Асыл тұқым азып барады

18 қыркүйек 2020, 9:13

Соңғы жылдары бүкіл дүниежүзі халқының ауыл шаруашылығы өнімдеріне тәуелділігі артып келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та биылғы Жолдауында осындай ой айтты. Еліміз мал өсіруге де, егін егуге де қолайлы. Алайда неге барды ұқсата алмай отырмыз? Неліктен шетелден ет пен сүт өнімдерін сатып аламыз? Астықтың отаны бола тұра, неге ұн қымбат? Жастар неге ауылда еңбек еткісі келмейді? Осы және өзге де сауалдарды ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Серғалы Мырзақұловқа қойған едік.

Jas qazaq: Бізде «Дипломмен – ауылға» дейтін тәп-тәуір бағдарлама бар. Оқу орнын бітірген жас маман ауылға барғанда жұмыспен, баспанамен қамтылуы тиіс. Бірақ, естуімізше, зоотехник, мал дәрігері, агроном сияқты мамандар осы бағдарламаның игілігін көре алмай жатқан көрінеді. Осы рас па?

С.Мырзақұлов: «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша, ауылға білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және агроөнеркәсіптік кешенінде маман бара алады. Қазіргі күнде агроөнеркәсіптік кешен мамандарына барлық ауылдан сұраныс бола бермейді. Себебі мамандарға қажет болып отырған үлкен шаруашылықтар жоқ десе болады. Сол үшін ауыл шаруашылығы министрлігі барлық шаруашылықты реттеп, қандай және қанша маман керек екендігін анықтап, оқу бітірген мамандарды сол шаруашылықтарға жүктеп, жұмыспен қамтамасыз етіп отыруы қажет. Қазір ауылдағы шағын шаруашылықтар малды асылдандыру және өнімділігін арттыру бойынша мамандарды мүлдем пайдаланбай жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық шағын шаруашылықтарға мамандарды, яғни зоотехник, мал дәрігері, агроном, инженерлерді пайдалануды міндеттеуі керек.

Jas qazaq: Бұрын қойшы, малшы мәртебесі деген болушы еді. Озат шопандар ел-жер аралайтын. Қоңды тұрмысын айтпағанда, құрметке ие болып, атақтан кенде қалмайтын. Қазір малшы болу неге қадірсіз кәсіпке айналды?

С.Мырзақұлов: Кеңес одағы кезінде Қазақстандағы ең мәртебелі жоғары оқу орны Алматыдағы мал-дәрігерлік институты еді. Барлық облыс, аудан әкімдерінің перзенттері осында оқып, зоотехник, мал дәрігері мамандықтарын алып, ауылдарына, аудандарына барып, совхоз директоры, колхоз председателі болып шыға келетін. Себебі бұл мамандықтарға жұмыс орны шексіз еді. Небір шопандар бар еді, 100 қойдан 120-150 қозыға дейін алып, «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болған, Съезге депутат болып сайланған. Ал қазір ауыл шаруашылығы маманы былай тұрсын, небір ерлігін көрсеткен азаматтар да еленбей жатыр ғой. Содан кейін кім қой баққысы келсін?

Jas qazaq: Серғалы мырза, қазақ жері мал шаруашылығына да, ауыл шаруашылығына да қолайлы. Бірақ неге барды ұқсата алмай отырмыз? Неге етті шетелден сатып аламыз? Сүт өнімдерін неге көрші елдерден тасимыз?

С.Мырзақұлов: Өте орынды сұрақ қойып отырсыз. Қазақ елі – ежелден мал шаруашылығымен айналысып, күнін көріп, перзенттеріне ұлттық кәсібі ретінде үйретіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып және сол саламен дамып келе жатқан мемлекет. Қазақтың батырлары жауларымен күресіп жүріп, бізге аманат етіп алып қалған жеріміз өзімізге жетеді. Жер көлемі бойынша, дүние жүзінде 9-шы орындамыз. Ата-бабаларымыз қыстау мен жайлауды мал басына байланысты дұрыс пайдалана білген. Керек десеңіз, қыстау кезеңіне малдарына шөп жинамай, жайылыммен қыстан шыға берген. Соның өзінде жергілікті мал жаз бойы жайлауда жайылып, денесіне жинаған бар күш-қуатымен, қоңдылығымен қысты өтеп, көктемде төлдеп жүре берген. Ал қазіргі кездегі асыл тұқымды малдарымызда ондай төзімділік жоқ. Тіпті мал басы сол кездегі малдың үштен бірін де құрай алмайды.

