Әскери-патриоттық тәрбиенің кейбір аспектілері

31 қазан 2023, 16:40


Бауыржан Момышұлы өзінің әйгілі «Қанмен жазылған кітабында» былай дейді: «Әскери тәрбие проблемасы — бұл жөргекте жатқан кезден бастап, найзаласқан қоян-қолтық айқасқа дейінгі аралықта жүргізіле беретін тәрбие проблемасы болып табылады. Ата-ана тәрбиесі — мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне саяды. Мектеп тәрбиесі, коғамдық-жастар тәрбиесі — адамның қалыптасуындағы ең басты кезең. Адам қоғамдық тәрбиеге ақтық демі біткенше мұқтаж болады, қажет етеді».
Баукеңнің осы пікірінің ақиқаттығын қаншама жылдар өтсе де өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қоғамда 2030 жылға дейінгі Әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасының жобасы талқыланып жатқанда біз де оған қатысты өз ойымызбен бөліскіміз келді.


Жалпы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ұлттық бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымақ, заңдылық пен тәртіп, сенім мен жауапкершілік сияқты басты құндылықтарға негізделуі тиіс.
Еліміздегі орта мектептер мен жоғары оқу орындарында жастармен тәрбие жұмысы біршама жолға қойылған деуге болады. Өкінішке орай, бұл ретте назардан тыс қалып отырған екі әлеуметтік топ бар, олар – жұмысшы жастар мен орта-арнайы білім беретін оқу орындарының (колледждердің) студенттері. Жұмысшы жастар мүлде бөлек әңгіменің тақырыбы. Ал бүгін біз жоғарыда айтылған колледждерде оқитын мыңдаған студенттер жайын сөз етпекпіз.
Қазіргі таңда Қазақстанда 772 орта техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары бар. Оларда алғашқы әскери дайындық пәні оқытылғанымен, жалпы әскери-патриоттық тәрбиенің жүйелі түрде жүрмейтінін мойындауымыз керек. Осы жағдайларды ескере отырып «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі Астана қаласындағы 33 колледждің бәрімен дерлік ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойып, нақты жұмыстарды бастап кетті.
Өскелең ұрпақ өзінің өткен тарихын білуге тиіс. Мәселен, биыл мамыр айында «Аталар аманатына адалмыз» атты акция өткізіп, онда әрбір колледждің студенттері Қазақстанда жасақталып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан двизиялар мен құрмалардың тарихын, майдан жолын зерттеп, солар жөнінде ғылыми-іздестіру жұмыстарын жасады. Сол зерттеулердің барысында «Даналық» колледжінің студенттері даңқты 101-ші атқыштар бригадасының соңғы көзі тірі солдатын – 102 жастағы майдангерді тапқан еді. Өкінішік орай, Ржев түбіндегі қанды шайқасқа қатысып, соғысты Кеннигсбергте аяқтаған Сатылған Бекмағамбетов ақсақалдың қайтыс болғаны туралы қаралы хабар Ақтөбе қаласынана күні кеше жетті. Батырдың топырағы торқа болсын! Оның өмір жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала бермек.
«Мың естігеннен бір рет көрген артық» дейді қазақ. Сол себепті Астана қаласының бір топ студенттерін қала түбіндегі Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімге алып бардық. Жасөспірімдер казармадан бастап, қару-жарақ, әскери техникалармен, иісшіл итермен танысып, солдат ботқасынан дәм татып, жауынгерлік өмірмен етене танысты. Бір күннің ішінде олардың әскери қызметке деген көзқарастары түбегейлі өзгерді деуге болады. Көбі бұрынғы ойларынан айнып, қажет болса Отан қорғаушысы ретінде сапқа тұруға тілек білдірді.
Қазіргі таңда біздің «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде әскери өнердің әліппесін үйрету мақсатында далалық жиындарды жиірек өткізу ойымызда бар. Мысалға, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Т.Бигелдинов атындағы ҚР КК Әуе Күштерінің Әскери институтының базасында курсанттар демалысқа кеткен мезгілде балалар мен жасөспрімдер үшін жазғы жиын ұйымдастыруды ұсынбақшымыз. Жиын барысында олар осы жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігімен, әскери ұшақтардың түрлерімен жақынырақ танысып, болашақ ұшқыштар машықтанатын тренажерлерді тікелей басқарып көрер еді. Жастардың бойында отансүйгіштік рухты сіңіру үшін осындай іс-шаралар ауадай қажет деп есептейміз.
Бұдан бөлек, біз ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептерімен де тығыз қарым-қатынас жасап, арнайы жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз.


Бүгінгі күні әскери-патриоттық тәрбие беру саласында жүйелі көзқарастың жоқтығы байқалады. Оған мүдделі тараптар арасындағы ведомствоаралық өзара бірыңғай іс-қимылдың болмауы да өз әсерін тигізуде. Сонымен қатар, бұл салада ұрпақтардың ауысуын ескере отырып, қазіргі жастардың кумирі кімдер және олар нені қалайды деген мәселелерді зерделеу арқылы жүйелі жұмыс жасаған жөн.
2030 жылға дейінгі Әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасының жобасы Үкімет қаулысымен бекітілген соң «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі де соны жүзеге асыруға белсене араласып, ортақ іске өз үлесін қосатын болады.

Мұрат Молдағалиев,
«Atamnyn Amanaty» ҚБ Басқарма төрағасы

01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу