Әуезге әуес еткен ұстазым

08 тамыз 2023, 11:53

Ұлағатты ұстаз Әуесбай Бақбергенұлы немересі Ажарлыммен

Мектеп оқушыларын музыкаға баулуда, оларға эстетикалық біліммен ұштасқан тәрбие беруде әуез пәні мұғалімінің орны қашан да бөлек. Музыка маманы шәкіртін ән-әуенге талғампаз ету жолында бар күш-жігерін сарп етеді. Сөйтіп, жеткіншектің ой-санасын рухани мол қазынамен байытып, музыканы ілім ретінде ғана емес, өміріне қажетті өнер ретінде де танытады. Дүниетанымы ақ қағаздай әппақ, бұлақ суындай мөлдір, пәк білімпазға музыка әліппесін үйреткен алғашқы ұстазы бәрінен қымбат. Менің сондай алғашқы ұстазым, тылсымы мол музыка әлеміне құмарымды оятып, құштарлығымды арттырған Әуесбай Бақбергенұлы болатын.

Аты аңыз Жамбыл мектебі

1971 жылдың 1 қыркүйегінде ата-анам жетектеп, үйіміздің жанындағы орыс тілінде оқытатын №38 мектепке берді. Ол тұста қаладағы №2-ші ықшам ауданда тұрамыз. Орысша оқығанымның кері әсері бірден біліне бастады білем, әке-шешем тілім шұбарлана бастағанын бірден байқап, бастарын шайқап, шұғыл шешім қабылдады. Сөйтті де мені 2-ші сыныптың орта шенінен бастап, қаладағы әйгілі №5 Жамбыл мектебіне ауыстырды. Әйгілі болатындай бұл мектептің өзіндік тарихы тым тереңде, әрі алаштың елтұтқа тұлғаларының біразы осы қара шаңырақта білім нәрінен сусындаған. Жыр алыбы Жамбыл атын иемденген байырғы оқу орны сонау 1934 жылы ашылды. Сол жылдары бұл орта білім ордасы қаладағы алғашқы және жалғыз қазақ мектебі болған екен.

Жамбыл мектебінде «қазақтың Шерағасы» атанған алаштың ардақтысы Шерхан Мұртаза оқығаны белгілі. Бұл жерде оларға академик ғалым Мұхаметжан Қаратаев сабақ берген екен. Ол туралы Шерағаң өзінің «Ай мен Айша» романында да жазады. Әңгіме әуелі Айсұлу апай туралы болады:
«Міне, осы апайымыз бір күні класқа бөтен кісіні ертіп келді. Қоладан құйылғандай шомбал денелі, түр-түсі тотыққан, дидары мейлінше пейілді, көзқарасы ибалы, жұмсақ кісі екен. Класқа кіргенде басындағы жасыл-көк қалпағын алып еді, толқын-толқын қара шашы көрінді.

– Ал, балалар, – деді Айсұлу апай, – бүгіннен бастап сендерге әдебиет сабағын мына ағайларың – Мұхаң, Мұхамеджан Қаратаев жүргізеді. Келген кісі басын иді. Қолындағы көк қалпағын қайда ілерін білмей, ары-бері қарады да, терезенің алдына қоя салды», дейді жазушы. Сонымен күндер өте береді. Өз естелігінде Шерхан Мұртаза «кластың есігін жартылай ашып, жылмиып сығалап жүрген» біреу туралы жазады. Ол Мұхамеджан Қаратаевты аңдып жүрген жансыз екен. Ол бала Шерханнан «Шәкәрім, Мағжан туралы айтпады ма?», деп сұрайды. Әлгі тыңшының аты Жора екен. «Тағы да бір көктем еді. Кластың есігін біреу ептеп тықылдатты. Ағай: «да», – деп айтып үлгергенше, баяғы сол алтын тісті, жылмақай Жора босағада тұрып, ағайды ымдап шақырды. Табалдырықта бірдеңе-бірдеңе деп сөйлесті. Ағай қайта оралып, журналды ала беріп еді, қолынан түсіп кетті. Еденнен еңкейіп қайта алды.
– Ал, балалар, сау болыңдар… Есікке қарай беттегенде, аяғы кібіртіктеп, қайта бұрылып:
– Мені біреу жамандаса сенбеңдер, – деді. Ішім бір пәлені сезді. Ал балалар аң-таң, бәрі аңқиды да қалды. Тек Ертай ғана гүрілдеп, сойдақ тістері ақсиып:
– Халық жауы, – деді.
– Оттама! – деді Ақтай. Кішкентай болса да, дәуден қорықпайды.
– Қайдағыны айтады екен осы да, – деп Гүлнәр бұртиды.
«Халық жауы». Қандай қаһар соққан зәрлі сөз. Ертай сонда маған қарап айтқан сияқты көрінді. Ертайдан қорқатын болдым. Түсіме кірмесе неғылсын. Терезенің алдында көк қалпақ қалып қойды. Мен көк қалпақты ала салып, әлгілердің артынан жүгірдім. Көшеге шығып қалған екен. Ағайдың екі қолы кісендеулі. Өзі кие алмайды. Өкшемді көтеріп, басына кигіздім.
– Рахмет, қарағым, – деді ағай.
– Менің күнімді сендерге бермесін. Жора маған жыланша жиырылып:
– Жолама. Кет! – деді.
Тағдыр екен, арада алты жыл өткен соң мен Мұхамеджан Қаратаевпен Алматыда жолықтым», — дейді Шерхан Мұртаза. Жазушының естелігінен шағын оқиғалар арқылы берілген сол кездегі шындықты көруге болады. «Халық жауы» деген сұмдық сөз балалардың санасына дейін сіңіп кеткені, қазақтың соңына қазақтың шам алып түскені сияқты шер жатыр. Бұл оқиға Шерхан Мұртаза Жамбыл қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектептің интернатында оқып жүргенінде болған екен. Кейбір деректе Мұхамеджан Қаратаевтың осы білім ошағында сабақ бергені айтылады ( egemen.kz, «Екі естелік», 24.02.2022 ж.).
Белгілі әдебиет зерттеушісі, саяси жағдайлармен Әулиеатада еңбек етуге мәжбүр болған алаштың арысы Мұхамеджан Қаратаев кезінде Жамбыл мектебінде ұстаз болғаны қазақ тарихындағы құнды дерек деп ойлаймын. Талай зиялының балалығы өткен білім шаңырағында мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов та кезінде оқушы болған екен. Әрненің бағасын уақыты өте ұғына түсесің ғой. Алаштың зиялылары бірі әріп танып, бірі әріп танытқан мектепте оқығаным кеудеме мақтаныш сезімін ұялатады. Жамбыл мектебінің түлегі болғаным мен үшін зор мәртебе деп білемін.

Ұстазы баянист, шәкірті аккордеонист

Жамбыл атындағы білім ордасында әуездің әліппесін Әуесбай ағайымыз үйретіп, өнердің құдыретін сезіндірді. Ол кезде ағай Өскеменнен педагогика институтының музфагын жаңадан бітіріп келген жас маман кезі. Туған жеріне орала сала еңбек жолын 1973 жылы Жамбыл мектебінен бастаған ұстаз осында 1978 жылға дейін қызмет етіпті. Бидай өңді, қимылы ширақ, сөзі нық, сабақтары әсерлі, қызық өтетін музыка мұғалімі салған жерден оқушылар жүрегіне жол тапты.

Әуес ағай мектепке келе сала оқушылардан құралған хор құрды. Ән салуға қабілеті бар балаларды іріктеп, топ жұмысына қызу кірісті. Әуезге бейімі бар өрендер ішінен мені де жазбай танып, хор алдында негізгі дауыста ән айтқызды. Өзі фортепианода, баянда, домбырада құйқылжыта сүйемелдейді екен. Түрлі әнді бірнеше дауыста нақышына келтіре орындап біз тұрамыз. Балалармен жұмыс істеудің оңайы жоқ. Талапшыл ұстазымыздың бір тынбай, табандылықпен тер төгуінің арқасында талабы таудай талай жеткіншек өнер әлеміне ынтызар болды. Солардың арасында өзім де бармын. Сиқырлы саз әлемі өзіне еліттіріп, музыка мектебіне баруыма себеп болды.

