Jas qazaq газеті мен Chevron компаниясының бірлескен жобасы
Жобаның мақсаты – ерекше жандарды журналистика жанрларын меңгеріп, сауатты жазуға бейімдеу. Қазір журналистикаға құмар жандар компьютерлік сауаттылық, мерзімді баспасөз және тележурналистика бойынша дәрісте тәжірибесін шыңдап, шағын хабар, ақпарат, мақала жазуға, сұхбат алуға төселіп келеді.
Захра Маханова — осы курсқа алғаш қатысқандардың бірі. Бүгінде ол қаламы төселіп, түрлі тақырыпта жазып жүр. Бұл жолы ол ата-анасы туралы эссе ұсынды.
Анам, Раушан – көп сөйлемейтін, әр сөзін салмақтап айтатын, мінезі байсалды, жүрегі мейірімге толы жан еді. Ол айналасына сабырлық пен жылулық сыйлап, біреуге қатты сөз айтпақ түгілі, дауысын көтеруді білмейтін. Қай уақытта да күлімдеп, барлығын жүрегіне сыйдырып, ішкі даналығы мен парасаттылығын үнсіз ғана аңғартып тұратын.
Ата-анам бір-біріне адал, сыйластықтың шынайы үлгісін көрсетіп, елу жылға жуық тату-тәтті ғұмыр кешті. Осы жылдар ішінде олар бізге – сегіз перзентіне (екі ұл, алты қыз) өмір сыйлап, барын беріп өсірді. Әкеміз – отбасының тірегі болса, анамыз – алтын қазық, шаңырақтың шуағы еді. Екеуінің бірін-бірі үнсіз түсініп, сөзсіз қадірлей білуі біз үшін үлкен өнеге болды.
Бізді тәрбиелеп, қатарымыздан кем қылмай, бәрімізге білім алдырды. Кейбіріміз екі-үш жоғары оқу орнын тәмамдап, түрлі мамандық иесі атандық. Бұл – ата-анамыздың маңдай терімен келген ең үлкен жетістігі еді.
Анам әкемнің сөзін екі етпейтін. Ол кісі үшін ер адамның орны қашанда биік еді. «Әкенің рөлі – ерекше, оны құрметтеу – баланың парызы» деген қағиданы біз кішкентай кезімізден санамызға сіңіріп өстік. Біздің үйде әке алдында дауыс көтеру былай тұрсын, тіпті, рұқсатсыз сөз айтуға болмайтын. Әкеміз төрде отырып, анамыз оның жағдайын жасап, әрдайым қадірін арттырып отыратын. Сол себепті бізде ер адамға деген ерекше құрмет қалыптасты.
Анамның сабырлығы мен өмірге деген көзқарасы да өзгеше еді. Көрші әйелдер жиналып, алыс-жақынды әңгімеге арқау етіп, біреуді сырттай талқылап отырғанда, анам күлімсіреп қана тыңдап, артық сөзге араласпайтын. Кейде әлдекім туралы сөз қозғала қалса:
– Е, оны жамандағанда, жақсысын қайдан табасың? – деп бір-ақ қайыратын. Осы бір қарапайым сөзінің өзінде тереңдік пен парасаттылық жататын. Ол ешкімнің кемшілігін термейтін, әр адамды өзінше бағалап, жақсылығын ғана көре білетін жан еді.
Анам бізге ең алдымен тазалық пен тәртіпті, сабыр мен қанағатты үйретті. «Барға қанағат қыл, жоққа салауат айт» дегенін жиі еститінбіз. Ол ешқашан біреуге алақан жаймады, біреудің алдында басын имеді. Өмірдегі кез келген қиындыққа мойымай, бізге де сол қайсарлықты дарыта білді.
Анам жастық шағында талдырмаш, сұңғақ бойлы, қос бұрымды ерекше сұлу ару болған. Үлкен, мейірімді көздері үнемі күлімдеп, жүзі жылылық пен нұрға толы еді. Сырт келбеті ғана емес, мінезі де нәзік, ақжарқын, мейірімді жан болатын.
