Біздің елімізде қоғамның ортақ мүддесіне сай жұмыс істейтін қоғамдық бірлестік ашқысы келетіндерге еш кедергі жоқ. Оның үстіне өткен жылдың соңында Парламентте мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес, қоғамдық ұйымды тіркеу үшін бастамашыл азаматтардың санын үш есе қысқарғаны тіркеуді тіпті оңайлатты. Заңға сәйкес, енді бұрынғыдай 10 адам емес, 3 адам біріксе, жеткілікті. Бүгінде республикалық, аймақтық және жергілікті болып бөлінетін қоғамдық бірлестіктердің бағыты сан алуан. Солардың ішінде «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі өзгеше бағытымен ерекшеленеді. Jasqazaq.kz порталына бірлестіктің жұмысы туралы белгілі әскери журналист Әбубәкір Смайылов әңгімелеп берді.
Астанадағы Ұлттық патриоттық орталығында бүгін алқалы жиын өтіп, онда «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев еліміздің Қарулы Күштері ардагерлерінің алдында есепті баяндама жасады. Жиынға Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев бастаған аға ұрпақ өкілдері қатысты. Әңгіме жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, тарихи жадыны сақтау, ұрпақтар сабақтастығы тақырыбы аясында өрбіді.
«Atamnyn Amanaty» — Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлердің жерленген орындарын анықтау және олардың есімдерін мәңгі есте қалдыру бойынша мұрағаттық-іздестіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізетін үкіметтік емес ұйым. Қоғамдық бірлестік 2019 жылдың 19 мамырында құрылған. Мұрат Молдағалиевтің айтуынша бес жылдан бері талай сауапты шаруалар атқарылған екен.
Атап айтқанда, «Atamnyn Amanaty» сайты арқылы 9 мыңнан астам іздестіруге өтініштер келіп түскен. 4 мыңға жуық астам қазақстандық майдангердің жерленген орындары мен аты-жөндері анықталған. Ұрыс даласынан табылған 19 жауынгердің сүйегі ҚР Қорғаныс министрлігінің көмегімен туған жерге жеткізіліп, әскери құрметпен жерленген.
Халықаралық ынтымақтастық аясында 70-ден астам келісім-шартқа қол қойылып, оларды қоғамдық бірлестік табысты жүзеге асырып келеді.
«Atamnyn Amanaty» өз жұмысын негізі үш бағыт бойынша жүргізеді. Бірінші бағыт, майдангерлерді әскери құжаттары бойынша архивтерден, түрлі форумдар мен қауымдастықтар арқылы іздестіру. Бұл өзі инемен құдық қазғандай дүние.
Екінші бағыт – майдан даласында тікелей қазба жұмыстарын жүргізу. Бірлестіктің еркітілер тобы жыл сайын Ресейдің Калуга облысында өтетінн «Батыс майданы. Варшава тас жолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясына жыл сайын қатысады. Былтырғы жылы Ақмола облысында жасақталған 387-ші атқыштар дивизиясы соғысқан Ульяновск ауданында ескерткіш-белгі орнатып қайтқан көрінеді.
Үшінші бағыт – ел ішінен туыстарын іздестіру, яғни ТМД ғана емес бүкіл Еуропа мемлекеттерінің аумағында қаншама жерлестеріміз жатыр. Олардың көбі Еуропаны (Сербия, Венгрия, Германия, Польша, Латвия және тағы басақ елдерді) азат ету барысында шейіт болса, енді біразы тұтқынға түсіп, концлагерьлерде қаза тапқандар.
«Қазір біздің қолымызда елден тысқары жерде мәңгілік мекенін тапқан 20 мыңға жуық қазақстандықтың тізімі бар. Соларды облыс-облыс бойынша бөліп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды бастап та кеттік», – дейді қоғамдық бірлестік төрағасы.
Қазіргі таңда біздің «Atamnyn Amanaty» әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Оның ішінде әскери өнердің әліппесімен тереңірек таныстыру мақсатында студенттерді Астана маңындағы әскери бөлімдерге алып бару игі дәстүрге айналған. Жастардың бойында отансүйгіштік рухты сіңіру үшін осындай іс-шаралар ауадай қажет деп есептейді Мұрат Молдағалиев.
Бұдан бөлек, қоғамдық бірлестік ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептерімен де тығыз қарым-қатынас жасап, арнайы жоспар бойынша жұмыс істеп жатыр.Биыл «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» қоғамдық ұйымымен бірге Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С.Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Р.Қошқарбаевтың құрметіне әскери қызметшілер мен әуесқой спортшылар арасында марафон өткізіпті. Енді қыркүйек айының соңында Астанадағы орта арнаулы оқу орындары студенттерінің қатысуымен мини футболдан жарыс ұйымдастыру жоспарланып отыр.
«Осының бәрі өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің қамы, өтйкені оларға кешегі от кешкен ата-бабаларының өмірі үлгі-өнеге болуға тиіс», — деді бізбен сұхбатында қоғамдық бірлестік басшысы.
«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің делегациясы Ресейде өткен «Даңқты Волхов майданының жолымен» атты әскери-тарихи мемориалдық жорығына қатысып қайтты. Жорық Новгород облысы аумағындағы бір кезде қиян-кескі ұрыстар жүрген жерлерді қамтыды.
Аталған шараға «Atamnyn Amanaty» ҚБ Бақылау кеңесінің мүшесі, «ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» қоғамдық ұйым төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов және 1941 жылы Ақмола қаласында жасақталған 310-ы Қызыл Тулы Ленин орденді Новгородтық атқыштар дивизия жауынгерлерінің бүгінгі ұрпақтары қатысты. Дивизияның жартысына жуығы, яғни 40 пайызы қазақтардан құралғанын және олардың Новгород қаласын азат етуде өздерін өшпес даңққа бөлегенін айта кету керек.
«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің делегациясы «Даңқты Волхов майданының жолымен» әскери-тарихи мемориалдық жорығына ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде сақтаулы тұрған 310-шы атқыштар дивизиясының Жауынгерлік туын алып барып, асқақтата алып жүрді.
Аталған алқалы жиында М.Молдағалиев дивизияның Жауынгерлік туын Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне салтанатты түрде қайта табыс етті.
Былтыр «Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» Үкімет қаулысымен бекітілді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы да жақындап қалды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Екінші дүниежүзілік соғыстағы батырлардың ерлігі – бүгінгі және болашақ Отан қорғаушылар үшін шынайы үлгі-өнеге. Еліміздің жылнамасына есімі алтын әріппен жазылған батырларымыз аз емес Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасады деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді», — деген еді.
Ендеше «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі де сол жұмыстарды жүзеге асыруға белсене араласып, ортақ іске өз үлесін қоса бермек.
Әбубәкір Смайылов,
Астана