Әскери журналистпен әсерлі кездесу

07 қараша 2023, 19:05

Бүгін Әскери журналистердің күні. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен бекітілген бұл кәсіби мереке былтырдан бері аталып келеді. Былтырдан бастап Еуразия ұлттық университетінің Әскери кафедрасында да әскери журналистерді даярлау қолға алынды. Демек, аталған мамандыққа Қарулы Күштерде қажеттілік туып, мемлекет тарапынан тиісті қамқорлық жасай бастады деген сөз.

Неге 7 қараша? Себебі 1929 жылдың 7 қарашасында «Қызыл әскер» газетінің бірінші нөмірі шыққан болатын. Ал, оның мирасқоры ҚР ҚМ орталық баспасөз органы — «Қазақстан сарбазы» (қазіргі «Сарбаз») газеті екенін айта кету керек. Сол газетті ұзақ жыл басқарған ардагер журналист, полковник Сапарғали Жағыпаровпен бүгін ЕҰУ Әскери кафедрасының студенттері кездесті.
Әскери кафедра бастығы, генерал-майор Еділ Оразов бүгінгі бас қосудың маңыздылығын айта келе, әскери журналистерді даярлау бойынша профессорлық-оқытушылық құрамның алдында тұрған міндеттер туралы да баяндады. Ол өз сөзінде былай деді:
— Қазақ әскери журналистикасының бастауында, еліміз тәуелсіздік алған тұста бүгінгі құрметті қонағымыз Сапарғали Нұрдаулетұлы Жағыпаров тұрды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дейді халық даналығы. Бүгінгі әскери журналистердің дені осы кісінің шинелінен шыққан. Оны өздері де бірауыздан мойындайды.
С.Жағыпаров Солтүстік Қазақстан облысы Дәуқара ауылында туып-өскен. 1976 жылы Львов жоғары әскери-саяси училищесінің әскери журналистика факультетін бітірген. (Бұл кезінде Кеңес Армиясы үшін әскери журналистерді даярлайтын КСРО-дағы жалғыз оқу орны болатын). 1984 жылы В.И.Ленин атындағы Әскери-саяси Академияның редакция бөлімін үздік бітірді.
Тынық мұхиты флоты, Орта Азия әскери округі және Кеңес әскерлерінің Батыс тобындағы (Германия) әскери газеттерде қызмет етті.
Еліміз егемендік алғанда ұзақ жылдар «Қазақстан сарбазы» газетінің бас редакторы болды. «Красная звезда» газетінің Қазақстандағы меншікті тілшілігін қоса атқарды. ТМД елдері Қорғаныс министрлері кеңесінің арнайы төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталған, Қазақстан Республикасы Журналистер одағы сыйлығының бірнеше дүркін лауреаты.
Кездесуде ардагер журналист қазақ елінің Қарулы Күштерінің тарихы, мен оның іргетасын қалаған тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов туралы естеліктер айтты. Сондай-ақ, болашақ әскери журналистің бойында ең алдымен қандай қасиеттер болу керектігін санамалап, өзінің мол тәжірибесімен бөлісті.
Жалпы достық рәуіштегі, жылыжүзді кездесу әрі қарай сұрақ-жауап форматында өрбіді. Студенттер кәсіби біліктілікке қатысты көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, оларға егжей-тегжейлі жауаптар алды деп ойлаймыз.
Сапарғали аға әлі күнге әскери-патриоттық тақырыпқа қалам тербеп, баспасөз бетінде белсенділік танытып жүр. Осы кездесу барысында ол туғанына 100 жыл толатын біртуар тұлға – армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы жауынгерлік орден тағайындау керектігі туралы орынды ұсыныс білдірді. Және бұл награда әскери қызметте үлкен табыстарға жеткен, қолбасшылық қасиеттерімен көзге түскен әскербасыларға берілсе орынды болар еді дегенді айтты.


Кездесу соңында полковник С.Жағыпаров «Құрметті қонақтар кітабына» жүрекжарды тілегін жазып қалдырып, әскери кафедра кітапханасына өзінің «Память сердца» атты кітабын қолтаңбасымен тарту етті. Өз кезегінде генерал-майор Е.Оразов ардагер қаламгерге уақыт тауып кездесуге келгені үшін ризашылығын білдіре отырып, былай деді:
-Сізді қазақ әскери журналистикасының жарқын өкілі ретінде ел жақсы біледі. Мылтықтан да мықты қару – қалам екендігін сіз бүкіл саналы өміріңізбен дәлелдеп келесіз. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің шежіресін жазуға және оның жаңадан құрылған әскери баспасөзінің іргесін қалауға өлшеусіз еңбек сіңірдіңіз.
Әскери журналист, жалпы офицер ретіндегі өмір жолыңыз қазіргі жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып табылады. Сізге алдағы уақытта да зор денсаулық, мол бақыт, шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тілейміз!
Енді жоғарыда сөз болған әскери жаурналистикасының тарихына қайта оралсақ. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Жұбан Молдағалиев, Қалижан Бекхожин, Сағынғали Сейітов, Дихан Әбілов сияқты қазақтың көрнекті ақын-жазушылары майдандық газеттерде, оқ пен оттың астында әскери тілшілер болып қызмет атқарды. Олардың бәрі кейіннен қазақ әдебиетінің классиктеріне айналды.
Бүгінде Қазақстандағы әскери журналистиканың даңқты дәстүрін «Сарбаз», «Қалқан», «Отан сақшысы» – «Отан сағаттары» газеттері, «Айбын», «Бүркіт» және «Шекарашы» журналдары қызметкерлері лайықты жалғастыруда. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз барлық әскери журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!

Әбубәкір Смайылов,
ЕҰУ әскери кафедрасының оқытушысы

01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу