Айырқалпақты ағайынның «Айылдан келген апа» деп аталатын картинасы бар. Екі-үш жыл бұрын түсірілген. Бір жарым сағаттық фильм әзілге құрылғанмен, шынайы өмірден алынған. Көркем картина ауылдан келген кейуананың Бішкектегі қызыққа толы бір апталық өмірі туралы. Апа ауылдан ұлы мен қызына келеді. Олар пәтер жалдап тұратын. Үйдің иесі қытымыр. «Қонақ келмесін» деп шарт қойған. «Айылдан келген апа» қожайынға пысқыра ма, пәтер иесінің мазасын алады. Ауылдағы аңқылдаған мінезбен әбден ығырын шығарған соң, кейуанадан құтылғысы келген үй иесі тәртіп сақшыға арызданады. Құлқынын көк қағаз тескен сақшы өз қолынан «заң» шығарып, «Бішкекте тіркеусіз бір ай тұруға болмайды» – деп «Айылдан келген апаны» түн ортасында пәтерден қуып шығарады. Сонда әлгі апаның «Бішкегің құрысын. Енді айылымнан келмеймін» – деп жылайтын жері бар. Жүректі елжірететін көрініс.
Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс депутаты:
«Жалпы, ел азаматтарына ІІМ 10 күнді ұсынып, кейіннен тіркеуге тұру қажеттігін ескерген еді. Бірақ та түрлі жағдайлардың болуын қарастыра отырып, яғни қонаққа, не жұмысы барысымен барған жағдайда 10 күн уақыт жетпеуі мүмкін. Осы ретте бұл мерзімді 30 күнге дейін арттыруды ұсынып отырмыз»
Осы аптада Мәжіліс депутаттары Алматы мен Астана сияқты қалаларда тіркеусіз 30 күнге дейін тұруға мүмкіндік беретін заң жобасын ұсынды. Сол сәтте менің ойыма бірден Алатаудың арғы жағындағы киіз-туырлықты қырғыздар түсірген фильм түсті. Алайда біздің көксегеніміз қауіпсіздік мәселесі.
Сонымен, мұндай заң жобасын кім ұсынды? Жауабын іздедік. Таптық.
Апта басында Сенатта үлкен отырыс өтті. Онда елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қаралады. Заң жобасын депутаттар мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің кездесуінде Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев мәлім етті.
М.Әшімбаев «Жалпы, ел азаматтарына ІІМ 10 күнді ұсынып, кейіннен тіркеуге тұру қажеттігін ескерген еді. Бірақ та түрлі жағдайлардың болуын қарастыра отырып, яғни қонаққа, не жұмыс барысымен барған жағдайда 10 күн уақыт жетпеуі мүмкін. Осы ретте бұл мерзімді 30 күнге дейін арттыруды ұсынып отырмыз. Егер де қалаға келген азамат жұмыс бабымен, туыстарына сапарлап келсе, басқа қалада тіркеусіз жүруіне 30 күнге дейін ғана мерзім берілуі тиіс. Осыдан кейін тіркеуге тұру қажет. Ішкі істер министрлігінің ұсынысы бойынша, егер ол азамат тіркелмесе, оның өзі де, сондай-ақ пәтердің иесі де жауапты болады. Яғни барлық пәтер иелерін туысқандары келген жағдайда тіркеуге тұрғызу міндеттелген болатын. Егер де тіркеу жасалмаса, онда айыппұл қарастырылады» – деп түсіндіреді.
Мұндай талап – экстремизим мен терроризмге қарсы күрес идеясынан туғаны анық. Ақтөбе, Алматыда болған оқиғаны еске алсақ, депутатпен келісуге тура келеді. Бірақ қазақтың қонақжай халық екенін де ескеру керек. Оны өткен жолы Сенат депутаттары Бірғаным Әйтімова мен Ахмет Мұрадов та айтты.
Алайда ішкі істер вице-министрі Рашид Жақыпов жаңашылдыққа қатысты мынадай жауап берді. Ол «Бұл жерде біз «прописка» туралы айтып отырған жоқпыз. Қазір «уақытша тіркеу» деген қызмет бар. Заңға сәйкес, үй иесі он күннің ішінде ол адамдарды «уақытша тұрушы» ретінде тіркеуге қойса болды. Артынан ол үйде қанша тұрса да, өз еркі. Ал адамды уақытша тіркеу үшін көп құжаттың қажеті жоқ. Жеке куәлік болса болды. Біз ел қауіпсізігі мақсатында адамдардың көші-қонын бақылауда ұстауымыз қажет. Осыны дұрыс түсініңіздер», – деді. Әліптің артын бағып, мәселенің түп-төркінін түсінгеніміз де дұрыс болар. Себебі қауіпсіздік мәселесі ескерілген жерде, бейбіт өмір, таныштық болатыны анық.
Жарас Кемелжан