Әдетте баласының бейімін байқап қалған ата-анасы перзентінің белгілі бір үйірмеге баруына ықпал етіп жатады ғой. Бұл жолы бірақ әке-шешемді музыка мектебіне апаруға бірінші болып өзім қолқаладым. Олар да саз аспабын үйренгім келетін қалауымды бірден құптады. Сөйтіп, мен қаладағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің табалдырығын аттап, аккордеон сыныбына жазылдым. «Ұстазым баянист, шәкіртіңіз аккордеонист» деп реті келгенде Әуес ағайдың өзіне де еркелеп айтқанымда риза болып еді.
Уақыт ағымын ұстай алатын ешкім жоқ қой. Тасыған өзен секілді бой берместей, өз арнасымен ағып жатады. Ел ардақтылары оқыған қастерлі қара шаңырақ – Жамбыл мектебімен қатарласа музыка мектебін де бітіріп шықтым. Шәкірт оқытып, ағарту ісімен айналысу бала кезден бергі арманым болатын. Арманымды жүзеге асыру үшін Жамбылдағы педагогика институтында оқып, өзім де ұстаз атандым.

Мектепке мұғалім болып барғанымда Әуес ағайыма еліктеп мен де бастауыш сыныптағы 100 оқушының басын қосып, хор құрдым. Қасымдағы сыныптас мұғалім қыздар маған көмекші болды. Сөйтіп жүріп, тыңғылықты даярлықтықтың нәтижесінде оқушылардың өнер ұжымы қалалық, облыстық деңгейдегі түрлі байқауда жеңімпаз атанды. Осындайда арман болған ұстаздық жолға түскен маған жамбылдық ақын Абдрахман Асылбек ағамыздың өлең жолы ойға оралады:

Ұстазым, арманымның белесі едің,
Көк сүйген тауларымның төбесі едің.
Алдыңда ақыл кені ақтарылып,
Дария даналармен теңесемін.

Расында да арманымның белесі болған ұстаздықтың ұлағатына бүгінге дейін 37 жылға жуық ғұмырымды арнап келе жатырмын. Мұғалімдік миссиямның аясында 3 бірдей мектептің директоры бола жүріп, халық ағарту ісіне шама-шарқымша үлесімді қосып келемін.

Ағайдың алғашқы буын шәкіртімін

Өзімді ағайдың алғашқы буын шәкіртімін деп есептеймін. Өйткені, Әуесбек ағай еңбек жолын Жамбыл мектебінде жаңадан бастағанда оқушысы болғанымды айттым. 47 жылдық ұстаздық жолында ағай бірнеше буынның шәкіртін тәрбиеледі. Мектептерде басшы болғанымда «Әуес ұстаздан тәлім алдық» деген көптеген студент менің алдыма педагогикалық тәжірибеден өтуге келді. Осылайша ағайдың алғашқы буын шәкірті ретінде ол кісінің кейінгі толқын шәкірттеріне мұғалімдік жұмыстың қыр-сырын үйретіп, тәлімгер болдым. Яғни, ұстазымның шәкірттері мектепке келіп, ендігіде маған да шәкірт болды.
Педагогика ісіндегі жарқын жылдарымның бірі – Тараздағы №51 Нарғозы Данаев мектебінде 16 жылға жуық басшы болуым деп есептеймін. 2022 жылы бұл мектепке Үкімет қаулысымен айтулы ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы Нарғозы Данаевтың есімі берілді. Бір қызықты дерек айтайын, осы білім ошағында аққұба өңді, әдеміше реңді білікті ұстаз Рабиға Сақыпқызы бастауыш сынып мұғалімі боп ұзақ жылдар еңбек етті. Сұраса келе Рабиға әпкейдің Әуесбай ұстазымның асыл жары, Құдай қосқан қымбат қосағы екенін білдім. Ұстазымның жұбайымен әріптес бола жүріп ол кісінің өз ісінің жоғары кәсіби маманы ретіндегі шеберлігіне тәнті болдық. Орта білім саласына қосқан қомақты үлесі үшін Рабиға әпкей ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталды.

Ұстазым ұзатқан күн

…Өткенге ой жібере қарасам, өмір-өзен ағысы өз арнасымен ілгері жылжып, менің өзімді де талай белестен өткізген екен. Өз басым бұл күндері тәтті естелікке айналған балалық, жастық шақ, оқушылық, студенттік, қызметтегі кезеңдерімнен бөлек, ғұмырдариямдағы айтулы оқиғаны сағына еске аламын. Ол оқиға – алаштың аймаңдай азаматы, айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиев маған құда түсіп, ұзату тойым болған күн.

Бұл 1990 жылдың 21-ші сәуірі болатын. Ия, табиғи талантымен талайдың жүрек қылын шертіп, сөз әлемінің сардары атанған Әулиета өңірінің біртуар перзенті, алты алаштың мұңын жоқтаған адуынды ақынымыз Әзімбек Жанқұлиевтің өзі. Көңілім алабұртып, жүрегім атқақтап, жаңбыр тамшысының тырсылындай тырс-тырс еткен сәттер күні бүгінгідей көз алдымда. Қобалжып, әрі-сәрі күйге түскен қалыңдықтың сезім пернесін кенет өзіне таныс баян аспабының үні шаттыққа бөледі. Жалт қарасам, өзімнің Әуесбай ұстаз ағайым жүзі жарқырап кіріп келіп, беташар жырына кірісіп жатыр екен. Ағайымды көріп, мен де бірден жадырай бердім. Көңілім орныма түсіп, бойымда әлдебір батылдық пайда болды. Бетімді ашып, ұзату тойымда асабалық еткен ағайымды баяғыда мектепте оқушы кезімде көрсем, енді міне, ұзатылған қыздың күйінде өзімнің жақыным келгендей, қатты қуандым.
Қазақтың қадірлі азаматы Әзімбек Жанқұлиевпен үйлену қуанышымызға Әуес ағайымның ортақтасқаны бүгінде отбасылық тарихымның ғибратты ғұмырдерегіне айналды. Содан бері жылыстап жылдар өтсе де Әзекеңмен отауласқан уақытым өмірімнің ең бір жарқын кездерім болғанын қайда жүрсем де айтып жүрем. Өзекті өртесе де амал нешік?! Өмір сағаты ерте тоқтаған асыл жарымның артында қалған мол жыр мұрасы ғана дәтке қуат, көңілге медеу екен. Әзімбек – елдің ұлы болды. Айтыстан алған барлық жүлдесін сол аймақтағы жағдайы төмен отбасыларға көмек ретінде таратып беруші еді. Барлық өлеңін жатқа білемін. Себебі, түн ортасында ол ұйықтамай жыр жазып, мені де оятып оқып беріп, ақылдасатын. Ол маған жақсы жар, балаларына ардақты әке бола білді.

…Өмірдің көш керуені ары қарай жылжиды, ұрпақ алмасып, тіршіліктің тіні үзілмейді. Бүгінде Тараздағы мен басқаратын №48 Тұрар Рысқұлов мектебі 1989 жылы ашылған. Биыл осы мектеп өз қабырғасынан 33-ші рет түлектерін ұшырды. Үлкен өмір жолына қанат қаққан жас білімгерлердің жанарындағы отты көргенде Әзімбек Жанқұлиевтың түлектерге арнаған өлеңі көкірегімде кенет сайрай берді:

Көгершіндей отырған дүр еткелі,
Сәт сапар!
Тәуелсіз ел түлектері,
Алдарыңда сендердің әлі талай,
Асу бермес өмірдің тұр өткелі.
Алдарыңда өмір тұр жаңа арналы,
Соқпақтар тұр тұс-тұсқа
таралғалы.
Жанарлары жәудіреп тосып отыр,
Көк байрақты еліңнің көп арманы…

P.S. Жаңа өмірдің есігін ашқан түлектерге ең бастысы, ендігі ғұмыр белестерінде Әуесбек ағайдай жақсы ұстаздар көптеп кездесе берсін деп тіледім іштей тебіреніп.

Бақыт САПАРАЛИЕВА,
№48 Тұрар Рысқұлов орта мектебінің директоры,
(Тараз қ-сы).

Бүгін, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
Бүгін, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады