«Жас қазақ» газетінің конференциясы Көкшетауда
Өзге өңірді қайдам, солтүстіктегі ат төбеліндей шағын ауылдардың тағдыры қыл үстінде тұр. Кешегі ит басына іркіт төгілген кеңес заманында да көсегесі көгергені шамалы еді. Онда да болашағы жоқ деген желеумен талай ауылдар тарап кеткен. Қазір жұрты ғана жатыр. Өтпелі кезеңнің өкпек желі де талай елді мекенді жұтып қойды. Ендігі жерде Алаштың алтын бесігі – ауылдарды сақтап қалу маңызды мәселеге айналып отыр. Осы мәселеге орай «Жас қазақ» газеті өткізген конференцияға Жақсылық Ақтан, Асылбек Есмағамбетов, Совет Балтабаев тәрізді ел ақсақалдарымен бірге облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов қатысып, өз ойын ортаға салды.
Жас қазақ: Көбіміздің ауылға ұзақ уақыт ат ізін сала алмай жүретініміз рас. Сіздер, ауылды еске алып, жиі барып тұрасыздар ма?
Жақсылық Ақтан: Біздің ауыл қаладан 35 шақырым жерде. Бүгінде ауылда 154 үй түтін түтетіп отыр. Мал шаруашылығын дамытып, 680 жылқы, 560 қара мал және қой-ешкі өсіреді. Санын айтып отырғаным, осынша малға жайылатын жер керек. Ауыл тұрғындары малдың қыстық азығын жинау мен жаздық жайылым жағынан таршылық көрмеуі керек. Ал, қазір ол жерге сырттан келген инвесторлар иелік етуде. Олар жерін жыртып, егінін егіп өз қалтасының қамын ойлайды. Қарапайым халыққа тек жер үлесі үшін пайын ғана береді. Онысы үшін оларды кінәлай да алмайсың. Бір отбасында 5 адам болса, ол үйге 1,5 тонна астық беріледі. Біздің ауылда солай. Басқа ауылдың егін егетін адамдары елдің малының санын есепке алып, оларға қанша жер керектігін қадағалайды.
Жас қазақ: Нартай Жұматайұлы, пай туралы толығырақ айтып берсеңіз. Ол неге әр ауылда әр түрлі?
Нартай Ысқақов: 2003 жылы қаңтардың бірінен бастап күшіне енген заң бойынша халық өзіне тиесілі жерді белгілі бір жауапкершілігі шектеулі серіктестікке беріп, жерден алған өнімінің үлескері болды. Мысалы, 10 миллион теңге табыс тапқан болса, салық төлегеннен кейінгі қалған қаржының 20 пайыздайын жер иелеріне бөлініп берілуі керек. Бірақ, ол әлі орындалып жатқан жоқ. Жұртқа егін бітік шықса да, нашар шықса да жыл сайын бірдей мөлшерде пай беріледі. Ал пайдың заң жүзінде қанша берілуі керектігін ешкім есептемейді. Ол үшін пайдың әр жылғы үлесін есептейтін арнайы тексеру комиссиясы құрылуы керек. Ол комиссия серіктестіктің шығыны мен кірісін тексергені жөн. Қазіргі жасап жатқандары халықты алдау. Мысалы, «Зеренді-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үлкен холдингтың құрамына кіреді. Ол холдинг бұларға жанар-жағар майын беріп, керек-жарағымен қамтамасыз етеді. Бірақ, мұның бәрін қымбат бағамен жасағандықтан, серіктестіктің табысын азайтып отыр. Сондықтан, пайдың мөлшері әр жерде әр түрлі. Осыны бір жобаға келтіру керек. Зеренді ауданында пайды біркелкі қылып, бір гектар егістікке 40-50 келі арпадан берілсін деп келіскен едік. Бұл халықтың бұрынғы алып жүргенінен едәуір жоғары десек те, аздық етеді.
