Ауыл жастарына арналған жаңа бағдарламалар қажет. Өткенде Сенат депутаты Динар Нөкетаева Үкіметке сауал жолдап, ішкі көші-қон, ажырасу, ауыл жастарының жұмыссыздығы, тұрғын үй мен білім алу мәселесін көтерді. Осы орайда біз сенатормен байланысқа шығып, әңгімеге тарттық.
Jas qazaq: Динар Жүсіпәліқызы, өткенде біраз өзекті мәселені қозғадыңыз. Соның бірі – жұмыссыздық. Қазір қолында бір емес екі дипломы бар, бірақ мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген жастар көп. Елімізде жұмыспен қамту орталығы бар екенін барша жұрт білгенімен, оған барып, тіркеліп, жұмыс тауып, орналасып жатқандары некен-саяқ. Өйткені мекенжайың бойынша тұрақты тіркеуде болуың керек. Ал ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген жастың тұрақты тіркеуі жоқ. Ең алдымен осы мәселені шешу керек шығар?
Д.Нөкетаева: Бізде қазір «Еңбек», «Серпін», «Бизнес бастау» сынды бағдарламалар бар. Бірақ бізде оңтүстіктен солтүстікке көш десек, өз туған жерінен өзге өңірге кеткісі келмейтіндер бар. Кезінде біздің ата-анамыз білім алып, қолдарына диплом алғаннан кейін жұмыс қай қаладан табылса, сол жаққа қарай кетті емес пе? Менің ата-анам да кезінде төрт баламен пәтер жалдап, қай ауданға жіберсе, сол ауданға барып, жұмыс істеген жандар. Жастарымыз осыған үйренуі керек. Қай жерде жұмыс бар, сол аймаққа кетуі керек. Егер біз жастарға лайықты жұмыс орны мен жоғары жалақы, баспана ұсынсақ, олар шетел асып кетпес еді. Бірақ бар бағдарламаның өзіне қатыспай отырған жастар да бар. Қазір жастарға өзінің жеке кәсібін ашуға да мемлекет тарапынан қолдау бар. Бірақ байқайтыным, қазіргі жастар тез арада жоғары айлық алғысы келеді, тез арада байығысы келеді. Оның үстіне жастардың көбі мемлекеттік бағдарламаларды біле бермейді. Өйткені ақпараттандыру жағы әлсіз. Сондықтан ауыл әкімдерінен бастап барлығы жастарды ақпараттандыру керек. Қазір ауылда неге жастар жоқ? Өйткені жұмыс жоқ. Бұрын қаланы ауыл асыраған. Қазір ауыл шаруашылығымен айналысатындар да аз. Мүмкіндік болғанның өзінде ауыл шаруашылығымен айналысқысы келмейді. Одан да қалаға барайық деп отбасымен қалаға келіп, пәтер жалдап тұрады. Сондықтан ауыл жастарын жұмысқа орналастыру, оларды ауыл шаруашылығы мамандықтарына оқытуды бастау керек. Мемлекет тарапынан әлі де ауыл жастарына арналған жаңа бағдарламалар қажет.
Мысалы, жерді жалға беру, пайызсыз несие беру сынды бағдарламаларды айтар едім. Әрине, әлеуметтік жағдайды жақсартуға барынша көңіл бөлініп жатыр. Бізде одан бөлек, идеология деген нәрсе бар. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Осы сөзді шетел асып жатқан жастарымызға қарата айтқым келеді. Одан бөлек, жастардың рухани дамуы да өзге мәселе. Тәрбие, патриоттық сезім, жастардың өз еліне деген сүйіспеншілігі, міне, осының бәрі кемшін қалып жатыр. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді қазақ. Біз Тәуелсіздікке қол жеткіздік, шекарамызды шегендеп алдық. Шетелден келген қандастар туған жерге табаны тигенде топырағын сүйіп, туған еліне тағзым етуде. Өйткені олар жатжұртта жүріп, өз елінің қадірін түсінген. Біз жастарды жұмыспен, баспанамен қамтып қоймай, рухани тәрбие беру, туған елдің қадір-қасиетін түсіндіру жағын да қолға алуға тиіспіз. Ең алдымен ауылдағы тұрмыс деңгейін көтеруіміз керек. Қазір көп ауылда мәдениет үйі, спорт залы, кітапхана жоқ. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасалмаған. Біздің бала кезімізде ауылдағы клубтан кино, түрлі концерт көретінбіз. Тіпті өнер адамдары ауыл-ауылды аралап концерт қоятын. Жұрт бар жақсысын киіп, клубқа жиналатын. Ал қазір ауылда екі бөлмелі медициналық пункт, бір мектеп, бір мешіт қана бар. Басқа ештеңе жоқ. Сонда жастар қайда барады? Құдайы тамақ дегені болмаса, мешітке де баратын адамдар аз қазір. Сондықтан ең бірінші ауылға мәдениет үйі мен кітапхана қажет. Жастар кітап оқымайды дейміз. Неге ең алдымен кітап оқуға жағдай жасамаймыз? Мектептегі кішкентай ғана кітапханада кітап қоры мол деп айта алмаймын. Сонымен қатар қазіргі балалар әдебиеті де дамымай тұр. Шетелдің аудармалары бар. Бірақ олар кітап дүкендерінде өте қымбат. Ал өзіміздің балалар әдебиетін дамыту үшін, ол салаға да қолдау керек. Ең бастысы, жастарымыздың ауылдан безіп кетпеуіне жағдай жасалуы керек. Мен де өзім Жамбыл ауданынан пайызсыз көмек алып, сол ауылдағы көшіп бара жатқан украинның үйін алғаным есімде. Сондықтан ауыл жастарына пайызсыз несие немесе тұрғын үй беру мәселесін реттеуіміз керек. Бұрын ауылға келген дәрігерге аурухана жанынан баспана берілетін. Егер баспана болмаса, маман қайда барып тұрады.
Jas qazaq: Жаңадан отау құрған отбасы жұмыссыздықтың салдарынан үлкен қалаға келіп, пәтер жалдап, айлықтан айлыққа күн көруге мәжбүр. Тіпті қалада тұрғандарына 5-10 жылдан асса да, өз баспанасына қол жеткізе алмағандары бар. Осы бағытта қандай жұмыстар қолға алынуы керек?
Д.Нөкетаева: Президентіміз Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларына 1000 пәтер салуға тапсырма берді. Өйткені осы ірі мегаполистерде халық саны жылдан-жылға артып келеді. Ол жастарға жалға берілетін пәтер болады. Бұл бағдарлама өз деңгейінде жұмыс істеп жатыр деп айтуға болады. Пәтерді қалада жұмыс істеп жүрген жастар алады. Өйткені үй жалға берілгенімен, үйдің коммуналдық шығындарын пәтер алушы өзі төлейді. Елімізде үй берудің өзіндік шарттары бар. Жеңілдік белгілі бір санаттарға беріледі. Олар: көпбалалы отбасылар, толық емес отбасы, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мемлекеттік қызмет ететіндер. Осы азаматтарға ең бірінші басымдық беріледі. Иә, ауылдан қалаға келіп, жұмыс істеп жүрген жастар бар. Қазір бізге сұранысқа ие мамандықтар — техникалық мамандықтар. Одан бөлек, бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының өзіне 2000-ға жуық мұғалім жетіспейді екен.
Jas qazaq: Жарқын өмір сүреміз, жағдайымызды жақсартамыз деген білімді жастарымыздың шетел асуын да айтып өттіңіз. Жас жоғары білімді мамандарды өз елімізде қалдырудың мүмкіндігі бар ма? Мемлекет тарапынан қандай бағдарлама қажет?
Д.Нөкетаева: Қазір бізде белгілі бір мамандық иесін ұзақ оқытады. Менің ойымша, ұзақ мерзімді оқытуды қысқартқан дұрыс. Президентіміздің өзі мобильді түрде мамандық даярлау туралы айтты. Сондықтан белгілі бір дағдыны үйретер кезде уақыт созбай, тез арада білім алуға жұмылдырсақ. Қазір экономика да, технология да қарыштап дамып жатыр. Заманға сай болу үшін дамыған технологиямен бірге алға қарай жылжуымыз керек. Бүгінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында жұмыссыз жастарды жаңа мамандыққа баулу мақсатында мобильді орындар құрылуда. Біз Алматыдағы «Алтын Орда» базары маңында жұмыссыз жүргендердің бір күндік жалдамалы жұмысқа жиналатынын білеміз. Мемлекет осы ауданнан жақын жерден мобильді жұмысқа орналастыру орнын ашып, олармен ашық сөйлесіп сұранысқа сай маман ретінде оқытуға, немесе басқа да жұмысқа орналасуға мүмкіндік берейік деп отыр. Қазір еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, осы мәселені шешудің жолдарын қарастырудамыз. Өйткені 4-5 жыл оқып, диплом алып бір маман иесі атану үшін, осынша уақыт жіберудің қажеті шамалы. Қазір білім саласына түбегейлі реформа керек. Сұранысқа сай, заман талабына сай маман даярлауды дағдыға айналдыруымыз керек. Жастарымыз қай қалаға бармасын, қай қаладан білім алмасын, мобильді білім алып, жаңа дағдыларды жаңа мамандықты меңгеріп, осыған бейімделуі керек деп ойлаймын.
Jas qazaq: Кезінде өзіңіз Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін басқардыңыз. Бұл — болашақ ұстаздармен қатар болашақ ананы дайындайтын бірегей оқу орны. Университет тарапынан қыздарға рухани құндылықтарды үйрету жағы қалай жүзеге асырылатын?
Д.Нөкетаева: Қыздар университетінің бір ғасырлық тарихы бар. 1944 жылы ашылған. Бүгінде ол университетте 6-7 мыңдай студент білім алып жатыр. Соғыс кезінде ауыл балаларын оқытатын маман қалмағаннан кейін қыздарға арнап ашылған оқу орны. Ол жерде көбінесе көпбалалы отбасынан шыққан қыздар білім алады. 44-ке тарта педагогикалық мамандық бар. Сонымен қатар магистратура мен докторантура да бар. Студенттер шетелге барып, білім алмасады. Университет қабырғасындағы әрбір қызға ұстаздықпен қатар болашақ анасың деген рухани тәрбие беріледі. Оқу орнында «Айгөлек», «Томирис» сынды би ансамбльдері бар. Мен ол оқу орнын басқарған 10-шы ректор болған екенмін. Университеттің 70 жылдығын атап өттік. Біз «бір қызды тәрбиелеп шығарсақ, бүкіл бір қауымға тәрбие бердік» деген ұстанымда білім бердік. Қыздардың тәрбиесіне арналған дөңгелек үстелдер, кездесулер жиі ұйымдастырылады. Қыздарымыз біліммен қатар рухани құндылықтарды да бойына сіңіріп шығады.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мақпал Махаметқызы