Кеңес одағы кезінде Қазақстан басқа республикаларды етпен, сүтпен, жеміс-жидекпен, тағы да басқа өнімдермен қамтамасыз етіп отырды. Шетелдерге бізде өндірілген сапалы өнімдерімізді экспортқа шығарып отырды. Мұның барлығы дұрыс бағдарламалар қойылып, жоспар (1 жылдық, 5 жылдық) өз уақытында орындалып, халықтың адал еңбегінің арқасында орындалды деп айтуға болады.

Қазіргі күнде мал өнімдері көрші мемлекеттерден де, шетелден де келіп жатыр. Себебі сұраныс бар. Бұл өзімізде өндіріліп жатқан өнімнің жеткіліксіз екенін көрсетеді. Бұған, әрине, мал басының аз болуы және өнімділігінің төмендігі себеп. Сол үшін ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына аса көңіл бөліп, қарқынды дамытуымыз керек.

Jas qazaq: Асыл тұқымды сиырды шетелден тасығалы 15 жылдай уақыт болды. Оның көбі жерсінбеді. Ауырып өлді. Біразында паспорты болмай шықты дегендей. Сонда да әр басына бірнеше мың доллар жұмсап Еуропа мен Ресейден сиыр әкелгенді қойған жоқпыз. Бұл қандай қажеттіліктен туып отыр?

С.Мырзақұлов: Асыл тұқымды малды өсіру үшін алдымен ғылымды дамыту керек. Ол дегенім – ғылыми-зерттеу орталықтарына, институттарға, университеттерге барлық жағдай жасап, қорын дамытып беру керек. Сонда ғана ғылыми-зерттеу жұмыстары жүреді деп айта аламын.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін, Қазақстанда мал басы күрт азайып кетті. Оған себеп: шаруашылықтар (колхоз, совхоз) тарап, техника мен мал басы жеке меншікке өтіп, күнкөріс қиындады. Сонымен халық күн көру үшін бар малын сатып, орнына күндегі ішетін тағамдарын алды. Жасыратыны жоқ, сол кездері бір қойды бір бөтелке араққа сатқан шопандар да болды. Кейіннен, ірі қараның басын көбейту үшін шетелден мал сатып алу жолға койылды. Сүтті және етті бағыттағы бірнеше асыл тұқымды мал алып келді. Егер шекара ашылса, әлі де сатып алу жоспарланып отыр. Олардың көбісінен бір бұзау алды ма, алмады ма? Ол жағы жұмбақ. Себебі алып келген малдың өзін жерсіндіру оңай жұмыс емес. Оны кемінде 3 ай карантинде ұстау керек. Алдыңғы жерінде қалай күтіп-баққан болса, дәл солай малды ұстау, сондай азықтармен сапалы рацион құрып, азықтандыру керек. Мұның бәріне ғалым араласып, кеңес беріп отыруға міндетті.
Малды өз құжатымен алып келудің де үлкен мәні бар. Егер малдың денсаулығы мықты болса, құжаттары толық болса, онда ол малдың да бағасы жоғары болады. Себебі ол малдың еш жерінде ауру-сырқаты жоқ, әрі қарай өсіп дамуына мүмкіншілігі бар. Мал құжатсыз немесе жалған құжатпен келсе, онда қандай да бір кемшілігі бар деген сөз.

Jas qazaq: Шетелден сатып әкелгеніміз қандай сиыр? Олар күніне қанша литр сүт, қанша келі ет береді? Қазақтың жергілікті сиырынан несі артық, несі кем? Әлде біздің малда ондай қасиет жоқ па? Сол асыл тұқымды малдың аталығын әкеліп будандастыруға болмайтын ба еді?

С.Мырзақұлов: Шетелден негізінен сүтті бағыттағы – голланд және голштинофриз асыл тұқымды, ал етті бағыттағы тұқымдардан – герефорд, абердин-ангус, шароле, санта-гертруда және қалмақ асыл тұқымдары алып келді. Сүтті бағыттағы тұқымдардың стандарттық мәліметтері бойынша, майлылығы 3,6-3,8 пайыз, орташа 305 күнде 5 000-10 000 литр аралығында сүт бере алады. Егер азығы сапалы болғанда ғана. Одан басқа малды ұстау, күтіп-бағу технологиялары да дұрыс жүргізілуі керек. Бұл талаптар орындалмаса, әлгіндей көлемде сүт бере алмайды.

