jasqazaq.kz

Атаулы әлеуметтік көмек масылдыққа емес, еңбекке жетелейді

14 шiлде 2025, 22:53

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (МАӘК) — табысы төмен отбасыларды қолдауға бағытталған кешенді жүйе. Бұл көмек тек ақшалай төлеммен шектелмей, азаматтардың еңбек нарығында белсенді болуына, кәсіби бейімделуіне де ықпал етеді. Шымкент қаласында биыл осы бағыттағы атқарылған жұмыстар нәтижесінде оң көрсеткіштер байқалуда.

Биылғы жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша, үшінші мегаполисте мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 38 пайызға азайған. Өткен жылдың осы кезеңінде әлеуметтік көмек алған отбасылар саны 8 810 болса, биыл бұл көрсеткіш 4 649-ға дейін төмендеді. Бұл — 24 396 адам деген сөз (2024 жылы – 45 955 адам). Мұндай оң өзгеріс Шымкентте халықты жұмыспен қамту шараларының жүйелі түрде жүргізілуімен тікелей байланысты.

Жәрдемақыдан жұмыспен қамтуға дейінгі жол

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің негізгі мақсаты — азаматтарды тек материалдық көмекпен ғана қамтамасыз етіп қоймай, оларды еңбекке ынталандыру. Соған сәйкес,  бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, аз қамтамасыз етілген отбасыларға ақшалай қолдау көрсетіп, жұмысқа орналастырылады. Сондай-ақ, қысқа мерзімді оқыту, жастар практикасы, қоғамдық және әлеуметтік жұмыстар, кәсіпкерлікке арналған гранттар мен тұрақты жұмыс орындарына жолдама беріледі.

Көмектің тағы бір түрі — 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған қосымша төлемдер. Биыл 4 212 отбасындағы 8 343 балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (5 898 теңге) ай сайынғы қосымша төлем тағайындалған. Бұл — балалардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

Кедейлік шегі — көмектің өлшемі

Мемелекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға ғана беріледі. 2025 жылдың ІІ тоқсаны үшін бұл шек күнкөріс минимумының 70 пайызы көлемінде бекітілген, яғни 36 252 теңге. Көмек мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен осы кедейлік шегінің айырмасына қарай есептеледі.

Жұмысқа қабілетті — қолдауға мұқтаж емес

Шаһарда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 6 519-ы — еңбекке қабілетті азаматтар. Олардың ішінде 3 122-сі өтініш берген кезде тұрақты жұмысы бар екенін көрсеткен. Бұл санның өзі — азаматтардың мемлекет қолдауымен қатар өз еңбегімен де өмір сапасын жақсартуға тырысатынын дәлелдейді.

Сонымен қатар, 103 азамат нәтижелі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан. Оның ішінде 63 адам тұрақты жұмысқа орналасқан, 26 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған, бір адам жастар практикасына жіберілсе, 2 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына бағытталған.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек — тек қаржылай жәрдем ғана емес, халықтың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды құрал. Қолдау мен талапты үйлестіре білген бұл жүйе жыл санап жетіліп, нақты нәтижесін беруде. 38 пайызға азайған көмек алушылар — азаматтардың еңбек нарығына оралып, өз әлеуетін жүзеге асыра бастауының нақты дәлелі.

Бұдан әрі де мемлекет пен қоғамның күш біріктіруі арқылы әлсіз топтарды қолдаудың тиімді тетіктері дамып, әлеуметтік әділеттілік орнай бермек.

Бибайша Нұржанқызы, 

Шымкент

Сурет: ғаламтор

20 наурыз, 11:24
Қорғаныс қабілеті мықты мемлекет ертеңге сеніммен қарайды
19 наурыз, 12:31
Әскери ынтымақтастық: Қуатты қорғаныс саясатының берік кепілі
18 наурыз, 13:39
«Таза Қазақстан» әркімнің өзінен басталады
18 наурыз, 12:56
Мирас Тоқтарханов: Абай облысында ауыл шаруашылығының барлық бағытына қолдау бар
17 наурыз, 15:22
Мұнай өңдеу: Әлеует пен әрекет үндескенде
17 наурыз, 12:25
Рәтбек Демеуберген: Біздің басты міндетіміз - кез келген жағдайға жедел әрекет ету
16 наурыз, 14:26
Бауыржан Ізмағамбетов: Ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 100 пайызға жетті
15 наурыз, 14:02
Шавкат Рахмонов Қонаев қаласында дауыс берді
15 наурыз, 13:36
Қызылорда: Қазақтың үш ханы дауыс беруге келді