Ал әкем болса, ұрпағым дені сау, еңселі, көрікті болсын деп, жар таңдауға аса ыждағаттылықпен қараған. Көп іздеп, көп саралап, ақыры анамның сымбатты тұлғасын, сұлу жүзін, инабатты мінезін ұнатып, оны айттырып алған екен. Осылайша, олардың махаббатынан тағдыр тоғысып, берекелі отбасы құрылған.
Анам туралы айтылар әңгіме көп. Оның өнегелі өмірі, әрбір ісі – бір кітапқа жүк болардай. Оның мейірімге толы жүзін, жылы сөзін, қамқор алақанын сағына еске аламын. Жүрегімде оның орны ерекше. Сол үшін де анам жайлы жазғым келеді, естеліктерімді қағазға түсіріп, болашақ ұрпаққа аманат еткім келеді. Өйткені ол – біздің ғана емес, барша аналардың асыл бейнесі, мейірім мен даналықтың символы еді…
Бүгін таңғы намазға тұрар алдын, түсіме әкем кірді. Әкем дүниеден озғалы сегізінші жыл. Анамның қайтқанына 18 жыл. Осы уақыт аралығында бір рет те түсіме кірмепті. Анда-санда түсімде әкемді, анамды көрдім деп жатқандарға «Менің түсіме неге кірмейді?» – деп сұрап, ылғи да ойланып қалатын едім. «Ата анаң саған разы болған соң, мазаламайды» – деуші еді.
Ояндым да, бірден жеке «әкемнің атынан» деп садақа бердім. Ата-анам Шымкент облысы, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысында туған жандар. Биыл әкемнің 100 жылдығы.
Үйдің үлкені Мәдина әпкеме осыдан біраз бұрын айтып, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған ағама малдың ақшасын жіберіп, құран оқытайын деген едім, әпкем құп алған болатын. Түсіме кіргені, әкем менің сол ниетімді сезді ме екен?
Қанша дегенмен пендеміз ғой, үйге шақыру керек кісілерім бар еді. Арасында сол, әкемнің қайтқан күні қонақтарымды шақырып, әрі құран оқытсам қалай болады деп те ойлап жүрген болатынмын. Әкемнің түсіме кіргені, қонақты араластырмай, құран оқыту керек деген аян ба деп қалдым.
Әкем – қалам ұшынан нан жеген, зиялы, парасатты жан болатын. Ұзақ жылдар бойы мектепте мұғалім болып, сансыз шәкірт тәрбиеледі. Бадам стансасындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте, жоғары кластарға алгебра, геометрия пәндерінен сабақ берді. Өзі орта бойлы, ақсары жүзді, көздері терең ойлы, қолдары нәзік, саусақтары тарам-тарам аппақ, қара жұмысқа жоқ, ылғи тап-таза жүретін интеллигент жан болатын. Көзілдірігін киіп алып, газет-журнал оқып, теледидардан жаңалықтарды жібермей көріп отыратын бейнесі көз алдымда. Ол кезде үйге газеттерді пошташы жеткізетін. Пошташы: «Ағай, осы «Ислам» журналын ауылда бір ғана Сіз жаздырыпсыз» – деп газет, журналдармен қосып әкеліп тұратын.
Әкемнің рухани әлемі өте бай еді. Үйде математика пәнінен бөлек, бір десте «Квант П» деген журналдар болатын. «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті» газеттері, «Жұлдыз», «Жалын» журналдарын оқып отыратын. Оның ізденісі тек өз мамандығымен шектелмейтін. Ол тарихқа, әдебиетке, дінге терең бойлайтын адам еді. «Денсаулық» журналынан пайдалы емдік рецептерді мұқият жазып алатын. Ол тапқан әдістерін анама ыждағаттылықпен қолданып, ем-дом жасап жүретін.
Әкемнің тағы бір қасиеті – талғампаздығы. Әкем ешқашан сатып алған киімді бірден кимейтін. Оны өзіне шақ етіп тіктіріп, барлық өлшемін мұқият сәйкестендіріп барып киетін. Ер кісілердің хром етігі бар ғой, сол етіктен ауылда бірінші болып қысқа мәсі тіктіріп киді. Ол аяқ киімдерін ерекше күтіп, майлап, жып-жылтыр етіп сүртіп қоятын. Хром етігі екеу болатын. Екіншісін «Сен де мәсі тіктіріп ал» деп Арыс қаласында тұратын жалғыз інісі Мінуарға берді.
Бір жылдары әкем дәстүрлі жалаң шапанды өзгеше үлгіде, көгілдір сұр түстен тіктіріп киді. Көп ұзамай бүкіл ауылдың шалдары тура сондай жалаң тіктірді. Үйге келгенде ауысып кетеді деп, кейбірі тіпті шешпей отыратын.
Әкемнің аты – Әнуар, фамилиясы – Маханов. Оқушылары неге екенін білмеймін «Махан ағай» дейтін. Бірде бізге Қажымұқан сегіз жылдық мектебінен ауысып келген кластастарым: «Әне, Махан ағай келе жатыр, аяқ киімін қарашы, шынымен тап-таза, жып-жылтыр ма? Жаңбырлы күні де аяғына лай жұқпайды дейді» – деп жатқанын құлағым шалып қалды. Әкемнің тазалыққа деген талабы өте жоғары болатын. Бұл қасиет бізге де берілді, әсіресе ағаларымның аяқ киімге деген ұқыптылығы ерекше.
Мұғалімдіктен кейін, әкем намаз оқып, исламды зерттеп, ізденіп, оқығанын айтып отыратын. Көп оқыған адамның әңгімесі терең болады емес пе? Отырған ортасында сөз көтеріп, әңгіме қыздырып, кез келген сұраққа дәлелімен жауап беретін.
Әкемнің әкесін – менің атамды «Қары баба» дейтінбіз. Ол кісі қари болған екен. Сол себептен болар, әкем де мектептен зейнетке шыққан соң, араб тілін өзінше үйреніп, құран оқуды меңгерді. Бастауыш 1-3 сыныптарға арналған араб тілі оқулықтарын жинап, ауылда осы пәнді мектеп бағдарламасына енгізуге әрекеттенді де. Өкінішке орай, белгісіз себептермен ол пән мектепте ашылмады.
Сол жылдары ауылда үш мешіт болатын. Соның біріне әкем тапсырыспен парталар жасатып, жинаған «Араб тілі» оқулықтарын апарып, дәптер, қаламына дейін алып, жалпы балалар оқу үшін керек жағдайларды жасап, медресе ашылуына қолдау көрсетті.
Әкем «Махан ағай» атанып жүріп, кейін «Ақ ата» атанды.
«Ақ ата» деп бірінші естігенде, кішкене тосылып қалдым. Ауылға таксиде бара жатқанмын. «Кімнің үйіне барасыз?» — деген жүргізуші жас балаға: «Махановтың үйіне» деп жауап бердім. Ол танымайтын болып шықты. Сосын мұғалім болғанын, «Махан ағай» деген есімімен ауылға белгілі екенін айттым. Жүргізуші бала білмей қойды. Көңілім түсіп, жарайды, жас бала ғой, танымайтын шығар деп, қалай жүретінін нұсқап отырып үйге жеттік. Әлгі таксист бала: «Ой, апай, Ақ атаның үйі демейсіз бе, сұрамай-ақ әкелетін едім ғой!» – деп күлді.
Кейін ауыл адамдары әкемді «Ақ ата» деп атайтынын жеңгемнен естідім, барлық үлкен жиындар мен мешіттердің ашылу рәсімі оның қатысуымен өтетінін, ауыл имамдары оны ерекше құрметтеп, арнайы көліктерімен ертіп жүретінін, мешіт ашылса облыстың имамы мен әкем бірге құран оқып, халыққа батасын беретінін. Осындай сәттерде оларға ақ шапан жабу дәстүрге айналған екен. Үйдегі кестеленген ақ шапандардың құпия төркіні осы екен.
Тағы бір айта кететін жай: әкем 80 жасында, 2004 жылы ауылдан бірінші болып қажылыққа барды. Жоғарыда айтып кеткенімдей, ол кісі өзін күтуден бөлек, спортпен де шұғылданып, денсаулығын үнемі жақсы деңгейде ұстайтын еді. Осы дайындықтың арқасында әкем жасына қарамай, қажылыққа баруға толықтай дайын болды. Ол әрдайым өз-өзін күтіп, денсаулығын нығайтып, рухани жағынан да қажылыққа барар алдында ерекше бір дайындықта болды.
Әкемнің қажылық сапары үлкен бір оқиғаға айналды. 80 жасында Меккеге барған қария үшін бұл жол, әрине, өте маңызды және ерекше екенін сезіп отырған боларсыз. Меккеге сапардан бұрын ол көп дайындалды. Исламның шарттарын толық меңгеруге тырысып, қажылықтың әрбір қадамын жақсы білу үшін кітаптар мен журнал беттерін ақтарды. Ол қажылықты тек парыз ретінде емес, өмірінің ең маңызды рухани сапары ретінде қабылдады.
Қажылықта әкем Қағбаның алдында тұрып, өзіне және отбасына арнап дұға еткенін, Алланың үйі алдында болғанын өз өміріндегі ең ерекше сәт деп санап өтті. Қағбаны айналып, іштей тазарып, өзіне тыныштық тапқанын жиі айтып жүрді. Әкем осы қадамының мәні мен мағынасына терең бойлап, өмірінің тек осындай сәттері үшін шүкіршілік етті.
Сонымен қатар, ол Арафат тауына өзі көтерілген. Мина мен Муздалифаға барып, тас лақтырған кезде де әкем өзінің жан дүниесі мен сенімінің қаншалықты терең екенін сезініп, рухани тұрғыдан тазарғанын көпшілікке ертегі сияқты айтып отыратын.
Қажылықтан оралған соң әкем күнделікті өмірінде бұрынғыдан да сабырлы, мейірімді болуға тырысты, дінге деген сенімі одан сайын нығайып, өзіне үлкен рухани тыныштық тапты. Қажылық оған Аллаға деген терең сенім сыйлады. Ол қажылықтан алған рухани сабақтарды өзінің күнделікті өмірінде қолданып, қалған өмірін осы жолда сабырлы түрде өткізді деп айта алам.
Әкемнің қажылыққа баруы тек оның жеке өміріндегі маңызды бір оқиға ғана емес, бүкіл ауыл үшін үлкен бір өнеге болды. Ол 80 жасында қажылыққа барып, барлық амалдарды орындап, өзін рухани тұрғыдан жаңартып, көңіліне түйген үлкен сабыры мен тәлімін көпшілікке ұсына алды. Оның осы сапары кейінгі ұрпақтарға да рухани сабақ боларлықтай ерекше мәнге ие болды.
Әкемді ауылдың қажы-ақсақалы ретінде ғана емес, кеңес беріп, төрелік те айтатын қасиетіне қарай, көбінде мешіт имамдары, не болмаса ауыл адамдары көліктерімен келіп, көпшілік жиындарға алып кететін. Соңғы жылдары ауылға барарда алдын ала телефон шалып, келетінімізді айтып, ескертпесек, әкемді көре алмай қайтатын жағдайлар жиіледі. Қазір сол сәттерді ойласам, ата-анаммен әр кездесудің қадірін тереңірек сезіне түсемін…
Захра Әнуарқызы,
курсқа қатысушы