Пайдың әр жерде әр түрлі болуы жер көлеміне байланысты. Айталық, 1993-1994 жылдары ауылшаруашылық жерлері жекешелендірілгенде жерді совхоз халқының санына байланысты бөлді. Сондықтан, жер көлемі бірыңғай емес. Сарыөзек ауылының жері аз, халқы көп болуына байланысты алатын пайы да төмен.
Бұрын жұрттың көбі жерін «ҚазЭкспортАстық Холдингі» акционерлік қоғамы сияқты ірі холдингтерге беруге тырысатын. Ол холдингтердің пайы да жоғары, экономикасы да жақсы еді. Бүгінгі күні олардан гөрі жекеменшік жер иелерінің жағдайы жақсы. Зеренді ауданында 10 мың гектарға дейін егін егетін адамдар бар. Болашақта холдингтерге қараған ауылдардың тұрмысынан жеке кәсіпкерлерге қараған ауылдардың жағдайы жақсы болуы мүмкін.
Жері үшін пай алатын Зеренді мен Сандықтау аудандары ғана. Зеренді ауданының 45 пайызы және Сандықтау ауданының 69 пайызы үлескерлердің жері болып есептеледі. Басқа аудандарда пайдың мәселесі мүлде жоқ деуге болады. Жердің бәрі не жекеменшікке өтіп кеткен, не болмаса мемлекет қарауына алынған. Сосын үлескерлік жерлер қазіргі күні өте тиімсіз. Мысалы, банктен несие алғың келсе әр жер иесінің қолын жинауың керек. Кейбір жер иелері ауылдарынан көшіп кеткен. Оларды басқа қалалардан іздеп жүріп, қол қойдырып, не үшін несие алғалы жүргеніңді айтып түсіндіруің керек.
Ауыл тұрғындары үшін ең абзалы кәсіпкерлікті дамыту. Әсіресе, шағын ауылдарға кәсіпкерлікпен айналысқан жөн. Соның ішінде мал шаруашылығын дамыту керек.
Мен ауылға барған сайын тұрғындардың жағдайы келсе қалаға көшіп кеткісі келетінін көрем. Бәрі тек қаржы жинап алып, кетуге дайын тұрады.
Жас қазақ: Кейбір адамдардың туып-өскен ауылын тастап, үдере көшудің сыры неде?
Нартай Ысқақов: Бәрінің арманы қалаға бару. Өйткені қалада барлық жағдай жасалған. От жақпайды, су тасымайды, тіпті кірдің суын да төкпейді. Бірақ, ауылдағы үйіне су тартып, қаладағыдай жағдай жасап алуға да мүмкіндік бар. Бәрінде болмаса да, біразының соған жағдайы жетеді. Мен Сәкен Сейфуллин ауылының бір жігітіне «Сенің жағдайың бар ғой. Үйіңді жөндеп ал. Қаладағы менің үйім мен сенің үйіңнің еш айырмасы болмайды. Осыны сен бастап ауылдастарыңа үлгі көрсетші» деп ақыл айттым. Міне, енді оған қарап ауылдың басқа тұрғындары да үйлерін жөндеп, ішіне су тартып, канализация қазып, өз жағдайын жасап жатыр. Бұл жақсы емес пе? Ауылда тұрды ма, оның үйі нашар болуы керек, суды сырттан тасуы керек деген түсінік болмау керек. Өздері содан қажыған. Ал, жағдайын қаладағыдай жасап алуға бара қоймайды. Бұл бірінші мәселе болса, екінші мәселе ауыл мен қаланың арасындағы жолдың нашарлығы. Екі ортада жүру қиямет. Мысалы, Омбы қаласының тұрғындары 40 шақырым жердегі жанға жайлы, ауасы таза саяжайлда тұрады. Жұмысына еш кедергісіз барып келеді. Ал, мына тұрған Бірлестік, Сәкен Сейфуллин ауылдары 30-35 шақырымда орналасқан.
Біздің жолдармен күн сайын қатынап көріңіз. Өзіңіз қиналып, көлігіңіз қирайды. Біздің бағдарламалардың өзі қала халқына негізделіп жасалған сияқты. Қазір көптеген жақсы-жақсы мемлекеттік бағдарламалар бар. Әттең, солардың дені қала халқының ғана жағдайы үшін жұмыс істеп тұр. Мәселен, тұрғын үй коммуналдық саласын жаңғырту бағдарламасы қаладағы ескі үйлерді қайта жөндеу үшін үй иесіне ешқандай девалевациясыз 10-15 жылға қаржылай көмек береді. Осындай бағдарламалар ауыл тұрғындарына да керек. Олар да үйін жөндеп алсын, жағдайын жақсартсын.
Ауыл қалаға тоқтаусыз көшіп жатыр. Қазір Көкшетау қаласында 13500 адам жер алуға, 8500 адам пәтер алуға кезекте тұр. Жапатармағай қалаға көшкенімен, қалада олардың бәріне жететін жұмыс орыны жоқ.
Ауыл тұрғындары үшін «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы бойынша несие беріліп жатыр. Бастапқыда 3 миллион теңге еді. Қазір оның да ақшасы азайып қалды. Бірақ соны алғанша жұрттың діңкесі құриды. Ол үшін кепілдік керек. Ешқандай мал-мүлкің болмаса, оны да ала алмайсың. Егер несиені алу жолдарын жеңілдетіп, ол адам мал өсіріп, үйін жақсартып алса, ауылдан ешқайда кетпейді.
Жас қазақ: Өткен жолы газетімізде Батыс Қазақстан облысында Жаңақала ауданында жергілікті жұрт балдыр «ішіп» отырғандығын жаздық. Біздің өңірде ауыз су мәселесін шешу жолы қарастырылып жатыр ма?
Нартай Ысқақов: Бүгінде ауылдың шетіне келіп, көз салып қарасаң, адамдар таңнан кешке дейін су тасиды. Кім тұрғысы келеді ондай жерде. Бүгін кішкентай ауылға су тартқаннан, миллиардтап ақша бөлінетін жобаларды жүзеге асыру оңай. Халықтың санына қарайды. Сен бәленше ауылға су құбырын тарт дейсің, ол жерде бас-аяғы 500 адам тұрады дейді. Бір ауылға су тарту 500 миллион теңге тұрады. Адам басына бір миллионнан шығып тұр. Мен мынау Қызылсая, Сәкен Сейфуллин ауылдарына қанша жыл су тартсам деп жүрмін. Бірақ, мүмкіндік барған сайын азайып барады. Өйткені, халық кетіп жатыр. Ал, су тарту қымбаттауда. Бұрын 150 миллион болса, қазір 590 миллион теңге болып кеткен. Оны аудан мен облыстың бюджеті шеше алмайды. Мемлекеттік деңгейде қаралуы керек. «Ақбұлақ» деген бағдарлама арқылы істеуге болар еді. Бірақ, ол бағдарлама бойынша суды үйдің ішіне кіргізу керек. Ол жағдайда бағасы тағы да қымбаттай түседі. Сонымен, бұл бағдарлама шағын ауылдар үшін жарамсыз болып қалды.
Зеренді ауданында Дөңгілағаш, Қараөзек, Биіктесін, Қызылағаш, Жаңатілек сияқты кішкентай ауылдар бар. Ол ауылдарда бір-бір скважинадан ғана бар. Оның басында біреуі кеп малын суарып жатса, екіншісі ауыз су алып жатады. Осыған жаның ашиды. Ауылға екінші скважина қазу үшін қыруар қаржы керек. Оны облыстық бюджет аудандық бюджеттің көмегімен жүзеге асырыңдар дейді. Ал, ауданда соқыр тиын да жоқ. Ауданда ақша бүгін ғана емес, бұрыннан жоқ. Үлкен ауылдардың мәселесін шешу жеңіл. Мысалы, Астананың түбіндегі Қоянды ауылында баяғыда 5 мың адам болған. Бүгін халқының саны 120 мыңға жетті. Әрине, оларға су тарту да, құдық қазу да жеңіл. Ондай ауылдар өркендей береді. Ал, кішкентай ауылдар құрып бара жатыр. Сондықтан мұндай ауылдарға арналған бағдарлама ойлап табу керек. Ауылдан көше берсе, Егіндікөл ауданы сияқты болып қалады. Ол ауданның халқының саны 6200. Оның жартысы мемлекеттік қызметкерлер. Жеріне 300 мың гектар ғана егін егеді. Ол жерде ешқашан кәсіпкерлік дамымайды.
Ауылда жастар жоқ
Жас қазақ: Ауылды жерде мал өсіру үшін «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» сияқты мемлекеттік бағдарламалар бар. Халыққа несие береді. Жақсы жеңілдіктері де бар. Бұл жерде халық неге жұмыс істемейді, неге енжар деген сұрақ туындайды.
Нартай Ысқақов: Себебі, ауылда жастар жоқ. Ең жас дегені 40-45-те. Оларға қазір түк керек жоқ. Балаларын қалай оқытамыз деп алаңдап отырған адамдар. Өйткені, ауыл мектептері жабылып жатыр. Бастауыш мектеп болуы үшін 5 оқушыдан кем болмауы керек. Енді өзіңіз ойлап көріңіз. Қақаған қыста, бораған боранда кішкентай баланы күн сайын 15 шақырым жердегі көрші ауылға тасу оңай ма? Не оқу оқымайды, не ұйқысы қанбайды, не тамақ ішпейді. Еленовка ауылына көрші Қарағай ауылының балаларын таңғы алтыда алып кетеді. Оларды апарып тастап, екінші ауылдың балаларын сағат жетіден әкеледі. Сөйтіп, таңғы 6-7-де барған бала екі сабақ үшін кешке дейін жүреді сол мектепте. Соны білетін әке-шешесі баласын қаңғыртып қоя ма? Қалаға көшеді де кетеді. Ал, негізгі мектеп 41 баладан кем болса, бастауыш мектепке ауыстырады. Көкшетауға тиіп тұрған Дөңгілағаштың өзінде биыл 37 оқушы бар. Сол үшін мектептерін жабамыз деп жатыр. Мектеп жабылса, ауыл да көшеді.
Денсаулық сақтау саласыда мәз емес. Бір медбике стандарт бойынша 800 адамға қызмет ету керек. Біздің бір ауылда да 800 адам жоқ. Сол үшін ауылдардағы медпунктерді жабу керек дейді. Мектеп болмаса, алда-жалда ауырып қалсаң, емшара көрсетіп, екпе егетін медбике бомаса ондай жерде кім тұрақтайды?
Еуропаның кейбір елдерінде әр 3-4 шақырым сайын хуторлар бар. Айналасы екі-үш үй ғана отырып, мал шаруашылығымен айналысады. Өте қолайлы. Біздің ауылдар да сондай хуторлар ісептті ғой. Анау тұрған Биіктесін ауылын алайық. Малыңды шығарып, жайып жібер. Қандай рахат. Бірақ, олай болуы үшін ауыл мен екі ортадағы жолды қыс бойы тазаламаймыз. Қарға көміліп жатқаны. Осының бәрі ауылдардың құрып бітуіне алып барады. Біздің облыстық мәслихатта ауылшаруашылығы комиссиясы бар. Мен соның төрағасымын. Осы комиссияның іс-сапарымен Атбасар ауданының «Бастау» атты жауапкерлігі шектеулі серкітестігінде болдық. Ол облыс бойынша мал өсіруден көш басында тұр. Бірақ, ол жердің 1200 халқы бар болғанымен жекеменшік малы өте аз. Бүгін серіктестіктің шаруасын дөңгелетіп отырғанымен ертең ол серіктестіктің экономикасы тұралап қалса, халқы кедейшілікке ұрынады.
