jasqazaq.kz

Асығың алшысынан түссін!

20 мамыр 2016, 12:00

1

Қазақ ұлттық ойындарының ішінде дәстүрімізге ендеп кеткендері бар. Соның бірі – асық ату. Асық ойнау ұлттық ойындарының ең алғашқы сатысы. Себебі ойын баласы ең алғаш қолына асық ұстайды. Бұл ойынның тарихы тереңде жатыр. Мал баққан елдің салт-дәстүрі де осы шаруашылыққа бейімдеген. Асық ойынына қой, арқар, құлжа сияқты жануарлардың асығы мен тайынша-торпақтың топайлары өңделіп пайдаланылады. Үлкендер де, балалар да ойнайды.

Асық ойнаудың бұрыннан қалған жолы бар. Сапар алдында қолы жеңіл балаға асық үйіртетін жоралғы болған. Бұл сапардың жолашары сияқты ырым. Сақаның алшы түсуі жақсылықтың нышаны. Сапардың сәтті болуы асықтың қалай түсуіне байланысты деп түсінген. Тіпті жаугершілік заманда күрмеуі қиын істі талқылағанда да асықты үйіріп, болжам жасайтын.
Асық қазақтың ұлттық ойыны ғана емес, ұлттық ұғымы мен дәстүрімізге сіңісіп кеткен.
Асық ойынының екі түрі болады. Оны күндіз де, түнде де ойнауға болады. Күндізгісі баланы мергендікке үйретсе, түндегісі баланы ептілікке үйретеді. Міне, осы асықтың енді бүк, шік, тәйке деген және құмар, омпы деген түрлері болады. Соның ішіндегі құмар деген ойынның түрінде балалар төртке бөлініп, ойнайды. Екі-екіден бөлінеді. Оларға жүлде беріледі. Егер асықтың екеуін құлатса, онда жүлде жартылай алынады. Ал түгелдей төрт асықты құлатып ойнаса, онда жүлдені түгел алады . Міне, асық осындай біздің балаларды ептілікке, жылдамдылыққа, мергендікке үйретеді.
Ұлттық ойындардың бәрінің астарында үлкен мән бар. Асық ату баланы мергендік пен ептілікке қана емес, сабырға үйретеді. Бір жағынан психологиялық ойын. Сақаны үйіру, асыққа дәлдеу, ату — бәрі жас баланы қалыптастыратын психологиялық спорт. Ойынға шыдам керек. Қырағылық қажет. Көз өлшемі мен қолдың дәлдігі — бәрі баланың қиялын дамытады. Ойды байытады.
Асық ойынының түрі көп. Әрқайсысы өзінше ерекше. Алшы, омпа, тігіп ойнау, тас қала, хан, ханталапай – бұлар жалпыласқан ойын түрі. Ал үш табан, бүгіп алу, көн, жарып алу, сыпырмай, түртпей, атан, бестас, мерген немесе шеңбер жасап ату сияқты түрлері сирек ойналады. Асық табысу, бүк-шік, төрт шүкейт, шомшы, манай деген ойындар мүлде ұмыт болған. Алты табан, асық қағу, қаршу, алшы, шұбырту, ұпай ұтысу, қол жоң және ат жарыстыру, қошқар соғыстыру, мұз ойнақ, иірмекіл, қақпақыл, сасыр, аламан сияқты ойындар мал шаруашылыққа қатысты пайда болған.

471a999c285e607cf0bb50d17ae61438
Асық атудың әр өлкеде әртүрлі атауы кездеседі. Ойнау әдіс-тәсілдері де ерекше. Ойынды: үй ішілік және далалық ойын деп екіге бөлуге болады. Үй ішілік түрі қазіргі заманға икемделіп, тақта ойыны деп аталса, далалық түрі алаң ойыны деп аталуда.
«Асық ойнаған азар». Асықты ақылмен ойнау керек. Ойынға аса шеберлік қажет. Сақаң қолыңа сай, мергендігің бабында болса, мықты ойыншысың. Ойынға қатысты сөздік қорымызда тұрақты сөз көп. «Асығы алшысынан түсті», «Қой асығы деме, қолыңа жақса, сақа қыл», «Асықша үйіру», «Құралайды атқан асық атпайды» деген сияқты сөздер көп. Бұрынғылар асықты қойдың немесе аңның сүйегі деп қарамаған. Оған байланысты ежелден айтылып келе жатқан ырым-тыйым бар. «Алты жыл аш болсаң да асық етін мүжіме» – деп, кішкене балаларға асық етін жегізбеген. Қасқырдың асығын өзіңмен алып жүрсең, тіл көзден, бәле-жаладан аман боласың деп ырымдаған.
Асық ату ойынындағы іс-әрекеттерді физикалық құбылыстар тұрғысынан түсіндіруге болады. Асық ату мектеп физикасының механика бөлімінің материалдарымен тығыз байланысты.
Қазақ табиғатқа жақын. Ұлттық ойындардың көбін табиғаттан алған. Асық ату да дала ұландарының ермегі. Мұнда көшпенділердің дала заңы: әділдік, туралық басым. Сондықтан да ойынның тәртібі қазақ даласындай көркем. Асық, жасыл жайлау, ойыншы балалар – сәні жарасқан табиғи картина сияқты.
Ұлттық ойындар қайта жаңғырып, ұлт мұрасы толығуда. Асық ойынынан жыл сайын республикалық жарыс өтеді. Мектепте арнайы пән ретінде оқытылады. Бұл қазақ өміріне сіңіп кеткен құндылықтың қайта түлеуі болса керек. Заман жаңарады, бірақ
қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық ойындары ешқашан ескірмейді.

17 маусым, 14:19
«Мұрагер» лагері: Түркістан қаласында балаларға арналған ерекше жоба жүзеге асуда
17 маусым, 13:09
«Орталық Азия – Қытай» форумында Түркістан облысы 3 ірі жобаны жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойды
17 маусым, 13:07
Түркістан-Циньдао серіктестігі: жаңа өндіріс ашу және инвестиция тартуға мол мүмкіндік
17 маусым, 12:48
Түркістанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше назар аударылуда
16 маусым, 15:58
Түркістан: Мақтаралдағы өндірістік кооперация өңір экономикасына серпін береді
16 маусым, 15:41
Түркістан: Үш ауданда әлеуметтік нысандардың құрылысы зерделенді
16 маусым, 14:52
Түркістан: Шаньдун провинциясымен ынтымақтастық өңір экономикасына серпін береді
13 маусым, 13:49
Түркістан: Инклюзивті қоғам құру бағытында
13 маусым, 11:59
«KitapХАН». Түркістандағы өрендерді рухани құндылыққа баулитын жоба