Енді қазақтың жергілікті малынан несі артық деген сұрағыңызға келетін болсақ, бұл тұқымдармен ғасырлар бойы ғалымдар айналысып, шағылыстыру, будандастыру, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кемшіліктерін жойып, қана таза мал өсіріп отыр. Мұндай асыл тұқымды мал бізде де бар. Біздің жергілікті ірі қараны пайдалана отырып, бірнеше тұқым шығарылған. Олар сүтті бағыттағы – Әулиеата асыл тұқымы, сүтті-етті бағыттағы – Алатау асыл тұқымы, етті бағыттағы – қазақтың Ақбас тұқымы мен Әулиекөл асыл тұқымды ірі қаралар. Біздің ғалымдардың еңбегінің нәтижесі. Одан басқа, қазіргі күнде асыл тұқымды типтер де бар. Олар бірнеше жылдан кейін «тұқым» деген атаққа ие болады.

Өкінішке қарай, қазіргі күнде осы жергілікті тұқымдарды дамытуға аса көңіл бөлінбей отыр. Егер осы өзіміздің тұқымдармен ғалымдар жұмыс істеп, жағдай жасайтын болсақ, шетелден алып келген тұқымдардан артық өнім бермесе, олардан кем бермейді. Бір мысал, осы Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарына арналып шығарылған, таулы-қырлы аймақтарына бейімделген – Алатау тұқымы. Бұл тұқым жергілікті ірі қара малын швиц және Кострома тұқымдарымен шағылыстыру арқылы шығарылған. Сүтінің майлылығы 4 пайыз көлемінде, 305 күнде 10 000 литрге дейін сүт берген сиырлар болған. Сол үшін ғалымдар малға асылдандыру жұмысын жүргізіп, дұрыс азықтандырып, қадағалап отыратын болса, шетелдің сиырымен бірдей өнім бере алады.

Қазіргі күнде малды асылдандыру жүйесінің негізгі бір бағыты – ол малды қолдан ұрықтандыру. Оның ерекшелігі: малды сапалы ұрықпен қашыру; ұрықтандыру және төлдеу уақытын қадағалап, біліп отыру; бір шәуеттен бірнеше ұрық дайындау және т.б. Қаласа, шетелден асыл тұқымды бұқалардың ұрығын алдырып, қолдан ұрықтандырып, малдың тұқымын асылдандырып, өнімділігін арттырып, ұрпақтан-ұрпаққа жоғарылатып отыруға болады.

Jas qazaq: Осыдан он шақты жыл бұрын ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылға қарай шетелге жылына 60 млн тонна ет сатамыз деген жоспары бар еді. Оны қашан орындаймыз?

С.Мырзақұлов: Иә, ауыл шаруашылығы министрлігінің ондай жоспары бар еді. Бірақ мал басының өспеуіне байланысты, өндіріліп жатқан ет өнімі өз халқымызға жетпеуіне байланысты, бұл жоспар іске аспай отыр. Кезінде ойлады ғой деймін, сырттан алып келіп жатқан ірі қара малдардан өнім жоғары болады деп. Өкінішке қарай, олай болмай қалды.
Қазіргі күнде жоғары өнім алу былай тұрсын, мал басын көбейтудің өзі ауыр жағдай болып тұр. Себебі ұрғашы мал табу қиын, ешкім сатпайды, шетелдің малдары қымбатқа түседі, онымен алған бағасын ақтамайды. Қазіргі күнде келісімшартқа отырған үлкен, дамыған асыл тұқымды шаруашылықтар бар, бірақ шамалы.

Jas qazaq: Ал қойдың жүнін қашан кәдеге жаратамыз? Кезінде Қаракөл қойының елтірісі алтынмен пара-пар еді… Қазір меринос қойының жүні тиын тұрады. Ішек-қарын да иттің жеміне айналды. Неге?

С.Мырзақұлов: Кезінде биязы және жартылай биязы жүнді қойлардың жүні Тараз қаласындағы зауытта жиналып, реттеліп, Ресейге жіберілетін. Одан кейін Қытай елі де арзан бағамен алып отырды. Қазіргі күнде ешқайда өткізіп жатқан жоқпыз, сұраныс жоқ. Бірақ Шымкент қаласында жаңадан жүн қабылдайтын орын ашылды деп естідім. Негізінен, жүнді өзімізде өңдейтін зауыт ашылу керек. Сонда ғана бізге тиімді болады.

