«Аурудан ақша сауу» – 2

07 тамыз 2020, 9:48

Денсаулығына қатты мән беретін бір танысым бар. Былтырдан бері тықақтап мазамды алды. Аман-сәлемі «емханаға тіркелдің бе» деуден басталады. «Жоқ» десең, жатып кеп ұрсады. «Бұл өзің үшін керек, алда-жалда сырқаттана қалсаң, қайда барасың? Мемлекет сол үшін ақша бөледі ғой» деп. Ақша деген соң құлағың елең етіп «не үшін» деп сұрайсың ғой. «Емханада тіркелген әр адамға қаржы төленеді, сондықтан да олар сені тегін емдеуге міндетті!» деп түсіндіреді әлгі таныс.

Мұны бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та айтқан. Тура бір жыл бұрын емханаға сырттай тіркейтінін тілге тиек еткен-ді. Басқаны былай қойғанда, тіпті еліміздің бас дәрігерінің өзін басқа облыста тіркеп жібергенін өз аузынан естігенбіз. Әлгі танысым айтқандай, әр адамның тіркелгені туралы салалық министрлікке ақпар келіп түседі де, сол бойынша жан басына қаржы бөлінеді.

Емханаға электронды түрде тіркелу жағы да өткен жылы қолға алынды. Медицина мекемесіне электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы тіркелу жалған есептің жолын кесуі тиіс еді. Бірақ бұл да кедергі болмаған сияқты. Биыл «аурудан ақша сауудың» әккі амалы мүлде басқаша қырынан көрінді.

МӘСҚ (Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры) медициналық мекемемен келісім негізінде тұрғындарға тегін дәрігерлік қызмет көрсеткені үшін төлем жасайды. Биылғы жарты жылдың ішінде амбулаториялық-емханалық көмек есебінде ақпарат жүйесінде көрсетілген, ал шын мәнінде көрсетілмеген (!) 11 607 қызмет анықталды. Жалған қызмет үшін 75 415 970 теңге төленген. МӘСҚ баспасөз қызметі таратқан хабарламада өтірік емдегені үшін ақша алған мекемелер медициналық қызмет құнының 300 пайызын құрайтын айыппұл төлейтіні жария етілді (кімде-кім өзіне қатысты осындай жалған мәліметті анықтаса, 1406 нөміріне немесе Qoldau 24/7/ мобильдік қосымшасына хабарлай алады).

Қазір әлеуметтік желіде Damumed мобильді қосымшасынан өздері жайлы қызық мағлұмат тапқандардың жазбасы көбейді. Бір бойжеткен өткен жылдан бері аяғы ауыр екенін білсе, енді бірі түнгі бір жарымда дәрігерге жазылғанын көріп таң қалған. Тізе берсе, көп. Медициналық қызметті бір арнаға тоғыстырған осы жүйе арқылы дәрігердің қабылдауына жазылу, жедел жәрдем шақыру сияқты қызметке қол жеткізуге болады. Уақыт үнемдеу жағынан қолайлы екеніне сөз жоқ. Дегенмен бұл қосымшада еліміздегі барлық емханалар қамтылмаған. Сондықтан кез келген тұрғын оны пайдалана алмайды. Әлі де олқылықтары бар екенін жұрттың жазбасы да растайды. Бірақ әңгіме ол туралы емес. Әрі-беріден соң ол қосымшаны жаппай пайдалану да міндетті емес. Қазіргі әңгіме жоғарыда айтылған шатақтың дәл осы қосымшадан көрінуінде болып отыр.

Damumed-ті іске қосқандар өз уәжін алға тартады. «Даму» ақпараттық технологиялар орталығы» компаниясының бас директоры Наталья Киль былай дейді: «Біз қадағалау органы немесе денсаулық сақтау басқармасы емеспіз. Біз шынайы ақпаратты көруге, заң бұзушылықты анықтауға мүмкіндік бердік. Цифрландырудың да басты мақсаты – осы». Олар келіп түскен шағымның бәрін денсаулық сақтау министрлігіне жөнелтуге дайын.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың осы оқиғаға қатысты мәлімдемесі мынадай: «Қазір заң тұрғысынан сараптама жасалуда. Дәрігерлер мен емхана басшыларына қатысты жазаны қатаңдату жағын қарастырамыз. Бұл – өрескел заң бұзушылық. Мұндай қателіктер адам өміріне, денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін».

Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко да Damumed жүйесіндегі жалған дерекке қатысты өз пікірін білдірді. Ол: «МӘСҚ емханалардың қызметін қадағаламайды. Бұрын денсаулық сақтау министрлігінің тауар сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті мұны қатаң қадағалайтын. Қазір МӘСҚ-да қызметкер саны көбейді. Басшысы денсаулық сақтау министріне қарағанда екі есе жоғары айлық алады. Ал бақылауды ұйымдастыруға құлқы жоқ», – дейді.
Осы мәселе бойынша ши шыққанда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Damumed-тегі жалған мәліметке қатысты тексеру жүргізілетіні жөнінде уәде берді. Тексеруді аяғына дейін жеткізеді деп үміттенеміз. Ақ-қарасы сол кезде белгілі болады.

Гүлнар Ахметова

Бет қатталып жатқанда:

Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешов осы мәселеге қатысты деректерді тексеруді өз бақылауына алды.

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?