«Кооперацияны қайдам, ғалы-інілі бірігіп жұмыс істемейді»
Совет Балтабаев: Ауылды енді қалпына келтіру үшін нақты жоспар мен бағдарламалар керек. Кәсіпкерлікті дамыту үшін ауылдағы ағайынға жаңа техника, жақсы тұқым керек. Оның бәрінің бағасы удай. Малмен айналысу үшін де сондай қиындықтар көп. Асыл тұқымды мал алу деген тіпті мүмкін емес нәрсе. Ол үшін тағы да несие беріп, салық жүйелерін жетілдіру керек. Салық халыққа тиімді болуы керек. Кенедей жабысып, сүліктей сорудың қажеті жоқ. Бюджетті толтыру керек дейтін шығар, оның әдіс-тәсілдері жетерлік. Мен өзім Чкалов ауданы тарағанша 5 жыл салық инспекциясының бастығы болдым. Сол себепті, салық салудың жолдарын жақсы білемін.
Ауылдарды сақтап қалуымыз керек. Сырттан инвесторлар тартамыз ба, шаруа қожалықтарын біріктіреміз бе, әйтеуір барымызды салуымыз керек.
Нартай Ысқақов: Ауылдардағы шаруа қожалықтарын біріктіру үшін кооперация құру керек деген сөзді көп естимін. Оны қалай біріктіресің? Бір ауылда тұрған ағалы-інілі екеуі бірікпейді. Оны біріктіру үшін міндетті түрде экономикалық тетік керек. Қазір заң қабылданды, бірігіңдер, істеңдер деген құрғақ сөз жүрмейді. Кооператив құрса, оған жеңіл несие беру керек. Халықты ынталандыру керек. Сосын бірігіп техника сатып алатындай мүмкіндік жасаған дұрыс. Мысалы, облысымызда субсидия алу арқылы 185 коператив ашылды. Ауылда қара мал ұсақталып кетті ғой. Енді соны асылдандыру үшін жақсы бұқа алуға үкімет 154 мың ақша береді, және қожалықтағы 30 сиыр сол бұқадан шықса, әр бұзауға 18 мың теңгеден ақша төлейді. Енді ауылдағы бүкіл малды кооперативке жазып, араларынан бір жігітті басшысы қылып сайлап, ол текті бұқа алса. Ауылдағы 400 сиырдың бәріне 18 мыңнан ақша түседі. Міне, осыны біз Зеренді ауданында бастап едік, қазір облыс бойынша жақсы дамып келеді. Мұның кәсіпкерлікке ешқандайда қатысы жоқ. Бұл үкімет тарапынан беріліп отырған субсидия. Мұның көмегімен ауылдағы мал асылданады. Бірақ, мұның да кем тұстары бар. Ауылдағы ағайын бұқаның етті тұқым екендігін айтып, ал, оларға сүтті тұқым керек деп шағымданатындары да бар. Сол үшін сүтті тұқымды бұқа алу үшін субсидия берілсе екен. Енді кооперативтер ашылса да, қара халықты осы жерде де алдап кеткісі келетіндер бар. Малыңыз коперативте ме, оны бағу үшін бақташыға төленетін ақшаны да кооператив төлеу керек. Бірақ, бізде ол жүзеге асып жатқан жоқ. Осы жөнінде маған шағымдар түсіп жатыр. Ол алдағы уақытта шешілетін шаруа.