Қаракөл қойының елтірісі шынымен-ақ кезінде алтынмен тең еді. Ғалымдар елтірінің бірнеше түрін (қара, қоңыр, алтын жалатылған, ақ және т.б. түрін) шығарды. Қазір сұраныс болмаған соң, ол да шетте қалды. Бірақ шетелде жасанды қаракөл шығарылып жатыр.
Қойдың аш ішегінен операцияларда пайдаланатын жіп жасау жүйесі бар еді. Бірақ соңғы кездері оған да сұраныс болмай қалды.

Jas qazaq: Малға төленетін субсидия, «Сыбаға» сияқты бағдарламалардың игілігін малмен жан баққан барлық шаруа неге бірдей көрмейді? Мұны сұрап отырғаным, субсидия болсын, «Сыбаға», «Құлан» болсын, оны алу үшін шаруашылыққа арналған қора-жайың, жерің болу міндетті. Ал екі сиыр, отыз қой, бір шолақ атпен нәпақасын айырып отырған ауыл адамдарының бәрінде қыстаулық, шабындық жер жоқ. Бұл бағдарламалар сонда кімдерге арналған?

С.Мырзақұлов: Бұл бағдарлама негізінен шаруашылық ашып, өнім өндіруге мақсат қойған барлық азаматтарға арналған. Ол үшін сіздің жеріңіз, қораңыз және тағы да басқа талаптарға сай сұраныстарыңыз болу керек. Қысқаша айтқанда, фермерлерден басталатын шаруашылықтарға арналған бағдарламалар ғой бұл.

Jas qazaq: Бүгінгі күні 300 мың теңгеге шопан таба алмай жүрген фермерлер бар. Жастар мал бағуға неге қызықпайды? Әлде жағдайын жасай алмай отырмыз ба?

С.Мырзақұлов: Ауыл шаруашылығында, әсіресе, мал шаруашылығында жұмыс істеу оңай емес. Қазіргі көп жастар қалаға, техникаға, саудаға қарай бет бұрды. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» табыс тапқылары келеді. Ал «маңдай теріммен табыс табамын» деген жастарға шаруашылықтарда барлық жағдай жасап беру керек. Сонда ғана нақты жұмыс істейтін маман болады.

Jas qazaq: Осы ауыл шаруашылығы ғылымына грант, ақша бөліне ме? Бөлінген қаржының ғалымдар тарапынан «қайтарымы» болып жатыр ма?

С.Мырзақұлов: Әрине, ауыл шаруашылығы ғылымына да грант бөлінеді. Грант ұтып алған ғалымдар үш жылдың ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ашқан жаңалығы мен есебін беріп отырады.

Jas qazaq: Ауыл шаруашылығы мамандары корпоративтендіруден қашып жатыр дейді. Неге? Ортақ өгізден оңаша бұзау артық па? Әлде басқа себебі бар ма?

С.Мырзақұлов: Колхоздар мен совхоздар ыдырағаннан кейін, ең үлкен шаруашылық фермер қожалықтары болып қалды. Бұл шаруашылықтар шағын шаруашылықтар қатарына жатады. Сол себептен, халықты қажетті өнімдермен қамтамасыз ете алмайды. Өндірілген өнімдерінен шамалы, өзінен артылған өнім болса ғана сауда-саттыққа қояды. Жылдық жоспар құрылып, жылына үкіметке өнім өндіру жағынан талап қойылмайды. Осындай жағдайдан кейін бізге шағын шаруашылықтар қажет пе? Одан қайта шағын шаруашылықтарды біріктіріп, кооператив құрған әлдеқайда тиімді болады. Шаруашылық үлкен болған жағдайда ғана техникасы талапқа сай жауап беріп, жұмыс істей алады, егілетін жер көлемі дұрыс пайдаланылады. Мал басы көп шаруашылықтарда табын құрылымы дұрыс құрылып, пайыздық арақатынасы дұрыс мөлшерде жүргізіледі. Әрі өндірілген өнімді өткізу немесе сату жағынан жеңіл болады. Сол үшін әлі де болса шағын шаруашылықтарды біріктіріп, үлкен асыл тұқымды шаруашылықтарға айналдыру керек. Бірақ оған көп фермерлер келіспейді. Бар мүмкіншілігін дұрыс пайдаланбаса да «…өзі би, өзі хан» болғанға не жетсін? Басқаның жағдайын ойлап отырған олар жоқ.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Жарас КЕМЕЛЖАН

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?