Өткен жылы ауыл тұрғындары тікелей сайлаған әкімдер өз жұмысын қалай атқарып жатыр? Әкім болғандар халыққа жақын ба?
Бұл жолы ауыл тұрғындарын мазалаған сұрақтарға Алматы облысы Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылының әкімі Олжас Тақабаев жауап берді.
Марат Мамытқұлов, зейнеткер:
Ұзынбұлақ ауылындағы ең ұзын көшенің бірі – Б.Жақсылықұлы көшесі. 6 отбасының үйі осы көшеде орналасқан. Бірақ арадағы үйлер бұзылып, ауылдан бөлініп қалған. Сол себепті біздің жақта не жарық, не жол жоқ. Мұнда зейнет жасындағы қариялар мен мектепте оқитын балалар тұрады. Немерелеріміз үшін алаңдаймыз. Сабақтан кеш қайтқанда алдынан күтіп алуға мәжбүрміз. Қыста қар қалың түсіп, көлік те жүре алмайды. Бізді толғандырған мәселе әкімнің күн тәртібінде бар ма екен?
Әкімнің жауабы:
Б.Жақсылықұлы көшесіндегі 6 үйге дейін асфальт пен жарық түсіру мәселесі бұрыннан менің ойымда жүр. Ол жақта қазыналы қарттарымыздың тұратынын білемін. Жол салу бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайын. Жыл енді басталды. Алдағы уақытта бюджеттен қаржының бөлінуін күтіп отырмыз. Қаржы бөліне салысымен, сіздің үйіңізге дейін асфальт төсеу жұмысын бастаймыз. Жол мәселесі шешілгеннен кейін барып, біз жарық тартуға өтініш береміз. Өйткені заң бойынша ең алдымен жол салынуы керек. Одан кейін барып, жарық жүргізуге болады.
Күмісбала Жусанбекова, зейнеткер:
Мен осы ауылда 40 жылдан бері тұрып келемін. Кезінде тау бөктерінде тоспа болатын. Ауыл жұрты судан таршылық көрген емес. Жыл сайын көкөніс пен жеміс-жидегімізді егуші едік. Соңғы он жылда тоспаны су алып кеткелі қайта жөндеу көрмеді. Ауылымыздың «Ұзынбұлақ» аталуы да бекер емес. Шарын өзеніне дейін жететін мөп-мөлдір тау суы бар. Ол да жылдан-жылға тарылып бара жатыр. Су жоқ болғандықтан, жыл сайын егетін көкөнісімізді өсіре алмай отырмыз. Бұрынғы әкімдер тоспаны «әне жасаймыз, міне, жасаймыз» деп аяқсыз қалдырды. Биыл тоспа жасала ма? Ауыл халқы су зардабынан қашан құтылар екен?
Әкімнің жауабы:
Ауылдағы су мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Бізде жер асты суы мен таудан келетін су бар. Жер асты суы жаңа желіге ауыстырылғаннан кейін көп отбасы суды үйіне дейін кіргізіп алды. Енді таудан келетін суды тоспа жасап, ауыл шаруашылығына пайдалану жоспарда бар. Бірақ заң бойынша ауылда тоспа жасау үшін суармалы жер мың гектардан асуы керек екен. Ал біздің ауылдағы суармалы жердің үлесі 200 гектардан ғана асады. Осыдан екі жыл бұрын біз тоспаның жобасын сызып, қаржының бөлінуін күткен едік. Енді ол жобаның мерзімі өтіп кетті. Сондықтан алдағы уақытта осы мәселені қайта көтеріп, тоспаны қалпына келтіру жұмысын тиісті органдарға қайта ұсынып көреміз.
Берік Байбалаев, мұғалім:
Біздің ауылға жастар тұрақтамайды. Мамандығы бар жастардың өзі жұмыссыз. Жастарды жұмысқа тарту мақсатында шаштараз, сән салоны, наубайхана, тіпті техника жөндейтін орталық ашсақ. Осы жұмыстарды үйінде тындырып отырған жастар бар. Оларға жұмыс орнын ашып беріп, ауыл тіршілігіне араласуға неге мүмкіндік бермеске? Мәселен, шаштараз үшін 50 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына барамыз. Ауыл жастарының жағдайын жақсартуға қандай шаралар қолға алынбақ?
Әкімнің жауабы:
Біздің ауылдан «Бастау» бағдарламасы бойынша өз жобасын қорғап мемлекеттен қаржылай грант алған 4 жас бар. Алдағы уақытта олардың қатарын көбейтіп, заманауи бизнес жоба бойынша оқытуға жұмылдырып жатырмыз. Шынында да, шаштараз, техника жөндеу сынды жұмыстарды үйінде атқарып отырған жастар бар. Бірақ оларға жұмыс орнын ашып, сол жерге отырғызып қою тиімсіз. Өйткені ауылда халық саны аз, сондықтан сұраныс та аз. Қазір мен ауыл жастарына ауыл шаруашылығынан бөлек, тиімді бизнес жобаларға баруын түсіндірудемін. Сонымен қатар ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану бойынша да біраз жұмыстар атқарылды. Мысалы, ауыл жастарынан арнайы чат құрылып, әр жылы мектеп бітірген түлектер арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылуда. Ауылдан түлеп ұшқан жастардың 20 жылдық кездесуі аясында өз туған ауылына игі іс жасау да дәстүрге айналды.
Дайындаған Мақпал Махаметқызы
P.S.
Өз әкіміңізге сауал жолдағыңыз келсе, газет редакциясына хабарласыңыз.
Телефон: 8 (727) 272-43-39; 8 (727) 272-43-25
WhatsApp: 8 747-887-13-44
E-mail: jasqazaq2019@mail.ru