Сиырын көргенде сендім
Жақсылық Ақтан: Сіз айтып өткен хуторды мен Финляндиядан көрдім. 3-4 үй ғана тұрады екен. Олар сегіз сиыр ұстайды. Сол сегіз сиырмен қаланың бір ауданын сүтпен қамтамасыз етеді. Бір сиыры күніне 80 литр сүт береді. Басында сенбеп едім. Сиырын көргенде сендім. Желіні қазандай. Сиырлары ырғатылып, желінін сүйретіп әрең жүреді. Ал, жайылым жері өте кішкентай. Оның өзін 12 вольттық сыммен жетіге бөліп тастаған. Бүгін бір бөлігінде жайылса, ертең екінші бөлігінде оттайды. Сөйтіп, бір айналып келгенше, бірінші күні оттаған жері қайта жайқалып тұрады.
Асылбек Есмағамбетов: Мен өзім басқарған ауыл туралы айтайын. Ол жерде ешкім де бірлесіп жұмыс істемейді. Ондайға келіспейді. Өйткені, ертең олар несие алады, оны бөліп алу керек, төлеу керек, өтеу керек. Осы жағына келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмайды. Бірақ, ел ішіндегі кәсіпкерлерді көбейтуіміз керек. Соны қолдау керек. Баратайда 46 белорусь тракторы, оннан аса жүк көлігі бар. Оның бәрі жұмыс істеп тұр. Қазір жер мәселесі шешіліп жатыр. Мынау Баратайда инвестор жоқ. Жеріне егін себілмей тұр. Ол жер кәдімгі боз болды. Халық шауып алып жатыр. Ал, ертең инвестор табылып жатса, ол жерге егін егіледі. Халық малын бағатын, шөбін шабатын бір гектар жер қалмайды. Баратай ауылында 360 бас жылқы, 440 бас қарамал, 1200-дей қой бар. Осыларға үкімет нормасымен есептесек 6260 гектар жер керек. Баратайда барлық жері 5500 гектар ғана.
Біздің ауылда бір адамға 4 гектар үлес келеді. Жеріміз «Еленовка-Агро» жауакершілігі шектеулі серіктестігінде. Олар гектарына 600-700 теңге ғана береді. Көрші Ақан ауылында да солай. Есептей беріңіз. Олардың пайы 3500 теңгедей ғана. Бұл масқара ғой. Сондықтан да жұртты пайға жаутаңдатып қоймай, ол жерге мал өсірсек, техника алсақ, елдің жағдайы жақсарар еді. Ел ішіндегі жігіттер өссе, техникасы болса, ертең жолды тазалайды, су да тартады. Қазір Ақан мен Баратайда мал алып, үйлерін жөндеп, техника сатып алып жатқан жігіттер бар. Олар да барынша тырмысып жатыр. Солар өсе бергенде жерін алып қойсақ, тамырына балта шабылады.
Нартай Ысқақов: Жерлеріңізді сақтап қалу үшін шаруа қожалықтарын ашуларыңыз керек. Егістік алқабына қалай да егін егілу керек. Егер егілмесе, ол адамға 10 есе артық салық төлетеді. Сол үшін сіздер болмасаңыздар, ертең басқа біреу келіп егін егеді. Мен Алматы облысы Панфилов ауданының бір азаматының әңгімесін айтайын. Оның жері тастақ екен. Жыл сайын жер жыртқаннан кейін жалдамалы өзбектерді жіберіп егіс алқабынан 10 тонна тас жинайды екен. Сіздер құнарлы топыраққа ештеңе еккілерің келмейді, басқалар тау мен тасқа егін егуде. Мемлекет егістік алқабын ешқашан бос қалдырмайды. Бүгін болмаса ертең инвестор табылып жеріңді жыртып, егінін егіп тастайды. Сол кезде өкінбеу үшін бүгін қимылдап шаруа қожалықтарын ашып алыңыздар. Ауылдарыңыздың ертеңін ойласаңыздар бұдан басқа жол көріп тұрғам жоқ.
Конференцияны жүргізген Байқал Байәділов