұйымдарға кірген тұлғаларды анықтау, оларды оңалту жұмыстары қалай жүзеге асырылады?

— Экстремизмге қарсы күресте шешуші рөлді құқық қорғау органдарының экстремистік бағыттағы қылмыстарға қарсы күресі ғана емес, халықтың әр түрлі топтары арасында экстремистік көріністердің алдын алу үшін мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының бірлескен күш-жігері де үлесін қосады деген пікір әділетті болады.

Дін саясатын үйлестіру мен бақылауды жүргізу бойынша өкілетті орган Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, деструктивтік діни ағымдардың әкімшілік және құқық бұзушылықтар жасауына жол бермеу үшін жұмыс істейміз, тыйым салынған ұйымдарға кірген тұлғаларды анықтаймыз. Ал оңалту жұмыстарын Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Дін істері комитеті жүзеге асырады.

— Бізде деструктивті мазмұндағы интернет-сайттарға мониторинг жасалатыны белгілі. Биыл сондай сайттың қаншасы анықталып, бұғатталды?

— Дұрыс айтасыз, танымал әлеуметтік желілердің барлығына мониторинг жүргізіледі. Отандық киберқадағалау жүйесі анықталған сілтемелерді енгізіп, ол автоматты түрде сарапшыларға жіберіледі. Ақпараттық сайт мазмұнында экстремистік белгілер анықталса, біздің елдің аумағында техникалық бұғаттау жасалады. Ал сервері шетелде болса, әкімшіліктеріне хат автоматты түрде жіберіледі. Бірақ кейбір сайт әкімшілері бұғаттау туралы ұсынысты қабылдамайды.

2023 жылы әлеуметтік желіні пайданушылар арасында теріс діни ағымдарды қолдануға, таратуға ұсынбайтын діни материалдарды ашық түрде орналастырған 150-ден астам дерек анықталды. Нәтижесінде соттың шешімімен 130-дан астам адам жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар онлайн сауда платформаларында мониторинг жүргізіледі. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатынсыз діни әдебиеттерді сатудың 45 дерегі анықталып, 171 әдебиет және 53 өзге діни материалдар тәркіленді. Биыл сот шешімімен 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы жәйттерді ескере отырып, дін саласындағы білімді интернеттен іздемей тұрып, қажетті ақпаратты ресми діни конфессия өкілдерінен алған дұрыс.

— Министрлік тарапынан экстремизм мен терроризмның алдын алу үшін қандай шаралар қабылданды?

— Еліміздегі діни ахуалды тұрақты түрде бақылаймыз. Дін саясатын үйлестіру мен бақылауды жүргізу бойынша өкілетті орган Мәдениет жене Ақпарат министрлігімен бірге деструктивтік діни ағымдардың әкімшілік және құқық бұзушылықтар жасауына жол бермеу бағытында жұмыс істейміз. Мысалы, заңда белгіленбеген діни әдебиетті тарату, миссионерлік қызметті рұқсатсыз жүргізу, сайттардағы тыйым салынған материалдарды тексеру, деструктивтік діни ағымдардың әлеуметтік желідегі парақшаларына мониторинг жүргізу — біздің міндет. Сонымен қатар, терроршылар шабуыл жасауы ықтимал обьектілердің қауіпсіздік қызметін ұйымдастыру жай-күйін және деңгейін бақылауға аламыз.

Елімізде қандай да бір террористік оқиға орын алғанда терроризмге қарсы операция жүргізіледі.

— Экстремизмге қарсы күресте қай елдермен бірлесіп жұмыс істейсіздер?

— Әрине, терроризм мен экстремизмге қарсы күресті тек мүдделі мемлекеттердің бірлескен күшімен шешуге болады.
Сол себепті, Қазақстан терроризмге және зорлық экстремизміне қарсы күреске бағытталған барлық 19 халықаралық конвенция мен хаттамаға қосылған және шет елдермен 90-нан астам шартқа қол қойған.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының аумағында 22 халықаралық террористік және экстремистік ұйымның қызметіне тыйым салынған.

Тек осы жылдың ішінде ІІМ қызметкерлері қызметтің әр түрлі бағыттары бойынша Халықаралық ұйымдар бастамасымен өткен 10-нан астам іс-шараға қатысты.
Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық шеңберінде 2019 жылғы 26 наурыздағы БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының «Экстремистік және террористік бағыттағы қылмысы үшін сотталғандармен жұмыс істеу және пенитенциарлық мекемелерде зорлық-зомбылық туғызатын радикалданудың алдын алу бойынша күш-жігерді қолдау» бірлескен бағдарламасы іске асырылуда. Аталған бағдарлама шеңберінде террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстары үшін сотталғандармен, оның ішінде «Жусан» операциясы барысында қайтарылғандармен кең ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Мақпал Махаметқызы

 

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген