Астана: Жатақхана жыры — 2

28 қыркүйек 2016, 12:51

 

  14445736_637067419786773_836058398_n 98554ec53f56b6c9-3q
  

Астананың сол жағалауындағы қызылды-жасылды ғимараттарды көріп, өмір сүруге деген құштарлығыңыз артуы әбден мүмкін. Себебі әсем қаланың көз тоймайтын көркінен шабыт алып, шаттанасыз. Алайда оң жағалаудағы Ықылас Дүкенұлы көшесінде орналасқан 21 жатақханаға кірсеңіз, жоғарыдағы көңіл күйіңіз су сепкендей басылады. Өйткені, жатақханадағы жұпыны көрініс ұнжырғаңызды түсіріп, ойыңызды астан-кестең етеді.

14470858_637067413120107_1945484758_nАстананың қақ ортасында тұрып жатқан тұрғындардың жан айғайын естіп-білу үшін жатақханаға арнайы барған болатынбыз. Жатақханаға кірген бетте қолқаны жаратын жағымсыз иіс еркін тыныстауға мүмкіндік бермей қойды. Ал осында ондаған жылдар бойы тұрып жатқан тұрғындар жағымсыз иіске әбден үйреніп кеткенін айтады. Алайда халықты сасық иістен бұрын балалары мен өздерінің қауіпсіздігі алаңдатып отыр. Өйткені, электр сымдары адырайып тұрған жатақханада абайсызда тоққа түсіп қалуыңыз әбден мүмкін. Себебі электр сымдарының оралмай, сол күйінде тұрғанын бір емес бірнеше жерден байқадық. Бұл, әрине, балалар түгілі ересек адамдар үшін де қауіпті жағдай болса керек.

Сондай-ақ кейбір қабаттағы терезе тұруы тиіс жерде ештеңе жоқ. Әйнектері сынған терезенің қорабы алқа-сала

болып жанында тұр. Ал сынған әйнектерін жөндеп, терезені орнына қоюға, ешкім құлық танытар емес. Осындай немқұрайды әрекеттен кейін бұл терезеден

абайсызда балалар құлап кетіп жарақат алуы, не болмаса тіл тартпай кетуі мүмкін. Себебі 5 қабатты ғимараттың бірнеше терезесі алқа-салқа болып жөнделмей жатыр. Ал оны жөндеу жұмыстарын жүргізуі тиіс, пәтер иелері кооперативінің ақша жинаудан басқа шаруа жасап жатқан жоқ. Тұрғындардың айтуынша, аталған кооператив жылту жүйесін орнатамыз деп 12, сонан соң 6 мың теңге жинап алған. Алайда жылу жүйесіне қатысты ешқандай жұмыс жасалмаған көрінеді.14456762_637067409786774_17177987_o

Бұл аз десеңіз, жертөледегі көртышқандар бірінші қабаттағы көршілеріне «қонаққа» келіп тұрады екен. Өкінішке қарай, көртышқандар қонаққа жай келіп кетпей көршілеріне қауіп төндіріп жатыр.

14502015_637067369786778_322359232_nБылтыр бірінші қабаттағы Ира есімді әйелдің немересінің саусағын көртышқан тістеп алды. Содан не керек, жедел жәрдем шақырып, осында шу болды. Одан кейін жыл сайын жертөледен өлген адамның денелері табылады. Себебі қыстай жертөлені қаңғыбастар паналап, жан сақтайды. Олар сонда тамақтанып, тіпті дәретке отыра береді. Қыста солар үсіп өле ме, жоқ, әлде басқа бір адамды өлтіріп тастай ма, оны бір Алла біледі. Әйтеуір,  күн жылынып көктем болған кезде адамдардың мәйіті табылады, – дейді Алма Нұрқасымова.

Оның айтуынша, бұл жатақхана 1965 жылы пайдалануға берілген екен. Алайда өзіне берілген құжатта аталған жатақхана 1985 жылы салынған деп жазылған. Бұл әкімдік қызметкерлерінің ескі үйді жаңа деп, оған күрделі жөндеу жұмысын жүргізуден қашып отырған «қулығы» болса керек. Ал 180 бөлмелі жатақхана тұрғындары «Нұргүл» тұрғын үй кооперативіне 1300 теңгеден бастап 1800 теңгеге дейін ақша жинап беретінін айтады. Демек, жыл сайын тұрғындар 3,5 миллион теңгені аталған кооперативтің қолына ұстатып отыр. Солай бола тұра, олар жатақханаға ешқандай жөндеу жұмысын жасап отырған жоқ. Алайда өзін құрылысшымын деп таныстырған Нұрбол Көпжасаров «бұл жатақханаға мың жерден күрделі жөндеу жұмысын жүргізсең де, одан пайда жоқ» – деген пікірде. Себебі жатақхананың іргетасы әбден жұқарып кеткендікте, оны қалпына келтіру мүмкін емес. Ал үйдің іргетасы мықты болмаса онда тұрып, өмір сүру, тіпті қауіпті болмақ. Сондықтан да тұрғындар бірауыздан үйдің апатты жағдайда деп танылып, сүрілгенін қалап отыр.14527411_637068793119969_2087403525_n

Бұл жатақханада тұрғаныма 30 жыл болды. Біз бай адам емеспіз.  Қаражатымыз жоқ болғаннан кейін осындай жұпыны жатақханада тұрып жатырмыз. Салынғанына 50 жыл болған үйді бұзбаса, мұнда адам тұру мүмкін емес. Өйткені, 50 жылда жатақханаға бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген емес. Әкімшліктегі азаматтар бұл үйді апатты жағдайда деп танып, бізге басқа үй берсе екен деп тілейміз. Қазір мұнда тұру мүмкін болмағаннан кейін амалсыздан басқа жерде пәтер жалдап тұрып жатырмын. Ал бұл жатақхана ит байласа тұрмайтын жер екенін бірдей байқауға болады, – дейді Алтын Бекенова.

Иә, жатақханада тұрып, өмір сүру мүмкін емес. Ал әкімдік қызметкерлері әні міне, құлап қалуы мүмкін үйді апатты жағдайда деп тануға асығар емес. Бұған, әрине, 1965 жылы пайдалануға берілген жатақхананы 1985 жылы салынған деп «жасартып» жіберген шенділер жауапты шығар. Алайда тұрғындар бұған дейін Әділбек Жақсыбеков бастап кеткен игі жұмыс жалғасын тапса екен деп отыр.

Әділбек Жақсыбеков әкім болып тұрғанда Абай көшесіндегі екі қабатты тұрғын үй апатты жағдайда деп танылып бұзылған болатын. Ол үйдің тұрғындарының барлығына дерлік әр жерден үй берілді. Бізге олар сияқты жаңа үй бермесе де тұруға жарайтын баспана берсе, жақсы болар еді. Мәселен, Кенесары көшесінде бұзылған үйдің шаршы метрі кіші болғанымен халық жаңадан берілетін үйдің үстінен ақша қосуға келіскен болатын. Егер дәл сондай жағдай жасалатын болса, бізде соған келісіп, пәтерімізді жаңартып алар едік. Кезінде дәл осы игі бастаманы Әділбек Жақсыбеков бастап кеткен болатын. Соны қазіргі әкім Әсет Исекешов жалғастырса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Нұрбол Көпжасаров.

Жатақхана тұрғындары Астанада тұрып жатқаннан кейін соған сай өмір сүргісі келетіндіктерін айтады. Алайда өздері тұрып жатқан жатақхана мен Елорданың еңселі ғимараттарының арасындағы айырмашылық жер мен көктей болып отыр. Сондықтан да олар әкімдік жатақхананы апатты жағдайда деп тауып, өздеріне басқа баспана берілгенін қалап отыр.

Серік Құдайбергенұлы

 

 Әйгүл Құлбаева, жатақхана тұрғыны:

– Шамамыз жетсе, мұнда тұрғымыз келіп тұрған жоқ. Алайда көпбалалы  болғандықтан, жағдайымыз жоқ. Егер жағдайымыз жақсы болса басқа пәтер сатып алып, бұл жерден безіп кетер едік. Алайда барар жер, басар тауымыз жоқ. Ипотекаға үй алайық десек, жалақымыз жетпейді. Банкке барсақ, «кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлік керек» дейді. Олар тозығы жетіп, құлауға шақ қалып тұрған жатақхананы кепілдікке алмайды. Бір қызығы, кезекке тұрып, пәтер алайық десек, «өздеріңнің тұрып жатқан жатақханаларың бар» деп кезекке қоймайды. Төрт баламмен енді қайда барамыз? 100 мың айлықпен қалай өмір сүремін? Оның үстіне, қазір барлық адамдарды  жұмыстан  қысқартып  жатыр.

Жанат Әлжанов, пәтер иелері кооперативінің басшысы:

 – №21 жатақхананың апатты жағдайда екені көпшілікке белгілі. Алайда үкімет жатақхананы апатты жағдайда деп қашан танитыны белгісіз. Менің естуімше, ЭКСПО халықаралық көрмесі өткеннен кейін жатақхана сүрілуі мүмкін. Біз күнделікті тазалау жұмысын жасап жатырмыз. Ал енді оның іргетасы мен түсіп жатқан сылақтарын жасауға менің шамам жетпейді. Мәселен, әр пәтерден 1300 теңгеден 1800 теңгеге дейін ақша жинаймыз. Алайда оның көпшілігі аталған қаржыны уақытысында бермейді. Айталық, жатақхананың құбырын ауыстырып, жылу жүйесін ешкім маған тегін жасап бермейді. Олар пәтердегі барлық келеңсіздікке мені айыптап жамандап отыр. Егер мені жұмыс жасамайды десе, өздері менің орныма келіп, осы жұмыстарды жасасын.  Нені өзгертетінін, қатыратынын сонда көрейін.

Өйткені, жаңартуға кіргізген күннің өзінде жатақхананың тозығы жеткен. Бірақ бұл үйлер мықты салынғаннан кейін құламайды деп ойлаймын. Әйтсе де, халық өзге жатақхана тұрғындары үйі сүріліп басқа жерден жаңа пәтер алып жатқаннан кейін елеңдеп отыр. Бұған дейін аталған жатақханада 20-30 жыл тұрды ғой, енді неге 30 жыл тұрмайды. Ол жатақхана ешқашан құламайды. Бірақ тұрғындар адам болғаннан кейін жақсы жерде тұрып, өмір сүргісі келеді. Тұрғындардың бар арман тілегі осы деп ойлаймын.

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде