jasqazaq.kz

Ат шығарудың арзан амалы

17 шiлде 2020, 14:55

Карантин көп адамның «бетпердесін» сыпырып жатыр. Әсіресе, әнші-әртістер жағы оқтын-оқтын қыңыр-қисық мінез көрсетуде. Ұрланып тойға бару, біреудің бетін ашу дегендей. Бұл бергі жағы екен. Күні кеше ғана шоу-бизнесте Кентал атымен белгілі Талғат Кенжеболатов полицияның киімін киіп видео түсіріпті. Әлгі бейнекөріністе әнші «Бәріңе сәлем, достар! Кім күйзеліске ұшыраса, жүрегі ауырса, жұмыста, жанұяда қиындықтар туындаса, біреуді несие қинауы мүмкін. Уайымдамаңыз. Бәріміз бәрібір өлеміз», – дейді. Халықтың сабыры сарқылып, өліммен бетпе-бет келіп жатқан мұндай сын сағатта өлім туралы айту – әзілдесе де, жөні түзу сөз емес.

Сақшының киімін киіп, қисық сөйлеген азаматтың жеке басын анықтаған Алматы полиция департаменті оның әнші Кентал екенін жариялады. Департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада:

«Бұл пост полицияға қарсы халықтың наразылығы мен түсініспеушілігін тудырды. Алматы полициясы бұл видеодағы полиция формасындағы ер адам іс жүзінде ішкі істер органдарының қызметкері емес деп хабарлайды. Т.Кенжеболатовтың іс-әрекетіне қатысты жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша құқықтық баға беріледі» делінген.

Ал Кенталдың өзі шілденің 13-күні полицейлер оны үйінен алып кеткенін, алайда видео осыдан төрт жыл бұрын түсірілгенін айтып ақталыпты. Мейлі, қай кезде түсірілсін, бірақ бейнекөріністің дәл қазіргідей қиын кезде әлемжеліде таралғаны ешкімге ұнамаған. Оның үстіне, полиция формасын киіп, жұртқа үрей туғызатын, халықтың намысына тиетін мұндай видео тарату әнші түгілі, басқа біреу болса да жауапкершілігі бар әрекет екені анық.

Заң бәрімізге ортақ. «Білмей қалдым, байқамай қалдым» деу жауапкершіліктен құтқармайтын, сылтау болмайтын бос уәж екені белгілі. Әсіресе, дәл қазіргі карантин кезінде жұртқа жалған ақпарат беріп немесе халыққа үрей туғызатындар – кім болса да, заң алдында жауап береді. Той-томалақ тоқтап, әнші-асабалар көл-көсір, есепсіз ақшадан қағылғалы бері, талай жүгенсіздік болып жатыр. Көктемде ғана әнші Ернар Айдар ұтыс ойнатып, басы дауға қалып еді. Сол кезде де шоу-бизнестің серісі «байқамай қалдым», «біреулер алдап кетті» деп ақталған болатын.
Эфирге шықпаса басы ауыратын әртістер тыныштыққа үйрене алмай жүргендей. Аракідік хайп жасап, «жер өртемесе де», арзан жолдармен атын шығарып тұрмаса, үйлерінде байыз тауып отыра алар емес. Фонограммасына бірнеше мың доллар ақшасын санап беріп, той-томалақпен әбден «семірткен» сол әншісымақтар енді қазақтың өзіне «секіре» бастағандай. Тіпті кей жерде тоймен тойдырған халықтың өзін кінәлап жүр. Той бизнестің тағы бір жұлдызы «Тойды көп көріп едіңдер, енді соңы өліммен бітіп жатыр» деп қыр көрсетіпті. Өздерін «халықтың адамы», «қазақ өнеріне қызмет етеміз» дейтіндер шындығында қазақ өнерінің алдында қарыздар, халықтан кіші екенін ұмытпаса дейсің.

Жарас КЕМЕЛЖАН

18 қараша, 15:39
Түрксіб ауданы Алматының «жасыл-желегі жайқалған қала» мәртебесін нығайтып жатыр: 772 мыңнан астам ағаш егіліп, көшелер көгалданды
18 қараша, 15:30
Алматының Түрксіб ауданы осы маусымдағы ең ауқымды абаттандыру жұмысын аяқтап, тұрғындар таңдаған 32 жобаны жүзеге асырды
14 қараша, 18:02
Жасыл желек пен жарық — Алматыда Торайғыров көшесінде ауқымды жаңарту жұмыстары аяқталды
14 қараша, 17:40
Алматыда мектептің сыйымдылығы 300 оқушыға дейін ұлғайтылады
14 қараша, 17:37
"Таза Қазақстан": Алматыда «Қағаз boom» экологиялық акциясы өтті
12 қараша, 13:39
Алматының Бостандық ауданында жаңа емхананың құрылысы аяқталуға жақын
11 қараша, 11:04
Дархан Сатыбалды: Сәулеттік жарықтандыру қаланы заманауи әрі қауіпсіз етеді
10 қараша, 10:44
Дархан Сатыбалды Алматыдағы жаңа скверді аралады
31 қазан, 19:45
APEC ашық әрі әділ сауда-саттықты қолдауға шақырды