jasqazaq.kz

Аталар аманаты орындалған күн

29 тамыз, 14:46

Жеті атасына дейін жетік біліп, қан тазалығына қатты мән беретін қазақ халқы үшін кешегі бабалар бастан кешкен тарих деген бос сөз емес. Осы бағытта «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі атқарып жатқан жұмыстың маңызы зор.
Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлерді іздестірумен айналысатын еліміздегі бірден бір ұйым. Бүгінгі күнге дейін қоғамдық бірлестік 4500-ден астам боздақтың есімін анықтап, олар жерленген елдерді нақтылап, артында қалған ұрпақтарына, туған-туыстарына хабарлады. Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен 21 жауынгердің сүйегі туған топыраққа әкелініп, әскери құрметпен қайта жерленді.
Жеңістің 80 жылдығы аясында бірлестік атына майдангер ұрпақтарынан аптасына 80-90 өтініш келіп түсіп жатыр. Іздеуші топтағы еріктілер уақытпен санаспай, күн-түн демей әр сұранысты мұқият зерттеп, нақты жауап беруге тырысады.
Сол өтініштердің бірі – 2025 жылдың ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданынан келген еді. Гүлжахан Ашенова есімді азаматша: «Үш бірдей атам кезінде майданға аттанып, содан оралмапты. Жерленген жерлері де белгісіз. Біздің қолымызда ешқандай мәлімет жоқ, бар үмітіміз сіздерде», – деп хат жолдаған болатын.


Тура Жеңіс күні қарсаңында, 9 мамырда, Гүлжахан Ашеноваға үш атасының да дерегі табылғаны туралы сүйінші хабар жетті! Гүлжахан бізбен сөйлескенде: «Қуанышымызда шек болмады, жүрегіміз ерекше толқыды. Осы жаңалықты жеткізіп, барлық сұрақтарға шынайы жанашырлықпен жауап берген, әрдайым байланыста болған волонтер Фарида Үшкемпіроваға алғысымыз шексіз!»,-деді.
Төменде Г.Ашенованың аталары туралы мәліметтерді беріп отырмыз:
Пернебеков Ашен – туған атасы. 1943 жылы Ленинградты қорғау шайқасында ерлікпен қаза тапқан.
Омаров Сарсенбай – нағашы атасы. 1942 жылы Воронеж түбіндегі ұрыста мерт болған. Құжаттарда есімі қате жазылып, «Омаров Сарбархан» деп көрсетілген екен.
Тансықбаев Тауасар – нағашы әжесінің інісі. Бар болғаны 15 жасында майданға аттанып, 1942 жылы Сталинград шайқасында көз жұмған.
Гүлжахан бөліскен тағы бір ерекше жайт – осы іздеу барысында бұрын-соңды белгісіз болып келген әжесінің де есімі анықталған. «Әкем өмір бойы өз анасының атын білмей өтті. Ал енді біз оның есімін анықтадық – құжат бойынша Рыскүл Жұмабаева екен. Бұл жаңалық – бүкіл әулетіміз үшін үлкен қуаныш болды. Енді ата-әжелеріміздің аттарын жеке-жеке атап, рухтарына құран бағыштап отыратын боламыз»,– деп бізге Гүлжахан толқыған сезімін жеткізді.
Ол өз атынан және бүкіл әулет атынан «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің еріктілеріне шын жүректен алғыс білдіріп, аталардың аманатын арқалаған әр іздеушінің жұмысына сәттілік тіледі.
Бұл – мыңдаған тағдырдың бір үзігі ғана. Ал бізге келіп жатқан әрбір өтініш – бүтін бір әулеттің, тұтас бір елдің жүрекке өшпес таңба салған шежіресі.
Марфуза Сүлейменова,
«Atamnyn Amanaty» ҚБ еріктілер желісінің үйлестірушісі

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда