jasqazaq.kz

Атырауда оқушы газет оқи бастады

05 ақпан 2021, 21:30

Газеттен гаджет озған дәуірде Атыраудағы бір редакция мақсатты аудиторияға баспасөзді оқытудың амалын тауыпты. Оқушы түгілі, ересек адамның өзі газет оқудан қалғалы қашан?! Мектептегі алғашқы сабақтың газет материалдарына шолу жасаудан басталуы, шынында да, ұрпақ тәрбиесіндегі игі іс болып отыр.

Атырау облысына қарасты Индер ауданының «Дендер» газеті мектеп оқушыларымен тікелей байланыс орнатып жатыр. Индерде мектеп оқушылары сабақты күнделікті газетке шолу жасаудан бастайды. Әзірге, «пилоттық режим» түрінде іске қосылған жоба бастауыш сыныптарды қамтып отыр. Карантин жағдайына байланысты, «Көктем» қазақ орта мектебінде кезекші сыныптарда оқитын балалар газетке шыққан жаңалық пен сұхбатқа, сараптама мен мақалаларға шолу жасайды. Мұғалім қойған сауалға жауап беріп, өз ойларымен бөліседі.
Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин: «Бұл жердегі мақсатымыз – жас буын арасында оқу мәдениетін қалыптастыру. Оқу мәдениетін қалыптастыру және дамыту жөнінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бар. Екінші көздеп отырғанымыз – оқырман санын көбейту. Жастан кәріге дейін телефон мен гаджеттерге үңілген ақпараттық тасқын дәуірінде өмір сүріп жатырмыз десек те, кітап, газет берген терең білім көзін видео каналдар мен сайттардың алмастыра алмайтынын дәлелдегіміз келеді.

Жаңа жоба жас оқырмандардың қызығушылығын оятып жатқанға ұқсайды. Себебі оқушы газет материалдарына сын көзбен қарап, өз ойын ашық айтуға, өзіндік көзқарас қалыптастыруға бейімделіп келеді. Ал мұғалімдер үшін бұл тәсіл баламен арада диалог қалыптастыру үшін маңызды», – дейді.

А2 форматымен шыға бастаған газеттің апталық таралымы бүгінде 3336 данаға жеткен. Әрине, жоба мектеп балаларына арналып отырғаннан кейін, газет мазмұнында да бала психологиясы қабылдай алатын дүниелер болуға тиіс. Газет мазмұны туралы Ж.Амантурлин: «Әзірге, «Бала біздің болашағымыз», «Бәйшешек» атты арнайы беттер айына бір рет беріліп отырады. Негізінен, оқушылар шығармашылығына арналған беттерде балалардың өлеңі, салған суреті жарияланып тұрады. Шығармашылық негізінде байқау да ұйымдастырылады. Алдағы уақытта ағарту бағытындағы дүниелерді де жариялағымыз келеді. Бір қызығы, жобаға ата-аналар да қызығушылық танытып отыр. Болашақта газет «мектеп – оқушы – ата-ана» триадасы байланысына айналып жатса, бұл да мақсаттың орындалғаны», – деп жоба-жоспарын түсіндірді.
«Көктем» қазақ орта мектебінің 5-сынып оқушысы Айдана Жанғалиеваның айтуынша, күнделікті сабақты газетке шолу жасаудан бастау әрі қызықты, әрі оқушылардың сол күнгі сабаққа деген құштарлығын арттырады. Ол «Газетте әртүрлі мақала, сұхбаттар жарияланады. Оны оқып, талдап, бір-бірімізге айтып, мұғалімдеріміздің сұрағына жауап беру өте қызықты болады екен. Оның үстіне, ата-аналарымыз бен ұстаздарымыз «Күнде телефон шұқылағанша, газет оқып тұрыңдар, пайдасы мол» деп айтады», – дейді.

Осы жерде айта кетуге тұрарлық ерекше бір мәселе бар. Ғалымдардың пайымдауынша, кітап оқу, жалпы оқу мәдениетінің қалыптасуы – адамның рухани жетілуіне ғана емес, тән саулығына да керемет пайдасын тигізеді екен. Медицина тілімен айтсақ, оқу – адамның орталық миы арқылы, үздіксіз қозғалыстағы клетканың жасарып отыруына әсер етеді. Ғалымдар кітап оқу, сурет, музыка, жазушылық секілді ақыл-ой еңбегімен шұғылданатын адамдардың жүйке-жүйесінің басқа адамдардан әлдеқайда тез дамитынын және қартайған кезде де жүйке-жүйенің шаршауы, әлсіреуі, орталық мидың қартаюы сияқты аурудың болмайтынын дәлелдеді. Тағы бір назар аударатын жәйт – оқу мәдениеті дамыған елдер жаңалық ашу, әлеуметтік, экономикалық көрсеткіш жағынан да озық тұр. Шағын ауданнан бастау алған ізгі жоба – ақыл-ойы кемел ұлт қалыптастыру жолында жасалған нәтижелі қадам болары анық.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы

18 қараша, 15:39
Түрксіб ауданы Алматының «жасыл-желегі жайқалған қала» мәртебесін нығайтып жатыр: 772 мыңнан астам ағаш егіліп, көшелер көгалданды
18 қараша, 15:30
Алматының Түрксіб ауданы осы маусымдағы ең ауқымды абаттандыру жұмысын аяқтап, тұрғындар таңдаған 32 жобаны жүзеге асырды
14 қараша, 18:02
Жасыл желек пен жарық — Алматыда Торайғыров көшесінде ауқымды жаңарту жұмыстары аяқталды
14 қараша, 17:40
Алматыда мектептің сыйымдылығы 300 оқушыға дейін ұлғайтылады
14 қараша, 17:37
"Таза Қазақстан": Алматыда «Қағаз boom» экологиялық акциясы өтті
12 қараша, 13:39
Алматының Бостандық ауданында жаңа емхананың құрылысы аяқталуға жақын
11 қараша, 11:04
Дархан Сатыбалды: Сәулеттік жарықтандыру қаланы заманауи әрі қауіпсіз етеді
10 қараша, 10:44
Дархан Сатыбалды Алматыдағы жаңа скверді аралады
31 қазан, 19:45
APEC ашық әрі әділ сауда-саттықты қолдауға шақырды