
Геосаяси ахуал ушығып, жер-жерде қарулы қақтығыстар өршіген бүгінгі әлемде кез келген мемлекет өзінің қорғаныс саясатына мықтап мән беретіні даусыз. Осы орайда Қазақстан Қарулы Күштері де бұл бағытта белсенді жұмыс атқарып отыр. Jasqazaq.kz тілшісі Республикасы Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы, полковник Олжас Құсайыновпен әскери ынтымақтасты дамыту мәселесі төңірегінде тілдесті.
— Олжас Сағындықұлы, еліміз халықаралық саясатта даулы мәселені бейбіт, дипломатиялық жолмен, келіссөз арқылы шешілуін жақтайды. Дегенмен Таяу Шығыстағы соңғы оқиғалар қазақтың «Жау жоқ деме, жар астында» дейтін көне нақылын еске түсіріп, кез келген сын-қатерге дайын тұруды қаперімізге салады. Осы тұрғыдан алғанда, қорғаныс саясатының маңызды бөлігі болып саналатын әскери ынтымақтастықтың рөлі қандай деп ойлайсыз?
— Ия, рас. Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан Орталық Азияда және жаһандық деңгейде өзара сенімді нығайту және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ұтымды да ашық көзқарасты ұстанады. Қазақстанның әскери ынтымақтастығы жылдан-жылға серпінді дамып келеді. Көп жақты, сондай-ақ екі жақты негізде конструктивті әрекет ету қалыптасты. Әскери ынтымақтастықтың басым бағыттарына бітімгерлік салада өзара тәжірибе алмасу, бірлескен оқу-жаттығу өткізу, әскери мамандар дайындау жатады.
Сонымен бірге киберқауіпсіздікке, терроризмге және басқа да сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл, әскери-техникалық өзара әрекеттесу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді.
Бүгінгі таңда негізгі серіктестеріміз Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ), Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД), Шанхай ынтымақтастық ұйымымен (ШЫҰ) бірлесіп, аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша әрекет ету және бірлесіп әскерді жұмылдыру — басты бағыт екенін атап өткен жөн.
— Қазақстан Республикасының Әскери доктринасында халықаралық әскери ынтымақтастық пен серіктестікті нығайтуға айрықша көңіл бөлінген. Бұл ретте бітімгерлік операцияларына қатысып жатқан Қазақстан сарбаздарының бейбітшілік миссиясына тоқтала кетсеңіз.
— Бүгінгі халықаралық қатынастар кезеңінде бітімгерлікке атсалысу -жаһандық қауіпсіздікті нығайту, көпжақты ынтымақтастықты дамыту және халықаралық аренада мемлекеттің беделін арттыруда айрықша маңызға ие. Қазақстан халықаралық тәртіпті сақтауға үлес қосып қана қоймай, бітімгерлік қызметте өзінің белсенді ұстанымын паш ете алады. Соңғы жылдары еліміз бұл бағытта халықаралық қоғамдастықта сенімді серіктес әрі жауапты мүше ретінде танылып, алға қарай қарышты қадам басып келеді.
Қазақстанның қорғаныс саясатындағы басты бағыттардың қатарына бітімгерлікті енгізу халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға деген ұмтылысын ғана емес, ортақ болашақ үшін саналы түрде жауапкершілік алғанын білдіреді. Бітімгерлік операцияларға араласу шетелдерде өткізілетін әскери шараға қатысу ғана емес, бейбітшілік, диалог және халықаралық құқықты сыйлауға негізделген сыртқы саясат философиясын жүзеге асыру екенін айтқан абзал.
БҰҰ шеңберіндегі миссиялар гуманитарлық көмекті жүзеге асырумен қоса, әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігі мен әлеуетін жан-жақты дамытуға да септігін тигізеді. Басты стратегиялық мақсат – операцияларға қатысып тәжірибе жинау, әскери қызметшілердің дайындық дәрежесін арттыру, оларды көп ұлтты ортада әр түрлі жағдайда әрекет етуге, тұрақсыздық жайлаған аймақтарда жұмыс істеуге бейімдеу. Міне, осының бәрі бітімгерлердің қандай жағдайға да сақадай-сай болуын қамтамасыз етеді.
Қазір Қазақстан әскерилері Голан жотасында БҰҰ-ның тараптарды ажырату үрдісін бақылау күштері (UNDOF — United Nations Disengagement Observer Force) құрамындағы миссияға қатысып жатыр. Әлемдегі ең қауіпті аймақтағы жұмыс бітімгерлерден барынша жинақы болуды, асқан кәсіби біліктілікті талап етеді.
Осылайша, еліміз БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздік архитектурасында сенімді қатысушы ретінде өз орнын бекітті. Бұл – сындарлылық пен батылдықты, ұдайы жетілдіруді талап ететін бағыт. Қазақстан осы бағытта нық қадам басып келеді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Талап Тілеген
Сурет: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі